Дүйсенбі, 17 Қаңтар 2022
Саңлақ 2940 0 пікір 16 Қазан, 2018 сағат 23:43

Қазақстан - Андорра: Стоилов жау кеткен соң қылышын қайрады

Бүгін Қазақстан ұлттық құрамасы UEFA Ұлттар Лигасы аясында Андорра футболшыларын қабылдады.

Еуропа футбол қауымдастығының жаңа жобасы «Ұлттар лигасы» турнирі Қазақстан футболшыларын жатырқай қабылдады. Алғашқы үш матч бойы жеңіске жете алмаған біздің құрама бүгін бар ашуын алақандай Андоррадан алды. Осының алдында өз алаңында Грузиядан 0:2 есебімен жеңіліп, қонақта Андорра және Латвиямен тек тарқасқан (1:1) Қазақстан құрамасы төртінші ойында 4:0 есебімен жеңіске жетті.

Осының алдындағы ойындарда еліміздегі ең мақтаулы деген футболшыларды алаңға шығарса да еш нәтиже болмаған соң бас бапкер бүгін бірқанша жас қыранның томағасын тартты. Станимир Стоилов дұрыс жолды енді тапқан екен, ауыр қимылдайтын Алексей Щеткиннен құтылған Қазақстан құрамасының шабуыл шебі түлеп сала берді. Негізгі құрамда бірінші рет шыққан Еркебұлан Сейдахмет пен Бауыржан Тұрысбек мергендігімен көзге түсті. Бұдан бөлек, капитандық міндетін қайтарып алған Бауыржан Исламхан да бауырын жаза шапты.

Жеңіске жеткен жақсы әрине. Бірақ, 80 мың ғана халқы бар шағын елдің құрамасын жеңгеніміз үшін бөркімізді аспанға атып қуанудың жөні келмей тұр. Себебі, бұл турнирден біздің күткеніміз басқа болатын. Өз тобымызда бірінші орын алып, 2020 жылғы Еуропа чемпионатына берілер жолдамаға таласып көру еді. Алайда, топтағы басты қарсыласымыз Грузиядан бақандай жеті ұпай қалып қойған біздің қуануға еш мүмкіндігіміз жоқ

Екіншіден, бүгінгі қарсыласымыз Андорра құрамасының футболшылары біздің елдегідей миллиондап жалақы алмайды.Тіпті арасында жартылай кәсіби футболшылар да бар. Ал еліміз футболшыларының жағдайы қандай екені бәрімізге белгілі. Қарапайым халқы қоңырқалта күн кешетін Қазақстанның футболшылары ақшаны күреп табады. Елімізде доп қуалағандарға төленетін жалақы өзіміз қатарлы дамушы елдердің бәрінен жоғары. Бейресми деректерге сүйенсек, құраманың бас бапкері Стоилов мырза қазақ футболшыларына қалай доп тебуді үйреткені үшін жылына 2 млн еуро жалақы алатын көрінеді.

Сонымен Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бірақ, болгариялық маман бастаған біздің футболшылар сәл кеш қимылдаған секілді. Біз жығылып-сүрініп жүргенде Грузия құрамасы алғашқы үш ойында да жеңіске жетіп, бізден бұрын мәреге жақындап қалды. Енді бізге өз тобымызда көш бастау үшін қалған екі ойында жеңіске жету жеткіліксіз. Ол үшін оқ бойы ұзап кеткен грузиндердің соңғы үш матчта да сүрінуін тілеп, мысық тілеу болып отырамыз (бір ойын бізге қарсы).

Ұлттар Лигасы. D дивизионы. 1 топ

Қазақстан - Андорра 4:0 (2:0)

Голдар: Сейдахмет 21, Тұрысбек 39, Жозеп Гомес 61 (аг), Мұртазаев 74

Қазақстан: Ненад Эрич (Қ) - Ғафуржан Сүйімбаев, Евгений Постников, Юрий Логвиненко, Абзал Бейсебеков, Георгий Жуков, Бауыржан Исламхан (К), Серікжан Мужиков, Бактиер Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахмет, Бауыржан Тұрысбек.

Андорра: Жозеп Гомес (Қ) - Чус Рубио, Ильдефонс Лима (К), Макс Льовера, Мойсес Сан-Николас - Марк Ребес, Марк Валес, Виктор Родригес, Жоан Цервос - Марк Пухоль, Жорди Алаэс.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

0 пікір