Ресейдің не ойлағаны бар
11 қыркүйек күні Ресей 37 жылдан кейінгі ең ірі әскери жаттығуын бастады. Күллі әлемнің назары қазір осында. Жаттығуға 300 мың сарбаз, 1200 ұшақ пен тікұшақ, 84 кеме, 36 мың танк, брондалған көліктер, САУ және т.б қатысып жатыр. Жалпы көлемі сұмдық енді. Жаттығулар бір аптаға созылмақ. Ал біздегі әскери сарапшылар бұл жайында ләм-мим демеді. Жаттығу болып жатқанын біле ме өзі? Ой, анығы бізде әскери сарапшы бар ма?...
Бұл жаттығу бұрынғысынан өзгерек. Оны байқайтын көз керек. Неге?
1. Бұған дейінгі ірі жаттығулар Ресейдің батысында, Украинамен шекаралас өңірлерде өтті. Оны негізінен Еуропаға, Балтық жағалауына келіп, Грузиямен құшақтасқалы тұрған НАТО-ға көрсеткен қыры ретінде қабылдауға болады. Тіпті Қырым мен ЛДНР-ге қатысты саяси қоқандау десе де жарасады. Ал бұл жолғы жаттығу керісінше Қиыр Шығыста өтіп жатыр. Жүздеген мың әскерді бірден алыс қашықтыққа жеткізу жаттығуы тегін емес. Батысқа қарап тұрған "Сауронның көзін" шығасқа не бұрғызды екен? Қытай ма? Әлде, Жапон ба? Бәлки әне-міне атысып кетуі мүмкін КХДР-дегі АҚШ-пен "өтірік достық" статусы ма?
2. Екіншіден бұл жолғы жаттығудың мақсаты басқа. Бұған дейінгі жаттығулардың көпшілігі қорғанысқа негізделсе, бұл жолы шабуыл тактикасы мен стратегиясы қаралуда. Бір мезетте 300 мың әскерді шабуылға бастау жоспары болса, онда жаудың да саны мен сапасы оңай болмағаны. Соған қарағанда "экономикалық жағдай бұдан бетер нашарлай берсе, амал жоқ, кімді болса да алқымдап кетеміз" деп отқан жоқ па Мәскеу. Шындығына келгенде Ресейге өз халқының қазіргі көңіл-күйін аулау үшін соғыс керек. Басқа амалы жоқ. Халқын тыныштандыратын қаражат жоқ болса, онда оларды "патриотизм" деген есірткімен егіп қою лазым. Ол есірткі соғыс жағдайында тамаша әсер етеді. Қабылдаған жан қаражатты емес, қанды аңсап тұратын болады. Оның үстіне Ресейдің патриотизмі шовинизм деген үлгімен үйлесіп тұр. Қысқасы Мәскеу ең жаман сценарийге дайын сынды. Оның қазаққа да әсері болары анық. Түрлі одақпен байланған қазақ Мәскеудің авантюрасының құрбаны боп кетпесе болғаны...
3. Ресейдегі жаттығудың жілігін шағып, майын іштіретін бір тамаша әскери сарапшы болса, осында өз ойын жазса ғой шіркін. Қаржы жоқ уақытта, қыруар қаржысын шашып өткізген бұл жаттығуы құр сес пе, соғыс самалы ма? Осыны түсіндірсе. Тіпті қанша сайттан іздедім, таппадым. Қате ойымызды дұрыстап отырса.
Асхат Қасенғалидың facebook парақшасынан
Abai.kz