«ҚР Ұлттық аудиовизуалды архив қорының өзекті мәселелері» атты конференция өтті
Алматыда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві» РММ 75 жылдық мерейтойы аясында «ҚР Ұлттық аудиовизуалды архив қорының өзекті мәселелері» атты конференция өтті.
Конференцияның ашылу салтанаты кезінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаты тапсырылды. «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыру бағытын «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасына» балады. Архив саласы – өрелі өткеніміз бен кемел келешегімізді нақты деректермен байланыстырушы алтын көпір. Сондықтан ел халқының тарихи санасын жаңғыртуда, рухани құндылықтарды жұртшылыққа жеткізуде ұлттық архивтер жүйесі елеулі үлес қосып келеді. Сіздер республикамыздың кешегісі мен бүгінін баян ететін Қазақстанның сан-салалы тарихын, аудиовизуалды құжат түрінде Отанымыздың бейнелі шежіресін көздің қарашығындай сақтап келесіздер» - делінген құттықтау хатта.
Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті архиві директорының орынбасары Ә.Х.Мұстафина, Алматы облысы мемлекеттік архивінің бас директоры Г.Кулмуханбетова, Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің директоры А.Ботанов, Түркістан облысы мемлекеттік архивінің басшысы А.Исатаева, Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ж.Турсынова, Ақтөбе облысы мемлекеттік архивінің директоры М.Тулебай, Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің директоры А.Шажалықызы, Қырғызстан Республикасының Орталық мемлекеттік кинофонофотоқұжаттар архиві директорының орынбасары М.С.Суваналиева, А.Д.Тазабекова мен ғалымдар, ұстаздар, архив саласының мамандары қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз алған Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры Т.Н.Тойбаев: «Тез әрі қарқынды түрде өзгеріп отырған мына әлемде архив саласындағы қызметкерлер үшін де, жалпы архив қызметі үшін де «Архив қызметін қалай жақсартамыз?» және де екінші, «Тарихи құндылықтардың мұрты бұзылмаған күйінде кейінгі ұрпаққа аманаттаудың жолы қандай?» сұрағының өзінде заман талабы өзгерісті қажет ететіндігі көрініп тұр. Негізгі мақсат – жаңа замандағы архив қызметіндегі мәселелерді айқындау, жетекші орнын белгілеу, сонымен бірге осы сала бойынша әлемдік тәжірибеге зер салу. Қазіргі заманғы архивтердің сандық жүйесін құру, жұмыс істеудің инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу архив саласы қызметкерлерінің кәсіптік құзыреттілігіне жоғарғы талаптар қоюда. Жаңа технологиялармен жұмыс істеуде, оны меңгеруде архив қызметкерлерінің жан жақты білімі қажет. Қазіргі архивист жүйелі түрде өнімді жұмыс жүргізе алатын, техникалық өзгерістерге тез төселетін, архив қызметін пайдаланушылармен ортақ тіл табыса алатын, білімді, іскер, шебер болуы керек», - деді.
Конференцияда қазіргі кездегі архив ісінің дамуы мен болашағы, отандық аудиовизуалды архив саласының жетістіктері, оларды пайдаланудың жаңаша әдіс-тәсілдері, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында архивтердің сандық жүйеге көшуі, ақпараттық жүйеде ретроспективті құжаттармен қамтамасыз етудің маңыздылығы, мемлекеттік архивтерді сандық жүйеге келтіру мәселелері талқыланды.
Конференция жұмысы барысында Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің 75 жылдығына арналған «Тарих – тамырың, болашаққа тағылым» атты көп сериялы альбом кітаптың тұсаукесері жасалды. Альбомға революцияға дейінгі Қазақстан тарихынан сыр шертетін, бұрын-соңды жарияланбаған архив қорындағы маңызды деген суреттер ғана енгізілді. Алдағы уақытта альбом кітапты Қазақстан тарихын тарихи кезеңдерге бөле отырып шығару көзделіп отыр.
Архивтің киноқорында ең бірінші «Востоккино» студиясы және «Межрабпром» кинотресінің операторлары түсірген деректі очерктері жинастырылған. Сол жылдардағы түсірілген фильмдердің ішіндегі аса құнды таспалары мыналар: «Қазақтардың өмірі мен тұрмысы» (1927 ж.), «Алма-Ата – Қазақстанның астанасы» (1929 ж.), «Түрксіб» (1930 ж.) және т.б. Азаматтық және отан соғысына қатысқандар, еңбек ерлері жайлы, ғылым және өнер қайраткерлерінің: «Тұрар Рысқұлов», «Әлия», «Дина», «Амангелді Иманов», «Мәншүк», «Высокое небо Талгата», «Мәжит Бегалин», «Сәкен Сейфуллин» сынды және басқа да көптеген атақты адамдардың деректі фильм-портреттері Республика тарихының жеке дара парақтары десек те болады.
2012 жылы архив бірегей жаңа жабдыққа ие болды. Франция мемлекетінен әкелінген құрылғылар арқылы киноқұжаттарды ультрадыбыс арқылы тазартуға, сканерлеуге, құжаттың көшірмесін серверде сақтап, оны көрсетуге, HD форматында көшірмесін жасауға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда құнды деген дүниелердің барлығы тазалаудан, өңдеуден өткізіліп, заманауи сақтағыштарға көшірілуде. Бүгінде Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві заманауи техникалармен жабдықталған әрі қолданушылардың архивтік ақпараттарға кең көлемде қолжетімділігі қамтамасыз етілген.
Конференция жұмысының соңында архивтік мекемені аралау кезінде Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінің директоры Тасқын Нұрбайұлы Тойбаев архивтік үдерістерді автоматтандыру мен компьютерлендіру саласындағы өнімдер мен сандық жүйеге көшіру жұмыстарының барысымен таныстырып, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.
Abai.kz