Дүйсенбі, 23 Шілде 2018
46 - сөз 1144 0 пікір 11 Шілде, 2018 сағат 12:44

Әріптестік әзіл

Әдеппен әзілдей білген, әзілді қадірлей білген xалықпыз ғой. Бірде Розыбакиев көшесімен төмен кетіп бара жатқанбыз. "Қалың" кептеліс болып тұр екен. Жанымда келіншегім бар. Көліктеміз. Қарасам, Төлеубек ағам Розыбакиевтегі базардан шығып келе жатыр. Қолында – оны-мұны салынған пакет. Келіншегіме: «Көптен бері әзілдемей кетіп едім, қызық болсын, ағамды қатырайын», – дедім де, Төлеубек ағаға звондадым. Кезінде Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» спектаклінде екеуміз жақсы партнер болғанбыз. Ол кісі – Бұқар жырауды, мен Диуананы ойнаған едік. Сөйлеп жатырмын:

– Ассалаумағалайкүм, аға!

– Уағалайкүмассалам!

– Аға, xабарласып тұрған себебім, анау «Абылай хандағы» Бұқардың бір сөздері керек еді, есіме түспей...

Ол кісі одан бері біраз уақыт өткенін, сөзін ұмытқанын айтты.

– Аға, базардан не іздеп жүрсіз? – дедім сол кезде барып.

– Әй, сен қайда тұрсың?

– Үйде отырмын, аға.

– Қалжыңдама деймін. Қайдасың? – деп ол кісі де қоймайды.

– Тү-у, аға, неге сенбейсіз? Үйдемін. Қазір ана теледидардың дауысын шығарайыншы, – дедім де, көліктегі радионың дауысын айғайлатып қойдым.

– Аға, әлі де сенбедіңіз бе? Үйде отырмын. Мағжанды шақырайын ба, жоқ, келініңізді шақырайын ба?

Сендіруім керек қой енді.

– А... кел... – деп қалды ол кісі.

– Келініңіз бе? Қазір... Гүлбану! Гүлбану! Келші, алшы, мына телефонды! Ағама «үйде отырмын» десем, сенбейді. Сөйлесші, – дедім.

Қасымда отырған келіншегім телефонды алды да: «Әлө, сәлеметсіз бе, аға!» – деп еді...

Арғы жақта – үнсіздік. Қайтадан өзім тұтқаны алдым да:

– Аға, енді сендіңіз бе? Айттым ғой, үйдемін, – дедім дауысымды нықтап.

– Онда сен менің базарда жүргенімді қайдан білдің? – деп сұрады біртүрлі үнмен.

– Аға, ешкімге айтып қоймайсыз ба...

– Нені?

– Менің көріпкелдік қасиетім бар...

– Кетші-ей!

– Енді... Онда сіздің базарда екеніңізді қайдан біліп отырмын?

– Ондай көріпкелдігің болса, айтшы, менің үстімде не бар?

Менен бірнеше қадам ғана жерде тұр ғой, айта жөнелдім:

– Үстіңізде – қара пальтоңыз, басыңызда – қара кепкаңыз...

– Аста-а-пыралла! – деді ағам. – Айтшы, қолымда не бар?

– Қолыңызда – көк пакет.

– Бекжан, мынауың сұмдық! Сен «тошна» айттың, – деді де, сөйте тұра тағы:

– Мықты болсаң айтшы, менің көлігім қайда тұр? – деп сұрады.

Қап, біткен жерім осы болды-ау, ағаның көлігі көзіме түспеді, қайда екенін де білмеймін. Сасқанымнан:

– Көлігіңіз Төле бидің бойындағы «Ару-ана» мейрамxанасының алдында тұр, – деп соғып қалдым. «Жындының айтқаны емес, сандырағы келеді» деген, сөйтсем, шынында да, ағам көлігін сонда қалдырған екен, дөп түскем ғой

– Аста-а-а-пыралла! Ей, сен мұны неғып жасырып жүргенсің? Өй, сен сұмдық адам екенсің ғой. Ойбай-ау! – деді таңдасын жасыра алмай.

– Аға, жарайды, жақсы онда! – деп телефонды қоя салдым. Ары қарай бірдеңе деуге шамам келмей булыққанымды сездірмеуім керек қой.

Келіншегім екеуміз әбден күлдік.

Төлеубек ағам менің «көріпкелдігім» жайында шыдамай жұмыстағыларға айтса керек. Соны естіген соң ба екен, ертесінде Бауыржан Қаптағаев ағам: «Ей, Бекжан деген сұмдық тәуіп шығыпты дейді ғой, көрмедіңдер ме?» – деп мені іздеп жүр екен. Ағама болған жағдайды айтып беріп, біразға дейін күлкіге кенеліп жүрдік.

Жасы жетпіске тақаса да, ізденіске жаны әуес, тірі кеудеге жан беретін актерлік тылсым сиқырдың барлық сырын меңгерген, шабыт сайысында талай рет ат оздырған арқалы актер Төлеубек ағадан үйренгенім де көп, әлі үйренерім де көп. Бүгін ағаммен бірге суретке түсудің де, француздар еліне бірге сапарлап қайтудың да сәті түсті. Аман жүріңіз, аға! Жаратқан жар болсын!

Бекжан Тұрыстың Facebook-тегі парақшасынан

Abai.kz

0 пікір