Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3283 0 пікір 25 Ақпан, 2011 сағат 07:00

Болат Әбiлев: «Бiздiң қоғам — «Өлi терi» жамылған қоғам»

Болат Мұқышұлы, «Азат» партиясы мерзiмiнен бұрын өтетiн прези­денттiк сайлауға қатысудан бас тартқаннан кейiн-ақ саяси ойыншылардың астыртын әрекетiнен мән кеткендей болды. Осылайша референдум өткiзу идеясынан басталған саяси эпопея сәтсiз аяқталды. Ендi қорытынды шығару керек шығар, бас-аяғы екi айдың iшiнде не өзгердi? Нендей оқиғалар болды?

- Бұл мәселе жөнiнде мен де көп ойланам. Мұны қалай түсiнуге болады? Билiк не себептi тұрақтылық туралы айтып, езуi көпiргенше мақтанады да, сөйте тұра халықты ештеңеге негiзделмеген нәрсемен босқа дүрлiктiредi? Мұның жауабы бiреу-ақ: Қазақстандағы тiзгiн ұстағандар үшiн елдегi билiктi сақтап қалу - сол мем­лекеттiң өзiнен де маңызды! Мұның қасында халықтың жай-күйi, тәуел­сiздiк, елдiң тыныштығы дегенiңiздiң құны көк тиын.

Болат Мұқышұлы, «Азат» партиясы мерзiмiнен бұрын өтетiн прези­денттiк сайлауға қатысудан бас тартқаннан кейiн-ақ саяси ойыншылардың астыртын әрекетiнен мән кеткендей болды. Осылайша референдум өткiзу идеясынан басталған саяси эпопея сәтсiз аяқталды. Ендi қорытынды шығару керек шығар, бас-аяғы екi айдың iшiнде не өзгердi? Нендей оқиғалар болды?

- Бұл мәселе жөнiнде мен де көп ойланам. Мұны қалай түсiнуге болады? Билiк не себептi тұрақтылық туралы айтып, езуi көпiргенше мақтанады да, сөйте тұра халықты ештеңеге негiзделмеген нәрсемен босқа дүрлiктiредi? Мұның жауабы бiреу-ақ: Қазақстандағы тiзгiн ұстағандар үшiн елдегi билiктi сақтап қалу - сол мем­лекеттiң өзiнен де маңызды! Мұның қасында халықтың жай-күйi, тәуел­сiздiк, елдiң тыныштығы дегенiңiздiң құны көк тиын.

Қазiр жоғарыдағылар әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың күйi кетiп бара жатқанын сезiп отыр. Орта және шағын бизнес тығырыққа тiрелдi. Шикiзат экономикасына ғана негiз­дел­ген ағзадан маза кеттi. Әлемдiк нарықтағы кез келген жаңалықты шошына қабылдайтын болды. Азық-түлiк бағасы бақылаудан шықты, тарифтер жүгенсiз кеттi. Билiк ештеңеге сенiмдi емес, әр таңда ұйқысынан шошып оянғандай беймаза күйде. Сол себептi де «қорыққан бiрiншi жұдырықтайды» дегеннiң керiн келтiрiп, әдеттегi тәсiлге көштi - жағымпаздық пен жалпақшешейлiктi шегiне жеткiзе қоздыру, жұртты дүрлiктiру, қол жинаудағы жалған белсендiлiктi көз ету, «қазiргi мемлекет басшысына балама жоқ» деген жаңсақ ұғымды жұрттың жадына сыналап қағу, тағысын-тағылар. Мәселе референдумға немесе мерзiмiнен бұрын өтетiн сайлауға тiрелiп тұрған жоқ. Өйткенi бұл екi мәселе жiптiң екi ұшы тәрiздi нәрсе. Бiрiмен-бiрi байланысты.

Менiң ойымша, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бiздiң мемлекетiмiзге кесiрiн әбден тигiздi. Олай дейтiнiм, төрағалықтан кейiн билiк шынайы өмiрден алшақтап, ақылға салуды түбегейлi ұмытты. Бәрi шетiнен билiктiң буына, жалғандыққа мас. Алайда елдегi демократиялық оппозицияның батыл ұстанымы, АҚШ пен Еуроодақтың ескертпесi, Тунис пен Египеттегi жағдай билiктiң ойға алған жоспарына түзетулер енгiзбей қоймады. Бiрақ бен Әли мен Мүбәрәктiң түбiне жеткен, алапес еткен «билiк дертi» бiзде де күннен-күнге асқынып барады. Жағдайды үстi-үстiне ушықтырып жат­қан Қазақстан билiгiн қоғам ендi араб елдерi үлгiсiмен «емделуге» мәжбүрле­месiн деңiз...

- Бiздiң шенеунiктер Египеттегi жағдайдың бiзде қайталануы мүмкiн емес екенiн айтып жүр. Өйткенi бiздiң халық Нiл жағалауындағы елдер сияқты күнiне екi доллармен күнелтiп жатқан жоқ-мыс...

- Мұнысы күлкiлi ендi. Бiрiншi­ден, Каир көшелерiн тiтiреткендер - орта тап өкiлдерi. Зиялылар, жастар, шағын бизнес өкiлдерi, қызметкерлер. Екiншiден, бұлар Тунистегi билiктiң қалай ауысқанын неге айтпайды? Тунистегi IЖӨ адам басына шаққанда 10 мың долларға жуық. Яғни бiздiкiмен шамалас. Бахрейндi де төңкерiс жалыны шарпығанын көзiмiз көрдi. Бұл елде IЖӨ 25 мың доллар, бiздегiден 3 есеге жуық көп. Солай бола тұра халық өз ойын саяси партия­лар, парламент, тәуелсiз БАҚ арқылы бiлдiре алған жоқ. IЖӨ-сi 15 және 10 мың доллар болатын елдер - Ливия мен Алжирден де маза кеттi. Сондықтан бiздiң билiк үшiн бюджет саласындағылардың жалақысын өсiру, зейнеткерлердi тиын-тебенмен алдаймыз деу, қағаз жүзiнде ғана қалатын қиялдағы жобаларды тықпалау - құтқарушы күш бола алмайды. Сол себептi де халықтың ой-пiкiрiмен санаспайтын авторитарлық режим әлеуметтiк апаттардан қашса да құтылмайды. Ал демократия - өмiр сүру мен дамудың маңызды алғышарты. Мiне, бүгiн бiзге мұны бүкiл әлем айқайлап ескертiп тұр.

- Бiздiң бiлуiмiзше, «Азат» партия­сы мерзiмiнен бұрын өтетiн президенттiк сайлауға қатыспау себебiн сайлау туралы, БАҚ туралы, саяси партиялар туралы заңға өзгерту енгiзу жөнiнде қойған шартын билiктiң орындамағанымен түсiндiрдi. Мұнша қысқа мерзiмде бұл шарттарды орындау мүмкiн еместей көрiнедi...

- Неге мүмкiн емес? Бiздiң парламент көңiл-күйi келсе, Конститу­ция­ны бiрнеше минутта өзгерте алады. Оған мүмкiндiгi де, дәрменi де жетедi. Тек бұйырса болды. Демократиялық оппозиция халықаралық ұйымдармен бiрiгiп, бiрнеше жылдан берi Ақордаға заңдарды өзгерту жобасын жiберумен келемiз. Мұнымен мұқият танысуға олардың уақыты болды. Бiрақ әрекет еткен жоқ.

Өкiнiштi-ақ, алда өтетiн бұл сайлаудың тағы да «бас жарып, көз шығарумен» өткiзiлетiнiне кезектi рет көзiмiз жеттi. Әдiлдiктiң үстемдiк құра алмауы мен тәумендiлiктi одан әрi нығайта түсу - әбден асқынып, сыздағаннан жарылғалы тұрған шиқанды түрткiлей бергенмен бiрдей. Ол күндердiң-күнiнде жарылады. Қазiр бұл әрекет Қазақстанда мемлекеттiк саясат деңгейiне көтерiлдi. Президент­тiң шынайы өмiрден алшақтап, ой-пiкiрi ат төбелiндей топтың деңгейiнен аса алмай қалғанын көрiп отырмыз.

Ең қауiптiсi - жағымпаздық деген дертке шенеунiктер мен зиялы қауымның көпшiлiгiнiң шалдығуы. Бұларға: «Тоқтатыңдар, елдiң берекесiн қашырмаңдар, ұрпақты уламаңдар! Депутаттар өз шаруасымен айналыссын - қоғамға қажеттi заңдарды қабылдасын, ал жазушылар оқырман күткен қызықты шығармаларын жазсын!» дегiң-ақ келедi. Өйткенi бiз мұны ұмытып барамыз. Билiк өкiлдерi өз­дерiн халыққа қызмет етушi деп, ал зиялы қауым сол халықтың ар-ұятымыз деп санайды өздерiн. Ендеше, неге балаққа дейiн төмендеп, пәтер алу мен бала-шағасын мемлекеттiк қызметке орналастырудың қамын күйттеп кеттi?!

Мемлекет басшысына мынаны айтам: өз атыңызға айтылып жатқан асыра мақтауды тоқтатыңыз, бұл сiздiң тарихтағы орныңызды айқындап бере алмайды! Пендешiлiктi, кландық топтардың жетегiнде бүлкектеп ерудi доғарыңыз. Шенеунiктерден құралған бiр ғана партияның көшбасшысы емес, барлық қазақстандықтардың шынайы президентi болыңыз!

- Сiз билiктiң саясатын орынды сынайсыз. Бiрақ таразы басын тең ұстайықшы, үкiмет елдi дағдарыстан аман-есен алып шығудың, тұрақты дамудың қамын жасап жатыр емес пе?

- Егер бұл әрекеттерi шынайы түр­де iске асып жатқан болса, нәти­жесiн көрер едiк. Тағы да қайталауға мәжбүр­мiн - тәуелсiздiк алған жылдардан берi құны ондаған миллиард доллар болатын жүзге жуық бағдарлама қа­былданды. Мұның бiрде-бiрiнен нәтиже шыққан жоқ! Бәсекелестiкке қабiлеттi бiрде-бiр тауарды көрмедiк! Қаржы әдеттегiдей қалталарға түстi.

1990 жылы Қазақстанның iшкi жалпы өнiмi 110 мил­лиард доллар шамасында болған. 2010 жылы бар-жоғы 130 миллиардқа көтерiлдi. Бұл мерзiмде басқа елдер IЖӨ-сiн бiрнеше есеге өсiрiп алды. Ал бiз әлi өгiз аяңмен келемiз! Осы да даму ма?! Осы да алға жылжу ма?! Бұдан бiрнеше жыл бұрын мұнайдың баррелi жүз доллар болып, металдың құны шарықтап тұрған кезде жыл сайын ондаған миллиард доллар инвестиция құйылып жататын. Бүгiн де баға соның төңiрегiнде, ал ақша қайда кетiп жатыр?

Тәуелсiз ақпарат көздерi­нiң хабарлауынша, соңғы он жылда Қазақстаннан жылдық IЖӨ-ге тең қаржыны - 130 миллиард долларды тасып әкеткенiн айтады. Бұл бергi жағы ғана, көрсеткiштi сенiмдi түрде екiге көбейтуге болады. Яғни мыңдаған мектеп, аурухана, түрлi әлеуметтiк нысандар қалтада кеттi және ол қаржы өзге елдiң экономикасына қызмет етiп жатыр.

Үкiмет жүргiзiп жатқан әлеуметтiк саясатқа келер болсақ, нәтижесiн өтiрiк статистикамен емес, зейнеткерлер­дiң, жастардың, жұмыссыздардың жай-күйiмен есептеп көрейiк. Мәселен, билiк зейнетақы көлемi жөнiнен Ресейден, Әзiрбайжаннан, Беларусьтен, Украинадан қалып қойғаны туралы тiс жармайды. Оның есесiне, бiздiң елiмiз азық-түлiк бағасының қымбаттығы, тұрғын үй коммуналдық қыз­метi тарифiнiң өсуi жөнiнен посткеңестiк елдер арасында алғашқы орынға шықты. Жасөспiрiмдердiң өзiне-өзi қол жұмсауы, жетiм балаларды шетелдiктерге беру тұрғысында бәрiнен оздық. Өмiр сүру деңгейi, сәбилер мен аналардың өлiмi, құрт ауруына шалдыққандар жөнiнен ше? Билiк олай-бұлай қанша ой­қастағанымен, өтiрiк мақтанғанымен, шалажансар елдер­дiң деңгейiне түсiп барамыз.

Елiмiздiң интеллектуалдық жасампаздық күш-қуаты сарқылуға таяу. Мәселен, Лондон метросының iргетасы ХIХ ғасырдың екiншi жартысында қаланды. Алматы метросы ХХI ғасырдың алғашқы онжылдығында да пайдалануға берiл­ме­дi. Оңтүстiк Африкалық хирург Кристиан Бернард жарты ғасыр бұрын жүрек ауыстырып салу операциясын алғаш рет жасады. Ал Қазақстанда мыңдаған адам мұндай қызмет көрсетiлмегендiктен көз жұмуда. Егер президент шетелден келетiн дәрiгерлердiң бiлiктiлiк деңгейi бiздiң мамандардан жоғары екенiн мойындауға мәжбүр болса, онда жетiскен екенбiз.

- Бұрындары президент бiрқатар елдердiң даму тәсiлiн мысал ететiн. Үлгi боларлық елдердiң қатарында Түркия, Оңтүстiк Корея, Сингапур, Малайзия, Финляндия бар-тын. Қазiр мемлекет басшысы бұл елдердi үлгi етудi қойған сияқты. Неге өйттi? Әлде бiз оларды «шаң қаптырып» кеттiк пе?

- Менiң ойымша, ол Қазақстанның бүгiнгi жағда­йында әлемнiң озық елдерiнiң үлгiсiне көшем деу ақымақтық екенiне көзi жеттi. Бiз жарты әлемге жар салдық, «Малайзияға, Оңтүстiк Кореяға ұқсағымыз келедi» деп. Бiрақ оларға ұқсауға еш әрекет жасағамыз жоқ. «Сингапур сияқты сыбайлас жемқорлықтан ада боламыз» деп даурықтық. Нәтижесiнде жемқорлық дегенiңiз бұрынғыдан да өршiп кеттi. Израильдiң аграрлық технологиясын қолданып көрдiк те, шаруаларды «қоңыз тергiзiп» жiбердiк...

Мысалы, шетелдiк тәжiри­бе­нi пайдалана отырып iшкi iстер саласын реформалаймыз дейдi. Ендеше, неге Литвадағыдай оқиға бiзде болмайды? Литвада аздап ұрттап алған полицей жол апатына ұрындырды. Мұндай жағдай екi рет қайталанды, екi ретте де мем­лекеттiк жол полициясы басшысы қызметiнен кеттi.

Бiздiң билiктiң сиқы мынадай: алдымен жарапазандатып уәде бередi, содан кейiн қыр­уар ақша бөлгiзiп, жұмыс iстеп жатқан түр көрсетедi, ақыр соңында - ұялған тек тұрмастың керiн келтiрiп, қашқақтап жүредi.

- Мерзiмiнен бұрын өтетiн президенттiк сайлауға түскiсi келетiндер аз емес. Бұл туралы не айтасыз?

- Қазiргi президентке балама ретiнде ешкiмге белгiсiз кандидаттар тiркелдi. Тiптi кейбiрiнiң аты-жөнiн бұрын-соңды естiмегенбiз. Бұл - сая­си жүйенiң азғындағанының белгiсi. Бәсекелестiктi тұн­шық­тырған билiктiң жиырма жылғы жемiсi.

Өз әрекетiнен өзi ұялған болуы керек, Ақорда соңғы сәттерде оқшантайында түк қалмаған «запастағы кандидаттар» Мэлс Елеусiзов пен Ғани Қасымовты саяси аренаға құлағынан сүйреп шығарды. Бұлар - референдум арқылы президенттiң өкiлет­тiгiн ұзартуды қолдағандар. Осыдан кейiн мұның сайлау емес, жай ғана кабинеттiк ауыс-түйiс екенiне кiм күмән келтiредi?! Мiне, билiктiң шынайы бет-бейнесi осындай!

- Ғани Қасымов пен Мэлс Елеусiзовтiң мемлекеттiк тiлдi анау айтқандай керемет меңгермегенi белгiлi. Солай бола тұра бұл екеуi мемлекеттiк лингвистикалық комиссияның емтиханынан өттi ғой...

- Мен бұл азаматтарды бұрыннан бiлемiн және олардың қазақшасы мәз емес дегенмен келiсемiн. Лингвистикалық комиссияның бұл екеуiн нелiктен «басынан сипағаны» түсiнiктi. Билiк қолайына жағатындарды маңдайынан шертiп жүрiп таңдап алмақ. Лингвистикалық комиссия мүшелерiнiң бәрi - «Нұр Отаннан» және бәрi мемлекеттiк қызметте. Яғни, бiр кандидаттың қарамағында. Ендеше, бұларға қалай сенесiң?

- Сiздер «мерзiмiнен бұрын өтетiн президенттiк сайлауға қатысуға дайынбыз» деп мәлiмдеген соң бұған күдiк келтiргендер болды. «Азат» жан-жақты дайындықтан өткен кандидат ұсына алмайды» дестi кейбiр жұрт...

- Қазiргi президентке балама болатын тұлғалар Қазақстанда жетерлiк. Бiздiң пар­тия­ның құрамында да мемле­кет­тiк қызметте тәжiрибесi мол саясаткерлер аз емес. Бiз мәселеге мына тұрғыдан қарайық: соңғы жиырма жылда әлем адам танымастай өзгердi. Менiң пiкiрiмше, бұл өзгерiс­терден соң көптеген мемлекет­тердiң басшылығына бюрократтық жүйенiң дертiнен ада жаңа көзқарастағы адамдар келдi.

Ең жарқын, тарихи оқиға­ла­р­дың басы-қасында кiмдер жүрдi? Чехиядағы Вацлав Гавел - нан-тұзын отын қоймасынан айырып жүрген драматург. Польшадағы Лех Валенса - электрик. Менiң үлгi тұтатын саясаткерлерiмнiң бiрi - Нельсон Мандела. Ол ғұмырында бiр-ақ рет кәсiби қызмет iстедi - ОАР-ды бес жыл басқарды. Бұл тұлғалар өз елiн­де ғана өзгерiс жасаған жоқ, айналасындағыларды да ойлануға мәжбүр еттi. Мил­лион­даған адамның үмiтiн оятты. Мiне, бүгiнгi заман - дәл осындай тұлғалардың заманы.

Әлем сұмдық жылдамдықпен дамып барады және алға зымырауда. АҚШ-тың, Ан­глия­ның, Францияның, Германияның көшбасшыларына көз салыңыз, олар үлкен саясатқа және билiкке бұрынғы басшыларға ұқсамағандықтан келдi. Бұлар қоғамға бетбұрыс жасады, миллиондаған адамның үмiтiн оятты. Бұлар бәсе­ке­лес­тiктi дамытты, өз елiне деген өзгелердiң қызығушылығын арттырды. Басқалай болуы мүмкiн емес едi. Өйткенi қоғам «өлi терiсiн» әрдайым сыпырып отыруы керек.

Бұған Қазақстан билiгiнiң ой-өрiсi жетiп жүр ме? Бұл мәселенiң маңызы бiздiң отандастарымыз үшiн күннен-күнге артып барады...

- Рақмет.

Сұхбаттасқан Едiл БЕЙСЕН.

«Жас Алаш» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295