Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
3627 0 пікір 28 Қыркүйек, 2018 сағат 10:53

«Алматы туры 2018» веложарысы кезінде бірқатар көшелер жабылады

29-30 қыркүйек күндері оңтүстік астанада «Алматы туры 2018» халықаралық шосседегі кәсіби веложарысы өтеді.

Орталық Азиядағы ең ірі веложарыстардың бірі саналатын «Алматы туры» веложарысы әлемдегі велоспорт жанкүйерлерінің назарын аударып, туристердің де қызығушылығын арттырып отыр. Жарысты жыл сайын 60 елде Eurosport телеарнасы арқылы тікелей эфирден тамашалап жүр. Осының арқасында миллиондаған көрермен Қазақстанның ең әсем қаласын көріп, пелотомен бірге мегаполистің жарқын көшелерімен жүріп-өтіп, Алматының мәдени-тарихи атмосферасын сезіне алады, ал кейін аңызға айналған «Медеу» спорт кешеніне көтерілу сәтіне куә болады. Осы себептен де ұйымдастырушылар жыл өткен сайын «Алматы турының» маршрутын қаланың ең көрікті жерлерімен өтетіндей құрып келеді.

Бұл жолы ұйымдастырушылар бірінші және екінші кезеңдерде велосипедшілердің қозғалысы барысында жолдарды динамикалық жабудың өткен жылғы тәжірибесін қолдануды жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз екі күнде де – 29 және 30 қыркүйекте жолдар жарыс қатысушылары жүретін кезде ғана жабылады деген сөз. Ал пелотон белгілі бір көшемен жүріп өткенде сол жол бөлігі дереу ашылады.

Алайда қай жол бөлігінің нақты қай минуттарда жабылатынын дәл басып айту мүмкін емес – себебі жарыс барысын алдын ала біліп, болжап отыру өте қиын – мұның барлығы қатысушы командалардың жарысу әдіс-тәсілдеріне байланысты, сөреден шыққанда бірден көш бастай ма, әлде мәреге жақындағанда жылдамдық арттыра ма – мұның барлығы да әзірше жұмбақ. Велоспорттың қызығы да осында, мәреге кімнің бұрын жететіні жарыс соңына дейін белгісіз болады.

Сондықтан автокөлік жүргізушілері осы күндері өз бағыттарын алдын ала жоспарлағаны дұрыс болатынын ескертеміз.

29 қыркүйек (бірінші кезек):

10.00-ге «Алматы туры» додасына қатысушы командаларының таныстырылымы жоспарланған. Сондықтан Астана уақыты бойынша 09:30-дан бастап «Астана» алаңындағы қозғалыс жабылады.

Ал бірінші кезең 12:00-де «Астана» алаңынан бастау алады. Осы кезең бойында шабандоздар 26,1 шақырымға созылып жатқан жеті қалалық айналымды жүріп өтуі тиіс. Жарыс мына маршрут бойында жүреді:

«Астана» алаңынан Төле би көшесімен Достық даңғылына дейін, сосын Сәтбаев көшесіне дейін жоғары, ол жақтан Назарбаев даңғылына дейін.
Бұл даңғылдан велошабандоздар әл-Фарабиге жоғары көтеріледі. Жарыстың ең ұзақ жолы осы даңғылда – спортшылар шығыс бағытта Мұстафин көшесіне дейін жүріп, сол жерде айналып, қайтадан Сейфуллин даңғылына дейін жүреді.
Бұл даңғылдан жарыс қатысушылары Сәтбаевқа дейін төменге жүреді, кейін солға бұрылып Байзақовқа дейін кейін Абайға дейін төмен барады. Абай даңғылының бойымен Желтоқсан көшесіне жетіп, сосын Төле биге дейін төмен жүреді, содан «Астана» алаңына бұрылып, сол бойда мәреге жетеді.

Спортшылар Астана уақытымен шамамен 16.00-де кезеңді қорытындылауы керек. Осылайша ескертеміз: 9:30-ден 17:00-ге дейін осы көрсетілген жол бөліктерінде жолдар уақытша жабылады.

30 қыркүйектегі екінші кезең:

Екінші кезең 11:00-де Halyk Arena көпфункционалды кешенінің алдынан бастауын алады. Мұнда велосипедшілер «ШААЖ-әл-Фараби» айналымын Тұңғыш Президент Саябағы алдындағы айналма арқылы 4,5 рет жүріп өтеді. Кейін Саябақтан Достық даңғылына дейін, ал бұдан кейін Медеу спорт кешеніне дейін жоғары көтеріледі. Бұл жол бөлігінде жол қозғалысы 11:00-ден 16:00-ге дейін (шамамен) шектеледі.

Сонымен қатар, «Медеудегі» мәреде болатын қызықты көргісі келетіндерге 10:00-ден 12:00-ге дейін Құрманғазы көшесі мен Достық даңғылының («Дариджани» мейрамханасына қарама-қарсы тұста) қиылысынан тегін автобустар қатынай бастайтынын ескертеміз. Жарыс аяқталғанда осы тегін автобустар қалаға қайтады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970