Бақыт Сұлтанов "Нұр Отан" партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы болып сайланды
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия Астана қалалық филиалының кезектен тыс ХXVI конференциясына қатысты. Іс-шара барысында партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жобалар және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын қоғамдық бақылау жұмыстары пысықталды.
Жиында қаралған басты мәселелердің бірі филиалдың жаңа төрағасын сайлау болғанын атап өткен жөн. Делегаттардың бірауыздан мақұлдауымен таяуда ғана Астана қаласының әкімі болып тағайындалған Бақыт Сұлтанов партияның Астана қалалық филиалының төрағасы болып сайланды.
Жаңа төрағаны құттықтаған Мәулен Әшімбаев оның қызметіне табыс тіледі.
– Бақыт Тұрлыханұлы – бұған дейін де жауапты қызметтер атқарып, Елбасы сенімінен шыға білген білікті маман. Сондықтан алдағы уақытта да өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындап, Президенттік бағдарламалар мен партиямыздың игі бастамаларын жүзеге асыруда зор еңбек сіңіреді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде Бақыт Сұлтанов бұл Елбасының үлкен сенімі екенін айтып, сол сенімнің үдесінен шығу үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.
– Елбасы – партия Төрағасы алдымызға нақты міндеттер қойып отыр. Атап айтқанда, алдағы уақытта қаланы дамытудың жаңа үлгісін енгізу, инновацияға қолайлы орта қалыптастыру және креативті идеяларға қолдау көрсету сияқты бағыттарға басымдық беріледі. Мемлекет басшысының ең басты жобаларының бірі ретінде Астана дәл осы мақсат-міндеттерді нәтижелі жүзеге асырудың көрсеткіші болатыны сөзсіз. Сондықтан көздеген межелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын, – деді Астана әкімі.
Сондай-ақ конференцияға қатысушылар «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» мен жаңа партиялық жобалардың Астанада іске асырылу барысына назар аударды. Өз сөзінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары 1 маусымда өткен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының «Нұр Отанның» шын мәнінде нақты істердің партиясына айналғанын айтқанын және жаңғыру аясындағы бастамаларды жоғары бағалағанын жеткізді. Сондықтан нұротандықтар Елбасының артқан сенімін ақтап, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындауы тиіс.
Атап айтқанда, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуына қоғамдық бақылауды күшейтуге ерекше көңіл бөлінуі керектігін айтқан Мәулен Әшімбаев осы мақсатта республикалық және өңірлік деңгейде Қоғамдық кеңестер құрылғанына назар аударды.
– Өңірлік Қоғамдық кеңестермен жүйелі әрі тұрақты кері байланыс орнауы тиіс. Сол арқылы біз аталған бастамаларға қатысты мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды өкілетті органдармен бірлесіп шешуіміз керек, – деген Мәулен Әшімбаев астаналық филиалға осы салада белсенді әрекет етуді тапсырды.
Жалпы, Астанада Бес әлеуметтік бастаманы іске асыруда нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Сонымен қатар конференцияда Мәулен Әшімбаев партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселесіне де тоқталды.
– Қазіргі таңда партия елімізді цифрландыру үдерісіне үлес қосу мақсатында бірқатар тың бастамаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, балаларға бағдарламалау, робототехника және 3D модельдеу негіздерін үйрететін ІТ сынып ашу жобасын қолға алдық. Сондай-ақ халықтың цифрлы сауаттылығын арттыру мақсатында ІТ орталықтар ашылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында отандық кітапханаларды жаңғыртып, заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру ісі де қарқынды жүргізілуде. Партияның бастамасымен ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйрететін клубтар құрылуда. Онда негізінен ерікті жастар жұмыс істейтін болады. Одан бөлек, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын да қайта жаңғырту үшін нақты жобаларды қолға алдық. Осының барлығын жүзеге асыруда Астана қалалық филиалы да нәтижелі жұмыс істейді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Тегін 1000 ІТ-сынып партиялық жобасы аясында Астанада 85 IT-сынып ашу жоспарланған. Бүгінде олардың 26-сы ашылып, онда қазір 341 оқушы білім алуда. Бірыңғай геоақпараттық онлай-сервисін құру, дәстүрлі кітапханаларды жаңғырту жұмыстары да елордада нәтижелі жүзеге асырылуда.
Е.Мақсотұлы
Abai.kz