Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 12232 32 пікір 8 Тамыз, 2018 сағат 21:16

Ұйғыр қағанатының кейінгі ұйғыр ұлтына еш қатысы жоқ

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде: Аcылұя - патшалар династиясы)

11) Шығыс Түркі қағанаты мен Көк Түркі қағанаты: Түркі қағанаты 603 жылы екіге ыдырап, оның шығыс аймағында Төргі Асұя (Тюрки Ашина) династиясы билеген Шығыс Түркі қағанаты орнағаны белгілі. Қытай империясы 630 жылы Шығыс Түркі қағанатын жойып, оның аймағын өз отарына айналдырды. Ал 682 жылы Құттылық (Кутлук) хан бастаған ұлт азаттық көтерілісі нәтижесінде Қытай басқыншылығы жойылып, бұрынғы Шығыс Түркі қағанаты аумағында Көк Түркі қағанаты орнады. Оны билеген – Төргі Асұя (Турки Ашина) династиясы. Қазіргі Шыңжан аймағында ол кезде ежелгі отырықшы үйсүндер мен үз тайпасы араласуымен қалыптасқан үзбек тілді халық отырды. Сол елдің «Ас» атауын «Аш» деп дыбыстауынан және тілідерінде Ө,Ұ әріптері болмауынан, Төргі Асұя династиясы ол аймақта «Турки Ашуиа» деп аталған. Қытай жазбалары осы «Ашуиа» атауын «Ашина» деп бұрмалағандықтан, тарихқа солай болып енді. Жалпы «хан» атауын да «кэхань» деп бұрмалаған сол қытай жазбалары. Соны пайдаланған ресейліктер «хан» атауын «каган», ал «хандық» атауын «каганат» деп бұрмалап тарихқа енгізді.

12) Түргеш қағанаты: Ресей тарихшылары: «Шығыс Түркі қағанаты әскері VII ғасырда Батыс Түркі қағанатын басып алып, шамалы уақыт биледі. Сосын Батыс Түркі қағанатын Қытай империясы басып алды. 704 жылы Қытайдан бостандық алғанымен сол жылы ішкі алауыздықтан қағанат ыдырап, билік Түргеш тобына тиді» деп жазады. Шығыс Түркі қағанаты 682 жылы, яғни VII ғасырдың соңында ғана Қытайдан бостандық алып, Көк Түркі қағанаты болып қайта орнағаны белгілі. Ал Батыс Түркі (он ақ түтін) қағанаты 704 жылы, яғни VIIІ ғасырдың басында жойылды. Демек Шығыс Түркі (көк түркі) қағанаты әскерінің Батыс Түркі (он ақ түтін) қағанатын басып алуы 682-704 жылдар арасында орын алған. Одан бұрын ондай оқиғаның болуы еш мүмкін емес. Өйткені ол кезде Көк Түркі (шығыс түркі) қағанаты болған жоқ, ол аймақ Қытай отары болатын. Ал 682-704 жылдар арасы – Көк Түркі қағанатының «дүрілдеп» тұрған заманы, оларға әлі келмей уысынан шығарып алған Қытайдың одан ары жатқан Батыс Түркі қағанатын басып алуы ақылға сыймайды. Яғни, 704 жылы Батыс Түркі қағанатын басып алып, оның аймағын өз мемлекеті құрамына енгізген Көк Түркі қағанаты (шығыс түркі қағанаты) болатын.

Осылайша жужандық Асылұя Нушиви онүйшиви (он рулы шибөраш) династиясы билеген Он ақ түтін (батыс түркі) қағанатын 704 жылы Асылұяның Түркі Ашина династиясы жойып, оның аймағын өз билігіне бағындырды (ежелгі Түркі қағанаты аймағы қайта біріктірілді). Түркі Ашина династиясы дула тайпасы құрамында «тюргаш» болып көрсетілген. Осы дерек сол заманда олардың атауы осылай қысқарғанын және басты сенімді күші дула (дулат) тайпасы болғанын айғақтайды. Құрамындағы чумукунь (шымырқұң), хулуцзуй (құлсызүй), шунуши (жанысы) рулары Дула тайпасы қазіргі Дулат тайпасының тап өзі екенін анық дәлелдейді. Билеуші династия «Тюргаш» (Тюрки Ашина) деп аталғандықтан, мемлекет тарихқа «Түргеш қағанаты» болып енді.

Ол заманда Орта Азияның отырықшылары үзбек халқы болып қалыптасып жатқан болатын. Отырықшылар ру-тайпа атауымен емес, отырған қала-кенттері атауымен аталатын. Ал ру-тайпа атауларымен көрсетілетіндер негізінен қазақ халқы құрамындағы тайпалар еді. Тек қазіргі Түркіменстан аймағында ғана көшпелі үзік тайпалары болды, қарақалпақтар  Закавказеден келген қарапапахтар негізінде тек ХІ ғасырдан кейін қалыптасты. Ал қырғыздар қазіргі отырған жеріне тек ХVII ғасырда Чонкыр (джонгар) әскері болып келіп орныққанын белгілі тарихшы Алексей Левшиннің деректері растайды. Демек, Түргеш қағанаты тарихында көрсетілетін тайпалар қазақ тайпалары болып табылады.

Алдыңғы мақалаларда Хунь империясы жойылған І ғасырда хұңдардың негізгі бөлігі біздің далаға келіп сақ халқына қосылғанын және билік хұң патшаларында болғандықтан, біздің дала «хұңзақ» деп аталып кеткенін («хұң жақ» немесе «хұң аймағы» деген мағынада), осылайша хұң мен сақ халықтары қосылуымен ІV ғасырға дейін «хұңзақ» халқы қалыптасқанын, одан кейін VII ғасырға дейін «хұңзақ» атауы әуелі «хзақ» болып қысқарып, сосын біржолата «хазах» болып орныққанын айтып өттік. Яғни, қазақ халқы ежелгі хұң мен сақ халықтарының біздің далада қосылып біртұтас халыққа айналуымен пайда болды. Сонымен қатар VII ғасырда Қашқар маңындағы қазақтарды қытай жазбасы «хаса» деп көрсеткенін де жаздық. Сол ғасырда Закавказеге барып орныққан қазақтар араб-грузин жазбаларында «кашак» делініп, Византия жазбасында «касах» деп көрсетілетінін, қазіргі кезде сол аймақтарда Казах пен Касах атаулары сақталғанын жеткіздік. Ал Қара теңіз маңында орныққан қазақтар Х ғасырда араб ғалымы Әл Масуди жазбасында «ғазақ» делінгенін, ХІ-ХІІ ғасырлардағы урус жазбаларында «касог» деп көрсетілгенін де айттық. VII ғасырда Үндістанға дейін барған Батыс Түркі қағанаты әскерінің араб деректерінде «хазах» деп жазылғанын, алайда біздің атауымыздан хабарсыз зерттеушілер оларды кателесіп «халаж» немесе «хилж» деп тарихқа енгізгені де жоғарыдағы жарияланымдарымызда айтылған. Атақты парсы ақыны Фердаусидің «Рустам» дастанындағы «Ат үстінде найза ұстаған жауынгер қазақ халқы» деген деректің өзі сол Х ғасырда қазақ халқы өз атауымен өз отанында болғанына жеткілікті дәлел. Таразыға салсақ, шығыс шайырының осы бір дерегі орыс тарихшылары енгізген жалған мың тұжырымынан және оларды пір тұтатын қазақ тарихшыларының сансыз қате пікірлерінен салмақты екені даусыз.

Сонымен VIII ғасырдың басында Түргеш қағанаты деген алып империя орнады. Көп ұзамай Орта Азия мен Қазақстанға Ислам діні жетті, Түргеш Қағанаты халқының тайпалары мұсылмандыққа өте бастады. Әуелде қарсылық көрсеткен билеуші топтың да шамамен сол ғасырдың бірінші жартысында Ислам дінін мойындағаны байқалады. Оған дәлел, Ташкент пен Тараз қалалары билігі Талас шайқасына дейін мұсылмандарда болғаны жайлы нақты деректер. Ислам діні қазақ тайпаларының ақ пен қара болып бөлінуін жойды. Таңдаулылар мен қарапайым тайпалар құда-жекжат болып араласты. Туркаш атауы қазақ тілінде «түркіыс» болып өзгерді. Х ғасырдан кейін «түркі» бөлігінсіз «ыс» деп аталып, кейін олардың оңтүстіктегілері «Ысты» атауымен, ал батыс аймаққа кеткендері «Ысық» атауымен жеке тайпалар болып қалыптасты. Яғни, аталған тайпалар да Ашин тайпасының бір тармағы. Осылайша дула, ыс, шибөраш тайпалары ежелгі Үйсүн жеріндегі дулат, ысты, шапырашты деген қарапайым тайпаларға айналды. Ал ертеде Үйсүн империясын билеген қоңыр династиясы аса діндарлығына байланысты болғандықтан ба, "мүмін қоңыр" деп аталып кетті (ошақты тайпасы құрамында және ысты, табын, дулат тайпаларында аз топтары бар).

13) Ұйғыр қағанаты: Мұсылман халифаты әскерімен шайқастар Түргеш қағанатын әлсіреткені рас. Осыны ұтымды пайдаланған Шибөраш-шивей династиясы мемлекеттің шығыс аймағындағы билікті өз қолдарына алып, 745 жылы Үйқыр қағанатын орнатқан. Оларды Қытай империясы қолдағаны белгілі. Өйткені, қытайлар Асылұялық бақталас екі династияның алауыздығын пайдаланып, Түргеш қағанатын ыдыратуға тырысты. Яғни, 704 жылы Он Ақ Түтін (батыс түркі) қағанатынан айрылған жужандық Асылұя Шибөраш-шивей династиясы 745 жылы қазіргі Маңғолия аймағында қайтадан билікке қол жеткізіп, «Үйқыр қағанаты» деген өз мемлекетін орнатты. Олардың басты сенімді күші Қырғы тайпасы болды (қырғы – «қыр тайпасы», «қырды мекендейтін тайпа» деген мағынада). Осы себептен мемлекет атауы «Үй-қыр қағанаты» деп тарихқа енді (үйқыр – «қырғы елі» деген мағынада).

Қытай жазбаларында Үйқыр елі әуелде «хойху, хэгу» деп көрсетіледі, ол «қырғы» атауының қытайша бұрмалануы болып табылады. Ал Суй заманындағы «уху» атауын «ұйқыр» деп бұрмалаған Ресей тарихшылары, алайда ол заманда Үйқыр қағанаты әлі өмірге келмеген болатын (VІ-VІІ ғасырлар). Суй дәуіріндегі қытай деректерінде «уху» деп кездесетін ру қазақтың уақ тайпасы дегеніміз орынды. Себебі, «уху» атауының Үйқыр қағанатына да, кейінгі ұйғыр ұлтына да еш қатысы жоқ. Ал қырғыздар Үйқыр қағанатының негізгі күші болған қырғы тайпасынан қалыптасқан. Үйқыр қағанаты рулары құрамындағы сюеяньто, дубо, толаньгэ, пугу, баегу, аде, баиси дегендер қазіргі қырғыз құрамындағы солто, төбөй, төөлөс, бугу, баргы, адиги, басыз рулары (сюеяньто – солто, дубо – төбөй, толаньгэ – төөлөс, пугу – бугу, баегу – баргы, аде – адиги, баиси – басыз). Ондағы «юаньхэ» дегені «оңқыр», ал  «яологэ» – «солқыр» немесе «ұлықыр» болуы мүмкін. Қырғыздардың әлі де «оңқанат», «солқанат» деп бөлінетіні мәлім. Ал «гулигань» дегені курыкан, бұл ру бурят, тува ұлттарында сақталған. «Дубо» руы кейін Тува ұлтын қалыптастырды, оның аз бөлігі ғана «төбөй» атауымен қырғыз құрамында сақталыпты. Ал «толаньгэ» деген ежелгі деле-дилин елі болып табылады, олар кейін толенги ұлты болды, үлкен тобы «толегетай» атауымен қазақтың найман тайпасы құрамына сіңді және аз тобы «төөлөс» атауымен қырғыздар құрамына сақталған.

Қытай жазбаларында осы рулардан бөлек Үйқыр еліне одақтас болған «басили» мен «гэлолу» тайпаларының атауы кездеседі. «Басили» дұрысында «базары», ол – қазақтың найман тайпасындағы базархан руы. Жоғарыда көрсетілген «толаньгэ» – қазіргі найман құрамындағы «толегетай» деген үлкен ру. Алдыңғы мақаламызда Қытаймен шекаралас отырған оңтүстік хұңдарын қытайлар «най» («сүт елі» мағынасында) деп атағанын, сол «най» елінің VІ ғасырда батысқа кеткендері ондағы теленги (дили) тайпасымен одақтас болғанын, Х ғасырдан соң оның құрамына маңғы рулары енгендіктен «наймаң» (найман) тайпасы болып қалыптасқанын жазғанбыз. Қырғыздағы «нойгу» руы оларға Үйқыр қағанаты заманында қосылған «най» елінің тобы десек, қателеспейміз. Жоғарыда көрсетілген басили-базары мен толаньгэ-толегетай рулары да кейін най еліне қосылып, найман тайпасын қалыптастырды (най елінің қырғы тайпасына сіңіп кеткені нойгу атауымен қырғызда барын айттық).

Үйқыр қағанатының екінші одақтасы «гэлолу» тайпасы дұрысында керейлер, қазақтың керей тайпасы. Оны Үйқыр қағанатының бір билеушісінің лақап аты Гэлэйкэхань да аңғартады (ГэлэйкэханьКерейкаған, билікке керей тайпасы қолдауымен отырғандықтан солай аталған тәрізді). Ресейліктер «гэлолу» дегендерді «карлук» деп түсіндіреді, осылайша тарихта болмаған карлук дегендерді «болды» деп дәлелдеуге тырысады («казак» атауын «карлук» деп бұрмалағанын келесі жазбамызда айтамыз). Шынында «гэлолу» атауы – «керейлер» деген атаудың қытайша бұрмалануы, сол гэлолу құрамындағы молуо, чисы, ташили деген рулар – керей тайпасының молқы, шеруші, тарышы рулары. Демек қазақтың найман мен керей тайпалары Үйқыр қағанаты заманында қырғы тайпасымен одақтас болған. Сол мемлекет өмір сүрген қазіргі Маңғолия аймағында қазақтың найман мен керей тайпасы әлі де отырғаны анық дерек және олардың қырғыз емес, қазақ екені қазақтың қырғыздан бұрын халық болып қалыптасқанын дәлелдейді.

Үйқыр қағанатын орнатқан қаған есімі қытай жазбасында «Гули пэйло» деп көрсетілген. Оның дұрысы «Ұлы бөрі» болуы мүмкін. Сол қағанның «Гудулу-пиг-ацюэ-кэхань» деген лауазымы дұрысында – «Құттылы-бек-асүйі-қаған». Одан кейін билеуші болған Моянчур есімі дұрысында «Маңжүр» деп білеміз. Осы деректер Үйқыр қағанатын орнатқан жүржан-жужандық Асылұя Шибөрі-аш династиясы екенін көрсетеді. Сонымен қатар Үйқыр қағанаты мен Түргеш қағанаты арасындағы жаулықта екі мемлекетті билегендер өзара бақталас Ашина мен Шибөраш династиялары екенін аңғартады.

Қытай жазбаларына сенсек, Хакас елі Үйқыр қағанатынан дербес болған. Онда Хакас елін билегендерді «ажо» деп көрсеткен, оның дұрысы – «Асы», яғни Асылұя династиясы. Хакас ұлты құрамында «хаас» деген топ бар, жалпы «хакас» атауы «көк-ас» династиясы атауынан туған тәрізді. Яғни, Көк Түркі Ашина династиясы атауымен байланысты деген дұрыс. Сонда Үйқыр қағанатын билеген – Асылұялық Шибөраш династиясы, ал Хакас елін билеген – Асылұялық Ашина Көк Түркі династиясы (Көк Түркі қағанаты жойылғанда Хакас аймағында билігін сақтап қалғандар). Қытайдың Тан династиясының императоры Хакас ханына жазған хатында өзі мен ханның арғы тегі бір рудан екенін ескертіп өтеді. Ал Тан династиясы одан бұрынғы Тоба (табгачи) династиясынан тарайтыны мәлім, өткен мақалаларда табгачи ертеде Үйсүн империясын билеген династия екенін және арғы тегінде Асылұя тайпасынан тарайтынын айттық. Осы Тан императорының хаты Асылұя династиясының барша еуразиялық түркітілді халықтарды ғана емес, IV-ІX ғасырлар арасында Қытай империясын да билеп-төстегенін паш етеді.

Хакас ұлтында қырғыз деген жоқ, «қырғыс» деген топ тува ұлтында бар. Хакастар өздерін «тадар» деп те атайды, яғни олар қырғыздан емес, арғы тегінде татар тайпасынан қалыптасқан. Ресейлік иезуидтер «Үйқыр қағанаты – ұйғыр елі, Хакас елі – қырғыз жұрты» деп бұрмалатты. Осы себептен еш дәлелсіз қырғыздар VІІ ғасырда хакас деп те аталған. «Хакас елі – қырғыздар, ал Үйқыр қағанатының халқы ұйғырлар болған» дегізді. Осылайша «Хакас елінен келген қырғыздар ІХ ғасырда (840 жылы) Ұйғыр қағанатын жойып, оның орнына Қырғыз қағанатын орнатты. Ал Х ғасырда оны Қидандар жойып, қырғыздар Орта Азияға кетті» деген жалған тұжырымдар жасады.

Ресей оқымыстылары Селенгі өзені бойынан табылған тастағы жазба Үйқыр қағанатын Қыпшақ елі жаулап алғанын дәлелдейтінін көзге ілмеуге тырысты. Оны мойындаса, Қыпшақ елінің ертеде Амур аймағын мекендегені, олардың ІХ ғасырда ғана қазіргі Маңғолияға келіп Үйқыр қағанатының билігін иеленгені, Үйқыр қағанатында басты тайпа болған қырғы тайпасының үлкен тобы қазіргі Шыңжанға кетіп, ондағы үзбек тілді мұсылман халықты басып алғаны және жергілікті халық сол келгендерді Үйқыр қағанаты атауымен «үйқыр» дейтіндіктен онда кейін «ұйғыр» атауымен біртұтас ұлт қалыптасқаны көрініп қалар еді. Сонымен қатар Х ғасырдан кейін қазіргі Қырғызстан аймағына келіп орныққан қырғыздар емес, қыпшақтар екені де түсінікті болар еді. Мұндай жағдайда бүгінгі Кубанда І ғасырда өмір сүрген куман тайпасы мен кәзіргі Донда Х ғасырда болған «полоцы» атауларын «қыпшақ атауының баламалары» деген, яғни «куман мен половцы – қыпшақтар» деген сенімсіз боларын ресейлік иезуидтер жақсы түсінді. Олар қазақ халқы ертеден бар екенін қалайда жасыруды мақсат етті, ол үшін араб-парсы жазбаларындағы «қазақ» атауын өзге ұқсас атаумен «түсіндірулері» қажет еді. Олай етуге тек «қыпшақ» атауы лайық болды. Осындай себептермен барша тарихымыз өзгеріп бұрмаланды, оның бірі осы Үйқыр қағанаты тарихы.

Селенгі тасындағы жазба Қыпшақ елі 11 тайпадан құралатынын, яғни ол жай тайпа емес, толыққанды ел, халық екенін дәлелдейді. Сол жазбада Қыпшақ елін билеген династия «Ел бөрі» деп көрсетілген, яғни оларды билеген – жужандық Асылұя шибөраш династиясы. Үйқыр қағанатын оларға дейін де сол династия биледі, демек билеуші әулет өзгергенімен Шибөраштық билік династиясы сақталған. Билікті ел бөрі руы иеленгендіктен, мемлекеттегі негізгі әскери күш болған қырғы тайпасы орнын «қыпшақ елі» тайпалары басқан. Қырғы тайпасының бір тобы Шыңжанға кеткенімен, негізгі тобы қалып қойған. Олар биліктен шеттетілгендіктен мемлекеттің солтүстік шекарасына, Енисейге жақын маңға ығысқан деп тұжырым жасағанымыз жөн. Олар мемлекетте сақталғандықтан, 840 жылдан кейін Қырғы қағанаты өмір сүргендей түсінік орныққан сияқты. Шынында, ол замандағы мемлекетті Қыпшақ қағанаты деуге болады.

Сонымен Үйқыр қағанаты билігі Қыпшақ еліне өтті. Үйқыр қағанаты халқының бір бөлігі Шыңжанға ауып кеткенін ғалымдар мойындайды. Шыңжан аймағының отырықшы үйсүн халқы V-VІ ғасырларда Үз патшалығы (Эфталид патшалығы) құрамында болды. Өткен мақалаларда Орта Азиядағы үйсүндердің өздерін билеген «үз» адамдарын «үз-бек» деп атағанын, осы атаумен кейін олар араласып-бірігіп «үзбек» ұлтын қалыптастырғанын айттық. Шыңжан аймағы сол үзбек тілді халықтың шығыс бөлігі болатын, ол жердің халқы көрші Үйқыр қағанаты елін мемлекет атауымен «үйқыр» деп атаған. Сондықтан олар өздерін жаулап алған қырғы тайпасын да «үйқыр» деп атады, кейін солармен қосылып «ұйғыр» атаулы халыққа айналды. Ұйғыр халқының тілі мен дәстүі үзбек (өзбек) халқымен ұқсас. Алайда ұйғырларда келбеті қырғыздарға жақын адамдар көп кездеседі. Қазіргі қырғыз тарихшысы Есенулы Қылыш «Енисей қырғыздары тарихы» деген еңбегінде Манас эпосы ұйғыр мен қырғыз бір халықтан тарайтынын көрсететінін жазады.

Үйқыр-Қыпшақ қағанаты Х ғасырда толық жойылғанда қырғы тайпасы Сібір-Енисей аймағына барып орнықты. Олардың батыс Сібірге барғандары ондағы қазақ руларымен қосылып, артынан мұсылман болып, «баш-қыр» деген халықты қалыптастырды. Осыны жасыру үшін ресейлік ғалымдар «башқыр» атауы әуелде башқұрт болған» деп бұрмалады. Алайда, ол халық «башқыр» деп аталады және құрамында «қазақ» деген топтар сақталған.

Сібірді бағындырған орыстар «қырғы» елін көпше түрде «кирги-зы» деп атағандықтан, атау ХVІ ғасырда «киргиз» (қырғыз) болып өзгерді. Қырғыздар будда дінін ұстанғанын және ойрат тайпасымен бірге Джоңғар (чоң-қыр) патшалығын орнатқанын қазіргі қырғыз тарихшылары мойындайды. Ресей деректері де қырғыздардың Джоңғар әскері болғанын дәлелдейді. Қырғыздарда әлі де биік таудағы кей рулар будда дінін ұстанатыны, тіпті будда дінді қалмақ-қырғыз дегендер бар екені рас. Қырғыздардың келбеті маңғол, бурят, туваларға жақын келетіні, оларға қарағанда қазақтардың келбеті ортаазиялық екені көрініп тұр. Қырғыздардың мұсылмандығы да осы кезге дейін өте төмен деңгейде болған.

Ғалым Алексей Левшин «Киргиз-кайсак ордасы жайлы» деген еңбегінде қырғыздар ХVІІ ғасырға дейін оңтүстік Сібірді мекендегенін, олар тек ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда ғана қазіргі Қырғызстан аумағына қоныс аударғанын және оларға дейін ол жерді мекендегендер қытай жазбасында «поли» (бөрі) деп көрсетілген халық екенін нақты деректермен көрсетеді. Қырғыздар «оң қанат», «сол қанат» және «ішкілік» болып үшке бөлінеді. Осы жердегі алдыңғы екеуі ХVІІ ғасырда келген қырғыздардың өзі деген орынды. Ал «ішкілік» тобы қырғыздарға дейін сол жерді мекендеген «бөрі елі» тайпалары (олардың «ішкілік» деген атауы да соны байқатады). Осы «ішкілік» тобында қыпшақ, найман, қаңлы деген қазақы тайпалары бар. Ондағы халықты билеген Ел бөрі тобы болғандықтан, ол елді қытай деректері «поли» деп көрсеткен. А.Левшин жоңғар билеушісі қырғыздарды ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда Орта Азияға «жер аударғанын» жеткізеді, Ресейдің кейбір тарихшылары да жоңғарлар әуелі Қырғызстан аумағын жаулап алғанын, сол жақтан қазақ даласын жаулай бастағанын айтып жүр. Тарихта кездесетін жоңғар мен қырғыз қақтығысы Қырғызстан аумағын ертеден мекендеген Бөрі (поли) елі мен оларды жаулап келген чоңқыр-қырғыздар арасындағы  соғыстар екені түсінікті. Қазақ пен жоңғар соғыстары тап сол ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда орын алғаны және жоңғарлар жаулап алған жерлер Қазақстанның оңтүстік аймағы екені белгілі фактілер. Осы деректерден қазақты қан қақсатқан жоңғарлар қырғыз елі екенін байқау қиын емес.

Қазақ пен жоңғар ешқандай тілмәшсіз бір-бірін түсінген халықтар, ал маңғол мен қалмақ тілін еш қазақ түсінбесі айдан анық. Демек, «джоңғар» атауы дұрысында «чоңқыр» болған. Қазақтан жеңілген соң олар Қазақ хандығы құрамында қалды. Өздеріне бағынышты жергілікті «ішкілік» тобы тайпалары себебімен мұсылмандық қабылдап, біз білетін «мұсылман қырғыз» ұлты болып қалыптасты. Олардың Енисейде қалғандары тува ұлты құрамында «қырғыс» атауымен сақталған. Қазіргі Қырғызстандағы қырғыздарда хан деген болған жоқ, жергілікті билеушілері «датқа» деп аталды. Осы деректің өзі қырғыздар Қазақ хандығына бағынышты болғанын, оларға хан сайлауға рұқсат етілмегенін көрсетеді. Қазақ хандығы әлсіреген заманда олар бостандық алуға ұмтылды. Кенесары хан олардың «сеператизмін» тойтару үшін жорық жасағанын түсінетін уақыт болды. Кез келген патша мемлекеттің тұтастығын сақтап, бүлікті басу үшін қан төгуге әзір, Кенесары хан да Қазақ хандығы тұтастығын сақтау үшін қырғыз «сеператистеріне» соққы беруге мәжбүр болды.

Жалпы қырғыз ұлтының қалыптасуы Манас қолбасшымен тікелей байланысты. Жырды мұхият оқыған адам Манастың ХVІІ ғасырда өмір сүргенін байқайды. Ағылшын тарихшысы Артур Томас «Манас эпосы ХVІІІ ғасырда пайда болған» деген пікір айтқан. Манас есіміндегі «ас» атауы оның «Ас» династиясы адамы екенін байқатады. Қырғыз ғалымдары соңғы кезде джоңғар хонтайшысы қырғыз екенін дәлелдеп жүр. Қалмақ тарихшысы Генадий Авляев та Джунгар патшалығын билеген «Чорос» тобы Енисей қырғыздарының руы екенін айтады. Джунгар патшалығын қазіргі Маңғолиядан Орта Азияға қуып шыққан Маңжүр-Цин патшалығы, ал Маңжүр-Цин патшалығын орнатқан «жүржен» тобы жүржен-жужандық шибөраш династиясы ұрпақтары екенін бұрынырақта жазғанбыз. Олай болса Джоңғар билігі олардың бақталастары Асылұялық Ашина тобында болғаны ғой. Қытайдағы қазақ тарихшылары Маңжүр-Цин әскері қолбасшысының қазақ елін шабуылдаудан бас тартқанын және онысын «қазақпен туыспыз» деп түсіндіргенін айтып жүр. Шынында, Джоңғар елін тарих сахнасынан жоғалтқан Манжур-Цин империясы Қазақ хандығына жаулық көрсеткен жоқ. Қазақ хандығын билеген Шыңғысхан ұрпақтары, яғни Манжүр-Цин империясын билеген шивей-жүржен династиямен туыс болады. Осы деректерден мемлекеттер арасындағы соғыстар сол мемлекеттерді билеген Асылұялық екі династия арасындағы бақталастық-жаулықпен байланысты екенін көреміз.

 

Қосымшалар:

А) Ресей империясын билеп-төстеген Иезуид ордені түркітілді халықтардың өткен тарихын жоспарлы түрде өзгертуді іске асырды және «Русское географическое общество» олардың басты жұмысшы органы болды. «Қазаншының еркінде қайдан құлақ шығарса» деген халқымыз, түркі халықтарының ежелгі ата-қонысы Ресей империясының қол астында болғандықтан, шежіремізді қалай бұрмаласа да мүмкіндіктері болды. Қазақ төңкерісін жасаған массон-большевиктер Ресей билігін иезуидтерден тартып алғанымен, көп ұзамай билік алған Сталин иезуидтердің «тарихты жоспарлы бұрмалау» ісін ары қарай жалғастырғаны анық. Барша түркілік ұлттардың жазбасын арабшадан латын графикасына, сосын кирилицаға өзгерту арқылы ол ұлттардың тарихынан хабар беретін көне жазбалардың өз-өзінен жойылуын «қамтамасыз» еткізген және ол ұлттарды «бұрыннан сауатсыз» дегізген; Осетиндердің дигорларына өздерінің аландық тілін қолдануға тыйым салған; жасанды су қоймаларын салу арқылы Қара теңіз бен Каспий теңізін қосқан ежелгі Хазар өзенін жойғызған; ХІХ ғасырдың соңында саны жағынан түркі халықтары ішінде Осман түріктерінен кейін екінші орынды иеленген қазақ ұлтын жасанды аштықпен қырып азайтқан; Қазақстан мен Орта Азияға жер аудару арқылы Қырым мен Кавказды түркі тілді мұсылман дінді ұлттардан «тазартқан» сол Сталин екені белгілі.

Сталинді мемлекеттік деңгейде мақтаушы, «Русский мир» жобасын іске асырушы, «қазақта мемлекет болмаған» деп жар салған, православияны мемлекет күшімен дамытушы, «терроризммен күрес» желеуімен және мешіттер салынуын қиындату арқылы Ислам діні дамуына кедергі жасаған, мектептерде ұлттық тілдерді оқыту сағатын азайту арқылы түркілік халықтарды орыстандыруды тездеткен, ресейлік милиардерлерді «Русское географическое обществаны» қаржыландыруға мәжбүрлеген және Иезуид орденінен болған Рим Папасымен достық қатынастағы президент Путин де сол иезуидтер таққа отырғызған адам болады.

Соңғы кезде бізде «Қазақ географиялық қоғамы» деген ұйым пайда болды. Ол ресейлік иезуидтер арнайы аштырған ұйым болуы мүмкін. Егер солай болса, тарихымызды шым-шытырық етіп бұрмалау процесі тағы жалғасатыны даусыз. Қазақ тарихшылары ертерек ес жиса екен деп тілейміз. Өзгеге бағынбай аман қалған бірден-бір түркілік ел – Түркия мемлекеті. Алайда, ежелгі отандары Ресей империясының отарына айналғандықтан түрік тарихшылары ежелгі тарихтарын амалсыз ресейлік тұжырымдар негізінде жазуға мәжбүр.

Б) Көк Түркі қағанаты халқы Турки Ашина билеушілерін кейінірек қысқаша «Туркаш» деп атағандықтан, ол VІІІ ғасырдан кейін қытай-араб жазбаларына «Тюргеш» деген атаумен енді. Ресей империясы осы шындыққа көз жұма қарап, «Тюрки Ашина династиясы жойылып, тарих сахнасында дербес Тюргеш династиясы пайда болды» деген жалған тұжырымды орнықтырды. Сондай жалған тұжырымдарын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру үшін Шивей-жужан билеушілеріне тиесілі Орхон ескерткіштеріне «Ашина тарихы» деп танылатын жалған жазбаларды қашатып енгізген. Дәлірек айтсақ, Ресейді билеп-төстеген – Иезуйд тобы. Олар осы ескерткішке қашап жазған жалған деректері арқылы тарихта болмаған карлук, оногуз, онокбудун атауларын да «бар» қылды. Алайда, сол ескерткіштердің барлығында-дерлік кездесетін тазқара бейнелері олардың иелері бөрі таңбалы Ашиналар еместігін дәлелдейді. Ол ескеткіштердің бірде-бірінде бөрі бейнесі жоқтығы да анық факт.

В) Қытай жазбалары Төргі атауын «Тугэ» десе, араб-еуропалық жазбалар тарихқа «Тюрки» деп енгізді. Сол себептен біз де Төргі атауын «Түркі» деп пайдалануға мәжбүрміз. Асұяң-шы атауын әуелде «Асянь-ше» деп көрсеткен қытай жазбалары кейін оны қысқаша «Ашина» деп жазды. Осылайша әлем тарихына Төргі Асұяң-шы династиясы Тюрки Ашина атауымен орнықты. Билеуші мағынасындағы «хан» атауын да «кэхань» деп бұрмалаған қытай жазбалары. Соны пайдаланған Ресей империясы тарихшылары хандарымызды «каган», ал  хандықтарымызды (мемлекеттерімізді) «каганат» деп атап, әлем тарихына енгізіп жіберді. Сондықтан Жүржан хандығын «Жужанский каганат», Төргі хандығын «Тюркский каганат» деуге мәжбүрміз. Алайда қазақ халқы өз мемлекетін «хандық» деп, ал мемлекет билеушісін «хан» деп атаудан ешқашан жаңылған емес. Болашақта қазақ тарихшылары әділетсіз бұрмаланған атауларды әлемдік тарихтан алып тастап, олардың орнына өзіндік дұрыс атауларды орнықтырар деп үміттенеміз.

Бекжан Әденұлы

(Жалғасы бар)

Abai.kz

 

32 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052