Далбаса диагноз
Әкім аурухананы аралап жүр.
–Мынау кім?
– Науқас,–деді мейірбике.
–Ол неге жерде жатыр?
– «Төсектен қорқамын» дейді.
–Өтірік айтады. Маған палаталарда орын жоқ деп еді,–деді шал.
–Аты –жөніңіз, ата? –деп сұрады әкім.
– Сорлыбай Өлмегенбаев.
– Қашаннан бері жатырсыз?
– Бір жылдан асты...
–Өтірік айтады, сондай сухит, ухит шал екен... –деп қалды бас дәрігер.
–Шырағым әкім бала, бір жыл бұрын осы ауруханаға түскен едім, –деді шал ыңырсып.
–Ия?
–«Асқазаныңызда бірдеңе жасырынып жатыр. Операция жасаймыз!» деген.
– Жасады ма?
–Сұраған ақшаларын бере алмаған едім, әлі жатырмын.
Әкім бас дәрігерге қарады. Бас дәрігер төбеге қарады.
– Өтірік айтады, ақша сұрағаны несі, жағдайын сұрадық әшейін, жағдайын, –деп лыпылдады бас дәрігер.
–Біз ақша алмаймыз, алсақ, бәріміз таласып қаламыз... –деп қалды мейірбике.
–Мынау не? –деп сұрады әкім.
– Система салып жатырмыз, –деді мейірбике.
–Глюкоза ма?
– Жоқ, Мликоза.
–Өтірік айтады, ақша бермеген соң, «арзан ғой» деп су салып жатыр, –деп міңгірледі науқас.
Әкім бас дәрігерге, бас дәрігер төбеге қарады.
– Өтірік айтады, негізі өтірік айтса, денсаулығы жақсарып кетеді, –деген бас дәрігер желкесін қасыды.
–Системамен арзан су құйғаныңыз өте ұят, –деді әкім, – Тым болмаса, Сарыағаштың «газированный» суын салмайсыңдар ма? Адам ғой? Адам денсаулығы–мемлекеттің кепілі!
– Негізі «Кококола» салайын деп жатқанбыз... –деп қалды мейірбике.
– Ата, сізге қандай диагноз қойды?
–Тырысқақсың деді...
–Ия, сосын?
–Күптісің деді.
–Тағы да?
– Жүктісің деді.
Әкім бас дәрігерге, бас дәрігер төбеге қарады.
–Жүкті болғаны қалай?
–Сол. Екіқабатсыз деді.
–Түсінбедім?
– Мен күрсінбедім. Қысқасы, мен де түсінбедім.
–Компьютермен тексергенімізде, сондай диагноз шыққан негізі,– деп ақталды дәрігер.
–Ақша берсе, дұрыс диагнозын қоямыз ғой,– деген мейірбике аузын алақанымен жаба қойды, –Деген жоқпын, деген жоқпын, деген жоқпын!
–Ауызың автомат екен сен қыздың! Пистолет болсаңшы!
–Ата, сонымен диагнозың қандай болды? –деп сұрады әкім.
–«Құрт жеген» болды.
–Немене, құрт жеген?
–«Азу тістері құрттап кеткен» деп тіс дәрігерін шақыртты да, бәрін қағып тастады...
Әкім бас дәрігерге, бас дәрігер төбеге қарады. Аяғын адымдай, ашулы кетіп бара жатқан әкімнің соңынан сүметіле жүрді. Мейірбике болса, өтірік ыржалақтай күлді.
–Кешіріңіздер, –деді шал шырт түкіріп, – Бір атым насыбайларыңыз бар ма? Білем, білем, араларыңда біреуің насыбайдан атасыңдар, ақша бермесеңдер ғой, ия бермесеңдер ауруханаларда арам қатасыңдар!