Жұма, 29 Наурыз 2024
Аңыз Абай 4884 20 пікір 3 Тамыз, 2018 сағат 08:32

Бүгінгі зиялыларымыз Абайдың кезіндегі Тобықтының шонжарларына ұқсайды

Соңғы кезде Абай Құнанбаевтың айналасында әртүрлі әңгіме өрбуде. Алты алаштың алдындағы адам болғасын біреулер одан біліп-үйренуге тырысса, екіншілері арқа сүйейді... Оған Абай кінәлі емес. Абай қазақ тарихының Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы, Әбубәкір Кердері т.б. сияқты «Зар заманы» мен Алашордашылардың екі арасында қазақ сахарасына отарлаудың еңселеп кіріп, елді 1850-1860 жылдары Потанин, Семенов-Тяньшанскийлер көрген бірлігі мен тұтастығынан аздырып жатқан, дәрменсіз кезде өмір сүрді. Сондықтан да болар оның ел мен қоғамға арналған өлеңдері негізінен елді біріктіру мен ұлт-азаттық күрестен гөрі, қоғамды, оның ішінде қазақты сынауға бағытталған немесе, «Қайран елім қазағым қалың жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың... өздігіңнен түзелер дей алмаймын...» деген сияқты дәрменсіздіктен туған дүниелер болды.

Тәуелсіз елдің мемлекетқұрушы ұлты ретінде бүгінгі қазақ қоғамы, оның ішінде жастар іздену үстінде. Бүгін, ұйықтап жатқан қазақты оятатын сілкініс, ал жаңа қоғамға жаңа мораль, жаңа ұстаным, ұлттық намыс пен арды және қалғып жатқан рухты оятып сананы азат ететін күш керек?!

Осы уақытқа дейін қазақтың табынып келгені - Абай. Ол, жоғарыдағы мәселелердің шешімін тауып бере алады ма? Жалпы ол мәселелерді шешу бір адамның қолынан келеді ме? Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіптерден ағартушылар ретінде жақсы мен жаман, ғылым мен білімге үгіттеу... сияқты жақтарын үйренуге болады.

Азаттық – ол Ел мен Жер, Ана тіл мен Ата дәстүр үшін күрес, ұлттың бойындағы құлдық санадан кетіп азат санаға жету, тұрмыстағы құлдық – отбасынан бастап, айналаңды ұлттық санада тәрбиелеу, ішкі-сыртқы ұлт болашағы, ел мүддесі үшін бітпейтін күрес... Бұндай мәселені бір адам шешті деген тарихта болған емес. Оны Абай да шеше алмайды!

Бұл мәселелерді шешу әруақтардың емес, бүгінгі ұрпақтың тарихи міндеті. Егер біз ұлы әруақтарға жүгінеміз десек, онда Қорқыт пен Әл Фараби, Асан Қайғы мен Қазтуғаннан бастап, Қожаберген жырау («Елім-ай» дастаны), «Аңырақай» мен «Бұланты» шайқастарын жеңіп елді жоңғардан азат еткен Хан-батырлар, Кенесары мен Махамбет... Абай, Мұстафа мен Мыржақып... алаламай, бәрінен бірдей үйренгенде ғана қоғам жан-жақты дамиды. Бұл жерде біз талантымыз бен тасымызды айырмай, есалаңның күйін кешудеміз.

Бұл жолда бүгінгі ұрпақтың мойнында алашордалықтардан әлдеқайда күрделі, үш ғасыр бодандықта болған сананы азат ету мәселесі тұр. Оны түсінгісі келмейтін немесе сол мәселені шешуге жүрегі бармайтын, оның ішінде зиялылар деп жүргеннің көпшілігі мәселені Абайға сырып салып, басты құмға тығып отырудан аса алмауда. Ал, посткоммунистік идеологияны жалғастырып келе жатқан билік ұлт яғни ел тағдырын шешетін күрделі мәселелерден гөрі «қазақта мемлекет болған жоқ», «Қазақстанның тарихы 1991 жылдан басталады» т.б. швондерлердің тірлігімен айналысуда. Сондықтан да, мектеп оқулықтарынан, Абай айтты деген, «Шашубай, Дулатпенен, Бұқар жырау, Сөзінің бірі құрау, бірі жамау» дегендері немесе «Қазақ әдебиеті Абайдан басталады» (М. Мағауин) т.б. әлі сақталуда. Сонда, Абайға дейін қазақта әдебиет болмады ма?

Автордың «Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы» (2007ж.) монографиясындағы зерттеулері /Әкім Жанұзақ, youtube, abai, massagan сайттарында/ қазақтың әдеби тілі мен ұлттық идеясы XV ғасырдың 1-ші жартысында Асан Қайғы, Жиренше (екеуі де Сарайшықта жерленген), Қазтуғандардың кезінде қалыптасып, 1456 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандарға Қазақ хандығын құруға негіз болса, Қазақ мемлекетінің (хандығының) шегарасы 1500-1511 жылдары Қасым ханның кезінде толығымен анықталғаны дәлелденді.

Абайға ағартушы, ойшыл және лирик ақын деп қарасақ, ол елге түсінікті болады. Абайдың данышпандығын әлем мойындау үшін, оның сондай екенін шетелдің ақын, ғалым-ойшылдары мойындауы керек.

Жалпы, әлемде 700-ден астам данышпандар болғаны туралы зерттеліп, олардың тізімі шыққан. Әлемнің ең үздік 100 ғалымының ішінде Әл Фараби бар. Оны және Аристотельді әлем қауымдастығы адамзаттың ұстаздары деп мойындайды. Орта ғасырда Фарабиді Еуропа және орыс шіркеулері әулиелер қатарына кіргізсе, оны Батыс университеттерінде бес ғасыр оқып, ол әлемдегі ең көп оқылған ғұламаның қатарына кіреді.

Немістің ұлы философы Освальд Шпенглер өзінің «Закат Европы» кітабында Әл Фарабиді Гегель мен Канттан да жоғары қояды. Сондықтан, англо-сакстардағы Шекспир, германдардағы Гете, екі мыңнан астам халқы бар Үндістаннан шыққан Будда т.б. сияқты тек қазақ емес, барлық түркі халықтары Әл Фарабиді әлем ғалымымен бірге түркі дүниесінің ғылымы, философиясы, мемлекеттану, музыкасы... негізін салған данышпаны деп шығарса, оның аты Түркі өркениетін әлемге танытуға шексіз еңбек етеді. Әл Фарабидей данышпаны бар ел адамзат өркениетінің алдында болады.

Сонымен қатар, қазақтың бүгінгі мәселесі ұлттық намыс, ар және рух мәселесіне тіреледі. Ұлттың осындай таптырмас қазыналарын біз Ел мен Жер,  қазақтың азаттығы үшін күрескен Хандар мен батырлар, абыздар мен ақындардың қалдырған мұралары мен ерлік істерінен көреміз. Мысалы, Қазтуған (XVғ.),

«Еділ үшін егестік,

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық...» десе,

Мұрат Мөңкеұлы (XIXғ.),

«Еділді алғаны,

Етекке қолды салғаны,

Жайықты алғаны,

Жағаға қолды салғаны,

Ойылды  алғаны,

Ойлағанын қылғаны...» деп,

Махамбет (XIXғ.) өзінің «Ұлы арманында»,

«Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім.

Жағалай жатқан сол елге,

Мал толтырсам деп едім» деген қазақтың төрт ғасырлық геосаясатын айқындайтын және болашақ ұрпаққа арманын мұра еткен жырлар мектеп оқулықтарына неге кірмейді?!

1943 жылы соғыста халықтың рухын көтеру үшін мектеп және ЖОО бағдарламаларына Батырлар жырын (эпостарды) кіргізген.

Біздер де рухы асқақ, намысты ұрпақ тәрбиелеу үшін Мөде қағанның кезінен келе жатқан батырлар жырлары, Асан Қайғыдан бастап, Досмамбет, Шалкиіз, Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастаны, Ақтамберді, Сүйінбай...  ұлы жырлар мен Қасым, Әбілқайыр, Абылай, Кенесары хандар, Бөгембай, Қабанбай, Исатай... алашордашылар сияқты ұлылардың ұлағатты өмірлерімен тәрбиеленулері керек.

Ұлттық Рух пен Намыс отарлануға дейінгі дәстүр, әдебиет, философиядан... табылады. Отарлану – ол рухтың тапталып, намыстың езгіленіп, ардың азған уақыты. Өкінішке орай тәуелсіздік жылдары осы азғындық жалғасуда.

Барлық оқулықтарда:

Мыржақыптың «Оян қазағы»,

Қасымның, «Ей тәкаппар дүние,

Сен де бермен қарашы,

Танимысың сен мені,

Мен қазақтың баласы...»,

Жұбанның «Мен қазақ» поэмасы,

Мұқағалидың, «...Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын,

Алтын Адам шынымен қазақ болса,

Білген екен құнының қымбаттығын» дегені немесе

Қадырдың, «Туған жердің тылсым сырын ұғып көр,

Бұлтын оның бұлт демей бір түбіт дер,

Көріп тұрып мынау Ұлы даланы,

Қалай кіші боламыз ей-жігіттер!»  дегендерін жастар әнұрандай жаттап өскенде, олар ұлт тәрбиесіндегі өз міндеттерін атқарады.

Жастарға, «қазақтың моральдық деңгейі орыстың мұжығынан төмен...», «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ...», «тірі қазақтың сөзден аманы жоқ, өлі қазақтың жаманы жоқ» деген сияқты ұлттық намысты жасытып, рухты пәс қылатын, Кеңестік идеологияның қолшоқпары қызметін атқарған мағынасыз сөздерді шығарудың қажеті жоқ екенін есектерден басқалардың түсінетін кезі келді. Батыста, «данышпан жүз пайызға қателеспейді (яғни 99 пайызға қателесуі мүмкін)» деген тәмсіл бар. Абайды өз заманының ұлы деп қарағанда біз оны дұрыс түсінеміз. Қазіргі заманда тек Абай, не Шекспир т.б. тұлғалар емес, түгел әдебиет адамзатқа рухани азық болмайтыны аксиомаға айналды. Батыста, қоғам әдебиетсіз де дамиды деген тұжырым қалыптасты.

1870-ші жылдары А.Пушкинге ескерткіш ашқандағы Ф. Достоевскийдің «Шекспир ағылшынның, Гете немістің, ал Пушкин адамзаттың данышпаны...» дегенінен кейін орыс ақын-жазушылары Блок, Цветаева, Ахматова... барлығы жүз жыл бойы «менің Пушкинім» деген тақырыпта шығарма жазып және ол маргинальдық ұстаным большевиктердің «бір көсем, бір данышпан» сияқты жеке басқа табынумен үндес болып, культқа айналды.

Ақырында, 1970 жылдары Андрей Битов т.б. «жалғыз Пушкин орыстың бәрі бола алмайды...» деген сындарынан кейін естерін жиып Пушкинге жаппай табынуды тоқтатты. Бірақ, одан ақын ретіндегі Пушкиннің бағасы түскен жоқ. Жақында қайта оқып шыққаннан кейін А.Пушкин тек ұлы ақын ғана емес, 1917 жылғы революцияның болатынын жүз жыл біліп, соған елді жігерлендірген азаттықтың алғашқы жаршысы екеніне көзім жетті.

Ал, көсемдерін күнге теңеп, барлық пайғампарлардан да асырып жіберген біздің «ылғи қырттан» тұратын есалаң қоғамға Абай туралы сөз қозғап, ой айту елмен жауласқанмен бірдей болып көрінеді.  Себебі, құлдардың жеке ойлары болмайды. Абай да қазақтың бәрі бола алмайды. Егер қазақ басқаша ойласа, онда ол ұлт болып қалыптаса алмайды. Себебі, бір данышпан, не бір эпосқа жабысып қалған қоғам дамымайды, ол, сол тар шеңберде тұншығып, өзін-өзі соғыссыз құртады («Түркі өркениеті негізіндегі қазақ идеясы»). Біз қазір осындай жағдайдамыз.

Ал, біздің зиялылардың көпшілігі - абайтанушылар. Бірақ, елдегі үш мыңнан астам діни секталардың мүшелері сияқты олардың көпшілігі, жер не қазақ тілі үшін күреспейді, қазақтың бірігуіне атсалыспайды, өздерін ұлт мәселесінен аулақ ұстайтын өгей әкеден туған тексіздерді еске түсіреді. Бүгінде елдің немесе қазақтың мүддесі үшін күреспейтіндер, Бауыржан атамыз айтатын «тексіз қаңғыбастар». Олардың көпшілігі одан гөрі бір-бірімен өмір бойы арпалысқан, Абайдың кезіндегі тобықтының шонжарларына ұқсайды. Әлде солардың бәрі Абайды көп оқып, образға кіріп кетіп, содан шыға алмай жүр ме екен?!  Бірақ, солардың мақсаты пантеонда жату ма деп қаласың. Себебі, солардың көбі мақсаттарына ұлтына қастандық жасау арқылы жетіп жүргендер. Әлемдегі барлық қылмыстың үндемейтіндердер, яғни немқұрайлылардың қатысуымен болатыны ақиқат. Біздегі немқұрайлылар да (ол шенеунік, зиялы, құқық қорғаушы, ұстаз, күзетші т.б.) ұлт пен елді  сататын қылмыскерлер. Себебі, жердің сатылуы, коррупция, бала-бақша мен шегарада шетелдіктерге төлқұжат сату не ҰБТ мемлекеттік құпияны сату т.б. барлық қылмыс сондайлардың қолымен не қатысуымен істелуде. Бұл, ар-намыссыз азған елдің тірлігі. Әбубәкір Кердері бірде, «ұры-қары жиналып, ұлағатты ел болмас» десе, келесіде сондай ел «біз заманға не қылдық» деп зарлайтынын жазады.

Абайдың кезі мен қазіргі заманды салыстыруға болады ма? Қоғам да толассыз аққан таудың тасқыны сияқты әр сәт өзгеріп отырады. Өздерінің дәстүрлерін өзгертпей сақтаймыз деген американың үнділері алғашқы қауымдық құрылыста қалып қойды. Біздегі «Сакральдық яғни «О дүниелік» Қазақстан» арқылы рухани жаңғырамыз деп адаспаймыз ба? Жалпы, жоғарыдағы мәселелерге рухани жаңғыру арқылы жауап іздее, шешімін табуымыз керек!

Күлтегін мен Тоныкөктің кезінде Қытай халқы санының екі пайызын құрайтын Көк түркілер ат тұяғы жеткен жердің тізесін бүктіріп, бастарын идірген, Қытайға салық төлеткен. Түрік- түрік немесе қазақ-қазақ болып өзінің тарихи қазығын тапқанда әлем оған бас иетін болады. Махмұд Қашқари, Монтеське, Рене Груссе т.б. ұлылар оның ақиқат екенін және отарлау дәуіріне дейінгі кезде түркілер билеген жерлерде әділет болғанын дәлелдеп кетті. Сым Цянь Ордостан барған ғұндар б.д.д. 2700 ж. Хуандидің басшылығымен Қытай мемлекетін құрса, Дж. Неру бір-бірімен қырқысып бастары қосылмай жатқан Үндістанды түріктер біріктіріп біртұтас мемлекет қылғанын, Еуропадағы Аттила, Египеттегі мамлюктер, Ресейді құрған Алтын Орда –барлығы түркі мемлекеттері. Бұл мәңгі өлмейтін Қызыр баба (Кедер, Гесер...) әлемге түркі идеясын таратқан яғни әділетті қоғам орнатқан кездегі тарих. Тарих қайталанады!

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3579