Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6411 0 пікір 4 Наурыз, 2011 сағат 03:40

Айгүл Ісмақова: «Әлиханды түсіну үшін қазақты сүйетін жүрек керек»

XX ғасырдың басында қазақ жерінде қалыптасқан саяси элита мемлекет басқару ісімен ғана шектеліп қойған жоқ. Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс серкелері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуақас, Мағжан Жұмабаевтар өз кезеңіндегі қазаққа қажет дүниені жан-жақты айтты, жазды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Айгүл Ісмақованың «Алаш әдебиеттануы» атты еңбегінде алаш қайраткерлерінің әдебиеттану мен сындағы ролі нақты талданған. Қоғам қайраткері, ұлттық Алашорда үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханның туған күніне орай, Айгүл Серікқызымен Әлиханның әдебиетшілігі хақында әңгіме құрған едік.

- Әдеби мақалалары Парижде жарияланған XX ғасырдағы зиялы, сауатты қазақтардың бірі, Толстой мен Мопассанның туындыларын қазақша сөйлеткен Әлихан Бөкейхан қазақ романына қаншалықты сенім артты? Ол сенімі XX ғасырда ақталды ма?

XX ғасырдың басында қазақ жерінде қалыптасқан саяси элита мемлекет басқару ісімен ғана шектеліп қойған жоқ. Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт-азаттық қозғалыс серкелері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуақас, Мағжан Жұмабаевтар өз кезеңіндегі қазаққа қажет дүниені жан-жақты айтты, жазды. Филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Айгүл Ісмақованың «Алаш әдебиеттануы» атты еңбегінде алаш қайраткерлерінің әдебиеттану мен сындағы ролі нақты талданған. Қоғам қайраткері, ұлттық Алашорда үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханның туған күніне орай, Айгүл Серікқызымен Әлиханның әдебиетшілігі хақында әңгіме құрған едік.

- Әдеби мақалалары Парижде жарияланған XX ғасырдағы зиялы, сауатты қазақтардың бірі, Толстой мен Мопассанның туындыларын қазақша сөйлеткен Әлихан Бөкейхан қазақ романына қаншалықты сенім артты? Ол сенімі XX ғасырда ақталды ма?

- Өз шығармаларында Әлихан Нұрмұхамедұлы роман жанрына қатысты бірнеше құнды деректер жазып кеткен. Роман ұғымы қайдан пайда болды дегенге қазіргі әдебиетшілердің көпшілігі жауап таба алмайтын романдық тіл мен роман жанрының байланысын тұңғыш айтқан да Әлихан болатын. «Роман деген не?», «Роман бәйгесі» атты екі мақаласы Париждегі «Фигару» газетінде басылып шыққан. Өкінішке орай, қазір қолымызда бұл еңбектердің тек шолтиған нұсқалары ғана бар. Толық зерттеулерін әлемдік қоймалардан табу әлі мүмкін болмай отыр. «Ұлттың әдебиеті кенжелеп қалса, болашағы да бұлыңғыр болады» деген Әлихан ұлттың тарихын, мемлекеттік мүддесін көркем шежіре етіп жазу - романның басты талабына жатқызады. Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалын» тұңғыш роман деп атағанымен, өз мақаласында Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожасын» қазақтың тұңғыш нағыз роман үлгісіне сай жазылған шығарма ретінде бағалайды. Романда қазақ баласының өмірі ғана емес, төңкерістен аман қалған қазақтың тарихы Қартқожа бейнесі арқылы шебер көрсетілгенін, қазақ төңкерісті қалай қабылдағанын, ауыл баласының қоғамдық саясатқа қалай келгенін шығармада нақты берген деп, саяссаттың алдында да романның жауапкершілігі бар деген қорытынды жасайды. Демек, «Бақытсыз Жамал» - тұңғыш, ал, «Қартқожа» нағыз қазақ романы ретінде Әлихан Бөкейханның көңілінен шықты деуге толық негіз бар.

- Әлихан Бөкейханның «Қобыланды батыр» жырын зерттеуі қазақ фольклористикасында неге жалғасын таппады? Фольклортанушылардың «Қобыланды батыр» жырына қатысты Әлиханға сілтеме жасай алмауының себебі неде?

- 1971 жылы Оксфорд энциклопедиясына шыққан мағлұматта «Әлихан Бөкейхан - революционер, сондай-ақ, халық ауыз әдебиетінің зерттеушісі, қазақ эпосы мен фольклорын зерттеген тұңғыш ғалым» деп жазылған. Сорбонна университетінің жазбаларында да осыған саятын деректер кездеседі. Алаш көсемінің «Қобыланды батыр» туралы екі зерттеуі бар. Алғашқысы, «Қобыланды батыр» жырының эпостық негізін талдау болса, екінші еңбегінде жырдағы әйел кейіпкер - Аналық, Қарлыға, Құртқа, Көклән кемпірдің суреттелген оқиғаларға байланысты қызметін жіктеп, талдап береді. XX ғасырдың басында төңкерістен есі шыққан қазақ халқына сенім ұялатар, елін қорғаған батырдың бейнесін алып шығу керек болды.  Сондықтан, Әлихан Бөкейхан Қобыланды батырдың ауыз әдебиетіндегі ертегі емес, тарихи тұлға екенін дәлелдейді. Ал, кеңестік фольклористика Қобыландыны тарихта болмаған деп, Әлиханның еңбегін жоққа шығарады. Сол кезеңде қалыптасқан фольклортанушылардың Әлиханға сілтеме жасай алмауы - Қобыландыны ертегі деп түсінуі болып табылады.

- Не себепті Әлихан Бөкейхан Лев Николаевич Толстойдың адамгершілік және моральдік философиясына жиі жүгінді?

- Әлихан Бөкейханның кезінде Толстойды түсініп сөйлеу - кез-келген саясаткерге абырой әкелген. Тіпті, алаш қайраткері әдебиетті саяси баяндамаларда жиі қолданған. Білімділігінің арқасында саяси ортададағы «Гете келтіреді», «Шопенгауэр сөйлейді», «Толстой айтады» деген пікірлері Мартин Лютер мен Абайдың ойларымен тұжырымдалады. Ахат Шәкәрімұлының естелігінде «Ғалихан аға Шәкәрімнің Толстоймен хат алысуын қадағалады» делінген. Демек сол 1918 жылдардың өзінде Әлихан Бөкейхан екі ойшылдың пікір алмасуын зерттеп, Толстойша ойлай білген.

- Әлихан Бөкйхановтың тұңғыш абайтанушы екені де даусыз. Бірақ, XIX ғасырдағы әнші-композиторлардың барлығын жіті біле тұра, Әлихан Бөкейхан неге Абайды, оның поэзиясын бәрінен жоғары қойды?

- Толстой классикалық роман негізін қалады. Пушкин ресейліктердің күні болды. Достоевскийді XIX ғасырдың аяғындағы орыс халқының пайғамбары деп жатты. Осы кезеңде Әлихан қазаққа жол нұсқар ұлы тұлғаның керек екенін түсінді. Ол Бұқардың толғауларын жатқа білетін, Мәскеуде Радловтың жазуымен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды» кітапқа басқан, «Ертарғынның» Марабай ақыннан жазып алынған нұсқасын, 1923 жылы үй қамауында отырып «Ерсайынды» шығарады. Бірнеше ғасырлық қазақ поэзиясын біліп отырып, Әлихан солардың арасынан Абайды бөліп алады. 1907 жылы Семейдегі Абайдың ұрпағымен танысып, Кәкітаймен хат алысып, 1909 жылы Абайдың тұңғыш жинағын шығаруды өз мойнына жүктейді. 1905 жылы орыс халқына таныстыру үшін «Абай Құнанбаев кім?» деген некролог жазады. Әлем әдебиетімен жақсы таныс Әлихан Абайдың өлеңдері Гетенің шығармаларынан кем түспейтінін байқап, оның лирикасын Еуропалық үлгілермен тең қояды. 1914 жылы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласын жазуға септігін тигізді. Себебі, 1909 жылғы Әлиханның Ахметке жазған хатында «Сіз сөз өнерін қалыптастырған Абай туралы жазыңыз, халық ауыз әдебиеті жөнінде жазыңыз» деген тапсырма бергені бар. Сондықтан, Абай есімінің қазақ пен орысқа, шетелге таралуына Әлихан Бөкейханның сіңірген еңбегі мол.

- Айгүл Серікқызы, сізді әдебиеттанушы ретінде Әлихан Бөкейханнан ең таңқалдырған нәрсе не?

- Таңқалдырғаны Әлиханның жан-жақтылығы. Саясаттанушы, тарихшы, әдебиетші, ұлт-азаттық қозғалыс, Алашорда үкіметінің басшысы ұлт мүддесін өз мойнына алды. Әсіресе, әдебиет пен мәдениеттің қазақ өміріне керектігін айқындап берді. Қазақтың тілі ғана емес, әдебиеті, әні өлмеу керек деген Әлиханнан Затаевич өлең жазып алып отырған. «Ұлт әдебиетінде қазақтың тарихы жатыр» деген саяси көсем: «Біздің тарихты Карамзин секілді том-томдап жазғандар жоқ, олардың керегі де жоқ. Біздің тарих эпоста, романда, халық әндерінде, Абайда тұр» - дейді. Оның ойын кейіннен Жүсіпбек, Мағжандар жалғастырды. Кез-келген істе ұлттық мүдде тұруы керек деген Әлихан Нұрмұхамедұлы Шәкәрімнің шежіресін жоғары бағалады, «Алаш» қалмақтың емес, қазақтың сөзі деп тұңғыш дәлелдеп шықты. Әлихан өзінен кейінгілерге оқулық жазуды тапсырып, 1922 жылы Мағжан Жұмабаев «Педагогиканы», 1923 жылы Жүсіпбек Аймауытов «Психологияны», Міржақып «Есеп құралын» жазды. Ең таңқаларлығы Әлиханда «Біз істемегенде кім істейді?» деген қағида болған. Қазақтың қай тұсы кенже қалып жатыр, сол бағытта жұмыс атқарған және бұл саяси көсем бола тұра жасалынған дүниелер. Әлиханды түсіну үшін қазақты сүйетін жүрек керек.

- Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: САЛАМАТ ОМАШ

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061