Нұртай Сабильянов. Тәуелсіздік бізге бәрінен де қымбат
Адамзаттың, мемлекеттердің тұтастай даму тарихына үңілер болсақ, азаттық үшін, бостандық үшін, тәуелсіздік үшін күрестің толассыз жүргізілетінін байқаймыз. Тіпті, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де оны сақтап қалу, баянды ету, ұрпаққа аманаттау - ұлы борыш. Міне, біздің Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына биыл жиырма жыл толады. Бұл бір қарағанда тым азғантай мерзім. Алайда, осы жиырма жылда Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді.
Адамзаттың, мемлекеттердің тұтастай даму тарихына үңілер болсақ, азаттық үшін, бостандық үшін, тәуелсіздік үшін күрестің толассыз жүргізілетінін байқаймыз. Тіпті, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де оны сақтап қалу, баянды ету, ұрпаққа аманаттау - ұлы борыш. Міне, біздің Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына биыл жиырма жыл толады. Бұл бір қарағанда тым азғантай мерзім. Алайда, осы жиырма жылда Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді.
Біз 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін көзімізбен көрген жоқпыз, оқулықтардан ғана оқыдық. Ал, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін көзбен көріп қана қоймай, оның бел ортасында жүрдік. Тәуелсіздік жолындағы ата-бабамыз бастан кешкен қиындықтардың болмысын біз де сезіндік. Қызыл империяның үстемдік саясаты шектен шығып бара жатқан еді. Қазақтың жері талауға түсті, ядролық сынақтар алаңына айналды, ділі мен діні қолдаусыз, қамқорлықсыз қалды, ұлттық кадрларға кемсітушілік көзқарас белең алды. Міне, осындай кезде еліміздің жас қайраты ұрандап алаңға шықты, теңдікті талап етті, әділетті іздеді, бірақ, олардың маңдайлары тасқа соғылды, қуғын-сүргінге ұшырады. Сонда да ұлттық рухымыз жасыған жоқ, қайта қайрала түсті. Біз сол бір ызғарлы желтоқсандағы қаралы күндердің жанымызға салып кеткен жарасын әлі күнге ұмыта алмаймыз. Біз тәуелсіздіктің төбеден түспегенін, әлдекім сыйға тартпағанын, тарих көшіндегі ата-бабамыздың арман-аңсарының толық жүзеге асқанын түсінетін ұрпақпыз. Желтоқсандықтардың бейбіт шеруге «Менің Қазақстаным» әнін айтып шыққанын, сол әнді айтып жүріп қанға бөккенін келер ұрпақ жадында ұстауға тиіс. Сол әннің қазіргі Елұранымызға айналып, Қазақ елінің барлық жеңістерінің байрағы болып тұрғаны қандай ғанибет.
Желтоқсанда алаңға шыққан жастардың «Қазақ елін қазақ басқарсын!» деген басты талаптарына тоталитарлық жүйе құлақ аспады. Бұл ұлттық намысымызды аяққа таптаумен бірдей еді. Енді бүгін өткенге ой көзімен қарасақ, тәуелсіздігіміз жарияланардан төрт күн бұрын, 1991 жылдың 12 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығы шыққан болатын. Бұл Жарлықтың тек Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар үшін ғана емес, жалпы ұлттық рухты сақтау жолындағы маңызы ерекше. 2006 жылы 18 қыркүйекте Алматы қаласында желтоқсандықтарға, демократиялық жаңару жолындағы күрескер жастарға арналған «Тәуелсіздік таңы» атты ескерткішті ашу кезінде сөйлеген сөзінде Президент біздің жастарымыздың сол қаһарлы желтоқсанда тоталитарлық жүйеден тайсалмай өз наразылықтарын білдіргені, «ерліктің ғана емес, елдіктің де нышаны», деп бұған үлкен саяси баға берген еді. Бұл тарихи сәт елдіктің, бірліктің белгісі болды.
Еліміз егемендікке, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жиырма жыл еліміздің жас қайратының талабының оң болғанын дәлелдеп тұрғандай. Осы жиырма жылда Отанымыздың қиын өткел, тар асулардан қалай аман өткеніне қазақстандықтар куә, әлем жұртшылығы куә. Қазіргі Қазақстанда тұратын жүзден астам этностың тағдырын қазақ тағдырынан бөле-жара қарамай, барлығын бір ананың баласындай бауырға тарту нәтижесінде еліміз ішкі-сыртқы саясатта үлкен беделге ие болды. Жас мемлекетімізде саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім қалыптасып, Қазақ халқының береке, бірлігі артты. Ана тілімізге деген құрмет Ата Заңымыздан бастау алды.
Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген ұстанымы бүгінде біздің жолбасшымызға айналып отыр. Сонау тоқсаныншы жылдардағы күйреп қалған шаруашылықтар, босап қалған дүкен сөрелері, елді жайлаған жоқшылық пен қымбатшылық аз уақытта еңсеріліп, халықтың тұрмысы оңалды, экономикадағы өрлеу елдің әл-ауқатын арттырды. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттік меншікте, мемлекеттік кәсіпорындарда, мемлекеттік шаруашылықтарда ғана жұмыс істеп үйренген халық жаңа жұмысқа баулынды, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалды, «жекеменшік» деген ұғым қалыптастырылды, адамдардың жаңадан өмір сүруіне қолдау көрсетілді. Сол жылдардағы ел басына түскен қиындықтарды, кедергілерді, тапшылықтарды санап тауыса алмайсыз. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «рубль аймағындағы» елдердің қиын құрсауда қалған тұсында, инфляцияның күн санап шарықтап өсуі кезінде Қазақстан көрегендікпен жол тапты. Сол тұста Ресей Қазақстан өз ақшасын шығара қояды деп әсте күтпеген болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, дәлірек айтқанда, 1993 жылдың 12 қарашасында төл теңгеміздің дүниеге келуінің өзі бізді болашаққа бастайтын батыл қадам еді. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздеріміздің бекітілуі, шекарамыздың айқындалуы - осының бәрі тәуелсіз мемлекет үшін аса қажет құндылықтар болатын.
«Тәуелсіздік бізге не берді?» деген кезде, жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орын алатын Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтан өз орнын ойып тұрып алғанын айтар едім. Жаңадан салынған елордамыз - Астанамыз бар. Астана қаласының салынуы республикамыздың әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына, ұлттық қауіпсіздігіміздің нығаюына үлкен үлесін қосты. Есілдің жағасындағы ару қала тарихи маңызды оқиғалардың ордасына айналды. Астанада ХХІ ғасырдағы ЕҚЫҰ-ның тұңғыш Саммиті өтті. Қысқы Азиада-2011 спорт сайыстарының салтанаты да Астананың мәртебесін, қазақстандықтардың рухын көтерді.
Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда қазақтардың саны 40 пайыз ғана болды. Яғни, біз өз мемлекетімізде тұрып, өсім жағынан азшылық жағдайда қалып келдік. Оның әртүрлі себептері болғанын білеміз. Дегенмен, тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін ондағы негізгі ұлт, мемлекет құраушы ұлт сан жағынан басым болуға тиісті еді. Бұл бағытта да жүргізілген оңтайлы көші-қон, демографиялық саясат тәуелсіздік жылдары қазақтардың санын 6,5 миллионнан 10,3 миллионға жеткізді. 2010 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, Қазақстандағы қазақтардың саны 63,6 пайыз болды, яғни 20 жылға жуық уақыт ішінде қазақ халқының саны 3,8 млн. адамға көбейді.
Еліміз жастардың білім алуына да аса үлкен көңіл бөліп келеді. 1993 жылдан бері «Болашақ» халықаралық стипендиясы беріле бастады. 1994-2010 жылдар аралығында бұл стипендияға ие болып, алыс және жақын шетелдерде білім алған жастардың саны 7600-ге жетті. Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз өзінің болашақ мамандарын даярлауда осындай белестерді бағындыра алды. Қазақ мектептерінің саны көбеюде. Мемлекеттік грант есебінен жылына 33 мыңнан аса жас білім алуда. Ал «Назарбаев университетінің» есігін айқара ашуы - еліміздегі жастардың әлемдік деңгейге сай білім алуына жасалған мемлекеттік қамқорлық.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде жұмыссыздықпен күреске елеулі мән берілді. Соның арқасында қазақстандықтар тұрмыс-тіршілігі үшін жұмыс іздеп шекара асып кеткен жоқ. Олардың жұмыс істеуіне өзімізде жағдай жасалды. «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауда Үкіметке 2020 жылға дейін халықты жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын жасау тапсырылды. Міне, бұл бағдарлама да жақында қабылданып, оған бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Енді өз-өзімен шұғылданатын, жұмыссыз жүрген, тұрмысы төмен халықты қайта оқытуға, жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге, ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға, экономикалық әлеуеті төмен аймақтардан экономикасы дамыған аймақтарға көшуге жағдай жасау үшін мемлекет тағы да қаржы бөліп отыр.
Салыстырмалы түрде қарасақ, тәуелсіздік жылдары дамуымыз өте бір үлкен қарқынмен жүрген екен. Мысалы, 1994 жылға арналған Республикалық бюджетте барлық кірісіміз 39,2 миллиард теңге, шығысымыз 47 миллиард теңге болған-ды. Ал 2011 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімі - 4,2 триллион теңге, шығысы 4,9 триллион теңге болып отыр. Яғни, кірісіміз 107 есе өскен екен.
Инвесторлардың экономикамызға қаражат салуына да қолайлы жағдай жасалып келеді. Табиғи ресурстарымыздан, шикізаттан, мұнай секторынан түсетін түсімдерді ұлттық қорға жинау арқылы болашаққа деген ұтымды ұмтылыс жасалды. Ұлттық қорымыз да елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақты дамуына негіз болды. Осы Ұлттық қордан 10 млрд. доллар еліміздегі қаржы рыногын тұрақтандыруға бөлінді. Бұл шешім әлемдік қаржы дағдарысының Қазақстанға әсерін баяулатып, экономикамызды тығырыққа тіремей, қалыпты даму жолына бастады.
2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаның негізгі мақсаты - экономиканы әртараптандыру, қазақстандық қамтуды ұлғайту, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жол ашу, шикізаттық емес экспорттық әлеуетті арттыру, жоғары технологиялық өндіріске көшу. Индустрияландырудың алғашқы жылының өзінде жалпы құны шамамен 800 миллиард теңгеге 152 өнеркәсіптік нысан іске қосылып, 24 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. 2014 жылға дейін осы бағдарлама аясында құны 8,1 триллион теңге құрайтын 294 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Болашақта да жалғасын табатын бұл бағдарламадан халықтың күтері көп.
Тәуелсіздікке жету жолы қаншалықты ауыр болса, тәуелсіздікпен тыныстаудың баяндылығы да соншалықты жауапты екені анық. Жас ұрпақ тәуелсіздіктің тағылымдарын танып, қастерлеп, құрметтеп отыруы керек. Тәуелсіздік бізге бәрінен де қымбат. Сондықтан да бәріміз еліміз үшін еңбектенуіміз, халқымыз үшін қызмет істеуіміз керек.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің бюро мүшесі.
«Егемен Қазақстан» газеті