Егіз өрім - егіз жаратылыс
Шиыр-шиыр жолы көп, шимайы шиеленіскен мынау жалғанның шырмауын қаламмен жазып тарқату, жүрек түкпіріндегі жазуды жарыққа қаламмен алып шығу ақын үшін үлкен күрес. Қолыңа қалам алып, оймен арпалысу былай тұрсын, мынау қайнаған тіршіліктен қолымыз босамай, күйбең тірлікке бойымыз кірісіп, сол бітпейтін тірліктің соңынан тырбаңдап жүріп, ақыр соңы оған да пенденің үйреніп кетері анық.
Қолыма осы жолы жуырда ғана «Нұрлы әлем» баспасынан шыққан «Егіз өрім» деген бір үйдің ағалы-інілі ағайынды екі бірдей ұлының жазып шығарған жыр жинағы түсті. Авторлары: Асылхан, Асхат Зауал-Маханұлы Абзалбековтар. Қым-қуыт уақыттың тығыздығына қарамастан, жаңадан ғана қолыма тиген қайыстай қоңыр кітапты бірден толықтай оқып шықтым. Ағалық алғысөзі Маралтай ақынның ыстық ықыласымен басталыпты.
Екі ақын да Жамбыл облысы Сарысу ауданы Игілік ауылының тумасы.
Асылхан 1973 жылы дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетін инженер-электрик мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінде арнайы пәндер оқытушысы қызметін атқарады.
Асхат болса, 1979 жылы дүниеге келіп, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін және Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Қазіргі таңда Игілік ауылындағы Шоқай датқа атындағы орта мектепте мұғалім.
Ақындық – мамандық таңдамайды, адам таңдайды. Мына қоғамды өзгелерден өзгеше қабылдайтын адамға кеп қонатын құдырет.
Салмақты да салиқалы ауыл балаларының «өлең ауылына» келуіне сол жердің табиғаты да әсер еткен болар. Игілік ауылына жолыңыз түскен болса, осынау бір жері құнарлы, шөбі шұрайлы мекенді көріп, сол жерде туып-өскен жігіттер үшін ақын болмасқа шара жоқ екенінн сезінесіз. Жан дүниесімен еліне, ауылына, туған топырағына ғашық болып, сол ауылдың әрбір тасы мен суын қаламына арқау етіп, сол үшін жанын да барын да аямай жүрген адам кемде-кем емес пе? Олар ауылда тұрады. Ақын болу үшін қалаға шығып, танымал болудың қажеті де шамалы олар үшін. Ақынмын деп көкірек керіп тұрған олар жоқ. Керісінше, кәдімгі малы өрістен таңертең шығып, кешке қайтатын, одан қала берсе, егістігін суарып, бақшасын өсіретін, арасында қызметіне үлгеріп, отбасын сол қым-қуыт тіршілікпен қатар алып жүретін тіршілігі қазандай қайнап жатқан ақ жайлау ауылда-ақ егіз өрім өлең жазып тұрып жатыр.
Бір үйдің баласы болса да, бір анадан туса да адам балсының тағдыры бөлек болары хақ. Ағайынды адамдар бір-біріне сыйыспай жатқан мына заманда, бірлесіп мұңын шағып, бірлесіп бірін-бірі алға жетелеп, бірін-бірі жанымен ұғынысып егіз өрім кітап шығарған керемет құбылыс емес пе? Екеуі бір өлеңді бірігіп жазбаған, әрине. Таңқаларлығы – екеуінің де жазғандары бір сарын, тақырыптас, бір-біріне үйлесіп, мұңы мен сыры бір арнаға тоғысқаны.
«Егіз өрім» деп атауы да сондықтан шығар. Қым-қуыт уақыттың тығыздығына қарамастан, жаңадан ғана қолыма тиген қайыстай осы бір қоңыр кітапты бірден толықтай оқып шықтым.
Асхаттың ағасы Асылханның өлең өрімдерінен інісіне айтқан көңіл жұбатуы, жүрек назы, інісіне деген мейірімі, ерекше пейілі, жанашырлығы байқалады.
«Қара бастың қамынан шыға алмасам,
Отына пенделіктің жағып жібер», - дейді Асылхан ағамыз «Досыма» деген өлеңінде. Бұдан ақынның күйкіліктен биік тұрар шоқтығы байқалады. Иірімдері оқыған адамға ой салады.
Әсіресе, «Кімге айтамын өкпені?» деген өлеңінің соңына таман:
«Доспын» деген шіркіндер,
Өзімнен жүр пайда іздеп»- деп жазғаны дәл бүгінгі заманға сай келіп, өлеңнен нақты көрініс тапқан.
«Өмірім-жыр!
Жырым менің – жүрегім!
Жүрегімнің іздеп жүрмін бір емін.
Көңіліме балын құяр бақытты
Көктен емес, көктемімнен тіледім», - деген өлең жолдарынан ақынның өз көңілін көктем ететіні, қаншама қайғы-мұң болса да жабырқамай, өмірге қасқая тіке қарауы, өткінші өмірде адамның қандай сәттер болмасын, көңілді жүруі керек екенін айтқаны байқалады және ол ақынның оптимисттік көзқарасы.
«Ақынның әрбір өлеңінен екі жолы оқырманның есінде қалса, ол ақын - нағыз бақытты ақын!» деген ұғым бар. Асылханның жырларын оқи отырып, мына бір өлең өрімдері көзге түсті. Бақыт деген ұғымды былайша жеткізіпті.
«Мен бақытты болатынмын алаңсыз,
Бақыт жайлы естімеген кезімде», - деп жазған екен. Расында да адамның бақыт деген ұғымды түйсінбеген сәби кезінің өзі үлкен бақыт емес пе?!
Ал, Асхатты өлең жазады екен деп мүлде ойламайсыз.
Кітаптың 48-бетіндегі «Тарлан-тағдыр» атты өлеңінде Асхат:
«Еркелеп өлең есімді алды,
Ер көңілге бәрі егес.
Егеуге жебеу кесімім қалды,
Есіл өмірім екі емес», - деп ерегіскен тағдырға керісінше, жебеп, демеп жіберу керек екенін айтып, мына өмірдің ерегісіп өтпеуі керек екенін, бір кесімнің тек жебеу екенін бір сөзбен-ақ келтіріп, кесіп айтады. Бұл да ақынның шеберлігі.
Кітапты оқи отырып, сонау бір ауылдағы балаң сезімдер, адал да ақжарқын ауылдың адамдары, қарапайым тіршілік, кіршіксіз адалдық пен махаббатқа куә боласыз. Ауылдың тыныс-тіршілігі көз алдыңа келеді. Нақты айтқанда, қос автордың туған жеріне, әкесі мен анасына, баласына деген ерекше махаббаттары мен заман туралы ой толғаныстары өлеңдерінен айқын көрініс табады. 145 беттен тұратын бұл кітапта «Өрнек», «Түйін», «Сезім пернелері», «Апонай», «Әнге оранған өлеңдер» деген үлкен-үлкен тақырыптарға бөлінген. Өлең тілі өте ауыр да емес, оқуға жеңіл. Қарапайым тілмен ғана жазып шыққан бір ғана өлеңінде қаншама сыр мен мұң жатыр?!
Әсіресе, Асхаттың «Апонай» деген тақырыбында толғанған, бес жылға жетер-жетпес, өмірге қонақ болып кеткен ұлы Әділетке арнағандары жүрек тебірентеді. Ол жайында жазған әндері мен өлеңдері бір төбе. Ақынды ақын еткен қиын тағдыр деп жатады, кейде. Асхаттың ақын болуына осы да әсер еткен шығар, бәлкім. Сонда да мойыған жоқ, Асхат. Керісінше, жүрек түкпіріндегі шерін қаламмен жазып алуға тырысты.
«Қуаныш пен қайғысы егіз, өтеді екен бұл өмір,
Қайғы келсе азалай біл, қуанышқа күле біл», - деген автор өлең жолдарынан оптимистік көзқарасты байқайсыз.
Өмірдің мәнін тереңнен толғап, мынадай жыр жолдарын келтіріпті:
Өлеңдетіп өмір өтіп барады,
Өткен шағын өңіріме тағады.
Жиырма бесте жеткізбеген белестер,
Жұлдыздайын жанарымда ағады.
Қайран өмір – сайран өмір әуенін,
Қайта оралмас керуен боп салады.
Өмірдің өзін өлең деп түйсінген ақынға одан артық не керек? Жанардан аққан жұлдыздай зулаған өмірдің мәні өлеңде дейді ақын. Расында, солай!
Сондай-ақ,
«Ей, тағдырым!
Өзіме бер, жетеді,
Өмірімнің қалғанын!», - деп бір ауыз сөзбен жаза салғаны оқырманға ой салары хақ!
Әрине, мына өмірдің тармағы да, тағдырдың тарам-тарам жолдары да әрқилы. Өмір жолындағы өрекпіп тұрған от кеудеңді өлең ғана емдей алады. Қуансаң да, мұңайсаң да қаламға жүгінетін ақындар өз дертін солай жаза алады екен.
Асхат ақынның кез келген өрімін алып қарасаңыз, терең ой, сабырлы мінез, кең пейіл, дархан көңілді, батылдық пен қайсарлықты, өмірге деген құлшынысты байқайсыз. Мінезі де солай. Ер мінезділік ақын үшін керек қасиет. Мінез болмаса, өнер де болмас, сірә! Ол өзін өмірі – өлең мың ақынның бірімін деп санағанымен, оның ойлары мың ақынның ойларының ірісі! Келтіре берсек, мұндай мысалдар көп. Бастысы «Егіз өрім» атты кітапты оқысаңыз, ақынның ұшқыр қиялына тап боласыз. «Өмір – жалған», «Қиял», «Шабақты ана», «Алкагольді ұрпақ» деген өлеңдері поэмаға бергісіз, шағын сюжеттерден құралған. Оқырманын қызықтырып, арманын алға жетелейді. Сондай-ақ, қос ақынның жыр кітабынан Маралтай Райымбекұлына арнаған «Жырқыран» атты өлеңін де кездестіруге болады.
Өмірін өлеңмен жалғаған ақынның композиторлығы да бір төбе. Қазіргі таңда бірлі-жарым әндері танымал киноларда саунд-трек ретінде айтылып жүр. Сондай-ақ, біраз әншілер орындап та жүр. Атап айтсақ, Ғани Мәтебаев, Маралбек Бабақұлов, Бақытқали Қоныспаев, Қайсар Көкішев, Жанар Өстемірова сынды әншілер. Сонымен қатар, ақындардың өлеңдерін оқи сала сол өлеңге ән шығарып жазып, оны сахнада шеберлікпен орындай салатынына таңқаласыз. Аспаптарда да шебер ойнай алады.
Қаламмен шер тарқатып ал, өлеңді тастама демекпіз Асхатқа! Шашылып түскен шаттығың – киелі Өлең, ал өмір дегенің өзің айтқандай, өткінші елес, сәуле ғана. Сәулелі ғұмырда жазар жырларыңыз таусылмасын. Бірін-бірі өлеңмен емдеген, құлап бара жатса демеген, егіз өрім жыр жазып, қаламнан қуат алған қос ағайынды ақынға шабыттан басқа тілеріміз жоқ.
Бір атадан туып, алып бәйтерек болып таратын егіз өрім жырларыңның тамыры тереңнен болсын. Баяны жоқ ғұмырдан өз бақытын өлеңмен тапқан, бірін-бірі жырмен жетелеген қос ақынның кітабына құтты болсын айтамыз. Ғұмырлы болыңыздар ағайынды қос ақын!
Әсел Назаралы
Abai.kz