Ербақыт Амантайұлы. Мағжанның суретін Ленин құтқарып қалыпты
Мағжанның мұражайында Лениннің суреті неге тұр? Бұл сауалды ақын Мағжан Жұмабаевтың туған ауылы Сарытомардағы мұражайға бас сұққан адамдардың көбі қояды. Сұрауға дәті бармағандары өздерінше топшылайды, «сол баяғы тірі жүрген коммунистердің ісі шығар» дейтіндер де бар. Шынымен де, қалалардағы тас мүсіндеріне дейін алынып тасталып жатқанда, поэзия пайғамбары атанған қазақ ақыны мұражайының қақ төрінде маңдайы жалтырап «күн көсемнің» тұруында не сыр бар?
Мағжан - дәл осы Ленин бастаған, кейін Сталин қостаған қатыгез саясаттың жазықсыз құрбандарының бірі. Оған «халық жауы» деген жала жабылып, 1938 жылы атылып кеткені белгілі. Бірақ соңғы кездері ақын атылмапты, оны Сібірде Бауыржан Момышұлы көріпті-міс деген әңгімелер арагідік айтылып қалып жүр. Бұл басқа бір мақалаға өзек болмақ, біздің айтпағымыз - мұражайдағы Владимир Лениннің суреті хақында.

Мұражай директоры Айгүл Жүнісбаеваның айтуынша, пролетариат көсемінің суреті мұражай соңғы рет күрделі жөндеуден өткізілген кезде қойылған екен. Оның өзіндік сыры бар. Кезінде қанішерлер қазақтың қаймағы саналған азаматтардың жанын ғана алып қойған жоқ, мұраларын түгел жойып, тіпті бейнелерін де халықтың санасынан жоғалтуды көздеді. Мағжанға айып тағылып, айдалып кеткен кез. Кезек туыстарына да келген. Жендеттер ағасы Әбемүсілімнің үйін тінтуге кіріседі. Мағжанның қолжазбаларын, кітаптарын, тіпті суреттеріне дейін түгел алып кетеді. Сол кезде Әбемүсілім інісінің бір суретін төрде ілулі тұрған Лениннің портретінің артына тыға қояды.
Тінтушілер үйдің астаң-кестеңін шығарғанымен, төрдегі көсемнің суретіне тиісе қоймайды.
Мағжанның сақталып қалған бұл шағын суреті Ленин портретінің тасасында ұзақ жылдар бойы тұрады. Кейін көсемнің портреті ескіргеннен кейін алынып тасталыпты. Бірақ дәл сол рамаға Әбемүсілімнің ұлы Ғабділкәрім мен зайыбы Гүлбарам Ғабдоллақызының үлкейтілген суреті қойылады. Үй иелері әлгі суретті ерекше құрмет тұтқан. Оның шаңын сүрту, ілінген орнын ауыстыру жұмыстарын Гүлбарамның өзі ғана істейді екен. Суретке ешкімді жолатпаған. Оның себебі, Ленин алынып тасталғанымен, артында тығулы тұрған аталары Мағжанның суреті сол қалпында қалдырылған, демек, суретті келінінің өзі ғана күтіп ұстауы қайын атасына көрсеткен құрметі шығар.
Ғабділкәрім мен Гүлбарам қайтыс болады, одан төрт қыз, екі ұл қалған. Балалары тығулы сурет туралы ештеңе білмеген. Ұлы Марат бірде ата-анасының суретін түрлі-түстіге ауыстыру мақсатымен алған кезде артынан бейтаныс адамның суреті шыққан. Белгілі болғандай, бұл ақын Мағжанның 1935-36 жылдары түскен суреті болатын. Сөйтіп, ақынның суреті Лениннің арқасында аман қалып, бүгінгі күнге дейін жетті. Ал мұражайдағы Ленин портреті Мағжанның бейнесін сақтап қалу үшін қойылған екен. Бірақ Ленин суреті түпнұсқа емес.
Тасболат БЕКЕНОВ, Мағжанның немере інісі:
- Мен Мағжанның інісі Сәлімжаннан туғанмын. Шеше жағынан да туыс болып шығамыз. Менің шешем Бибізайып Жұмабайдың қызы Рәзиядан туады. Марқұм шешем Мағжанның суреттері салынған бір альбомды тығып, сақтап жүретін. 1989 жылы ақын ақталған кезде жазғыш журналистер көбейді ғой. Соның біреуі сұрап әкеткен, атын да білмеймін, кейін қайтарған жоқ. Шешем де дүниеден озды. Кім алғанын білмеген соң, іздеген де жоқпыз. Сондықтан Ленин портретінің артына тығылып сақталған суреті - қолымызда қалған жеке түскен жалғыз бейнесі.
Айгүл ЖҮНІСБАЕВА, Мағжан Жұмабаев мұражайының директоры:
- Мұражайға келген кісілердің көзі расында бірден Ленинге түседі. Оқушылар да алдымен соны сұрайды. Бұл суреттің тарихын біреу білсе, біреу біле бермейді. Біз Мағжанға «халық жауы» деп жала жауып, ұстап әкеткен кезде ағасы Әбемүсілім оның суретін Владимир Ильичтің портретінің артына тығып, аман сақтап қалғандығын тәптіштеп айтудан жалықпаймыз. Мұражайдағы жәдігерлер саны да онша көп емес. 300-ге жуық қана. Бірақ әрқайсысының маңызы зор. Мағжанның зайыбы Зылиха апамыз тапсырған ескі құран, жайнамазы мен етігі де осында. Құнды жәдігерлердің бірі - Мағжанның 1922 жылы жарық көрген «Педагогика» кітабы мен 1923 жылы шыққан өлеңдер жинағы. Омбы мұғалімдер семинариясында оқып жүргендегі сыныптан сыныпқа көшу хаттамасы да осында тұр.
Дерек: Сарытомардағы Мағжан Жұмабаевтың мұражайы 1989 жылы орта мектептің бір бөлмесінде ашылған екен. 1993 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында бөренеден төрт бөлмелі жаңа ғимарат салынып, соған көшкен. 115 жылдығын тойлардың алдында күрделі жөндеу жүргізілген. Қордағы жәдігерлер саны - 284.
Ербақыт Амантайұлы, Қызылжар
«Алаш айнасы» газеті