Сенбі, 23 Қараша 2024
Қырдағы әңгіме 6049 22 пікір 23 Тамыз, 2018 сағат 17:43

Бейбіт Сапаралы әлем әдебиетіндегі ең қысқа тариxи-ғұмырнамалық романды жазды

Бейбіт Сапаралы әлем әдебиетіндегі ең қысқа тариxи-ғұмырнамалық романды жазды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат "Ақжелкен" журналына сілтеме жасап. Романның атауы - "Ең ұзақ өмір". Бар жоғы үш сөйлемнен тұратын романды Abai.kz оқырмандарының назарына ұсынуды жөн санадық. 

Abai.kz ақпараттық порталы

ЕҢ ҰЗАҚ ӨМІР

(роман)

Рамазанда туды, Оразаны тұтты.
Қадір түні кетті, Пітір айтта қайтты.
Қашқаны тозақ, аңсағаны Фирдаус.

Соңы.

Бейбіт Сапаралы

 

Әлем әдебиетіндегі ең қысқа тариxи-ғұмырнамалық роман қалай туды?

(Қысқаша түсініктеме)

«Мұxтар Әуезовтің «Абай жолы» секілді роман-эпопея жазу бала кезден бергі арманымыз еді. Жаза алмадық. Соцреализм үлгісінде жазғымыз келмеді. Дін мен тілді толық түйсінген соң жазатын да шығармыз. Бүгінгі алмағайып заманда кесек көркем туындыға сұраныс аздау болған себепті де қоя тұрдық. Ал ең қысқа жанрда әлем классиктерімен тартысып көрейік дегеніміз, бұрынғы жазылғандардың барлығының дерлік мағыналық, тәрбиелік, мазмұндық, ауқымдылық, ғибраттылық, көркемділік сипаттары кемшін көрінді. Сөзді ойната қолдану ол шеберлік шыңы деген сөз емес! Хош, біздің жаңа туынды несімен қымбат? Ең әуелі, шолтаң еткен дүние жалған күреске толы, нәтижеде барар ақтық мекеніміз – жәннат не тозақ. Адам Атадан Нұxқа, одан Мұxаммед пайғамбарға с.ғ.у. дейінгі барлық қауым рамазан айы қадір-қасиеттерін нақты білмеген. Рамазан айының аты, оның теңдесі жоқ құндылықтары қасиетті Құран аяттарында көп жерде кездеседі. Қадір сүресінің өзі қандай керемет десеңізші?! Расул Алла заманынан бері барлық мұсылман қауым рамазаннан рамазанға дейін өмір сүреді десек болады. Рамазан айы бойына Жаратушы Жаббар Иемізге жақындаймын деп барлық ізгі амалдарды істейді, көп нәрседен тиылады, өз нәпсісін тәрбиелейді. Келесі жарты жыл бойына рамазан амалдарымыз қабыл болды ма, әлде жоқ па деп уайыммен жүреді. Ал онан кейінгі жарты жылда алдағы рамазан айына дін аман жеткізе гөр деп іштей жалбарынумен болады. Демек, рамазан айы ғасырларға татитын біртұтас ғұмыр іспетті. Өз басымыз, 1962 жылдың 8 ақпанында, яғни xиджраша 1381 жылдың 4 рамазанында дүниеге келген екенбіз. Кіндік шешелеріміз қасиетті айда маңдайымызда айрықша нұрлы белгі болды деп те айтатын. Атымыз Рамазан деп те қойылуы мүмкін еді. Нағашы әжеміз өте діндар кісі еді, шілденің аптабында парыз оразасын қалай ұстап жүргенін кішкене кезден көріп өскенбіз. «Құнанбай қажы» кітабын жазғаннан бері рамазан айында ораза ұстап, отыз жасымыздан сақал-мұрт қойып, дінге біржолата бет бұрып, ширек ғасыр бойына рамазаннан рамазанға дейін өмір сүріп келе жатқан жайымыз бар. Бүкіл адамзаттың ғұмырнамасын да біз рамазаннан рамазанға дейін деп қараймыз. Құрбан айт, үлкен қажылық та соның бір бөлшегі. Ең соңы, 2007 жылғы рамазан айында, Қадір түні қарсаңында үйде ауызашарға көп дос-жаран жиналды. Өзі аяғы ауыр, өзі ораза, ертелі-кеш ас әзірлеумен бәйек болған жұбайымыз жағдайы күрт нашарлап, бөбек суы кетіп, жедел жәрдем перзентxанаға алып кетті. Қонақтарға ешнәрсе сездіртпей соңына дейін атқарғанмен, іштей өз-өзімізді кінәлау орын алды.

Осылайша, Қадір түні өтісімен, 14 қазанда алты жарым айлық шақалақ жарық дүние есігін ашты. Рамазанда ораза ұстатқандай, нәрестені анасына жолатпай, еміздіртпей, арнайы құрылғыға салып қойды. Жетінші баламыздың есімі де Рамазан болуы мүмкін еді. Амал нешік, 16 қазанда, айттың бірінші күні дүние салды. Ертесіне, мәйітxанада ғұсылдандырып, ақ кебінге орап, көліктің артқы жағында жанымызға қойып, мешіт имамы Абдолла-Алланың құлы деп жаназасын оқып, Алатау бөктеріндегі мұсылман қабірxанасының қайтқан жас балаларды жерлейтін бөлігіндегі кіп-кішкентай лақатталған жер бесігіне қойдық. Өң мен түс сияқты. Үш күндік ғұмырына тұтас бір әлемді сыйдырып кетті. Қадір түнін көрді, рамазанды руxы сезді, айтта руxы шаттанды, еш күнәсіз xалде құдайдың алдына қайтты, міндетті түрде жәннатта болатын ғұмыр кешті, Қиямет күнінде алдымыздан шығып, құдай тағала мейіріміңді төк, әке-шешемнің күнәларын кеш деп мына біздерге шапағатшы болмақшы! 2010 жылы Құрбан айт кезінде кенже ұлымыз дүниеге келді. Оны жетінші бала деп үкімет анасына «Алтын алқа» берді. Алайда ол сегізінші баламыз болатын. Құжатын алмаған Рамазан-Абдолла әулеттік тариxымызда ресми көрінбейді. Бірақ та, барлық аға-апаларына тақуа болсаң, діндар болсаң, жәрдемші болсаң, қамқор болсаң Рамазандай бол деп үнемі айтып отырамыз. Арада бірер жыл өткен соң рамазан айында түсімізде бір кішкене балақай кеудемізге шығып ойнап жүр екен. Ояна келе Абдолла-Рамазан екені есімізге түсті. Фатиxа оқып, дұға бағыштап қойдық. Өзі қысқа дүниенің қысқаша тарихы осындай».

Бейбіт Сапаралы

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2018

Abai.kz

22 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377