Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 7855 14 пікір 17 Қазан, 2018 сағат 14:53

ҚР «Азаматтығы туралы» Заңға біз ұсынған жоба енбей, мәселе оң шешілмейді

2016 жылы 1 қаңтарда қолданысқа енген «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында «Оралман» мәртебесінің мерзімі бір жыл деп көрсетілген. Негізі бір жылдың ішінде тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтыққа құжат тапсыруға уақыт емін-ерін жетеді. Себебі, тұрақты тіркеуге тұру үшін (ықтиярхат алу үшін)  «Оралман» куәлігінің қажеті жоқ. «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығының 9-бөлігінде «...сондай-ақ өздеріне берілген визаның санатына қарамастан, этникалық қазақтар Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат (бұдан әрі – рұқсат) алу үшін ішкі істер органдарына өтініш береді» деп жазылған. Қысқасы, «қазақ» екеніңізді дәлелдесеңіз, құжат өткізген күннен бастап, үш айдың ішінде тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхат ала аласыз деген сөз.

Ал, «Оралман» мәртебесі не үшін қажет?!

«Оралман» куәлігі, біріншіден, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін керек! Себебі, Қазақстан Республикасының «Азаматтығы туралы» Заңының 6-1-бабында Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау шарттары көрсетілген. Сонда жеңiлдетiлген тәртiппен (тiркеу тәртiбiмен) Қазақстан Республикасының азаматтығына «1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын ОРАЛМАНДАР;» қабылданады деп бекітілген.

Екіншіден, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 21-бабына сай, «Оралман» мәртебесін алған этникалық қазақтар өздерін оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын шарттарда және тәртіппен жеңілдіктер, өтемақылар және әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға үміткер бола алады.

Демек, қазір қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сай,  «Оралман» мәртебесін алған этникалық қазақтар осы екі ЖЕҢІЛДІККЕ ие болады.

Есімізде болатын бір мәселе – «Оралман» мәртебесі тек шетелден оралған ҰЛТЫ ҚАЗАҚ азаматтарға ғана беріледі.

Бұл – бірінші Құдайдың, Екінші Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың шетелден тарихи Отанына көшіп келіп, қоныстанғысы келетін  қандастарына жасап отырған ең мол қамқорлығы мен мүмкіндігі!

Өкінішке орай, жергілікті атқарушы биліктің (облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы «Оралман» мәртебесін беретін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көші-қон бөлімі мен тұрақты тіркеуге құжат қабылдайтын Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі басқарламалары) «Оралман» мәртебесін берерде немесе тұрақты тіркеуге құжат қабылдарда дұрыс түсіндермегенінің кесірінен, сондай-ақ қандастарымыздың жоғарыда айтылған Алла мен Елбасымыздың өзі беріп тұрған қамқорлық мен мүмкіндікті ұтымды пайдалана алмауының себебінен неше мыңдаған азаматтар «Оралман» мәртебесінің мерзімін бір жылдан асырып алды. Сөйтіп, Қазақстан азаматтығын  жеңiлдетiлген тәртiппен (тiркеу тәртiбiмен) алу орайынан айырылып қалды.

Осы мәселені шешу үшін қандай қарекеттер жасалды?!

Енді осыған келейік.

2017 жылдың 3 қарашасынан бастап «Халықтың көші-қоны туралы» заңы Парламентте қайта қаралып, 2018 жылы 16 сәуірде Елбасы қол қойды. Осы талқылауда мен аталған түйінді шешудің ЕКІ ЖОЛЫН ұсындым.

Оның біріншісі, Қазақстан Республикасының «Азаматтығы туралы» Заңының 6-1-бабындағы «1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын ОРАЛМАНДАР;» деген бөліктегі «ОРАЛМАНДАР» деген сөзді «ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР» деп өзгерту. Бұл өзеріс аталған Заңға енгенде, қандастарымыз «Оралман» куәлігіне байланбай, тек ұлтының «ҚАЗАҚ» екенін дәлелдесе болды, бірден азаматтыққа құжат тапсыра беретін еді.

Екіншісі, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 25-бабына 3-1) тармақ етіп, «Оралман мәртебесінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда тоқсан күнге бір мәрте ұзартып беріледі» деген толықтыру енгізу.

Аталған екі ұсыныстың екеуі де талқыға түсіп, бірінші отырыста ұшып кетті. Қарсы шыққан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Көші-қон комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Аслан Қаржаубаев!

Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Кәрібай Мұсырманға «Ашық хат» (https://abai.kz/post/63484 ) жазып, «Сіз айтқан ұсыныстарды тиісті министрліктерден нақты деректер алдырып, Өзіңіздің қатысуыңызбен тағы бір қарайтын боламыз.» - дегенге келтірдік. Депутат Кәрібай Иманжанұлы уәдесінде тұрып, екі ұсынып қайта күнтәртіпке еніп, талқыға түсті.

Бірінші ұсынысқа   Аслан Қаржаубаев тіс-тырнағымен қарсы болып, сазарып-көгеріп отырып алды. Бұл жөнінде сол кезде «Қарғысқа қалма, Қаржаубаев!» (https://abai.kz/post/63665 ) деген мақала да жаздық. Соған қарамастан, «ОРАЛМАНДАР» деген сөзді «ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР» деп өзгерту туралы ұсынысыз өтпей қалды.

Ал,  «Оралман мәртебесінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда тоқсан күнге бір мәрте ұзартып беріледі» деген екінші жобамызды Аслан Қаржаубаев пен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмади Сарбасов бірі бас болып, бірі төс болып «...оралман мәртебесі тоқтатылған күннен бастап алты ай ішінде оны ұзарту туралы өтініш бере алады» деп,  қушитып тастапты.

«Оралман» мәртебесінің мерзімі бір жылдан асып кеткен ағайындарымыздың соры болар, мен қызмет  қарбаластығы себепті, дәл сол жоба бекітілетін күні Мәжілістегі Жұмыс тобының отырысына қатыса алмай қалып едім, амал не, депутаттар лып еткізіп қабылдап жіберіпті...

Нәтже не болды?!

«Оралман» мәртебесінің мерзімі алты айдан асып кеткен неше он мыңдаған қандастарымыз тағы шулап қала берді. Қазірге дейін олардың көбінің Төлқұжатының не визасының уақыты толып, әкімшілік құқық бұзушылыққа ұшырап жатыр...

Сондықтан, ол ағайындардың обалы мен қарғыс-сілесі болса, ол Заң жобасын ұсынып отырған, қабылданғалы тұрған оң өзгеріске теріс шектеу қойған, кер баққан  Аслан Қаржаубаев пен Ақмади Сарбасовтың мойнында!

 

Енді бұл мәселе қалай шешіледі?!

Алла қаласа, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «Халықтың көші-қоны» және соған қатысты бірнеше заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы жұмыс жүріп жатыр. Мен осы аталған министрлікте құрылған «Көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу комиссиясының мүшесімін. Орайы келсе, аянып тұрғам жоқ! Қазақстан Республикасының «Азаматтығы туралы» Заңының 6-1-бабындағы «1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын ОРАЛМАНДАР;» деген бөліктегі «ОРАЛМАНДАР» деген сөзді «ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР» деп өзгерту туралы ұсынысымды қайта қосып, Қазақстан Республикасының «Азаматтығы туралы» заңына, «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына, «Мерекелер туралы» заңына және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы»  кодексіне тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы тағы оншақты жобаны  сол комиссияға баяғыда ұсынып қойдым.

Өткенде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде комиссияның екі отырысы болды. Мың болғыр  Аслан аға Қаржаубаев Құдайдан қорықса керек, райынан қайтыпты. «Біз қандастарымыздың азаматтық алуын «Оралман» мәртебесіне байлап қойсақ, қандастарымыздың тең жарымын азаматсыз қалдыратын түріміз бар. Сондықтан, «ОРАЛМАНДАР» деген сөзді «ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР» деп өзгертпесек болмайды!» деп, сайрап отыр. Шімірігу деген атымен жоқ!

Сонымен, бұл ұсыныс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасап жатқан Заң жобасының тұжырымдамасына енді. Әділет министрлігі тексеріп, Парламент талқысына түссе, Заң дұрысталар еді.

«Оралман» мәртебесінің мерзімін өткізіп алған қандастарымыздың қатты қиналып кеткені шын. БАҚ күнде жазып жатыр. Қоғамдық ұйымдар мен ұлшыл бесенділер Аслан Қаржаубаев пен Ақмади Сарбасовтың телефонына тыныштық бермей, есігін дүркін-дүркін қағып жатқан көрінеді.

Бірақ, Қазақстан Республикасының «Азаматтығы туралы» заңына біз ұсынған жоба енбей, бұл мәселе шешімін таппайды. Ол үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Заң жобасын тездетіп Парламенттің қарауына өткізуі керек! Басқа амал жоқ!!!

Ауыт Мұқибек

 17.10.2018

Астана

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2058