Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 8274 29 пікір 6 Қыркүйек, 2018 сағат 16:08

Отырар тарихын бұрмалау кімге тиімді?

Жуырда ұзындығы жарты метрге жуық, салмағы 8 келіден асатын 2 томдық, 552 беттен тұратын «Отырар» тарихи-этнографиялық альбомдар жинағы жарық көрді. Түркістан облысы, Отырар ауданының қысқаша тарихы мен сол ауданның халқының есінде сақталған біртуар перзенттері туралы мәліметтер берілген екен. Бұл альбомдарға миллиондаған қаржы жұмсалғанын, Түркияда басылып шыққанын сұрап білдік.

Өкініштісі сол, тарихи альбомдарды шығарудағы мақсат мүлдем түсініксіз. Атын «Отырар» деп айғайлатып қойғанымен, мазмұны атына сай емес. Көлемі мен түрі салмақты, ішінде мыңдаған адамдар туралы ақпарат бар, тіпті кейбіреулерінің атын адам білмейтін көптеген ақын-жазушылардың өлеңдері мен әңгімелері кездеседі. Атап айтар болсақ: Ұлжан Дәуренбекова, Жанат Ботабекова, Ахмет Әбутәліп, Есенгелді Наурызбайұлы, Медет Башаров, Ибатов Сұлтанхан, Тәуірелкелдібек Молтаев, Әмина Әбдісадыққызы, Қыстаубек Амантай, Тұрымтай Мыңжасарұлы, Болысбай Рахымбаев, Файзулла Сүгірбаев, Айдарша Оспанов, Еркебай Көшербайтегі, Өмірзақ Серікбаев және басқа жазғыштардың әңгімелері, өлеңдері, отбасы тарихы туралы естеліктері берілген екен.

Отыздан астам әл-Фараби шыққан Отырар елінің тарихы күрделі. Фарабилер мекені атанған аймақ әлі жіті зерттеуді талап етеді. Себебі мұндағы ғалымдар математика, физика, астрономия тағы басқа көптеген салаларда әлемдік деңгейде жаңалық ашқан тұлғалар. Осы ғалымдар ішінде қазақтың бас тарихы болған, Отырар тарихын бүкіл адамзаттың құлағына жеткізген, аты аңызға айналған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби екені даусыз. Ұлы ойшыл туралы халық аузында сақталған мынадай бір әңгіме бар. Ұстаз қартайған шағында бір топ шәкірттерінің басын қосып: «Сендерге аманатым бар, егер құпиясын сақтап, шартын орындасаңдар айтамын», – дейді. «Аманатқа қиянат жасауға болмайды, айтқаныңызды орындаймыз», – деп шәкірттері уәде береді. Сонда ұстаз оларға теріден тігілген тұмарды ұсынып, қабірінің басында ғана ашуды өтінеді.

Арада көп уақыт өтпей-ақ ұлы ұстаз дүниеден өтеді. Марқұмды арулап, жерлеу рәсімі кезінде уәде бойынша әлгі тұмарды ашып қараса, ішінен тілдей қағаз шығады. Қағазда: «Бұл туған жерім – Отырардың топырағы еді, қабіріме осыны салыңдар», – деп жазған екен. Өтініші үлкен тебіреніспен орындалады. Данышпанның аты данышпан, өмірден өтіп жатып та туған жердің қасиетін кейінгілерге ұқтырып кетіпті. Ал, аталған альбомдарды құрастырушылар Отырар тарихынан ойып тұрып орын алатын ұлы тұлғаның, неше том кітапқа жүк болатын еңбектері мен өмірбаяны туралы мардымсыз мәлімет беріп, 552 беттің шағын бір бетін ғана арнаған.

Ал, енді Отырар тарихын қолына қалам ұстаған кезден бастап  зерттеген, Отырар даңқын күллі әлемге паш еткен және оның қазіргі музейін аштырған, Әбу Насыр әл-Фараби мен отыздан астам әл-Фарабидің еңбектеріне ерекше назар аудартып, олардың есімінің сол жерде жазылуына себепкер болған, есімі Біріккен Ұлттар Ұйымының Алтын кітабында жазылған, 120 мемлекеттің сыйлығын иеленген ақын Мұхтар Шаханов екені даусыз. Ол кісінің қазақ ұлтына жасаған басқа да қызметін айтпағанның өзінде, Шыңғыс ханның Отырарды қалай қиратқаны жайлы поэмасының өзі әлемнің 100-ден астам тіліне аударылған және 25 жылдай қазақ мектептерінің оқулығына енген «12-3=?» поэмасының өзі неге тұрады? Туған жер тарихын кең көлемде зерттеу үшін үкімет басшыларының назарын аудартқызған ақынның аталған альбомдарда екі жол өлеңі келтірілмеген, 552 беттің жарты бетін ғана арнаған. Ақынның еліне жасаған қыруар еңбектерін жоққа шығару үлкен әділетсіздік емес пе?

Әл-Фараби мен Мұхтар Шахановтың туған жеріне жасаған істерін бір емес бірнеше университеттер зерттеп біте алмасы анық. Ұлттық сананы өзгерту үшін төл тарихымызды түгендеу мақсатында әлемге белгілі тұлғалардың «Отырар» тарихи-этнографиялық альбомында еңбектерінің болмауы – болашақ ұрпаққа тарихты бұрмалап жеткізу. Шындық айтылмаған кез келген кітаптың құны болмайтыны белгілі жағдай.

«Ағаштың тамыры жерде, адамның тамыры елде», – деген сөзді ұран етуші тұлғаларымыз қазақтың кез келген тарихи кітабынан ойып тұрып орын алуы шарт. Әлемді мойындатқан ұлы тұлғалар өзінің өмірлік жетістіктері мен қалыптасуының бәрі туған елден алған нәрінің жемісі екенін бір сәтке де естен шығарған емес. Біздің халық ықылым заманнан бері адам баласы туған жерінен сусындайтынын жақсы біліп қана қоймай, болашақ ұрпағының санасына сіңіре білген.

Туған жер – адам өмірінің киелі де қастерлі орны екенін жастарға ұғындыру біз бен сізге міндет. Әлемнің мақтанышына айналған тұлғалар Отырар туралы шыққан кез келген еңбектің көркін келтіріп, атын асқақтатады. Отырар қазақтың бас тарихы деңгейінде екенін ескерер болсақ, бұл жердің тарихын жазу аса жауапкершілікті талап етеді. Шыңғыс ханның шабуылы кезінде жер астына жасырылған ғалымдардың құнды еңбектерін табуға бүгінде қаржы бөлінбей келеді. Соңғы уақытта кішігірім ауыл, аудан тарихын зерттеу барысында осы жайттарды ескермеуге болмас. Тарихы терең қазақ жерінің зерттелмеген тұстарын ашып жазуға мүмкіндіктер жеткілікті. Елдің кешегісі мен бүгінгісі туралы ғалымдардың зерттеулері мен халық аузындағы аңыз әңгімелерге қоса, жергілікті жердің жағдайын білетін көнекөз қарияларымыз бар. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауылдан нәр алатын қазақ ұлтының тарихын жазу қажет.

Бірнеше ғасырда бір туатын алыптар мекені туралы альбомдардың жалғасы болып кітап шығаруды жергілікті кәсіпкерлер қолға алып отыр екен. Миллиондаған теңге қаражат жұмсап кітап шығару мақсат болмауы тиіс. Мақсат туған елдің тарихын болашақ ұрпаққа тура әрі нақты жеткізу. Әлемдік деңгейде танымал тұлғалардың аты аталған кітапқа жұрттың назар аудармауы мүмкін емес. Бұл салғырт қарайтын дүние болмауы керек. Альбомдарда кеткен үлкен қателіктер көзге түрпідей тиеді. Назар аудармай кетуге, айтпауға тағы да болмады. Келесі шығарылатын тарихи кітаптарда қателіктерге бой алдырмаса дейміз. Қазақтың бас тарихына айналған, Фарабилер мекені аталған Отырар тарихына шырылдап зерттеу жүргізгендер, туған жерін қызғыштай қорғағандар мен шындыққа тік қарай алған тұлғалардың еңбектері жазылуы қажет. «Құнды кітап – халық қазынасы» дейтін сөзді ескермеу үлкен қателік болары анық.

Отырар десе Әбу Насыр әл-Фараби және Мұхтар Шаханов бірден еске түседі. Бұл атауларды бірін-бірінен бөліп қарауға келмейді және ажырамастай ұғым болып кеткені белгілі жағдай. Кешегі мыңжылдық тарихқа қанша зерттеу жасасақ та, бір-бірімен біте қайнасқан аттары аңызға айналған ұлы ұғымды ажырату еш қисынға келмейді. Сонымен қатар, қазақтың бас тарихына айналған, қазақ ұлтының санасына сіңіп кеткен Отырар тарихын жазуда қателіктер мен бұрмалауларға жол бермеу бүгінгі ұрпаққа артылған жүк. Шындықты бұрмалау – тарихымызды қорлау екенін ескере отырып, облыс, аудан басшылығы кеткен қателіктерге шыншыл өзгерістер енгізер деген сенімдеміз.

Берік Ағыбаев, тарихшы

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052