Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 7407 15 пікір 24 Қазан, 2018 сағат 10:35

Әкім Архимедіміз канцлер Меркельден ұлық па?

Елбасымыз қашанда лауазымды шенеуніктерді ысырапшылдыққа жол бермей, елден ерекшелініп, қымбат дүние-мүлік пен көлікке тым құмар болмауға, бюджеттің қаржатын яғни халықтың ақшасын үнемді жұмсауға шақырудан жалыққан емес. Өйткені бұлайша Абай хәкім айтқандай    «өзіңде бармен көзге ұрудан» олардың беделінің көтерілмейтінін, қайта керісінше азғантай абыройынан айырылып қалатынын айтып жатудың өзі артық шығар. Президентіміздің осы аманаты қаншалықты орындалып жүр?

Жергілікті билік басындағылар үнемшілдік пен қарапайымдылықтың үлгісін көрсетіп жүр ме? Өкінішке қарай, мұндай сауалдарға жауап табу қиынырақ болып тұр. Қайта керісінше, біздің шенеуніктер өздерін халықтан жоғары қойып, бюджет қаржысын өз байлығына санап, ойына келгендірін істеп жүр десек, шындықтан онша алыс кете қоймаспыз.

Мысалды алыстан іздеп әуре болмай біздің облыстың әкімі Архимед Мұқанбетовтың қаншалықты қарапайымдылық пен үнемшілдіктің «жарқын белгісін» көрсетіп жүргеніне көз жіберіп байқалық. Ол қазіргі  таңда облыс орталығынан 10 шақырым жырақта орналасқан 21 гектар ұлан-қайыр жерді алып жатқан, бас-аяғы 13 нысаннан тұратын арнайы резиденцияны мекен етіп жатыр. Бұл жерде жан рахатына бататын дүниенің бәрі бар. Жұмыстан шаршап келсең моншасы, бой сергіткің келсе, теннистік корт дайын. Қысқасы, мұны жай адамға бұйыра бермейтін жұмақ десе де болғандай. Сонан да шығар бұл мекенжайды әкімдіктегілер аса құпия жағдайда ұстайды. Суретке түсіруге де рұқсат жоқ. Халыққа көрсетуге де болмайды. Ал салық төлеушілердің ақшасына салынған бұл резиденцияны сол жұрттың өзінен жасыруды қандай заңға сыйдырарымызды білмей отырмыз.

Жоғарыдан дрон тарқылы түсірген суреттегі бұл резиденциясының көркі осындай

Басын ашып алатын бір жай бар. Біз Архимед неге мұндай ат шаптырым мекен жайды иеленіп жатыр деп кінәлағалы отырған жоқпыз. Оны заңды бұзды деп жазғырмаймыз да. Өйткені мұндай дүниелерді реттейтін заң да, ереже де, қаулы да жоқ. Демек, мұндай жерде тұрса да, тұрмаса да өз еркі. Біздің  айтайын дегеніміз бұл мәселенің моральдық жағы ғана. Қандай да билік басындағылар өздеріне ерекше жағдай жасамай, халықтан іргесін аулақ салмай, адамгершіліктен атап кетпей, қарапайымдылық пен сыпайылықтың, үнемшілдіктің үлгісін көрсетсе дейміз. Өйткені қандай да мемлекеттік қызметшіні қарапайым халық тек іскерлігі ғана емес, әлгіндей қасиеттері үшін қадірлесе керек. Бұл жерде асыра сілтеу, жұртшылықтың пікірімен мүлдем санаспау, елдің ақшасын таусылмайтын мол дүние санап, есепсіз жұмсау, тек сол әкімнің ғана емес, бүкіл мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретіні айдан анық. Елбасымыз әкімдер мен шенеуніктерді үнемі үнемшілдік пен қарапайымдылыққа шақыра беруі әлгіндей жағдайдың бой алып кететінін ескерсе керек. Тек, бір өкінішітісі, мұны жергілікті жердегі билік басындағылар жүре тыңдайтыны жанға батады.

Бір ғана мысал. Айталық, біздің әкім Архимедтің резиденциясын ұстап тұру үшін бюджеттен жыл сайын 50 миллион теңге бөлінеді екен. Ал егер мұны шотқа салып көрсек, оған айына 4 миллионнан артық ақша кетеді. Сонда дейміз-ау, бір ғана отбасы үшін бұл бізге тым қымбатқа түспей ме?  Оның орнына, мәселен, әкімнің отбасы өзі жақсы қоршалған, мұқият күзетілген, қаламыздың тыныш та жақсы ауданындағы екі қабат коттеджде тұрса, кімнен кем болар еді?

Біз жалпы тек Архимед қана осындай резинцияда тұрады деуден аулақпыз. Біздің естуімізше бұл жағдай еліміздің барлық 14 облысының әкімдерінің бәріне тән көрінеді. Бұлардан Астана мен Алматы қалаларының әкімдері де қалыса қоймайтын шығар. Егер бұларға жылына біздегідей 50 миллион теңге жұмсалып тұрса, қорытындысын өздеріңіз шамалай беріңіздер.

Мүмкін біз әкімдерді жөн-жосықсыз, босқа кінәлап отырған болармыз. Шетелдердегі шенеуніктер бұдан да сорақысын көрсетіп жатқан шығар? Билік басында болғасын, мүмкін хан сарайындай үйлерде тұрудың еш айыбы жоқ болар? Байқап қарасақ, мүлдем олай емес екен. Мәселен, Германияның канцлері Ангела Меркель Берлин қаласының орталығындағы бес қабат үйдің төртінші қабатындағы жай ғана пәтерде тұрады. Терезесі ашық. Мұны кез-келген турист суретке түсіре алады. Есігінің алдынан салдырлаған трамвай да өтіп жатады. Оған қабақ шытатын Меркель жоқ. Өйткені олар үшін халықтың ақшасының бір тиыны да қымбат. Мұны олар қалыпты жағдай деп есептейді.

Мұны аз десеңіз, Монғолияның президенті Халтмаагийн Батулга өзіне тисілі резиденциядан бас тартып, жұмысына 400 метрдей жердегі шағын ғана үйді қалап алған. Жұмысына жаяу барады.

Бразилияның бұрынғы президенті Алорада да дәл осылай істеген. Бұл елдің кейінгі президенті Мишель Темер де әлгіндей дәстүрді жалғастырып, тиесілі резиденциясы «мен үшін тым ауқымды» деп одан бас тартып, өзінің шағын ғана особнягіне қайта оралған.

Терезесі ашық тұрған Меркельдің пәтері.

Иә, айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Тек, бір өкінішітісі, біздің билік басындағылар бұдан үлгі алып, мемлкеттік қызметшілер үшін басты қағида - қарапайымдылықтың қатаң ережесін сақтауға мүлдем асықпайтынын айтып жаудың өзі артық.

Айтпақшы, шенеуніктердің асыра сілтеуден аулақ болуы қажеттігін жақында ғана Қарағанды облысына барған Парламенттің Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше ескертіп өтті.

- Мүмкіндігімізге қарамай жөн-жосықсыз, салтанатты өмір сүрудің заманы өтті, - деді ол. - Сондай-ақ аса қымбат көлік пен ауқымды кабинеттерді иелену де өткен күндердің еншісіне қалуға тиісті. Қазіргі уақыт осыны талап етеді.

Бұл ескерту әкімдердің елден ерекше резиденциясына да қатысты болар деген ойдамыз.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

  

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063