Сәрсенбі, 14 Қараша 2018
Анық-қанығы 1695 7 пікір 15 Тамыз, 2018 сағат 09:02

Каспий - көл де емес, теңіз де емес...

Ақтау төрінде алқақотан жиналыс өткізген бес ел - Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей, Иран және Түркіменстан басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойып қайтты. Осылайша, 20 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келген келіссөздердің басы бір арнаға тоғысқандай болды.

Каспий сынды географиялық маңызға ие аймақты бөліп пайдалану және бақылауда ұстау үшін ортақ келісімнің, көп мойындаған құжаттың қажеттілігі сөзсіз. Каспий маңы елдеріне ортақ ереже енгізіп, теңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып байлығын бөліп пайдалануға бес ел барын салды. Сол үшін жылды-жылға жалғап келіссөз жүргізді. Енді бесінші Каспий саммитінің сіз бен бізді қызықтырған тұстарына тоқалып көрейік.

Каспий келісімін тығырыққа тіреп келген басты мәселенің бірі оның ресми мәртебесіне байланысты екеніне көпшіліктің көзі жетті. Егер Каспий теңіз деп танылса халықаралық теңіз құқығы нормаларына жүгінуге тура келеді. Ал көл болса Каспийдің байлығы бес елге ортақ болады да, оны игеру үшін көлдің ортақ иесі саналатын бес елдің келісімі керек болады.

Осыған дейін Каспийге иек артқан жағалауы ұзын, өз бөлігенде мұнай-газ мөлшері молынан табылған Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей елдері Каспийді теңіз деп тануды ұсынды. Ал қарт Каспийге жанасқан шекарасы шекті Иран мен Түрікменстан үшін көл атауы ыңғайлы еді. Әрі ешкім де өз айтқанынан қайтқысы келген жоқ. Сөйтіп, тараптар «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» амал тапты. Енді Каспий көл де емес, теңіз де емес. Ерекше статусқа ие.

Басқаша айтқанда, Каспийді басқару үшін қандай да бір халықаралық заң-ережелерге жалтақтаудың қажеті шамалы. Конвенция бойынша Каспийді бөлуде теңіз суы мен табаны бөліп қаралатын болады. Әр елдің Каспийдегі шекарасы, теңіз тасымалы, балық аулау өңірі және ең маңыздысы ондағы байлықты игеру мен гарнизон мәселесінде бір шешімге келді.

Анығырақ айтар болсақ, әр елге жағалау сызығынан 15 теңіз милі бұйырды. Бір миль 1,852 шақырым. Демек жағалаудан 30 шақырым аумақ әр мемлекетке тиесілі. Оған қоса тағы 10 миль аумақта балық аулаға рұқсат етілді. Ал теңіз табаны мен табиғи ресурстарын көршілес екі ел халықаралық ережелерге сай бөліп алады.


Әскери база салуға жол жоқ.

 

Конвенцияда әскери база салуға, оны бөгде мемлекеттерге беруге, шетелдік әскери кемелердің жүзуіне, ұшақтарының ұшуына, жүк тасымалдауына тыйым салынды. Каспий теңізін тек экономикалық мақсатта бейбіт игеруге шешім қабылданды. Бұл бапқа ең мүдделі болған Ресей мен Иран елі болды. Себебі, қос елдің Каспий өңіріне АҚШ әскерінің табаны тиіп кете ме деген қаупі елден ерек. Тіпті, 22 жыл бойы ымыраға келе алмай жүрген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға Ақтауда қол қойылуына да дәл осы АҚШ-тан келер қауіп себеп болып отыр.

Ақүйдің алдын орап, олардың Каспийге аяқ басар жолын жабу үшін Мәскеу мен Тегеран кейбір тұстарда өз мүдделерін құрбан ете отырып, Каспий конвенциясын дәл осы жолы мақұлдап тастады.  «Қазақстан АҚШ-тың Каспий теңізі жағалауында әскери база құруына қосылды» деген әңгіме шықпаса Каспий дауы әлі қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз еді. Жоғардағы ақпаратты еліміздің сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жоққа шығарып, Қазақстан арқылы өтетін америкалық әскери емес жүктердің транзитіне қатысты мәселе қате түсінік тудырғанын айтқан болатын. Алайда, «жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деп білген Ресей мен Иран ертерек шекараны бекемдеуге бел бууға мәжбүр болды.

Негізі Ресей АҚШ-тан қауіптенсе Әзірбайжанды да назардан тыс қалдырмағаны жөн. Себебі, Әзірбайжанмен шекаралас Грузияның Ресейге өкпесі қара қазандай. Соңғы екі елдің арасындағы қақтығыс кеше ғана туған жанжал емес, ұзақ уақытқа жалғасқан жауластық пиғыл. Соңғы кездері Грузия үкіметінің НАТО-ға мүше болу мүмкіндігі арта түскені айтылуда. Мәскеу қанша қарсы тұрғанымен, бұрынғы одақтасын өз жағында алып қала алмайтын секілді. Егер Грузия НАТО-ға қосылып кетсе, АҚШ Орта Азияға Грузия арқылы жақындауы мүмкін. Әне сол кезде Каспий мен Ақүйдің арасын Әзірбайжан ғана бөліп тұрады. Егер Бакуді бөтен ой түртсе қызғыштай қорып отырған Каспий Америка үшін алыс болмай қалады.

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ үкіметінің Орта Азияға бүгін ғана қызығушылығы оянып отырған жоқ. Ғасыр басынан бері құшағы байлыққа толы, географиялық орны ерекше кіндік Азияға көз қызартып келеді. 11 қыркүйек оқиғасынан кейін-ақ лаңкестікке қарсы тұруды желеу етіп, Орта Азияда әскери база құруды қолға алған. Сол кезде олардың Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерімен істестік орнатқанын көпшілік жақсы біледі. Бұлардың ішінде ең ерекшесі «Манас» әуежайындағы Америка әскери базасы екені сөзсіз. 2013 жылы маусымға дейін АҚШ армиясы үшін ашық болған осы Манас базасының жабылуы үшін де Ресей үкіметі барын салды. Тіпті, қырғыздарды базаны жабуға көндіру үшін 1,1 миллиард доллардың қару-жарағы мен әскери жабдықтарын алып берген көрінеді.

 

Жауымның жауы – досым!

 

Соңғы кездері Ресей мен Иран батыс елдерінің мүйіздеуінен көз ашпай келеді. Әсіресе, АҚШ үкіметінің осы екі елмен байланысы от пен судай. Содан болар бұрындары сөздері жараса бермейтін Мәскеу мен Тегеран «кемедегінің жаны бір» деп өзара жақындаса бастады. Кейбір сарапшылар, Каспий конвенциясы екі елдің достығын нығайтып, АҚШ-тың экономикалық бұғауын үзеді деп топшылауда.

Ресей мен Иранды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға итермелеген АҚШ тарапынан салынған санкция болып отыр. АҚШ үкіметі 8 тамыз күні Ресейге қарата жаңа санкция жариялады. 22 тамыз күшіне енетін кезекті экономикалық жаза Мәскеу үшін оңайға соқпайтыны сөзсіз. Соған қарамастан Ресей жаңа одақтасы Иранның мұнай өндірісіне 50 миллиард доллар қаржы қосады деген сөз бар. Қалай десек те, Владимир Путин мен Хасан Рухани қол ұстаса отырып батыс елдерінің осы сынынан өтіп алуды көздейтін көрінеді.

 

Түрікменстанның да талабы орындалмақ

Каспий конвенциясында көп пайдаға кенелген тағы бір ел – Түрікменстан. Гурбангулы Бердымұхамедов 20 жыл бойы армандап келе жатқан Түрікменстан газын теңіз табаны арқылы Әзірбайжанға, одан әрі Еуропаға жеткізетін газ құбырын салу ісін мақұлдатып алды. Путин бұл жоба іске асса Түрікменстан газ экспорттаудан өзіне бәсекелес болатынына да қарамастан, конвенцияға «Каспий теңізінің табанымен суасты құбырын жүргізуге болады» деген тармақты енгізуді қолдады. Соған қарағанда Мәскеу Каспий конвенциясының тез арада қабылдануына өте мүдделі болған көрінеді. Осы сөзіміздің өзі Ресейдің АҚШ-қа барынша жауап беріп жатқанын көрсетсе керек. Егер алдағы уақытта 5 миллиад доллар қаржы жұмсауды талап ететін осы жоба жүзеге асса Ашғабад билігі бөркін аспанға ататын болады.

Ал біздің елдің осы құжат арқылы нақты қандай жетістікке жеткенін дәл қазір басып айту қиын. Себебі, Қазақстан заңдарына сай күшіне енбеген құжаттарды жариялауға болмайтындықтан, конвенция мазмұны әлі ел назарына ұсынылмады. Соған қарағанда қанағатшыл қазақ ұтпасақ та ұтылмасақ болды деп, теңіздің қазақстандық бөлігінде мұнай немесе көмірсутегі шикізатының мол екеніне шүкір ететін секілдіміз. Мұның сыртында шекарамызды заңды жолмен белгілеп алғанымыздың өзі -  олжа.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

 

7 пікір