Сенбі, 30 Қараша 2024
Әттең... 6246 5 пікір 25 Шілде, 2018 сағат 11:22

Жаңа ғасырдағы жаңа қазақтардың ойы жұтаң, түйсігі таяз!

«Келіннің аяғынан...» 

Жаңа ғана теледидардан осы тақырыптағы хабар болды. Журналистің көшеде өтіп бара жатқан ел-жұрттан «келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген халық мәтеліндегі «келіннің аяғынан» деген сөзді қалай түсінесіз деп сұраған сұрағына берген жауаптарына қарап отырып қарадай қарным ашты. Қолыма амалсыз қалам алдым...

Жаңа ғасырдың жаңа қазақтары, тәуелсіз елдің бақытты қазақтары, ойымыз неге жұтаң, түйсігіміз неге таяз?

Әлгі сұраққа «келін оң аяғымен босаға аттау керек, қой егіз табу керек» дейді, «ол ескі қазақтардың ырымы ғой, келіннің аяғына жабысып тұрған ештеңе жоқ» дейді, «жаман нәрселерді келіннен көру үшін енелердің ойлап тапқаны ғой» дейді, т.с. Бауырларым-ау, халық айтса, қалт айтпайды. Ғасырлар сынынан өтіп, бүгінге жеткен әдет-ғұрпымызды осылай жеңіл түсінікпен айта салуға бола ма?

Қазақты дана халық, көреген халық, қасиетті халық деп алдымен көрші мемлекеттерде өмір сүріп жатқан алты алаштан өзге жұрт – парсы, араб, мысыр, шын-машын т.б. мойындағанын кәрі тарих айтады. Әйгілі саяхатшы Марко Поло «бір ел көрдім, биенің сүтін ішеді, жігіттері де, қыздары да шетінен шабандоз, асау атқа мініп құйғытып бара жатады, балалары тайтұяқ алтынмен ойнап жүреді. Шеттерінен әнші, күйші, өнерпаз халық» деп тамсанса,  Г. Потанин «маған қазақ жері түгел әндетіп тұрғандай көрінді» деп жазады. Көне тарих беттерінен мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады.

Ал, қазақтың өз ауыз әдебиеті тұнып тұрған асыл қазына емес пе! Осы қазынадан сусындап өскен ұрпақ  жоғарыдағыдай сөздерді ойланбай, теледидардан он жеті миллион халық тыңдап тұр-ау, демей жеңіл-желпі айта салуы қалай?

Адам жаратылысына, оның тылсым құпиясына біздің қазақ ерте үңілген. Үңілген де, оның қыр-сырын қиял-ғажайып ертегілері, аңыз әңгімелері арқылы жеткізіп отырған. Бүгінгі психология кітаптарына көз жіберсек те, қасиетті Құран Кәрімді парақтасақ та адам баласының ақ және қара пиғылдылары болады дейді. Екі иығыңда отырған екі періште осы екеуін тіркеп жазып отырады екен. Бірі – ақ  ниетті, екіншісі – қара ниетті. Адамда қайсысы басым? Ағы басымдарды жақсы адам дейміз, қарасы басымдарды жаман адам дейміз.

Ал, суретшілердің ежелгі діни тақырыптарға жазылған  еңбектерін қарасаңыз кейіпкерлерінің басында айнала орналасқан сәулені көресіздер. Бұны адамның «аурасы» дейді. Яғни, адам  жанының  нұры. Қазақта «нұрлы жан екен, айналасына шуағын төгіп тұрған адам екен, жанары нұрлы екен, немесе, бақиға аттанып бара жатқан ауруды «нұры кетіп қалыпты,  көзінің нұры өшіпті, ұзай қоймас» деп жатпай ма. Осы нұр адам жанының шуағы, жанның нұры екенін бүгінгі ғалымдар да, психологтар да жоққа шығармайды.

Адамның аурасы сары, ақ, көгілдір, күңгірт, қоңыр дегендей әр түсті болып келеді дейді. Ақ ниетті, жаны таза, адам баласына  және айналасына тек жақсылық ойлайтын жандарда ашық түстер басым болса, мінезі ерсі, ниеті бұзық, қиратуға бейім, біреудің қиналғанынан ләззәт алатын адамдарда күңгірт түс басым болады екен.

Осыны ежелден санасынан өткізіп, зерделеп түсінген қазақ «аққа құдай жақ» деп бәрін де Алла адамның ниетіне беретінін сезген. Үлкендердің «ниетің түзу болсын» деп отырғанын талай көзімізбен  көріп, құлағымызбен естіп өскенбіз.

Демек, «келіннің аяғынан...»  дегені, жаңа түскен келіні ақ ниетті, адал адам болса екен деп ырым еткені,  Алла бәрін келіннің ниетіне, пейіліне береді деп түсінгені.  Солай болған да, солай бола да береді. Оған жеңіл қарауға болмайды.

Исламғали Үркімбайұлы

Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі

Abai.kz 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1609
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3443
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6853