Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 7816 4 пікір 9 Тамыз, 2018 сағат 17:26

"Адырналықтар" қандастарға көмек қолын созуды бастады

Жақында Алматы қаласы Ішкі саясаты басқармасы қолдауымен «Адырна»  ұлттық этонографиялық бірлестігі «Отан - оттан да ыстық» атты жобаның  жұмысын бастады. Жоба қандастарды құқықтық қамтамасыз етуді, әлеуметтік қолдау жасап, Қазақстанға бейімдеу бойынша жұмыстар істеуді алдыға мақсат етіп қойып отыр. 

Жоба авторларының бірі Арман Әубәкірдің айтуынша, "Адырна" бірлестігі қандастардың құжаттық мәселесінің шешілуіне заң аясында көмектесіп, заңдық кеңестер беруді қолға алуда. Осы мақсатта қазір Камшиа Есмұхамбетқызы басшылық ететін «КЕШ» құқықтық орталығымен бірлесе жұмыс істеп жатыр.

Арман Әубәкір, «Адырна»  ұлттық этонографиялық бірлестігінің директоры: 

- Біз «КЕШ» құқықтық орталығымен ақылы келісімшарт негізінде селбесе отырып, қандастарымыздың құжаттық мәселелерін заң аясында шешуге көмектесеміз. Алматы қаласында тіркелген қандастарымыз бізге өз өтініштерін «жедел желі» телефоны немесе qandastar.kz сайты арқылы сұрақтар қойып, заңдық кеңестер ала алады. Бұған біздің заңдық серіктесіміз «КЕШ» құқықтық орталығы жауап береді.

Жоба Алматы қаласында орналасқанымен, бізге келіп түскен өтініштердің көбі облыс көлемінде екен. Құжат мәселесімен өтініш жазған қандастарымыз Алматы қаласында тұрғанымен тіркеулері Алматы облысында болғандықтан біздің «көшпелі кездесулер» ұйымдастырып, кеңес беруімізге тура келді. Біздің ең алғашқы көшпелі кездесуіміз Алматы облысы, Шелек ауданынан басталды. Шелек ауылындағы өңірлік Көші-қон инспекциясына барып, қолдан келгенше құжат бойынша туындаған мәселелерді анықтауға күш салдық. Бізге Шелекте тіркелгенімен де өзге өңірлер мен қалаларда тұратын қандастар да арнайы келіп, сол жерде бізден көмек сұрап өтініштер жазды. Сол жердің өзінен құжат бойынша қиналып жүрген 60-қа жуық кісі өтініш білдірді.

Кеңес сұраған қандастарымызға заңдық құқықтары туралы түсіндіріп, тек заң негізінде құжат тапсыруды (делдалдарға ұрынбауға кеңес), құжат тапсырғанда талон талап етуді, құжаттың дайын болу мерзімінен (азаматтық алу құжатын әзірлеу - 3 ай) асқанда оның кешігу себебін сұрап ресми арыз жазуды (арызға жауаптың 10 күн ішінде берілуі тиістігі), одан да нәтиже шықпағанда Мемлекеттік қызмет агенттігіне, Жемқорлық агенттігіне шағымдану мүмкіндіктері бар екенін түсіндірдік.

Бізді таңғалдырғаны, Шелекте құжат тапсырған қандастарға  құжат қабылдап алғанын растайтын талон да берілмей келгені болды. Сол күні бізбен бірге Шелекке барғандар құжаты қабылданғаны жайлы анықтама алды. Құжаттың дайын болу мерзімі көп кешіккен кісілер анықтамаға сүйене отырып жергілікті көші-қон мекемесіне шағымдана алатынын түсіндірдік. Күнде "ертең кел" деген сөзге алданып құжаты туралы бір дерек біле алмай жүрген жұртқа бұл да болса үміт отын тұтатты. «Бізге де көңіл бөлінетін күн туады екен ғой» деп көңілі босаған қариялар да табылды. Жиналған өтініштерді сұрыптап республикалық және облыстық құзырлы мекемелерге ресми xат жолдауды мақсат тұтып отырмыз.

Қандастармыз құжат өткізу барысында туындайтын тағы бір өзекті мәселе қағазбастылық болып отыр. Жинап бітпейтін қалың қағаздан шаршаған халық амалсыз делдалдар көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ал делдалдар ақшаны алып алған соң құжатты уақытында дайындамай адамдардың уақытын алуда. Тіпті, мүлде жұмыс істемей не құжат жоқ, не ақша жоқ болған жағдайлар да кездесуде. Осы мәселелердің алдын алу үшін шетелден келген қандастардың заңдық білімін жоғарлатып, өз құқықтарын түсіндіру кезек күттірмейтін мәселе. Ағайын өз құқығын анық білсе, құжаттарын делдалсыз тапсырып, заң бойынша құжаттарына қол жеткізер еді.

Біздің назарға іліккен тағы бір мәселе, жергілікті көші-қон бақармаларында кезек күтуде тәртіп жоқ. Біреулер бір жыл бойы өз кезегін күтіп, ішке кірудің сәтін таппай жүр. Ал біреулер түрлі жолын тауып, қажет болса ақшасын төлеп, өзінен бұрын келген адамдардың алдына түсіп кетуде. Сол үшін қандастардың құжаттарын (ықтияр xат, азаматтық) Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қабылдау жүйесін қалыптастыру керек. Сонда әркім өзінің кезегі бойынша керекті жеріне жете алар еді.

Бұдан да маңызды мәселе, қандастарымыз үшін қолбайлау болған «оралман куәлігі» мәселесі болып отыр. Осы бір еш маңызы жоқ құжаттың кесірінен қаншама қазақ азамттыққа немесе ықтияр хатқа құжат тапсыра алмай жүр. Себебі, оралман куәлігі тек бір жылға ғана беріледі. Ал бір жылдың ішінде құжат тапсырып үлгірмесе куәлік жарамсыз деп танылады да, тұрақты тіркеуге тұру үшін (ықтияр xат, азаматтық) құжат өткізе алмайды. Сөйтіп, осы оралман куәлігі қандастарымызға үлкен кедергі болып отыр. Біздің ойымызша, осы куәлік біржола қажетсіз етілсе оң болар еді.

Жоғарда аталған және басқа да мәселелерді талқылап, парламентке нақты ұсыныстар беру үшін алдағы аптада жиналыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Сол арқылы қандастарымыздың Қазақстан азаматы атануына кедергі келтіріп тұрған мәселерлердің оң шешімін табуына өз үлесімізді қосқымыз келеді.

Біздің арнайы ұсыныс айтқалы отырған мәселелеріміздің тағы бірі – ықтияр хат мәселесі. Қытайдан келген қандастарымыздың түсінігінше бұл жартылай Қазақстан азаматтығы саналады. Алайда, осы ықтияр хатты алудың да жыры аз болмай тұр. Азаматтық алу үшін ықтияр хат алу не үшін керек? Жоқ жерден осы ережені кім ойлап тауып, қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алу жолындағы басып өтетін бір міндетті қадамы етіп бекітті? Қазақстан азаматы атанғысы келген қандасымызды еш пайдасы жоқ ықтияр хатты алуға міндеттеудің не қажеті бар?

Қандастарымыздың осы ықтияр хатты алу барысындағы қиындықтары жайлы бір ғана мысал айтайын. Бүгін Әмәну есімді қандасымыздың ықтияр xат құжатымен күні бойы жүріп жарты шаруаны да бітіре алмай арып-ашып келіп отырмын. Аталған құжатты алу үшін уақытша тіркеу жарамсыз, ол үшін міндетті түрде тұрақты тіркеуде болуың керек. Ал кім-көрінген үйіне тұрақты тіркеуге ала бермейді. Бір қандасымызға болса да көмегім тисін деп осы Әмәну қарындасымызды өз үйіме тіркетіп, ықтияр хат алуына көмектесейін деген едім, құжат тапсыру барысындағы қиындықтар мені таңғалдырды. Осы қарындасымыздың арқасында көші-қон саласындағы қордаланған мәселелерге көз жеткізіп отырмын. Мәселен, қарапайым анкетаны толтыру үшін көші-қон бөлімшесінің қасындағы нотариус орталығына 4500 теңге төлеуге тура келеді екен. Міне, осындай заңсыздық пен негізсіз талаптардан аяқ алып жүргісіз.

Міне, осындай түсініксіз құжаттар тұрғанда қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алып, алаңсыз өз елімізде өмір сүруі мүмкін емес. Сол үшін ел болып осы мәселерлердің дұрыс шешімін табуына ат салысқанымыз жөн.

Түйін

Алматы қаласы ішкі саясаты басқармасы қолдауымен жасалып жатқан осы жоба көптеген қандастарға үміт сыйлайтыны анық. Енді, осындай бастамалар бүкіл Қазақстан ауқымында жүзеге асырылуы тиіс деп ойлаймыз. 

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

 

 

 

 

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057