Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Бәрекелді! 10300 43 пікір 25 Қыркүйек, 2018 сағат 11:32

Зырян ауданының атын Алтай деп өзгертілуіне қолдау білдірейік...

28 қыркүйекте Зырян ауданының атын Алтай деп атау туралы ұсыныстарды талқылау үшін «Горняк» мәдениет үйінде қоғамдық тыңдау өтеді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің оң шешім қабылдауы үшін бүкіл қазақ елі  өз қолдауын білдірсе деген өтінішіміз бар. 

Өткен жолы аймақ бас­шы­сының аудандық мәслихат депу­таттарымен, жергілікті қауым­дастық өкілдерімен кездесуінде аудан атын өзгерту мәселесі сөз болды. "Егемен Қазақстан" газетінің жазуына қарағанда аудандық мәслихат депутаты Лариса Гречушникова 27 тамызда Зырян ауданының әкі­мі Нұржан Тоқсейітовке жер­гілікті қауымдастық өкілдері ауданды дамыту және қала мен аудан атын өзгерту жөнінде ұсыныс жіберген.

«Бұл ұсынысты депутаттар корпусы қолдап отыр. Қазір кездесулер ұйымдастырылып, қоғамдық пікірлер зерттелуде, 28 қыркүйекте «Горняк» мәдениет үйінде қоғамдық тыңдау өтеді», – дейді ол.

Депутаттар жаңа атау ау­данның жаңа брендін қалып­тас­тырып, инвестиция тартуға, экономиканы дамытуға тың серпін беретініне сенімді. «Бородино» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Бөкежанов Зырян ау­данының табиғаты тамаша бол­ғанымен, әзірге туризмді өркен­детуге толық жағдай жасалмай отырғанын, жаңа атау осы саланың аяғынан қаз тұруына септесетінін атап өтті.

«Жастар да бұл идеяны құптап отыр. Біз Алтай қаласында, Алтай ауданында тұрғымыз келеді», дейді аудандық жастар ресурстық ор­талығының жетекшісі Майина Ли­совцова.

Облыс әкімі Даниал Ахметов кездесуде аудандық депутаттар мен жастардың тарапынан айтылған ұсынысты қолдайтынын жеткізген.

«Зырянды Алтай деп атау барлық жағынан да келіп тұр. Зырянның тұрған жері Алтай екені рас. Алтай – сан түрлі халықтың шыққан жері, атажұрты. Сол себепті, біз қандай киелі жерде тұрып жатқанымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл – ең алдымен тарихымызға тағзым. Аудан атын өзгерту экономикалық тұрғыдан да тиімді болары сөзсіз. Неге десеңіз, Алтай – брендтік атау. Бұл өңірге туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді» деді аймақ басшысы.

Түйін

Біз облыс әкімі Даниял Ахметовтің сөзіне толықтай қосылып, Алтай атты брендтік атауды ауданға беруді қолдаймыз және бүкіл қазақ елін үн қосуға шақырамыз. 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

43 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1973