Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Тұлға 7831 13 пікір 9 Қазан, 2018 сағат 20:03

Әбіш Кекілбаев. Алғадай азамат

Қазақтың біртуар ұлы Шерхан Мұртазаның қаза болуына байланысты Әбіш Кекілбаевтің Шерағаң туралы жазған "Алғадай азамат" атты эссесін оқырман назарына ұсынамыз. 

Abai.kz ақпараттық порталы

Тәңірден басқа сұрамай, ұл сұраған ұрпақжанды жұртпыз ғой. Жасында ерініміз тұщып сүйгеніміздің, есейгенде ел қатарынан көргеніміздің өзіне мәз боламыз. Ал енді көптен озып көш бастап, жұртты тоқтатып, сөз бастап жататын сүлейлеріміздің жолында құрбан болып кетуге пейілміз. Әрбір тұщымды ісін, тұтымды сөзін естіген сайын төбеміз көкке бір-ақ елі жетпей қалып отырады. "Құдайдан азаматты неге сұрайды дейсің!” – деп қаралай айналып-толғанып бітеміз.

Жаратқан Ие де жоралы жұртымыздың осы бір пейілін ұдайы елеп-ескеріп келе жатқандай. Сараң тағдыр мен сарабдал тарих қандай өткелегінің тұсында да аз болғанымен бар екеніне, дара болғанымен нар екеніне күніне мың шүкірлік айтқызатындай алғадай азаматтардан құр алақан қалдырып көрмепті.

Қазіргі қазақ қауымының тап сондай маңдайына ұстап, заманымызға тап келген дулығалы нарымызға балап, қоғадай жапырыла қошемет көрсетіп жүрген бірегей тұлғасы – Шер-ағаң, кәдімгі Шерхан Мұртаза екендігі даусыз.

Құдайға шүкір, ол мынау тіршілік деп аталатын ну жықпылды жетпіс жыл бойы шаршамай кезіп, талай өрде өкпесі өшіп, талай еңісте өкшесі қанап, талай жерде қауіп пен қатерге жанап, жанын шүберекке түйіп өтсе де, тайсалмастан алға тартып, қадамы қайырлы, қанжығасы майлы, жолбарыстың жотасын опырған батырдай екі мұрты едірейіп, желке тұсы күдірейіп, талтаң басып ортамызда жүр.

Тәңір оның көзіне отты, көкірегіне шоқты, қорамсағына оқты мол салып жаратыпты. Тек атын естігеннің өзінде ет-жүрегің шымырлап, сай-сүйегің сырқырап қоя беретіндей.

Ұлдарына бұлай деп ат қойып жүрген қауым шалғыны, қыста айырттан қары мен аюдай ақырған аязы әнтек мол болатын Жуалы мен Мыңбұлақтың жон арқасына қонжиған азғантай ауыл Құли Шілменбет арасына екі дүркін ат басын бұрғаным бар. Сөйтсем, ол да кәдімгі қара борбай қазекемнің іргесі қоңырсыған қарапайым ауылы екен. Малмен қоса жерді күйттеп, көбірек бейнет кешіп өскендіктерінен шығар, адамдары өңкей қайың қаптал, қапсағай, мығым сіңір, шымыр ет, қайыс, тарамыс, сыптығыр, күнес қара торы болып келеді екен. Омырауларынан сақалы төгілген, көмейлерінен мақалы төгілген тығырық тақия сырбаз тақуа қариялары болады екен. Кестелі кимешекті бастыра Таластың Алатауындағы қарлы шыңдардай қақыра жаулық ораған ақ көкірек әжейлері болады екен. Емірене амандасып, тебірене тілдеседі екен. Мизам шуақтай майса күліп, майда сөйлейтін мейірбан ел екен. Бағзы Иранның дүлдүл ақындары жарыса жырлаған Тараздың тал шыбықтай иілген тана көз қыздары мен аршын жігіттерінің де тұқымы ауып кете қоймаған екен. Бар екен. Ұяла күліп, имене ізет қылады екен. Құлағын тікірейткен иттері болмаса, адамынан кекірейіп не тымырайып тұрған ешкімді көрмедім. Ешқайсысының өрекпіп тұрған ештеңесін байқамадым.

Шамасы, бұдан жетпіс жыл бұрын өткен шілдеханада айналаны аштық жайпап, тіршілік нуын бұршақ ұрып, жан біткен жапырыла күйреп, аспан алақандай, жер тебінгідей қуырылып жатқан қу заманда дүниеге келген қызыл шақа нәрестеге әлгіндей әупірім есімді тастары өрге домалап тасып жүргендіктен емес, таулары жығылып жасып жүргендіктен қойған сияқты. Бір ауылдың немесе бір рулы елдің ғана емес, бүкіл ұйытқылы ұлттың басына қырық қырсықтың қара бұлты қатар төніп, қарадай күдер үзіліп отырған тұста арттағы ұрпақ шетінен аршылан, шетінен шері болып өспесе, ендігі елдің есі түгенделіп, етегі жабыла қоюы екіталай екендігін ерте ескергендіктен қойса керек.

Қалай болса да, қай ақсақал айтса да, азан шақырылғанда ауызына осындай аруақ шамырықтырар арлан есім түскен жарықтықтың жатқан жері жәннат болғай!

Әсілінде, Шер-ағаң ес біліп, етек жапқалы сол бір сирек есімге лайық болуды жадынан бір шығарып көрмегендей. Қалыңның түкпіріндегі түгі тікірейген қабыландай қаһарлы мінез танытып, қайсар тағдыр кешіп келеді. Көзін ашпай жатып, әкесі Сібір айдалды. Бесіктен белі шықпай жатып, іштегі апатқа сырттағы алапат ұласты. Қабырғасы қатпай жатып, жоқтық, жетімдік, тіпті қорлық пен зорлық көрді. Жұдырығы барлар желкеден нұқыды. Саусағы барлар көзіне шұқыды. Көкірегіндегі зарды байқатпай, көзіндегі жасты көрсетпей, қасарыса жүріп қайрат, алыса жүріп ақыл жиып өсті. Ауыздыға азуын, тырнақтыға тісін, қиянатқа күшін көрсете жүріп ержетті. Көрінген бір түртіп баққан “халық жауының” баласынан көпшіліктің көңілі құлап, халықтың өзі қалап сүйген данасына дейін қиын-қыстау жол кешті. Талай тескен таудан өтіп, талай шырқау шыңға шықты.

Ол түскен еңіс қандай тұңғиық болса, ол жеткен жеңіс сондай тым биік.

Ол бәріміздің қолымыздан келе бермейтін істерді тындырды. Бәріміз тәуекел ете бермейтін істерге тәуекел етті. Сондықтан да бәріміз жете бермейтін абыройға жетті.

Ол бүгін “Аршыланым-ай!” – деп ардақ тұтсаң да, “Шерім-ай!” – деп мардамсысаң да, “Қабыланым-ай!” – деп қаймықсаң да, ауызың қисайып кетпейтін ұлттық руханиятымыздың аса айбынды тұлғасы. Кесек суреткер. Кемел қайраткер. Асқақ азамат.

Дәйім, желдің өтінде, жаудың бетінде, ұшар шыңды жайлап, ұшан даланы қыстап, күндіз айқайдан, түнде “айтақтан” ауыздары босамай, іргеден жау, төбеден жұт төніп, астындағы аты ылғи ауыздығын шайнап, үстіндегі өзінің ылғи ыза-намысы қайнап, тісін қайрап, бес қаруын белінен бір түсірмей өтетін бірбеткей безерімді нояндардан басқаны адамға санамай, алыс-жұлыста, айтыс-тартыста, айқас-сайыста ғұмыр кешкен жаужүрек қауым қастер тұтатын бар мінез, бар қасиеттің бәріне ие бұл адам әдебиетке де, саясатқа да сол қалың көптің арасынан, олар шегіп баққан қиямет-қайым қиындықтардың ортасынан келді. Содан да шығар, оның жазғаны да, айтқаны да, тіпті қалың жиында төңірегіндегілерді едірейе тыңдап, ежірейе сөйлейтіні де ентелеген көптің көңілін дөп басып отырады. Қай тарапқа, қай ауыл, қай қауымға барса да, оны ортасынан ойып алып, оқшау қошеметтеп жатады. Жалпының арасында жүруге қимайтын жалғызындай алабөтен аймалап бағады.

Бұл халыққа да жарасады. Халқы асты-үстіне түсіп жатқан арысқа да жарасады.

Өйткені, Шерхан қабырғасы қатып, буыны бекігелі халықтан бір елі ірге ажырамай келеді. Қолына қалам алғалы халықтың сөзін сөйлеп келеді. Қатардағы тілші кезінде халық бітіріп жатқан ерен істермен қоса, халық көріп отырған ересен тауқыметтерді де жасырмай жаза білді.

Қаламымен бірге қанаты да қатайып, ақпарат төріне шыққанда да сол ұстанымынан бір сәт айнып көрген емес. Айналасына халық сусап отырған әңгімені айта алатындар мен олардың ауызына қақпақ болмайтындарды жинады. Алпысыншы жылдарғы азғантай жылымықтың тұсында сірескен тоң жібіп, астынан қаулай көтерілген әлсіз көкті қайтадан аяз жалап, суық үріп кетпеуіне қолынан келгеннің бәрін жасады. Ұлтсыздық пен ұятсыздық бірдей меңдеп “қазақы мал мал емес, қазақы бала бала емес” дейтін қағида мемлекеттік саясатқа айналған тұста ұлттың тілі кесілмеуі, халықтың рухы өшпеуі, арттағы ұрпақтың алжасып кетпеуі жолында арыстандай арпалысып, жолбарыстай жағаласа алған жалғыз редактор Шерхан Мұртаза болғандығын өз көзімізбен көргенбіз. Бәрін жоғалтып, бәрін тонатып, бәрінен айырылған адыра қауымымыздың оң жағында ата-бабадан қалған жалғыз көз көне әбдіредей төл әдебиетімізден айырылып қалмау үшін жас талапкерлеріміздің қаламынан шыққан жілігі татитын әр сөйлем, әр шумақты жерден жеті қоян тапқандай “Лениншіл жастың” бетіне сүйреледік. Күн сайын газет бетін бермейтін Н.С.Хрущевтің құлаш-құлаш баяндамалары мен сөйлеген сөздерімен жарыстырып, ол кезде әлі бір кітабы да шықпаған Мұқағали, Қадыр, Жұмекендердің құлаш-құлаш жырлары мен дастандары басылды. Сахнада бір-екі сәтті рөл ойнаған жас актерлеріміз бен бір-екі шығармасы көрмеге қойылған жас суретшілеріміз жайында етектей-етектей мақалалар жарияланды. Түкпір-түкпірдегі талағының биті бар жастарға әдейі іздеу салынды. Сарыағаш пен Атыраудағы мұғалімдер Төлеген мен Фариза, Қатынқарағай мен Ленгірдегі тракторшылар Оралхан мен Мұхтарлар әдебиет табалдырығынан солай аттады. Бұрын босағадан орын тимейтін “Лениншіл жас” енді ұлттық руханиятымыздың төрдегі шарайнасына айналды. Қазіргі қазақ әдебиеті мен өнерінің өресін асырып, өрісін кеңейтіп жүрген өрен жүйріктердің бәрінің дерлік тұсауы “Лениншіл жаста” кесілді. Қанаттары “Жалында” қатайып, “Жұлдыздың” бетінде қабырғалы шығармалары жарияланды. “Қазақ әдебиеті” мен “Егеменді Қазақстан” бетінде әділ бағаларын алып, есімдері елге танылды. Бәрінің де рухани әкесі басқа ешкім емес, Шерхан Мұртаза болды. Оның жазушылық пен журналшылықтағы, қоғамдық ой-санадағы мұндай “өкіл балалары” жүздеп емес, мыңдап саналады. Өйткені, ол басқарған тұста, қай басылым да ел арасын әлденеше жүз мыңдап тарап жүрді. Ол қандай ақпарат құралын басқарса да, қазақтың мұң-мүддесіне дегенде көзі кіреуке, құлағы тосаң, тілі шүлжің тартып көрген жоқ. Қазақтың алпысыншы жылдардан бастап өзгере бастаған қоғамдық мінез-құлқының жақсылық пен жаңалыққа қарай бет бұруына редактор Шерхан Мұртазаның сіңірген еңбегі орасан зор. Қазақтың ақыл-ойы мен әрекет-амалын Желтоқсанға қарай жетелеуде ол басқарған әдеби басылымдардың, тәуелсіздікке қарай жетелеуде ол басқарған “Егемен Қазақстанның” елеулі қызмет еткендігін айтпай кету ақиқаттың ала жібін аттағандық болар еді.

Оны әдебиетке де алып келіп жүрген осындай елжандылығы деп ойлаймын. Жасыратын несі бар, журналистикада шын сардарлығын көрсеткен алтын басты азаматымыз кенет әңгіме-повестер жариялата бастағанда қолда тұрғанда қармап қалайық деп романистикаға бірден ауысқан өзге де редакторларымыз бен баспа директорлары сияқты әдебиетке көптің бірі болып қалып, қадірін жоғалтып алмас па екен деп қауіптенгендердің біреуі біз едік. Көп ұзамай ол күдіктен арылып, кейбір шығармалары шыққанда ықыластана оқығанбыз. Соңғы айларда 1994 жылы шыққан төрт томдығы мен “Ай мен Айшадан” бастап кейінгі кезде жарық көрген шығармаларын қайтадан сүзіп шыққанда, әуелгі күдігіміздің әбестік екендігіне көзіміз әбден жетті.

Ол әдебиетке де халықтың қабырғасына не батып отырғандығын анық білгендіктен келіпті. Оның ақпарат құралдарына қарағанда өмірлік шындықты жан-жақты қамтуға, қанша дегенмен, амал-айласы көбірек екендігін сезгесін келіпті. Сол кезеңде күллі әлемдік әдебиетте де әлгі себептен туындаған ‘журнализм” ағымы бас көтеріпті. Нақты деректемелік әдебиет пен беллетристиканың стильдік симбиозы көркем ойлаудың икемділігін одан әрмен арттыра түсіпті. Шерхан Мұртаза да жазушылыққа өмірден көріп білген өз тақырыбы болғандықтан келіпті. Ол аз десеңіз, өзінен басқа ешкім айтып жеткізе алмайтын өзіндік тағдыр-талайы болғандықтан келіпті. Оның тұңғиығына тек әдебиет қана бойлап, оның тылсым сырлары тек суреткер ғана сараптай алатынын түсінгендіктен келіпті.

Бірақ, ақиқатқа жүгінсек, Шерхан Мұртазаның мұндай мол өмірлік қоры мен суреткерлік шеберлігі әп дегеннен ай құшақ қауып қабыса қалмапты. Оның бүгінгі даусыз мойындалып отырған үлкен таланты әдебиет айдынында бірден асқар таудай айбын танытып, асқақтап шыға келмепті. Әуелі мұхит түбінен енді көтеріліп келе жатқан айсбергтей әр жер, әр жерден шоқтық көрсетіп, бірте-бірте өркештеніп, біртіндеп биіктей түсіпті. Оның мұндай біртіндеп кемелденуіне екі сенімді соавторы мықтап көмектесіпті. Жазушы Шерхан Мұртазаның бір соавторы – шырылдаған шындық. Екінші соавторы – шыжғырыла шырқыраған ар-намыс. Оның басты тақырыбы – табанға тапталған ар-намыстың оянуы, апшуы, айқасқа шығуы.

Басқаларын былай қойғанда, бастапқы шығармаларының өзінде осы пафос Шақпақтың желі көтерген қиыршық тастардай бетіңе ұрып, көзіңді осқылайды. Көріп жүрген “дәуреніңе” ызаңды келтіреді. Басымыздан өткен сұрапылдар мен сұмдықтар жайында ойға батырады. Ит сілікпемен жүріп, қаңқасының қайда қалғаны белгісіз қайран әкелеріміздің, жесірліктен жеркүйік боп кете жаздаған айналайын аналарымыздың, жетімдіктен көзкүйік болып өскен өздеріміздің, жауыр түйедей жұтаңдықтан бір арыла алмай өткен ауылымыз бен аждаһаның ауызында күн кешкен қауқарсыз қауымымыздың қан қақсатар шындығын қаз-қалпында көз алдымызға әкеледі. Мылтықты майдан өткенмен, мылтықсыз майданның ешқашан бітпейтінін ұғындырып, көрінген көкімеге бір сенген әлеуметтік есалаңдықтан есіңді жиғызады. Өткенге деген өкініш пен келешекке деген үмітті талшық еткен жансебіл тіршіліктің қай тыртығының да қастерлі екендігіне қапысыз қанықтырады. Өз көкірегіңдегі ыза мен намыстан, жігер мен сенімнен, арман мен мақсаттан басқа көкте де, жерде де ешқандай тірек-таяныш жоқ екендігіне көзіңді жеткізеді. Оған дәйек пен айғақты өзі кешкен келеңсіз тағдырдан табады. Баршамыз бастан өткеріп келген күлді-көмеш күйкі тірліктің басқамыз аңғара бермеген ащы ақиқаттарын аңғартады.

Күнде көріп жүрген қарапайым жандардың әлгінің бәріне ақырына дейін шыдап баққан қайсарлығын жырлай отырып, қажымас қайраткерлік пен қаһармандық тақырыбына бойлайды. Тұрар Рысқұлов туралы бес кітаптан тұратын соқталы эпопея солай дүниеге келіпті. Дәйім қапы кетіп келген әкеге ұл болу мен дәйім қапы соғып қала беретін халыққа көсем болудың ащысы мол, тұщысы тапшы тақсіретті тағдырының тағылымы дәл бүгінгі біздерге керек. Шерханның Тұрары батылдығы мен батырлығы жағынан бағзыдағы бабаларымыздан, күйінішті шырғалаң тағдыры мен күйікті шытырман ойлары жағынан армандары ішінде, бармақтары тісінде кетіп, көз алдымызда күйреп жоғала берген күні кешегі ағаларымызға,  тіпті көп жағдайда аласапыран заманда алмағайып хал кешіп келе жатқан бүгінгі өздерімізге аумай ұқсайды. Арманына заманы, ақылына қоғамы дер кезінде құлақ аспай, дәйім кіжінумен өткен пұшайман тұлғалардың тұсаулы тағдырын Шерхан Мұртаза өз көзімен көре жүріп, өз басынан өткере жүріп бейнелегендей. Жалқың түсінген ақиқатқа жалпың дес беріп, жаппай ұмтылыс тумаған жерде қай қауымның бағы жанған?! Халқының бағы жанбаған жерде қай жалқының ілгері басқан қадамы кер кетпеген?! Тұрардың кешкені де тап сол кер тағдыр еді. Оның жанын жегідей жеп біткен де тек көптің әперген жеңісін қанжығасына бір өзі бөктеріп, өзгенің бәріне өктемсіп баққан Сталиннің зұлымдығы да, бақталастарының бақайдан қаққан залымдығы да емес еді. Имандай сенген ақиқатының алдамшы, аңсап жеткен арманының аққаптал тарихтың кезекті бір қылжағы, жай әншейін жалғаншылық болып шыққандығы еді. Бәрінің де мәңгінің қиялы екендігін мойындаудың ауырлығы еді. Ол бұл жолға бір басының бағын ойлап түспеп еді, есесі кетіп, еңсесі жығылып келген елін ойлап түсіп еді. Сауабын алам ба деп жүргенде, обалына қалғанына күйіне күйзелді.

Одан бері де тарих талай төңбекшіді. Үмітсіз сайтан деп, әр жаңа ұрпақ жаңа үмітпен туды. Дүние бұл қалпында қалмайды, әйтеуір бір өзгереді, өзгерсе, жақсылыққа қарай өзгереді деген сенімді қазір жер ортасына келіп отырған естияр буын да талшық етті. Тағдыр, расында да, олардың маңдайына кезекті тарихи таңдау жасауды өздері бастан кешуге жазыпты. Бұл жолы да кетешек қоғам келешек қоғамның аяғынан аямай шалып бақты. Ондайда халқына шындап жаны ашитындардың қол қусырып қарап отыра алмайтындығы түсінікті. Қай-қайсысы да хал-қадерінше қайрат етіп бақты. Бұл тұста да Шерхан ерекше көзге түсті. Атышулы Тұрар туралы хамсасының сиясы кеппей жатып, “қайта құрылу” немесе “қайта қырылу” екендігі әлі неғайбіл, әйтеуір “қайта құру” деп аталатын түсініксіз кезеңде “Сталинге хат” “Бесеудің хаты” сынды ұлттық санамызды айта қаларлықтай шайқалта білген шамырықты трагедияларды дүниеге әкелді. Халықтық болмысымызды қайта қаусатып кетуі ықтимал жаңа рухани кеселдерімізді әшкерелейтін “Жалғыз үйлік зілзала”, “Есек саудасы” атты трагикомедиялық туындылар мен әңгіме-новеллалар жазды.

Бұның бәрі тауқыметтен көзі ашылып көрмеген кемталай халқымыздың ауыспалы кезең деп аталатын аусар тұста тағы да сазға отырып қалмауына қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей қаламгерлік жанашырлығы еді.

Шерхан Мұртаза – әлгіндей ұлттық тағдырымыз түбегейлі шешілер кезеңде бұның бәрі аздық ететінін елдің ең алдымен сезінген қаламгеріміз. Шын айтыс пен шын тартысқа белді бекем буып шықпай болмайтынын қапысыз алғанда бөрі етектен дегендей, қай өзгерістердің тұсында да ыссылай сұғынып бағатын саяси солақайлар мен экономикалық қомағайлар бұл жолы да төбе көрсетпей қалған жоқ. Оның бәрі енді-енді тірсегін тіктеп келе жатқан елдігіміздің соңына сөз еріткізіп, тәй-тәй тәуелсіздігімізді тәлкектеушіліктің өртіне май құйып бағары түсінікті. Мұндайда өз айылымызды өзіміз жиып, өз әбестігімізді өзіміз тыйып сақтанбасақ, бізді сырттан тұрып жақтап не ақтап алатындар табыла бермейді. Осыған шақыратын пәтуалы сөз, парасатты пікір керегіп тұрғанда да, алдымен Шерхан Мұртаза тәуекел етті. Ежелгі қаламдасы Камал Смайыловқа хат жазып, көптің өзегін өртеп жүрген күйікті мәселелер төңірегінде пікір тартты. Олардың өзара алмасқан бұл хаттары біз үшін де оңайға түспеген өтпелі кезеңіміздің қалай өткендігіне рухани айғақ болып қалары сөзсіз.

Уайымды үміт жеңіп келе жатқан қазіргідей тұста барларды қанағатқа, жоқтарды сабырға, жалпы әлеуметті ыждаһатты еңбекпен түсінген зиялы азаматымыз. Әуелі ол басқарған “Егемен Қазақстанның” бетінде басталған көзқарастар сайысы жаңа сайланған Жоғарғы Кеңестің мәжілістерінде жалғасты. Ол – расында да, кімнің кім екендігін айқындаған айлар мен жылдар болды. Егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің тағдыры да сол бір кескілесе ой шарпысқан, пікір сайысқан кескекті кезеңде шешілді. Сол бір саяси салғыластарда алдаспандай жарқылдаған сайыпқыран шешендердің бірі Шерхан Мұртаза болды.

Тәуелсіздікке қол жетіп, егемен ел болған соң да саясат майданы саябырсыған емес. Кешегі қапы қалғандар енді балаң тәуелсіздік пен балауса мемлекеттің әр адымын аңдып, әр жаңсақ қадамын инеге шаншып бақты. Кеткен қателіктері мен жоя алмай келе жатқан кемшіндерін жіпке тізіп отыратын кірпияз сынампаздар көбейді. Олар сырттан айтылған сыбыр мен сыбысты қағып алып, іштен дүркірете, дүрілдете жөнелуге тырысты. Оған ауыспалы кезеңнің, болмай қоймайтын әттегенайлары мен ағаттықтары да аз желеу болған жоқ. Оның үстіне, жау жағадан ынтымақты тірлікке шақырып қана көп қырсықты азайтып, аз берекені көбейте аламыз.

Жалпы, елдікке енді қолы жетіп, еңсесін енді тіктей бастаған қауымдардың байлық пен билік жолындағы тайталастардан бойларын аулақ ұстап, береке-бірлікке жұмылғаны дұрыс екендігін тарлан тарих талай рет дәлелдеген. Бұл үшін де ауызы дуалы азаматтар керек. Біз ондай азаматтар жоқтықтан емес, солардың арасындағы шоқтығы болғандығынан да Шерхан Мұртазаның арғы-бергідегі еңбегі мен ақ-адал өмір жолы туралы ойымызды ағымыздан жарыла ортаға салғанды жөн көрдік.

Шер-ағаның өзі: “Алпыс – тал түс” – деп жиі айтатын. Тал түстен кейін сары бесін келмеуші ме еді. Ендеше, жетпіс жердің түбі емес, сол айтқан сары бесін. Алыс жолдағы жолаушының аз-маз ат шалдырып алып, қайтадан атқа қонатын кезекті аялдамасы.

Жолыңыз ұзақ, сапарыңыз сәтті болғай, ардақты аға!

Abai.kz

13 пікір