Әзімбай Ғали. Енді мен шындықты айтпаймын, сендер айтыңдар...
Тұрсынәлі Мұса атты азамат: "Əзіке аға! Менің ойымша, Шындық - тарихи шындық, реал - шындық (қазіргі осышақ шындық) жəне келершақ - шындық (болашақ шындық, яғни қазір шындық ретінде мойындалмайды, бірақ уақыт өте келе шындыққа айналады) болып үшке жіктелсе керек!?.. Демек, тарихи шындықты айтуға болады (бірақ шартты). Ал қазіргі шындықты айту, айтқанда жөн-жосықсыз бадырайтып айту қиын. Десе де тұспалдап, баламалап, образдап айтуға болады!?
...Атап айтқанда біз, яғни қазақ халқы Шындыққа құрмет етсе һəм оған шындап жақындай түсетін болса, онда ағылшын, жапон, немістер сияқты мықты халықтар қатарына қосылатын боламыз! Дегенмен де, біздің ата-бабаларымыз шыншыл болғанын ұлт ретінде терең түсінгеніміз жөн секілді!. "Сонда бізді шындықтан, яғни шыншыл болмысымыздан кімдер алшақтатты?" деген сұрақ туады!?
Əрине, бізді шындықтан алыстатуға, əрі алыс ұстауға мəжбүрлеген Сəбет заманы екенін көп адамдар түсіне алмаса керек!" деп жазып жіберіпті.
Мұрал Балтабай болса: "Айту керек шындық болса, айтуға ыңғайсыз болса, жасырын жарияла, паш ет. Жазушы құқығыңызды құпиялап белгілеп қой да, кейін жағдай болғанда сырды ашылатын қып қойсаңыз болды" деп ақыл қосыпты.
Даурен Кайып атты жігіт: "Қандай да болмасын шындықты дерекпен сөйлетсе еш қауіп жоқ, Əзеке. Шындық айтылуы керек!" дейді.
Осы жігіттерге һәм оқырмандарға мынаны айтқым келеді.
Әзімбай Ғали: "Шаяхметовты ''жамандай" бастағандарға да мен кінәлі болып шықтым.
"Нағыз қазақ" Қонаевқа тиісіп, оның тегіне күмән келтіріп, "партократ" деп айыптап, дерек ретінде Юсуповтың айтқанын келтіріп, "шала дерекпен" Қонаевқа тиісіп, қайраткерлік тұғырынан кемсіткендерді де менің бетіме басты.
Әсіресе Мирзоянды (Мирзоян-Мырзажан - Әбділдә Тәжібаев теңеуі) қанды қол деп айыптағанды қазақ қауымы қабылдаған жоқ.
Онымен тоқтамай, үлкен ғалым, теміржолшы Тынышпаев 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларды жазалаушы отрядқа кеңесші болды деп, Ақ патшаға еңбек сіңіргенін, Мемлекеттік Думада депутат болғанын Әзімбай Ғали көре алмады дейтіндер бар.
Қазір "аш бәледен қаш пәле" деген позиция тыныш секілді. Ендеше бар шындықты өздерің жазыңдар. Шындықты айтпайтын заман келіпті. Осыған дейін өтірікті жазбай, тек жарты шындықпен сөзді доғарып жүр едім. Бүгінгі таңда қазаққа жарты шындықтың өзі көп көрінеді екен.
Abai.kz