Шудағы шын парақор жазадан құтылып кетуі мүмкін
Соңғы кездері, Жамбыл облысындағы Шу қаласын басқарған әкімінің «қолы шыққан» болатын. Карта ойынына құмарларға тән бұл түсінік ол шенді үшін жат емес. Мәнісін жолай түсінесіздер. «Қолы шыққаны» – мемлекеттік бағдарлама бойынша қомақты қаржыны игеру мүмкіндігінің туғаны.
Қала шетінде орналасқан әскери қалашық, талай жылдар бойы, қаңырап, бос тұрған болатын. Ал, биыл, 90-шы жылдары тарап кеткен, әскери бөлімнен қалған тұрғын үйлерді жөндеуден өткізіп, қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайы нашар топтарына бөліп беру бағдарламасы қолға алынған. Көп қабатты бірнеше тұрғын үйді тыңғылықты жөндеп шығу үшін қаражат та аз бөлінбесе керек. «Май шелпек» пе? Әрине. Пиғылың таза болмаса, бюджеттің қаржысын «ұрып» та, «бұрып» та жеуге болады. Қала әкімі қалай қарап қалсын? «Қанды басың бері тарт!» дейді де, іске кіріседі. «Биге» шығып алған, «екі жейтін» мүмкіндігі бар. Күрделі жөндеуге бюджеттен бөлінген қаржының біршамасы «аванспен» «желініп» кетеді де (оның анық-қанығын құзырлы мекемелер анықтай жатар), енді оның орнын толтырудың амалын іздестіре бастайды. Заңды айналып өтуге үйреніп қалған ел барда, оның да жарасы жеңіл емес пе.
Сонымен, әкім хатшысы арқылы, басқа да жең ұшынан жалғасып жүрген «әмпей-жәмпейі» бір «достары» арқылы әскери қалашықтағы үйлерді жөндеу жұмысына жарна қабылдап, ақша салғандарға сол үйлерден пәтер беретіні туралы сыбыс-ақпарат таратады. «Арамза молдаға» сенгіш «аңқаулар» да табыла кетеді. Ұзын- ырғасы 25 адамнан жалпы сомасы 25 миллион теңгеден астам «жарна» жиналып алынады. Алайда, жеме-жемге келгенде, пәтер де жоқ, ақша да жоқ, алданып қалған жұрт тиісті органдарға арыздарын бората бастайды.
Бұл сюжет, әрине, Қазақстан үшін үйреншікті жағдай. Қызығы басқада.
Тергеу жұмыстары басталып, күдіктілер үстінен қылмыстық іс қозғалады. Бірақ, әкім тағы да әккілік танытып, тергеушінің оған «тісі батпай» қалады. Құрбандыққа шалынған – оның есігіндегі «барып кел, шауып келімен» жүрген, айлық жалақысы 25 мың теңге хатшы қыз. Шудың бойында билік жүргізіп отырған «мырзалардың» ойынша, бар кінәні арқалап, түрмеге қамалатын одан артық жан жоқ сияқты көрінеді. Әрине, басқа кім болсын? Өйткені ол қыздың тіреп тұрған ешкімі жоқ, әкеден ерте айырылған, кәрі шешесі мен ауырушаң бауыры қала «қожайындарына» қарсы не қарекет істесін? Нағыз қорғансыз. Оның үстіне, әкімнің, бала кезден бірге өскен, жақын досының әйелі істі болған хатшы қызға адвокат болып алады. Енді, ол үйдің бар тынысын біліп, тамырын басып отырады. Адвокат болса, өзі қорғауға алғандардың емес, досының мүддесіне жұмыс істей бастайды. «Әкім туралы ештеңе айтпаңдар, одан түк ұтпайсыңдар. Одан да, бәрін мойныңа ал, сонда сотта саған жеңілдік жасайды» деген сынды кеңестерімен онсыз да қайғырып, шарасыз отырған жандарды адастыра бастайды. Осы «қызыметі» үшін байғұс кемпірдің 200 мың теңгесін де қағып алады.
Қала басшысы алдына жылап - сықтап келген хатшы қыздың шешесі мен әпкесін әрең қабылдап, қоқан лоқы көрсетеді. Бір жағынан, тыңшы-адвокат арқылы олардың не ойлап, не қоймақ екенінен хабардар. «Сендер маған түк істей алмайсыңдар. Менің тамыр, таныстарым мықты. Сендердің кімің бар?» деп, қам көңіл жандарды қуып шығады.
Қызды-қыздымен көп нәрсенің бүге-шігесі ашыла бастайды да, әкімнің хатшы қызды төсек қатынасына да мәжбүрлеп қойғаны да белгілі болады. « Нағыз әкімге» тән қасиет. Оның басқа «қасиеттерін» Шудың елі «карта құмар», «ішкіш» деп те сыйпаттайды. Әрине, бұл қауесет сөздер болар. Әйтсе де, шағын қалада ондай «еркеліктер» көрінбей, білінбей қалмасы анық қой.
Тергеу ісінің нәтижесінде, сот хатшы қызды ірі парақор ретінде қамауға алуға шешім шығарады. Кәзір, бірнеше апта бойы абақтыда отыр. Ол қыздан қоғамға қандай қандай қауіп бар? Қаныпезер жан алғыш емес қой. Қашып кететіндей, миллиондап «жеп» те қойған жоқ. Тіпті, тұрып жатқан үйлері кепілдікке қоюға да жарамайтын болып шыққан. Сонда, қала әкімі бастап, басқа шенділер қоштап, заңсыз жолмен пәтер алуға үмітті бір топ жұрт өз еркімен қосылған қылмыстық істегі бар кінә жетім қызға жүктелгені ғой! Қорғансыз болсаң, көрген күнің осы. Сені қорлайтын «мырзалар» табылады.
Бір қызығы, ішкі істер департаменті, прокуратура, сот сынды орган басшылары кеще жандар емес, параның кімнің қалтасына түскенін жақсы білмесе де, топшылауға бастары жетер деп ойлаймын. Алайда, бәрі «бір терінің пұшпағын илеп отырған» соң, «ымдары» да бір шығар. Солай-ақ болсын. Ал, сонда, бұларға «әй» дейтін Асанов, «қой» дейтін Қожамжаров болмағаны ма? Ал, облыс басшысы Мырзахметов мырза өзіне бағынышты әкім қараның бұлайша еркін кетуіне қалайша жол беріп қойған? Мұнда Сіздер түсінуілеріңіз керек маңызды бір нәрсе бар – бұқара жұрт сіздердің әрекеттеріңізді президент жүргізіп отырған әлеуметтік саясат деп түсінеді. Өйткені сіздер елбасы тағайындаған, ол сенген тұлғасыздар. Сенімді ақтау керек шығар. Әйтпесе, қорғансыз деп, былайғы елді көрінген қорлай берсе, арты жақсылыққа соқтыра қоймас.
Қазір пәтер аламыз деп, пәлеге тап болған жандардың бір тобы ақиқат іздеп, сабылып жүр. Заңгер де жалдаған. Өздерінің ақшасын хатшы қыз «жеп» қойды дегенге еш сенер емес. Тұрмысымен танысып, несі бар, несі жоғын да анықтап шыққан. Ол қыздың, өздері берген, миллиондарға қатысы жоқ екеніне көздері жеткен. Шын парақор жазадан құтылып кетеді деп, алаңдап отыр. Сотқа, басқа да құқық қорғаушы мекемелерге сенімдері аз.
Асхат Асан
Abai.kz