Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алаң 11132 57 пікір 30 Қазан, 2018 сағат 13:18

"Алаштың жүз жылдығын тойламай ма өздері"...

"Жастарымыз жат ағымдардың жетегінде кетті, жасөспірімдеріміз жаһанданудың жеміне айналды" деп аһ ұрып жүргенімізде аға буынның да бет пердесі ашылды. Бұған дейін ел билігінің ең бір жайлы жеріне жайғасып алып, кеңестік жүйенің шекпенінен шыққанын мойындамағансып жүретін ата-апаларымыз комсомолдың 100 жылдығы дегенде қой терілерін лақтыра салып, қасқыр тістерін ақситып көрсетті. 

Бір қызығы кәрі комсомолдар қазақты қойша қырған қызыл коммунистердің тойын тойлау үшін туған халқына қарсы шығудан тайынар емес. Өздерінің сатқындығын айыптаған қазақ халқын «тарихты ұмытқан», «батысқа бейімделушілер» деп кінәлауда. Оларға салса бүкіл Қазақстан халқы "әке-шешеміз жүріп өткен жол" деп Кеңес одағын сағына еске алып отыруы керек екен. Біз бұл сөздерді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Мәжіліс депутаты, Қазақстан халықтық коммунистік партия фракциясының мүшесі Жамбыл Ахметбековтың пікірі бұл.

Қалай болғанда да, комсомол – бұл тағдыр, бұл балалық шақ, жастық шақ, сосын тарих. Ал әлгі ұлтшыл патриоттар мен өзгеріп шыға келген үлкен буын өкілдері және тарихи мәліметтерден жұрдай жастар өзінің өткен тарихына және ата-бабасы ­– атасы, әкесі, анасы жасаған тарихқа тас атып жатыр, – депті депутат «Жас Алаш» газетінің тілшісіне берген сұхбатында.

Бұл кісінің сөзіне сенсек, тәуелсіз елдің жастары тарихи тамырынан алшақтап, ата-бабасын ұмытқан екен. Сонда бұлар үшін қазақ тарихы деген кешегі кеңестік ғасыр ғана секілді. Әйтпесе, тарихты ұмытпай, ұлықтағыш болса осыдан бір жыл бұрын Алаш арыстарының жүз жылдығын неге еске алмады?. Айтпақшы, ақылы асқан Ахметбеков «ақсақалдың» бұған да жауабы дайын екен.

Біздің комсомол тойын тойлауымыз қазақша айтқанда «өз қотырыңды өзің қасу». Ал, анау Алаштың жүз жылдығы тойланбай қалды деп жүр ғой, тойламай ма енді олар да, өз мерейтойлары ғой. Мүмкін біз де қосылып кетер едік қой оларға, - дейді.

Сонда «анау Алаш» дегені не, «өз тойларын өздері тойламай ма» деп кімді айтып отыр? «Мүмкін біз де қосылып кетер едік» дегені тағы бар. Сонда бұлар Алаш қайраткерлерімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бөтен адамдар ма? Тарихты түгендегіш Ахметбеков үшін ата тарихтың бастау көзі Кеңес одағы ғана ма әлде? Жоқ бұл комсомолдар көктен салбырап түскен бе, әлде Ленин мен Сталин темір немесе қоладан құрастырып, құйып шыққандар ма?!

"Алаш тойын өздері тойламай ма?" деп кімді айтып отырсыз, Ахметбеков ата? Алаш арыстарын сіздер, қызыл коммунистер, қырып тастағансыздар. Алаш арыстарының арасынан сіздер секілді тарысы піскен үйдің тауығы болатын сатқындар шыққан жоқ. Сіздер секілді кеше Кеңес одағын, бүгін тәуелсіз Қазақстанды мақтап екі дәуірде де өмір сүру олардың қолынан келмеді. Сол үшін Алаш тойын сіз бен біз тойлауымыз керек. Бірақ сіздердің Мәскеу улаған миларыңыз бұған жете қоймас. Жетсе жоғардағы жетесіз әңгімені айтпас едіңіздер.

Қазақстан халықтық коммунистік партиясы кімге керек?

Бұл партия 2004 жылы құрылған. 2012 жылғы мәлімет бойынша партия қатарында – 94 мыңнан аса адам тіркелген. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде бірқанша депутаттық мандатқа ие. Коммунистік партияның қандай партия екені, қазақ халқына қандай нәубет әкелгенін көзі ашық жұрттың бәрі де біледі. Өкінішке қарай, сол партия әлі де тірі. Әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған бұл партия елімізде еркін жұмыс істеп, Парламентте отыр. Кеңес одағының коммунистік партиясы мен Қазақстанның коммунистік партиясы айтар ауызға бөлек болғанымен, түбін қусаң тым жақын. Бұған дәлел, әдетте бар-жоғы білінбейтін біздің коммунистер комсомол тойы дегенде қартайғандарына қарамай тойдың шоғын үрлеп кеп жібермеді ме.

Қазақстан секілді коммунистік жүйеден аса ауыр қысас көрген, ұлттық геноцидке ұшыраған елде коммунистік партияның болуы, әрі биліктің қолдауына ие екені барып тұрған қателік. Елдің саяси-мәдени өміріне мүлде араласпайтын, қоғам дамуына еш пайдасы жоқ партияның осы замандағы мақсат-міндеті не екеніне көзіміз осы жолы жетті. Бұған дейін де комсомолдың тоқсан жылдығын тойсыз қалдырмаған коммунистер араға он жыл салып ел алдына қайта шығып отыр. Табиғат заңынан сүрінбей өткендерін енді он жылдан кейін тағы көрерміз.

Дәл осы Қазақстан халықтық коммунистік партиясы өздері комсомол тойын тойлағанымен қоймай, тәуелсіз елдің жеткіншектерін зияндауда. Аталған партияның ұйымдастыруымен еліміздің әр өңірінде мектеп оқушылары мен студенттерге коммунистік лекциялар оқылып, кәрі комсомолдардың естеліктерін тыңдатып жатыр. Осы қатарда Атырау қаласындағы бірқатар мектептерде (№16, 19, 13, 30) кездесулер өткен. Тек тәуелсіз елдің таза ауасымен тыныстап өсіп келе жатқан жасөспірімдерге ұйымдастырушылар көк тиын құны жоқ қызыл галстуктерін тағып қойған. Біз бұл облысты мысал үшін ғана айтып отырмыз, негізі жер-жердегі оқушыларға кәрі комсомолдар керексіз кеңестерін тықпалауда. Сонда бұлар елдің ертеңі, ұлттың болашағы болатын жастарға не тәрбие беріп жүр? Біздің ойымызша, оқу орындарында комсомолды дәріптеу елдің егемендігін мойындамау!

Ал осындай бассыздыққа қой дейтін қожа табылмай тұр. Өңірлік білім басқармасы немесе Білім және ғылым министрлігі қайда қарап отырғаны белгісіз. Бірақ, аталған минситрліктің бұрынғы басшылары комсомол тойын тойлаушылардың бел ортасында жүрсе бұларға қайдан тектеу қойсын. Біз бұл жерде Алматыдағы комсомол тойына қатысқан Бақытжан Жұмағұлов пен Бірғаным Әйтімова жайлы айтып отырмыз.

Бүгінгі аталар мен әжелердің комсомол күнін неге сонша сағына еске алатыны түсініксіз. Онсыз да өздерінің саптастары отырған қазақ билігі кешегі коммунистерді ешкімнен кем-қор еткен жоқ. Ол кезде біреудің айтқанына көніп, айдағанына жүрсе, бүгін емін-еркін өз білгендерін істеуге мүмкіндіктері бар. Соның айқын дәлелі, тәуелсіз Қазақстан елінде өзге мемлекеттің идеологиясын дәріптеп жатыр.

Комсомол тойын тойлағыштар неге Елбасының бағдарламаларын бетқалқа етуге құмар?

Алматы қаласы Абай атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының 100 жылдығына орай өткен мерекелік концертте сөз алған Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов аталған кешті ұйымдастыруға рұқсат берген Елбасыға рақмет айтты.

- Әр өңірде өтетін кездесулерге келісім беріп, бізге қолдау көрсеткені үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз алғысымызды айтамыз! Нұрсұлтан Әбішұлы өз өмір баянында 18 жасында Теміртауға комсомол жолдамасымен келіп, сол дәуірдегі ең ірі құрлыста ең алдыңғы қатардағы жұмысшы металлург мамандығын игеріп, өмірге белсенді араласып, шынығып, ширығып, ширап өскенін, комсомол жеткешісі, ВЛКСМ орталық комитетінің мүшесі болғанын өмірбаянынан барлығыңыз да жақсы білесіздер,- деді Сұлтанов.

1970 жылдары Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы қызметін атқарған Қуаныш Сұлтанов өз сөзінде Елбасыны қоса сөйледі. Бұнысы комсомолдың кереметтігіне тамсанғаны  ма, әлде өздерін сынаушыларға айбат көрсеткені ме оны өзі біледі.

Біз жоғарыда сөз еткен Жамбыл Ахметбеков та Сұлтановтан еш қалысқан жоқ. "Комсомол тойын тойлау - тарихтың талабы" деген Ахметбеков аталған шаралардың Елбасының бағдарламаларымен тығыз байланысты екенін де айтты.

Біздің қазіргі даму бағытымыздың негізі сонау совет кезінде, оның ішінде өзіндік қолтаңбасы қалған комсомолдың кезінде қаланған, соны ешкімнің ескергісі келмейді. Комсомолдың жүз жылдығын тойлауда ешқандай идеология болған жоқ. Дегенмен, дәл қазір бұл идеология өте өзекті болып отыр. Өзекті болатыны сол – мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасы, жолдау мен оның іске асуы сияқты әлеуметтік мәселелер – міне нағыз социализм деген осы. Бұл туралы ешкім ашық айта алмайды, өйткені біз жабайы капитализмде өмір сүріп жатырмыз, - дейді парламент депутаты.

Мемлекеттің қазіргі саяси ұстанымы, Елбасының бағдарламалары жайлы Мәжіліс депутаты,  Қазақстан халықтық коммунистік партия фракциясының мүшесі Жамбыл Ахметбековтың пікірі осындай екен. Сонда комсомолға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бүгінгі идеологияны һәм Елбасының мүбәрәк есімін қиыннан қиыстырып қосып жіберу кімге керек?

Комсомолдың 100 жылдығын қалалық газет үгіттеді

Кәрі комсомолдардың тоңмойындығы сондай, халықтың қарсылығы мен наразылығын елең құрлы көрер емес. Жыл басынан бері халық комсомол күні аталып өтілмесін деп қанша талап етсе де қолдарында ірі билігі бар ақсақалдар айтқанынан қайтқан жоқ. Қазан айы бастала бере ауыл-аймақта күлі көкке ұшқан Кеңес дәуірін сағына еске алып, махаббатпен тойлап жатты. Алматыдағы еске алу концертінен кейін үдей түскен наразылыққа қарамастан Астанада, Семейде дәл сондай еске алу шаралары өтті.

Бұдан да сорақысы, Талдықорған қаласында шығатын білдей қалалық газет комсомолдың жүз жылдығын ашық түрде үгіттеді. Біз «Алатау» газетінің №43 санында «Жетісулық жастардың көсемдері» деген тақырыппен шыққан мақаланы айтып отырмыз. Қызыл империяның қолшоқпарлары жайлы мақала газеттің үш бірдей бетін бірақ иеленуі тіптен масқара!  

Бір өңірдің тілі мен жағы болған газет шімірікпей келмеске кеткен Кеңес одағын жарнамалап отыр. Тіпті, "жетісулық жастардың көсемі комсомолдар еді" деуден еш қымсынбаған. Соған қарағанда бұлар Жетісу халқы қып-қызыл коммунист дегісі келетін  

Бірақ, Айтақын ағамыз Facebook-тегі парақшасына: "Айран ішкен құтылды, шелек жалаған тұтылды" деп өзінің кінәсі жоқ екенін жариялады.

Айтақын Бұлғақов, "Алатау" газетінің бас редакторы:

- Баспасөз құралдары мен ақпараттық сайттарда комсомолдың 100 жылдығына қатысты жағымсыз пікірлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулады. Мен редакторлық етіп отырған "Алатау" қоғамдық-саяси газетіндегі "Жетісу жастарының көсемдері" тақырыбындағы мақала жарық көргені рас. Бірақ та бұл мақаланың шығуына редакциялық ұжымымызбен түбегейлі қарсы болғанбыз. Алайда, менің де үстімнен қарап отырған "Офсет" баспаханасының директоры Бақберген Сүйінбайұлы мен мақала авторы, тарихшы Құлтай Нұрқалбайұлы жауапкершілікті өз мойындарына алған-ды. Мен газеттің баспадан шығуына қол қойған жоқпын. Мұндайды қазақ "Айран ішкен құтылды, шелек жалаған тұтылды" дейді.

Міне, осы жағдайларға қарап қазақ халқының ұлттық идеологиясы азып-тозғанын аңғаруға болады. Сөз басында айтқанымыздай жастары жат ағымның, кәрілері Кеңес одағының идеясымен өмір сүруде. Миы коммунизмге уланған комсомолдар басқарған елде діни «измдерге» уланған көрсоқырлар қаптайтыны сөзсіз. Алпысқа келгенше ақыл кірмеген сатқын ағалар өзге елді үлгі тұтқан жастарға ақыл айтуға мүлде дәрменсіз.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

 

 

57 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052