Сенбі, 23 Қараша 2024
3360 0 пікір 13 Шілде, 2018 сағат 03:56

Вьетнам әуе толқынында қазақ әуендері қалықтайды

Бұл пікір Азия мен Еуропаның білікті медиаменеджерлерінің қатысуымен Астанада өтіп жатқан «Азияның медиа диалогы» форумы аясындағы  тараптар кездесуі барысында айтылды. «Qazaq radiolary» ЖСШ-нің бас директоры Мәди Манатбекұлы мен Вьетнамдық VOV3 музыкалық арнасы директорының орынбасары Mr.Tran Nhat Duong бастаған топ жетекшілері алдағы уақытта бірлесе атқаратын өзара тиімді жобаларды талқылап, екі жақты ынтымақтастық  меморандумына қол қоюға келісті. Енді келешекте қазақтың күйлері мен халық әндері Вьетнам радиосының әуе толқынында әуелесе, біз Қазақ радиосы арқылы мәлім де беймәлім виет елінің әуенін тыңдайтын боламыз. Тараптар сонымен қатар мәдениет пен туризмді дамытуға бағытталған тың жобалар әзірлеуге уағдаласты.

«Вьетнам радиосы «Қазақ радиолары» серіктестігі секілді әлеуметтік және қоғамдық бағытта жұмыс істейді екен. Олар да радиоларын сан салаға жіктеп-жіліктепті. Вьетнамдықтарды біздің ұлттық және классикалық музыкамыз қызықтырып отыр. Ал, бізге олардың туризм бағытындағы бағдарламасы керек. Өйткені, Вьетнам - Қазақстан үшін әлі толық танылып үлгермеген ел. Сондықтан, екі елдің радиолары мәдениет және саяхат саласын қал-қадерінше дәріптеуге келістік», - деді «Qazaq radiolary» ЖШС-нің бас директоры  Мәди Манатбекұлы.

Өз кезегінде ойын ортаға салған  VOV музыкалық арнасы директорының орынбасары Mr.Tran Nhat Duong мырза:

«Біз қазақ елінің төрінде табысты келісім жасағанымызға қуаныштымыз. Құшақ жая қарсы алғандарыңызға айтар алғысымыз шексіз. Болашақта осы кездесудің қорытындысы бойынша екі тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоятын болады. Бұл құжат - екі елдің мемлекеттік радиолары арасындағы байыпты байланыстың берік іргетасы болып қаланатынына сенімдіміз. Екі жақты келісім болашақта мәдениет пен туризмнің дамуына өзіндік септігін тигізеді деп ойлаймыз. Кездесуге шақырғандарыңызға рахмет! Келелі кеңес құрған кездесу қорытындысы бойынша көп күттірмей бірлескен жұмысты бастауға кірісеміз»,- деп шынайы ризашылығын білдірді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413