Сенбі, 23 Қараша 2024
Көкжиек 6830 4 пікір 24 Қыркүйек, 2018 сағат 10:43

Аманқос Мектеп-тегі. Сөз сыры

Тіліміздегі байырғы сөздерді төркіндетіп, сырына үңілу үшін ғылыми біліктілік пен ұлыттық таным өресі биіктігі шарт. Төрүктекті этномәдени атаулар мен тілдік қолданыста ежелден белгілі болған сөздерге қатысты зерттеушілердің түрліше болжамдары мен пайымдаулары бар. Күні бүгінге дейін бұл мәселеге байланысты қызу пікірталас еш толастаған емес. Сөздік қорымыздағы төл атаулардың түп-төркінін қалай болса, солай қисынсыз тарқатқан тұжырымдар мен қағидаларға түбегейлі қайта қарайтын мезгіл жетті. Оның себебі төрүк көшпелі өркениетін тұқыртып, мал соңынан ерген жабайы, надан, мәдениеттің қас жауындай сипаттау – еуроцентристік көзқарастың соңғы үш ғасырдағы бұлжымас басты ұстаным бағыты саналды. Осы принциппен тарих, қоғамтану, тілтану саласында ақиқатты жаппай бұрмалау – ғылыми методологияның негізгі сүйенетін күретамыр өзегіне айналдырды. Ресей империясы дәйектілікпен төрүктану саласында ұдайы жалған идеологиялық сана қалыптастыруға күш салды. Иелігіндегі төрүк ұлыстарына тиісті мәдени-рухани бай тарихи мұрасын жариялауға, арнайы зерттеуге идеологиялық шектеу жасағаны мәлім. Оның себебі Ресей империясы отарлаған төрүктекті ұлыстардың ұлыттық ерекшелігін мүлдем жойып, адами капиталы, мәдени-рухани бар байлығын өзіне сіңіріп алуға дәмеленді. Империя ғылымды қол астындағы этностардың санасын игерудің құралы орнына жұмсады.

Әлі есімде 1987 жылы Мәскеудегі В.И. Ленин атындағы кітапхананың диссертация залында ғылыми жұмыстармен жақынырақ танысқаным. Таңғалғаным сол – орыс тілінде жазылған әрбір диссертацияның украин, белорус, өзбек, әзербайжан, татар, литва, эстон, қысқасы, Кеңес одағы құрамындағы барша ұлыт пен ұлыстардың тілдеріндегі нұсқасы барына көз жеткіздім. Бұлардың идеялық нысаны бір болғанмен айырмашылығы әрбір ұлыттың мысалына жүгінгендігінде еді. Міне, дәл осылай империялық саясат ғылымды өз мүддесі тұрғысынан шебер құлданды. Солай ұлыт өкілдерінің ғылыми мамандарын тәрбиелеп, өсірді. Сөйтіп, Кеңес дәуіріндегі ғылыми жүйе мен методология төрүктану саласының дамуына кері ықпалын тигізіп, таланттарды адастыруға қызмет етті. Соның салдары тәуелсіздігімізді жариялағанымызға 27 жылдан асса да, қалыптасқан бұрынғы тұжырымдар мен қисындардан арыла алмай келеміз. Тілтанушы ғалымдар «соқыр көргенінен жазбайды» демекші патефон күйтабағы сияқты бұрынғыны қайталаудан аса алмай жүр.

 «АЯН1 [ар.] сын. Белгілі, мәлім, айқын. АЯН2 [ар.] зат. миф. Белгі, хабар, ишара. (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. ІІ том / Құраст.: Ғ. Қалиев, С. Бизақов, О. Нақысбеков және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006, 333–334-беттер). Сөздік жасаушылар отаршылдықтан жұққан әдет бойынша қазақ тіліне тән ұғым, танымдарды тереңірек талдауға мойын бұрмай, шүлен таратқандай әйтеуір өзге тілден шығара салуға әуес. Тіліміздегі аян сөзі ай+ан – айту, сөйлеу және есі, яғни  есі бар сөз, Құдайдың сөзі, сөздің киесі мағынасын береді. Ай+ан > Құдайдың құдіретімен Айдың әртүрлі фазасында табиғат құбылысынан хабар беретін ақпараттық қырын егіздеуден туған атау. Көкке табынған Тәңірлік дәуірдегі танымға сәйкес аспан шырақтарына қатысты үдерістің биоөріс арқылы психологиялық әсер етіп, түрлі сенім ұялатуы. Демек, ақпараттың киелілігі көкпен, ғарышпен байланыстылығынан қалыптасқан ұғым.

Тіл бар да, сөз де болатыны баршаға аян. Тіл атаулының байлығы мен көркемдігі, оралымдығы мен кемелдігі сөзімен өлшенеді. Алайда сол сөз дегеніміз не? Бұл сұраққа Қазақ әдеби тілінің сөздігінде (Он бес томдық. 13-том / Құраст.: А. Фазылжанова, Н. Оңғарбаева, Қ. Ғабитханұлы және т.б. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2013, 293-бет): «СӨЗ з а т. 1. Адамның ой-пікірі, көзқарасы. 2. л и н г в. Белгілі бір мағынасы бар заттар мен құбылыстардың атауын білдіретін тілдің негізгі бірлігі», – деп анықтама берілген. Алайда түбір саналатын лексикалық тұлғаның о баста екі дербес мағыналы атаудың бірігуінен жасалғандығы тілді арнайы зерттеумен шұғылданатын ғалымдарға да беймәлім. Жалпы, туыстас төрүк тілдерін зерттеген отандық және шетелдік төрүктанушылар «сөз» лексемасын түбір тұлға ретінде қарастырады. Мысалы: «сөз [söz] слово, речь. Ср. др.-тюрк. sav слово, молва, речь [ДТС] (Кайдаров А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. А.: Наука, 1986. 275-бет). Оның сыры ежелгі төрүк тілінің, соның ішінде қазақ тілінің де материалдық таңбаланып, бізге жеткен нұсқасынан бастап бүгінгі таңға дейінгі өсу, даму эволюциялық жолын, жүйесін, оқылу, жазылуына сәйкес табиғи заңдылықтарын дұрыс ажыратуды ескермегендіктен. Бұл ретте бағзы тас бітіктердегі мәтіндердің дыбыстық жүйесі бойынша кездесетін идеографиялық мағынасының сақталуы, орфографиялық және орфоэпиялық заңдылықтары, сөйлемнің синтаксистік құрылым конструкциясы ерекшеліктерін жетік игерудің мәні өте зор екен. Мәселен, байырғы төрүк руника жазуының емлелік ережеге сәйкес дауысты дыбыстан басталатын лексеманың бастапқы және ортаңғы буындарында дауысты дыбыс таңбасы түсіріліп немесе имплицитті, жасырын тұрып, тек оқығанда ғана қосылып айтылады. Демек, жазу мәтінін оқу үшін графикалық кодты, ұлыттық рухтың қорғаны құпия құлыпты аша білу маңызды. Мысалы:  – еКІН аРА (КТү., 2);  – аЛМыС (КТү., 2);  – аБ (КЧ., 9);  – еБ (КТү., 41, 48., Тон., 30., МЧ, 24);  – аРыҚ оҚ СеН (ҚТк., 8). Емле қағидасы бойынша о баста тілдік үнемдеудің өнімді әдісімен қатар тас бітікке бәдіздеуде тәжірибе жүзінде де мәні айырықша екенінің нақты айғағы. Төрүктанушылар емлелік бұл заңдылық төрүк руникасының құпияны сақтаудағы криптографиялық басты ерекшелігі екенін қаперіне ілмеді. Төрүк тіліндегі атаулардың этимологиясын зерттеген Ресей мен шетелдік ғалымдар біздіңше, Руникалық Тұжырым (Концепция) арқылы қалыптасқан мұндай лексикалық құбылысты ғылыми пайымдауға өре деңгейі жете тұра, өз мүддесі тұрғысынан бұрмалады. Сондай-ақ, бұл тілдік құбылыс о баста ең әуелі дыбыстық тіл емес, графикалық тілдің пайда болғандығынан ақпарат беріп тұр.

Сонымен  – сөз атауы еСі+ӨЗі, яғни табуланған еСі+Жаратушы дегенді білдіретін екі дербес мағыналы лексеманың бірігу, кірігуінен жасалған. Жалпы, дүниеде не бар, барлығының есі – Тәңір [Жаратушы, Құдай]. Қоршаған ортаның бәріне тән болмыс-бітімін, бет-бейнесін, түр сипатын сақтайтын қорғаны, күзетшісі – ЕС, яғни иесі. Егер есінен айырылса, ол ­– от болсын, су болсын, өсімдік болсын, жан-жануар болсын реалды дүниеден лезде жоғалады. «Есің бар да еліңді тап» деген. Мұның бәрі Жоғарғы Сананың мәселесі. Байырғы қазақтар ат қою дәстүрінде осы даналықтың мәнін әсте естен шығармаған. Есті, Есбол, Есберген, Есет, Естай, Есім, Естек, Ескен, Есен, Есбай, Есқуат, тағы басқа қазақ аттары Жаратқанға тілек дұғасын, арман-аңсарын білдірудің нақты мысалы. Үйдің қорғаны, күзетшісі – есігі екені де тектен-тек емес. Орыстың отец – әке дегенді білдіретін атауы бағзы қазақ тілінен ауысқан ОТ+ЕСі, яғни шаңырақ иесі мағынасындағы ұғымнан қалыптасқан.

Ендігі кезекте сөз, яки еСі+ӨЗі немесе еСі+Жаратушы дегенге талдау жасалық. Ол үшін сәл шегініс жасап, әлемнің жаратылуын баяндаған Таураттан үзік келтірелік:

«1 Әуел баста Құдай көк пен жерді жаратты. 2Ал жер қалай болса солай ретсіз орналасып, тіршіліксіз, қаңырап бос тұрды, суға толы тұңғиықтың үсті қара түнек еді. Ал Құдайдың Рухы сол судың бетінде қалықтап ұшып жүрді. 3Сонда Құдай: «Жарық болсын!» – деді. Сөйтіп жарық болды. 4Құдай жарықтың жақсы екенін көрді. Содан кейін Ол жарықты қара түнектен бөліп, 5жарықты күн, ал қара түнекті түн деп атады. Кеш батып, таң атты, бұл бірінші күн еді.

6Содан кейін Құдай: «[Айнала тұманданып тұрған] суды ортасынан бөліп тұратын ауа кеңістігі болсын», – деді. 7Сөйтіп, Құдай ауа кеңістігін жасап, соның астындағы суды үстіндегі судан бөлді. Бұл осылай болды да. 8Құдай осы ауа кеңістігін аспан деп атады. Кеш батып, таң атты, бұл екінші күн еді.

9Сонан соң Құдай: «Құрлық көрініп тұруы үшін, аспан астындағы су бір жерге жиналсын», – деді. Бұл осылай болды да. 10Құдай құрлықты жер, ал жиналған суды теңіз деп атады. Құдай жасағанына қарап, жақсы екенін көрді...» (Киелі кітап. Таурат, Забур және Інжілден алынған таңдамалы жазбалар. 1994 жыл, 5-бет). Дәл осылай Құдай алты күн бойы өсімдіктер мен жануарлар әлемін, күндіз-түні жарық беріп тұратын аспан шырақтары мен судағы балық пен ұшатын құс, жәндіктерді, осыларға иелік ететін [рухани жағынан] Өзіне ұқсас етіп, адамды бірін – еркек, бірін – әйел қылып жаратты. «Құдай жүргізген жарату жұмысын аяқтаған соң, жетінші күні демалды». Бұл ақпараттан о баста Әлемді Жаратқан Құдай екенін аңғарамыз. Ендеше, күллі тіршіліктің бесігі – Жарық Дүниенің ЕСІ ӨЗІ, яғни ЖАРАТУШЫ екен. Құдай әлемді сөздің тылсым қуаты, магиялық сиқыр күшімен жаратты, оған бір-бірінен ажырататын есім берді. Демек, әлемді ұстап тұрған – СӨЗ, дүниені танудың құралы – СӨЗ. Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деуі сөздің пәрмен күшін аңғартады. Өйткені айтылған сөз заттанады. Ұлы Ақаң ­­– Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады», ­­­– деуінің сыры ­­– міне, осында. Сондықтан лингвист ғалымдар ең әуелі ұлыттың төл сөзін анықтап алуы шарт. Өз сөзін біреуге оңды, солды телуден сақ болғаны абзал.

Төрүктектес ұлыт пен ұлысқа ортақ этномәдени атаудың бірі – бесік.

Кеңес дәуірінде төрүк тілінің шығу тегін зерттеген Э.В. Севортянның «Этимологический словарь тюркских языков» (Издательство «Наука», М., 1974) атты іргелі еңбегі ғылыми ортада жоғары бағаға лайық саналды. Бірнеше томнан тұратын лексикографиялық еңбекте туысқан төрүк халықтарының тіліндегі атауларды салыстырмалы түрде зерделеп, ғылыми ой түйеді. Бұл ретте бесік сөзінің қолданыстағы мағыналық реңкін айқындай келіп, «-е:- ~ -и:- дауысты дыбыстың алдыңғы түбір буында ауысуы би:шик бәлкім, бағзы төрүк тіліндегі архетип диалекті болуы ықтималдығы бар» (Э.В. Севортян. «Этимологический словарь тюркских языков». Издательство «Наука», М., 1978, 122-бет), – деген болжам жасайды.

Төрүк тілінің лексикалық қорында ежелден сақталған төлтума сөзінің мәдиар (венг.), бұлғар (болг.) тілдері арқылы серб. тіліне ауысуын мысалға келтіріп, беделді ғалым бесік атауының түбі славян тілінің әсерінен пайда болған деген қисынсыз емеурін жасайды. Бұл жорамал – төрүк тіліне қатысты тілдік атауды еуроцентристік ұстаным бойынша қайткенде де жүйесі мүлдем бөлек өзге тілден шығаруға бейіл ғылыми негізсіз тұжырым. Біріншіден, мәдиарлар (венг.) мен бұлғарлар (болгар) қаны төрүктер. Екіншіден, әйгілі қолбасшы Аттиланың жорығынан бастап байырғы төрүктердің Еуропаға саяси-мәдени ықпалы өте күшті болғанына тарих куә. Демек, сөздік жасаушының бұл «ғылыми болжамы» ойға алуға да тұрмайтын құр бекер долбар.

Бесік сөзінің шығу тегі акрофоникалық принцип бойынша +І+ аБ+ЕС+і[ү]К біріккен сөздердің қысқарған буынынан жасалған. Тілдің даму барысында аБ+ЕС+І[Ү]К сөзі, яғни үй есі жасырын [бүркеулі, қорғаулы] деген мағынаны білдіретін ұғым.

Қазақ әдеби тілінің сөздігінде кірпі атауына: «Терісін тікенек тәрізді инелер басқан кішігірім жәндік» [631-бет], – деген анықтама берілген. Бұл атау да екі сөздің бірігуінен жасалған. []+ – КІР+еБ, яғни «кіретін үйі» деген мағынаны білдіреді. Біріккен сөздің алдыңғы буыны кір етістігі, екінші бөлегіндегі еб зат есімі үндестік заңына байланысты «б» дыбысы «п»-ға айналып жіктеліп тұр. Еб, ев атауы – ежелгі тілімізде үй мағынасын білдіретін архаизм сөз. Түркиядағы түрүк, қазақ ағайындар үйді «ев» дейді. Парадокс сонда – Таураттағы жер бетіндегі бірінші Адам [ада (төрүк, шумер тілінде – арал, құрлық); ад[т]а + м[ен] = Ата Мен (төрүк тілінде)] және Ева есімі «адамзат ұрпағы тараған алғашқы үйінің құрметіне қойылған» (Досанов Т.С. Тайна руники: Графический дизайн в эзотерической рунной концепции бога Тенгри, сокрытой в знаках рунического письма, в родовых тамгах и в символах геометрического генеза. – А.: 2009, 150–156-беттер). Бағзы дәуірде дулаттар «дулеби», яғни «дулаттардың үйі» деп аталды. Аты-жөнімізді білдіретін тектік белгіміз -ев жалғауы (Бөрібаев, Қазбеков, Тәңірбергенов) – үй мағынасын білдіретін төл сөзіміз екенін екінің бірі біле бермесі анық. Байырғы қазақтардың мәдени ықпалды кезінде орыс тіліне енген бұл төрүкизм, сол тілдің төл сөзіндей әбден сіңісіп кетті. Махамбеттің «...Жақсыларға еп едім,

Жамандарға көп едім...», – деген жыр жолында «еп» ауыспалы «қорған» мағынасында жұмсалып тұр. Сондай-ақ, еб сөзі қазақша кісі есімдерінде де (Ебжасар, Ебжан) кездеседі. Ыбырай Алтынсарин лексиконында: «1876 жылда, мен судьялық орында тұрғанымда, екі ептеш адам бір-бірімен ұрысып, арызға келді...» (Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. – А.: «Ғылым», 1994, 126-бет), – деген сөйлемде қолданған. «Ептеш» туынды сөзі «дос, жатырлас, бірге туған бауыр» ұғымын білдіреді. Қарындас татар тілінде де «иптәш» лексикалық тұлғасында «дүниетанымы, көзқарасы ортақ дос, жолдас мағынасында» (Татар теленең аңлатмалы сүзлеге. Казан, 1977, 404-бет).

Кірпі қауіп-қатер төне қалса, бірден жиырылып, қол-аяғын, басы мен құйрығын жинап үстіндегі арқалаған үйіне кіріп кетеді. Атаудың лексикалық білдіретін мағынасы сыртқы қауіп-қатерден тікенек сауытымен қорғану табиғи инстингті және жаратылыс қабілетінің қызметіне орай қойылған.

«ШАМАН зат. Солтүстік-шығысты мекендейтін, көк Тәңіріне табынатын халықтардың сиқыршы бақсы-балгері.

Шаман діні. Көк Тәңіріне құлшылық ететін дін, шаманизм». (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. І5-том. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2011, 234-бет.).

Профессор Құдайберген Жұбанұлы «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы (Тіл мен тарих деректері» атты зерттеуінде:

«Қазақтың бақсылары, есепшілері, тістің құртын шақыратындар, жыланды, бүйіні шақыратын тамыршылар, қобызшылар, домбырашы, әншілер – көбісі – сол шаманнан өрбігендер. Бұл жалғыз қазақта ғана емес, қоғамның дамуының белгілі дәуірінде қай елде де болған нәрсе. Қазақтың бақсылары емші түрінде ғана болатын болса, тарихта бақсы сөзінің әр заманда әр түрлі қолданылғандығын, бақсының жалғыз емші болмағанын көреміз. Алғашқы әзірде қобыз немесе басқа түрлі инструментке қосып өлең айтып, сол өлеңмен ауруды емдеп, немесе басқа түрлі аспан үнімен, сиқырлы істерімен тиісті міндетін атқарып жүрген шамандар бері келген соң қоғам ішіндегі алуан түрлі зиялылардың аты болып кетті. Ежелгі ұйғырларда бұл сөз оқымысты мағынасында болған» (Шығармалар мен естеліктер (Құраст. Ақырап Жұбанов. – А.: Өнер, 1990. 17-б.), – дейді. Мұнан музыка ырғағының, дыбыс әуезінің жанға жайлы құдіретімен әлпештеп, әуен күшімен әлдилеп Тәңірдің дегенін бақсылар, яки шамандар адамдар санасына сіңірген. Шамандардың алғашқы әзірде Тәңір мен адамдар арасын байланыстырған медиаторлық қызметінде трансқа шығатын құралы музыкалық аспаптар болған деген қорытынды жасаймыз. Осы еңбегінде ғалым: «Қазақта «ауруды бағу» дегендегі «бақ» түбірі немесе біреуге бір нәрсені «бағыштау» дегендегі «бағыш» түбірі осы «бақсы» сөзімен түбірлес болуы керек» (17-б.), – деп жорамалдайды. Расында, қазақ мал бағатын жанды «малшы», дәл осы сияқты «сиыршы», «қойшы», «жылқышы», «түйеші» деу қалыптасқан. Жаратқанның құдіретімен жердегі саналы тірліктің бастауында адамдардың рухани адаспасына бас-көз болатын, табиғаттың түрлі зауалдарынан қорғап, бағатын ерекше қабілетті жандарды «бақсы» деген. Бақсы мен шаман сөздері мағыналық мәндес ұғымдар.

Лев Гумилев: «Фирдоуси төрүк көз байлаушылығы мен сиқыршысын суреттейді. Шешуші айқас алдында Бахрам Чубин сұмдық қорқынышты түс көреді. Оның түсіне әскері талқандалып Ктезифонға баратын жол жаудың иелігіне өткен, төрүктер арыстанға айналып, ал ол өзі рақымшылық сұрап, жаяу келеді. Бахрам алдын ала көрінген жаманшылық белгіге қарамастан шайқасты бастайды. Төрүктер күші басым парсыларды қорқыту үшін сиқыршылық айла-тәсілге көшеді. Сиқыршы аспаннан от жаудырып, парсыларға жебе оғын боратып, ұйтқыған желмен қап-қара бұлыт үйіреді. Бірақ Бахрам әскеріне бар даусымен бұйырып: «бұл тек алдап-арбау екенін, шындығында, жебе оғы жоқтығын» ұқтырады, сөйтіп сиқыршы ойы діттеген мақсатына жетпей қалады. Парсылар кескілескен айқаста жеңген соң, сиқыршы тұтқынға алынады. Ол Бахрам көрген түсті жібергенін мойындайды. Фирдоусидің әңгімесін парсылардың аңызы деп қабылдауға болар еді, егер осы тәрізді төрүктердің этнографиялық ұқсас оқиғалары болмаса» (Л.Н. Гумилев. Древние тюрки. М., 1993. 83–84-беттер), – деп бірнеше сенімді дереккөздеріне сілтеме жасайды. Бұл құпия ілімді зерттеуде кәсіби ізденісімен танылған Мирча Элиаде:

«Шаманизм – экстазға түсудің архикалық техникасының нақ өзі, сонымен бірге бұл сөз кең мағынасында мистика, магия мен «дін» (Мирча Элиаде. «Шаманизм: архаические техники экстаза» Пер. с англ. – К.: «София», 2000. 14-бет), – деген ғылыми тұжырым жасайды. Солай бола тұра, «шаман» сөзінің қайдан шыққаны, этимологиясы хақында ғылымда бір ортақ мәмлеге келмегендігін зерттеуші ашық жайып салады. Бұған дейін ғылымда қалыптасқан «шаман» сөзінің шыққан тегі тұнғыс тілі» дейтін уәжге күмәнмен қарап, бұл терминнің төрүк-монғол тілдерінен енгендігін дәлелдеушілер табылады. Ал Рамстед [G.J. Ramstedt] «бұл сөздің тохар тілінде (samane = «будда монахы») және соғдының (smn = saman) аталуы терминді үндіден тарату мүмкіндігі басымдау деп жорамалдайды. Бұл мәселенің лингвистикалық қырын анықтауға тәуекел етпесем де өз ұстаным пікірімді ғылыми деректерге сүйене үнді сөзінің Орталық Азия мен Қиыр Шығысқа ауысуы, үндінің Сібір халықтарына ықпал, әсерін тұтас этнографиялық және тарихи дәйектердің нәтижесін пайдалана шешкен лазым» (Мирча Элиаде. «Шаманизм: архаические техники экстаза» Пер. с англ. – К.: «София», 2000. 457-бет). «Осы еңбекте жинақталған және талдау жасалған материалдардан шаманизмнің идеологиясы мен арнаулы техникасы ілгерідегі архаикалық мәдениетте көрініс тапқанын куәландырады, демек, одан бағзы шығыстық ықпал-әсердің із-бедерін табу қиын» (461-бет), – деп Мирча Элиаде ғылыми түйін жасайды.

Ғалымдардың осыншама басын қатырып, ойын сан саққа жүгірткен шаман атауы – төрүк руника жазуының криптографиялық құлыпын ашатын кілтін білмеуден туған ағаттық. Бұл атаусөз – күллі төрүктекті ұлыт пен ұлысқа ортақ төлтума ұғым. Негізі төрүк руникасының графикалық заңдылығы бойынша  пішінінде таңбаланғанмен орфоэпиялық ережесіне сәйкес  аШаМАН болып оқылуы тиіс. Сол дәуірдің өзінде төрүктер табулап  Ш[а]МАН деуден  қалыптасып кеткен атау. Дұрысы:  аШаМАН Тәңір мен адамдар арасындағы құпияны ашып, қауымды ізгілік жолына салуға бағыт-бағдар беруші. Орыс тіліне бағзы төрүк тілінен ауысқан «Шыда, қазақ, атаман боласың!» [«Терпи, казак, атаманом будешь!»] дегендегі ата+ман мен аша+ман архетипінің сөзжасам қалыбы бір. Атаман, яғни ата мен [боламын], қазақ тілінің үндестік заңы бойынша ман/мен, бан/бен, пан/пен болып сөйлем ішінде мен есімдігінің пішіні өзгеріп отырады. Ендеше, атаман сөзінің лексикалық мағынасы – қалың қауымды жөн-жосыққа, игілікті іске бастап, адастырмайтын басшысы, атасы мен боламын дегенді білдіреді. Алағай да бұлағай қилы-қилы заманда ежелгі төрүк тілінің сөздік қоры тас бітіктерде түгел сақталмағаны белгілі. Алайда төрүк тіліне сыртқы күштің ықпалымен қандай идеологиялық саясаттың зауалы тисе де  Руникалық Тұжырымға орай төрүк сөзін ажыратып алу оп-оңай екен...

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354