Келмеске кеткен кеңес өкіметінің жоғын жоқтау жоспарымызда жоқ
Редакциядан: 18 тамыз 2018 жыл. «Abai.kz» ақпараттық порталында «Комсомолдар Ербол мен Ләззаттың рухын қорламақ па?» атты мақала жария болды. Онда Алматы облысы әкімдігі Комосмолдың 100 жылдығын атап өтуге облыс бюджетінен 13 миллион теңге бөлгендігі туралы айтылды. Ол аз дегендей, ұйымдастырушылар әкімдіктен тағы 8 миллион теңге сұрағаныда сол жерде жазылды. Жазылып қана қоймады. Қызу талқыланды. Комсомолдың 100 жылдығын атап өтуді армандап жүргендердің жоспары әм есеп-қисабы да жария болды.
Бүгін редакциямызға Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі, әкімнің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел хабарласып, аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты.
«Abai.kz» ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға әркім құқылы. Біз әкімдіктен ресми терістеме сұрадық. Әкімдік те көпке созған жоқ. Жоғарыдағы мақалаға қатысты терістеме жіберді.
Терістеме
«Abai.kz» сайтында 18 тамызда жарық көрген «Комсомолдар Ербол мен Ләззаттың рухын қорламақ па?» атты мақалаға қатысты Алматы облысының баспасөз қызметі ресми терістеме жариялайды.
Мақалада көрсетілген деректер шындыққа жанаспайды. Комсомолдың 100 жылдығына орай облыс бюджетінен 13 миллион тенге бөлінді деген мағлұматты теріске шығарамыз.
Осы материалдың жарық көруіне байланысты арнайы қызметтік тексперіс жүргізілді. Нәтижесінде бұл мәліметтің жалған екендігі анықталды.
«Наурыз Қылышбаевтың облыс әкімі Амандық Баталовтың қабылдауында болғаны рас. Бұл кездесу барысында облыс әкімі комсмолдың 100 жылдығын атап өту - бүгінгі мемлекеттік саясатпен үндеспейтіндігін алдыға тартып, бюджеттен бір тиын қолдау болмайтындығы айтылған. Осы тұста әріптестеріміз шындыққа жанаспайтын хабарды таратқаны өкінішті», - дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Баспсөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған осы шараға қатысты есеп-қисаптың суреттері шараны ұйымдастырмақшы болған азаматтардың жасаған алдын ала есебі. Бірақ, бұл жоспарлары облыс бюджеті есебінен жүзеге аспайды.
Алматы облысында биыл Талғар ауданына қарасты Жалаңаш ауылында саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған мұражай ашылып, Жаркент қаласында Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналған ескерткіш тұрғызылатындығын мәлімдейміз. Келмеске кеткен кеңес өкіметінің жоғын жоқтау жоспарымызда жоқ.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz