Алматылықтар «мың бояулы қаланың» туған күнін мерекелеуде
Алматыда Қала күніне арналған ауқымды мерекелік шаралар өтуде, деп хабарлайды Абай-ақпарат Алматы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Мереке күні дәстүрлі «Apple Fest» алма фестивалі ұйымдастырылып, шара бірден бірнеше алаңдарда: ҚР Тұңғыш Президентінің саябағында, Панфилов көшесінде, Almaty Arena алдындағы алаңда, Жібек Жолы көшесінде, Абай және Астана алаңдарында, Орталық мәдениет және демалыс саябағында, «Көктөбеде» өтті.
Мегаполис әкімі Бауыржан Байбек қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады.
«Елбасының тапсырмасы бойынша біз Алматыны әлемнің үздік мегаполистерінің біріне айналдыру үшін қала кеңістігін жүйелі трансформациялауды бастадық.
Осы уақыт ішінде «Қала адамдар үшін» жобасы аясында тарихи орталықтың 60%-ы жаңарды, жаяу жүргінші жолдары экономикаға оң ықпал етуде, бизнесті ынталандырып, жаңа жұмыс орындары құрылуда.
Алматылықтарға қаланың қай жерінде тұратындығына қарамастан бірдей жағдай жасалуда. Орталықтандыру қағидасы бойынша барлық аудандар даму үстінде. Қала тұрғындары жер асты өтпелі жолдардың қауіпсіздігі мен тазалығын жоғары бағалауда. Әрбір үшінші аула, 500-ден астам көше жаңарды, парктер мен скверлер түрленді, жасыл желек аумағы ұлғайды, қаланың 130 тарихи ғимараты түнге қарай архитектуралық жарықпен нұрлана түсті.
Құрметті алматылықтар, алдымызда көптеген істер шешімін күтуде, сіздермен бірге оларды жүзеге асыратынымызға мен сенімдімін, Алматының әр адам тұлға ретінде қалыптасып,арманы орындалатын әсем қалаға айналатыны ақиқат. Қалаға және Сіздерге ардақты алматылықтар, одан әрі гүлдену мен өркен жаюды шын жүректен тілеймін!», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Салтанатты шара басрысында «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағы Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел- елші Ақмарал Арыстанбековаға, халық артисі Ескендір Хасанғалиевке, ғалым- әдебиетанушы Серік Қирабаевқа берілді.
Қала күні құрметіне орай ҚР Тұңғыш Президентінің саябағында ең ұзын «Құрақ көрпенің» Гинестің рекордтар Кітабына енуіне қатысты тұсаукесер өтуде. Ұлттық көрпенің ұзындығы 10900 метр, саябақты түгел алып жатыр. Еске салсақ, қазақи көрпені жасауға қаланың және өңірлердің шеберлері мол үлес қосты. Құрақ көрпені тігу Наурыз мерекесі кезінде басталған еді.
Қала күні мерекесі Almaty Arenaдағы «B-DAY Party» концертімен және «Астана» алаңында түнгі сағат 21:00-де болатын салютпен аяқталады.
Abai.kz