Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Саңлақ 6926 34 пікір 7 Қазан, 2018 сағат 17:47

МакГрегор - Нурмагомедов: Қазақстан халқы неге ресейлік спортшыға жанкүйер болып жүр

Абсолют жекпе-жек чемпионатының (UFC) жеңіл салмақ дәрежесі бойынша чемпионы ресейлік Хабиб Нурмагомедов екі салмақ дәрежесі бойынша экс-чемпион ирландиялық Конор МакГрегорды жеңді.

Аралас жекпе-жек жанкүйерлері асыға күткен кездесу Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтті. Бүгін таң ата теледидарға телмірген көрермен ресейлік спортшының жеңісіне куә болды. Төртінші раундта Нурмагомедов қылқындыру әдісін қолданып, МакГрегордың мысын басты.

Спорт әлеміндегі бизнес шоғын бір кісідей үрлеп жүрген қос мықты сегізбұрышта кездесіп бірі жеңді, бірі жеңілді. Екеуінің есебі түгел. Алатын ақшасын алды, жасайтын шоуын жасады. Ала шапқын болып әлі сабасына түсе алмай жатқандар алаң сыртындағы жанкүйерлер ғана. Жанкүйер болғанда өз елінің, өз ұлтының ұландары айқасып жатқан халық жайлы емес, айдалада отырып байбалам салған өзіміздің қазақтар жайлы айтып отырмыз.

Әрине, әркімнің спорттық ойындарды тамашалап, өзі қалаған спортшыға жанкүйер болуға қақысы бар. Бірақ, қазақстандықтардың Ресей мен өзге елдің өкілі күш сынаса қалса болды міндетті түрде солтүстіктегі көршіміздің сойылын соғатыны қызық. Бүгін қазақтар үшін Хабибке қолдау көрсетуге себеп жеткілікті болыпты. Біреуі алыстағы Ирландиядан жақындағы Ресей жақсы десе, енді бірі Хабибті "мұсылман бауырым" деп біледі екен. Біздің қазақ қызық, өзінің туыс-туғанын тани алмай жүріп, берісі көршісін, әрісі бүкіл мұсылман жұртын жарылқағысы келеді.

Аталған жекпе-жекті "Qazsport" телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. Тікелей көрсетілім барысында сөз алған комментатордың да бір бүйрегі Хабибке бұрып отырды. МакГрегормен сегізбұрышта қазақстандық спортшы күш сынасып жатыр ма дерсіз. Бұл аз десеңіз, жекпе-жек аяқталған соң аталған телеарнаның Instagram желісіндегі ресми парақшасында "Конордың дәрменсіз қалған сәті және спортқа сай емес әрекеттері" деген атпен қысқа видео жарияланды. Осыдан-ақ, біздің телеарнаның кімге жанкүйер болғаны көрініп тұр.

Бұдан бөлек оқырмандар әлеуметтік желіде "Qazsport" телеарнасының ресейліктің жеңісімен арнайы құттықтағанын талқылауда. Егер мына сурет шынымен отандық телеарнаның ресми парақшасында жарияланған болса, онда олар ресейлік спортшының жеңісімен кімді құттықтап отыр деген сұрақ туады. Қазақша жазғанына қарағанда қазақтарға арналған секілді. Ендеше, ресейлік спортшының жеңісімен қазақстандықтарды құттықтағаны қай сасқаны?! Бірақ, біз телеарнаның Instagram-дағы парақшасынан бұл суретті таба алмадық. Бәлкім, оқырмандардың қарсылығынан кейін алып тастаған болуы мүмкін.

Kanat Askar суреті.

Бірақ, біз бұндай жағдайға бірінші рет кездесіп отырған жоқпыз. Отандық жалғыз спорттық арнаның ресейлік спортшылар мен ресейлік командаларға өзге шетелмен салыстырғанда басымдылық беретінін бұрыннан байқап жүрміз.

Мәселен, биыл көктемде (15 наурыз) футболдан Еуропа лигасының 1/8 финалы аясындағы қарымта кездесулерді көрсету барысында үлкен дау туған еді. Еуропа лигасының ережесіне сай, бұл кезеңдегі 8 матчтың барлығы бір күнде өтеді. Ал "Qazsport" телеарнасы сол күні үш бірдей матчты тікелей эфирде көрсетті. Бір қызығы, үшеуі де ресейлік командалардың қатысуымен өтетін ойындар. Дәл сол күні Англияның, Италияның, Германияның алпауыт командалары ойнайтынына қарамастан, Ресейдің командаларын таңдады.

Yermukhamed Maulen суреті.

Басқаша айтқанда, қазақ жанкүйерлеріне ресейлік командаларды күштеп көрсетті. Телеарна басшылығы "Qazsport" арнасын тек қазақтар көретінін білуі керек еді. Мың жерден жағатсынып ресейлік команданы жарнамалағанымызбен еліміздегі өзге ұлт өкілдері қазақстандық телеарналарға пысқырып та қарамайды. Себебі, елімізде хабар тарататын ресейлік арналар өзіміздікінен көп. Сол үшін отандық телеарналар мен баспасөз Ресей жайлы айта беруді тоқтатқаны жөн. Біздің ойымызша, еліміз жанкүйерлерінің ресейлік спортшыларды өзімсініп, соларға жанкүйер болуына ел билігі мен баспасөз түрткі болып отыр.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

34 пікір