Жаркентті белгісіз күлімсі иіс тұншықтырып тұр
Abai.kz ақпараттық порталына Алматы облысына қарасты Панфилов ауданынан біраз кісі хабарласып, Жаркент қаласы, қаланы ғана емес, қалаға жақын маңдағы елді-мекендерді тұтас күлімсі иіс тұншықтырып тастағанын айтып, жанайқайларын жеткізді. Тұтас қала мен ауданның біраз бөлігі қазір әлдебір нәжістің иісіне бөккен. Тіпті, жергілікті басшыларға да арыз-шағымдарын айтыпты. Қарсылық акциясын өткізген. Әкім-қараның «шара қолданамыз» деген құрғақ уәдесіне құлақтары қанша мерте қанып шыққанымен, қоламтаны қабатын әлгі иіс әлі қайтпай тұр дейді. Ауданда ауа лас, ауру көп.
Біз жергілікті атқа-мінерлерден сұрап, білдік. Сонымен, нәжіс исі қайдан шығып жатыр? Оны жоюға не кедергі? Жергілікті әкімдік қашан шара қолданады?
Жаркент қаласы Алматы облысының территориясында орналасқан. Қытаймен шекаралас аймақ. 44 мыңнан астам халқы бар. Қала әкімі – Нұрмолдаев Талғат Ғинаятұлы.
Жаркент қаласы - Пафилов ауданының орталығы. Ал жалпы ауданда 126 мыңнан астам жан саны тіркелген. 13 ауылдық округ бар. Аудан әкімі – Бектасов Темірлан Амангелдіұлы.
Ұлы Жібек жолының бойында, Іле өзенінің жағасын жайлай қоныстанған - тарихи мекен. 7 өзен мен 7 арасан орналасқан шұрайлы өңір. Сол өңірдің жұрты қазір қалдық судың сасық иісіне тұншығып отыр.
Міне, біз сөз етіп отырған әлгі нәжіс сасыған күлімсі иіс аудан орталығы Жаркент қаласының іргесінде орналасқан Сірне зауытынан шығып жатыр екен.
Исламғали Үркімбайұлы, ақын, Жаркент қаласының тұрғыны:
- Біздің Жаркент қаласының төменгі бөлігінде «Крахмало-паточный зауыт» деген бір зауыт пайда болды. Қазақшалап айтсақ - Сірне зауыты. Бұл зауыттың қожасы Зәкіржан Күзиев деген азамат.
Бұл зауыт пайда болғаннан кейін, 1 жылдай тып-тыныш жұмыс істеп жатты. Ешқандай сасық иіс болған жоқ. Кейін бірте-бірте әлгі иіс сезіле бастады. Міне, биылғы жылдың басынан бастап сасық иіс тұтас қалаға жайылды. Қаланы қойып, орталыққа жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары да осы жағымсыз иіске қатысты шағымдарын айта бастады. Масқара болғанда, әлгі иістің үдегені соншалық, қаланың төменгі жағының тұрғындары үйлеріне отыра алмайтын жағдайға жетті.
(Зәкіржан Пәрмұхамедұлы Күзиев. Алматы облыстық Мәслихатының депутаты. Елбасының қолынан "Алтын Сапа" жүлдесін алып тұр.)
Ақыры, жұрт бізге келіп, шағымдарын жеткізді. «Бұл иісті тоқтатуға болмай ма? Оған не кедергі? Басшыларға айтуға болмай ма?» деген ауандағы арыз-шағымдарын айтып, бізге, «Қазақ тілі» қоғамына келген соң, біз де үн қостық. Қала басшыларына айттық. Әкімшілікпен бірлесіп, жиын өткіздік.
Анығында қазір осы сасық иістен халық үлкен зардап шегіп отыр. Кешқұрым үйлерінде жата алмайды. Есік-терезелерін бітеп тастаса да, сасық иіс үйдің ішіне дейін сіңіп кеткен. Сыртқа шығуға мүмкіндік жоқ.
Бұл неғылған иіс? Бізге келген арыздардың нобайы бойынша, әлгі сасық иіс сол Сірне зауытынан шығып жатыр екен. Ол зауытта химиялық қоспалар қолданылады. Сол қоспалардың қалдығы ауаға тарап жатыр.
Өткенде осы мәселеге қатысты қалалық әкімдікте жиын өтті. Ол кезде қала әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Хасан Тұрсынұлы дейтін азамат та қатысқан. Сөйтсек, зауыт іске қосылған күннен бастап-ақ, әлгіндей химияық қоспаларды пайдаланады екен. Тек алғашқы уақытта, оның қалдық суы жерге сіңіп, ешқандай иіс шықпаған. Ал біздің Жаркенттің астындағы су қабаты жоғарғы қабатқа өте жақын орналасқандықтан, енді сол химиялық қалдық сумен бірге қайтадан жоғары шығып жатыр екен. Сондықтан, иіс ауаға тарап жатыр. Бұл сол Хасан Тұрсынұлының бізге түсіндіргені.
Жасыратыны жоқ, қазір ауданда ауру-сырқау адам көп. Әсіресе, балалардың демікпесі көбейді. Оның үстіне балалардың үстіне ұсақ бөрткен шығып, тері аурулары қаптай бастады. Үлкен кісілерге де қиын. Әсіресе, қан-қасымы жоғары адамдар қатты қиналып жатыр. Сасық иіспен демалған соң, адамның организміне теріс әсері болады ғой. Ол сасық иістің құрамында химиялық қоспалар бар дедік жаңа.
Сондықтан, «мұны тоқтатыңыздар» деп, халық қарсылық білдірген соң Зәкіржан Күзиев деген азамат халыққа уәде берді. «Мен мұны тоқтатамын. Енді соны тоқтату қамын ойлап отырмыз» деп кеткен. Оның уәдесі қашан орындалатыны да белгісіз. Өйткені ол уәде бергелі де 6 ай болды. Еш нәтиже жоқ.
Арман Тазабеков, Панфилов ауданының Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және Тұрғын үй инспекциялық бөлімінің басшысы:
- Жаркент қаласындағы пайда болған иіс туралы біз былтырдан бері айналысып жатырмыз. Ол туралы Экология департаментіне хабарланды. Кейін өзіміздің Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына (СЭС) айттық. Олар жұрттың арыз-шағымының нәтижесінде бірнеше тексеру жүргізді. Жағымсыз иістің шығуының бірнеше себебін анықтап берді.
Біріншіден, біздің кәріз суларын тазалайтын ғимаратты іске қосу керек болды. Екіншіден, Крахмал зауытына өзінің сүзгілеу алаңын жасау керек. Одан кейін бізде мал өлексесін тастайтын орын бар. Оның жан-жағын реттеу және қаланың төменгі бөлігінде орналасқан ескі қоқыс төгетін орынды реттеу керек деген шешімге келдік.
Биыл да жағымсыз иіске қатысты тұрғындардан шағым келіп түсті. Біз Экология департаментіне хабарласып, хат жаздық. Осы иіс бойынша тағы да бір тексеріс жасап, анықтап берулерін сұрадық. Ол жақтан маман келіп тексеріп, иістің пайда болуы себебін анықтап берді. Нақты айтсақ, 3 себеп анықталды.
Әуелі, біздегі поля фильтрацияда сарқынды судың жерге сіңбей қалуы.
Екінші себеп – Крахмал зауытынан шыққан сарқынды су мен қаланың кәріз суы қосылғандықтан, ашу процессінің болуы. Иіс содан пайда боулы да мүмкін.
Үшінші себеп – біздің кәріз суларын тазалайтын ғимараттың жұмыс жасамауы.
Енді осылар жайлы жеке-жеке түсініктеме бере кетейін.
Тұрғындардан шығым былтырдан бері түсіп жатыр. Былтыр да, биыл да ЭД-ға хабарласып айттық, тұрғындардың шағымын жеткіздік.
Біріншіден, Жаркент қаласының кәріз суралрын тазалайтын ғимаратты іске қостық. Міне, 8-шілдеден бастап жұмыс істеп тұр. Бәрі автоматтандырылған жүйе. КСТ жүйесі қазір қалыпты жұмыс жасап жатыр.
Екінші, жаңағы поля фильтрациядағы судың сіңбей жатуына байланысты, оны тазалауға облыстан қаржы сұрадық.
Қаланың кәріз су жүйесі мен зауыттың сарқынды су ағызатын құбыры бірге қосылмауы үшін өткенде зауыт өкілдері аудан әкімінің орынбасары Думан Төрехановқа келіп, екі тарап ортақ мәміле жасасқан. Мәселені шешудің оңтайлы жолдарын зауыт басшылығы өз ішінде қарастырып жатыр.
Панфилов су құбырының ескі құбырымен өздерінің сарқынды суларын өткізіп келіп, поля фильтрацияға деп 4 гектар жерді жалға сұрады. Сол жерге өздерінің стоктарын құру көзделген. Одан кейін өздерінің су тазалау жүйесін салуды да қарастыратын болды.
Негізі қазіргі уақытта Жаркент кәріз су жүйесі Крахмал зауытының сарқынды суын қабылдай алады. Бірақ, оның шектеулі параметрлері бар. Сол шектен асып кетпеуі керек. Одан асып кетсе, біздің құрылғымыз істен шығады.
Агрессивті су келген кезде датчиктері бар, насостары бар, мембранный блок дейтін өте қымбат құрылғы бар, істен шықса, проблеманың көкесі сонда болады.
Анау мембранный блок деген өте қымбат құрылғы. «Мемранный касета» дейді, бізде әрқайсысы 13 миллион теңгеден тұратын 12 касета тұр қазір. Мамандардың айтуынша, сол мембранный блоктан тіпті вирус өте алмайды екен.
Оның істемей тұруының да себебі бар. Құрылысы салынып, аяқталғаннан кейін оны жүргізетін маман таппадық. Еуропалық технология болғандықтан, оны істететін маман да керек қой. Оны қосу үшін Ресейден екі рет маман келді. Құрылыспен айналысқан мердігер мекеме 2 жылға кепілдік берген. Содан біз іске қостық. Ал ол өшіп қалған сайын кепілдік берген мердігер Ресейден маман шақыртып, іске қосып беріп отырды.
Осы құрылғыны өндіретін Ресейлік фирманың Астанадағы филиалынан мамандар келіп, қазір, барлық бағдарламаларын құрып берді. Іске қосып, істетіп отырған да солар. Айтпақшы, қазір Астанадан келген мамандар Панфилов су құбыры мекемесі мамандарын оқытып жатыр. Қазір 8 адам сол бойынша білім алуда. Сондықтан, біз де қолымыздан келгенше әрекеттер жасап жатқанымызды айтқымыз келеді.
Түйін
Бұл мәселені Панфилов ауданының әкімі Темірлан Амангелдіұлы Бектасов мырза тез арада шешуге тиіс. Күлімсі иіске Елбасының қолынан "Алтын Сапа" жүлдесін алған, дәл қазір Алматы облыстық Мәслихатының депутаты болып жүрген Зәкіржан Пәрмұхамедұлы Күзиевтің қатысы болса, мансабына қарамай ел алдында жауапқа тартылуы керек.
Бұл мәселе алдағы уақытта Abai.kz ақпараттық порталының назарында болатынын ескертеміз!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz