Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 7949 18 пікір 30 Қазан, 2018 сағат 14:44

"Жарияланбаған автономия" һәм кеңестік "жалғыз аяқ" жол!

«Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланған журналист Б.Мүрсәлімнің «Жарияланбаған автономия» атты мақаласы мен ғылым докторы М.Қойгелдімен бірлесіп түсірген «Алаш туы астында» атты  деректі фильмі жайлы қайшылыққа толы пікірлер айтылып жатыр. Мақаланы оқып,  деректі фильмді көрген жұрт «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей екі ұшты ойға қалуда.

Біздің тарихшыларымыз әлі күнге дейін  Тарих ғылымы саласында Кеңестік идеология салып берген «жалғыз аяқ» жолмен келе жатқаны байқалады. Таяуда «Abai.kz» ақпараттық порталында  Сұлтан хан Аққұлының аталмыш фильм туралы мақаласы жарияланған екен, мен Сұлтанханның  пікіріне қосыламын. Және осыған орай  өзімнің  ХХ-ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының, Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің атқарған тарихи рөлі туралы ойымды қосуды жөн көрдім.

«Тарих» дегеніміз белгілі бір даму үдерістерінің заңдылықтарына бағынатын процесс. Даму процесстерінің арасын үзіп тастап, жаңа тарих жаза алмайсың.

Өйткені, жазып, не көрсеткелі отырған кезеңді сонау өткен ғасырда болған тарихи оқиғалардың даму процесіне  логикалы түрде жалғастыру міндеті тұрады.  Ғылым докторы М.Қойгелді мырза мен журналист Б.Мүрсәлім «Алаш туы астында» деректі фильмінде  бүгінгі Тәуелсіз мемлекетіміз бен өткен ғасырдағы Алаш  қозғалысы арасындағы логикалық байланысты үзіп тастаған екен.

Федеративті Ресей де өз тарихын қайта жазып жатыр. Олардың арасынан тіпті «Русь кньяздері Батыйдан жеңілмеген, Алтын ордаға бағынбаған» дейтіндер шығып жатыр. Олар не десе, о десін, бірақ, тарихы беріде ғана жазыла бастаған қазақ, тура жолдан таймауымыз қажет-ақ.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, бұрынғы Ресей тарихына, «ревизия» жасап, коммунистік идеология негізінде «Кеңестер Одағы тарихын» қайта жазып шыққан. Бұл тарихтың айтуы бойынша «Патшалық империяны құлатқан большевиктер». Сол тарихта «большевиктер партиясы РСДРП туралы көп айтылады. Рас, ХХ-ғасырдың басында большевиктердің Ресейдің қалың өндіріс орындарында өкілдері болды. Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде армия қатарында да большевиктерден насихатшылар  болғаны рас.

Бірақ, сол кезде Ресей империясында экономикалық және саяси дағдарыс өз биігіне жеткен еді. Соны тиімді пайдалаған Кадеттер партиясы Ресей императоры Николай II-нің тақтан бас тартуға мәжбүрледі. Яғни,  Кеңес тұсында жазылғандай патшаны тақтан құлатқан большевиктер емес, Кадеттер еді.

Сондай ақ, қысқы сарайды Уақытша үкіметтен тартып алғанда большевиктер емес, Эсерлер партиясы мен меньшевиктер партиясы болатын.

Кейін большевиктер партиясының көсемі эсерлер, меньшевиктер арасындағы алауыздықты жақсы пайдаланып,  Ресей империясы территориясында  Кеңестер Одағын  құруды қолға алды.

Большевиктер биліктерін нығайтқаннан кейін, Ресей тарихын «Кеңестер Одағы тарихы» деген атпен қайта жазып шықты.

40-жылдарға дейін бізде өзіміздің  төл ғылыми тарихшыларымыз болған жоқ (Алаш қайраткерлерінің ішінде  қазақтың үзік-үзік тарихын, шежірелерін жазғандар болды).  Қырқыншы жылдардан кейін, институттарда Тарих ғылымының мамандары дайындала бастады. Соның нәтижесінде 1957 жылы  «Қазақстан тарихы» атты үш томдық академиялық тарих шықты. Содан кейін мектептерге арналған тарих оқулықтары осы академиялық үш томдық негізінде жазылды.

Мұны қадалып айтып отырған себебім, біздің бүгінгі тарих ғылымы саласындағы мамандарымыз сол Кеңес идеологиясы салып кеткен «тар жолдан» шығуға әлі мүмкіндігі болмай жатыр. Ол еркіндік болу үшін мемлекет тарапынан ғалым тарихшыларға еркіндік берілуі қажет. Ал, ол «еркіндік» тарих ғалымдарында жоқ.

Ғылым докторы М.Қойгелді мен журналист Б.Мүрсәлімнің  мемлекетіміздің Тәуелсіздігін  1991 жылдан бастауы содан болар деп ойлаймын.

Кеңестер Одағы тарихынан үлгі алып жүргендерге мынадай  мысал келтіре кетейін.

Большевиктер өздерінің тарихын  1917 жылы Қысқы Сарайды алуынан емес, өздерінің төл партиясы  РСДРП-ның XIX-ғасырдың аяқ кезіне қалай құрылғанынан, саяси қызметтерінің Ресейде қалай жұмыс істегенінен бастайды. Яғни, коммунистер  тарих жазуда оның даму процестеріне маңыз беріп, яғни, патшалық империяны құлатып, «халықты теңдікке жеткізген Кеңестер Одағын құруға  марксизм-ленинизм идеологиясы арқылы қол жеткізілді» деген «теорияны дәлелдеген».

Әрине, бұл қазір о дүниеге кеткен қоғам, адам санасынан өшірілген идеология. Дегенмен, біздің елімізде сол идеологияның салқыны бар.

Әңгіме, журналист Б.Мүсілімнің «Қазақ автономиясы жарияланбаған» атты мақаласынан туындап отырғандықтан кез келген ел тарихының алғышарттары болатынын ескерте кеткіміз келеді. Айтпағымыз, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметі тақыр жерде жарияланған жоқ.

Осыдан екі жыл бұрын, «Алаш туын көтергендер» атты көлемді зерттеу мақаламда «Алаш қозғалысы мен «Алаш орда» үкіметінің жариялануына дейінгі аралықта Алаш қозғалысының он жылдық тарихы жатқанын айтып едім.

1905 жылғы Ресейдегі Ақпан қантөгісінен кейін, қазақ зиялылары бірігіп, Алаш қозғалысын бастаған болатын. Ол қозғалыс  сол жылғы «Қарқаралы петициясынан» басталады.  Патшаның атына, Ішкі істер министріне, өлкелік губерния бастығының атына жолданған петицияларға Қарқаралы, Семей базарларына келген  отыз мыңнан астам адамның қолдары қойылған еді.

Бұл дегеніңіз үлкен деңгейдегі Алаш қозғалысының бастауы болды. Бұл Ресей Ішкі істер министрі Столыпиннің реформа жүргізіп, қара шекпенділерді, орыс казактары мен шаруаларын  қазақтың ең шұрайлы жерлеріне орналастырып, тұрғылықты халықты жартылай шөлейт жерлерге ығыстыра бастаған кез болатын. Алаш қайраткерлері сол аталған Петицияда орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыруды тоқтатуды талап еткен . Сол сияқты қазақ елі үшін ең маңызды мәселелердің бірі қазақ балалары үшін мектептер ашу, сот ісін  жөнге қою, жер мәселесімен айналысатын земство ашу, мешіттерді қазақ мүфтиіне қарату тәрізді талаптарды қойды.

Осы уақыттан бастап,  петицияны «жазды, ұйымдастырды» деген қайраткерлердің артына жандармерия тыңшыларын салып қойды. Соның салдарынан  1907 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мен Жақып Ақпаев түрмеге қамалды. Одан кейін А.Байтұрсынов 1909 жылы ұлтшылдық сөздері үшін түрмеге тағы жабылып, мектеп директоры қызметінен босатылды.

Саяси қуғыннан көзі ашылмаған Алаш қозғалысының белсенді қайраткері, ақын Міржақып Дулатов та түрмеге қамалды. Выборг жиынынан кейін Самарада айдауда жүрген Әлихан Бөкейхановта тағы қатаң бақылауға алынды.

1905 жылдан 1913 жылға дейінгі аралықта  көзі ашық көптеген Алаш қайраткерлері  қазақтың көзін ашу, сауаттандыру мәселесін шындап қолға алды. 1909 жылы Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» атты кітабы, сол жылы Ахмет Байтұрсыновтың «Мысалдар» атты кітабы Қазан баспасынан шығып, қазақ жұртының санасын  кәдімгідей жаңғыртты. А. Байтұрсыновтың одан кейін баспадан шыққан "Қазақ әліпбиі" жалпы халықты сауаттандырудың  басы ғана емес, Қазақ Тіл ғылымының бастауы болды. Ел арасында Ахаңның Төте әліппесін оқытатын молда, мұғалімдер пайда болып,  сауаттанған адамдардың саны едәуір өсті.  Алаштың сол кездегі жас қайраткерлері Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов  т.б. алаштық қайраткерлер осы Ахаңның «Әліпбиімен» көз ашып, «Қазақ» газетінің демімен рухтанғандар. Тіпті Кеңес өкіметіне қызмет еткен басшылар Сәкен Сейфуллинге, Тұрар Рысқұловқа, Әліби Жангелдинге, жазушы Сәбит Мұқановқа  Ахаңның «Әліпбиі» мен шығармалары, ол редакторы болған «Қазақ» газетінің  көзқарастары мен өмірлік ұстанымдарына әсері болды десек, артық емес.

1913 жылдан бастап, қазақ елі арасына кең тарай бастаған «Қазақ» газетінің және одан бұрын шыққан «Айқап» журналының ұлттық рухтың қалыптасуы мен нығаюына зор үлес қосқанына ешкім дау айта алмас.

1913 жылдан  1919 жылға дейін үзбей шығып тұрған «Қазақ» газетінің қазақ мәселесі туралы жазбаған тақырыбы қалған жоқ.

Жеке ел болуды  аңсаған, армандаған сол кездегі қазақтың зиялы қайраткерлері осы "Қазақ" газеті арқылы ұлттың ұйысуына, рухының көтерілуіне демеу болды.

1916-1917 жылдардағы бүкіл Ресейді, жарты әлемді қамтыған аласапыранда қазақтың көзі ашық азаматтары, зиялылары осы "Қазақ" газетінің маңында топтасты. Ал, одан сәл бұрынырақ, «Айқап» журналының бас редакторы Мұхамеджан Сералин  «қазақ партиясын құру» туралы ұсыныс жасаған болатын. Бірақ, бұл ұсыныс қолдаушылар аз болғандықтан ба, кезінде жүзеге аспай қалды.

Қалайда, Ресейдегі 1917 жылғы  Ақпан революциясы  Қазақ жерінде «Алаш» партиясының құрылуына және  «Алашорда» үкіметінің  жариялануына жол ашты.

1917 жылы 21-26 шілдеде  қазақ  елінің көптен күткен  бірінші Жалпыхалықтық сиезі болды. Оған Орал, Семей, Торғай, Ақмола, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстары мен Бөкей ордасынан өкілдер қатысқан еді. Сиезде  «Алаш» партиясының бағдарламасын жазу, Қазақ қырғыз автономиясын құру туралы мәселелер қаралып, шешімдер қабылданған еді.

Соған орай Алаш үкіметінің жоғарыда аталған облыстарына басшылық жасайтын өкілдері сайланды.

«Алаш»  партиясының  бағдарламасы  кейінірек  жазылып, «Қазақ» газетінің қараша айындағы нөмірінде жарияланған болатын.

Ресейдегі Уақытша үкімет пен большевиктер арасындағы күрестердің күрделеніп, шиеленісіп кетуіне  байланысты 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда Екінші жалпы қазақ сиезі шақырылды.

Осы сиезде «Алаш үкіметі» құрылып,  ол Қазақ-қырғыз үкіметі деп те аталған.

Сиезде Қазақ қырғыз автономиясының халықтық демократиялық ұстанымы болатынын, елдің әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етуді мақсат ететіні жиында мақұлданған Конситуциялық жобада атап көрсетілген.

Сиезде әр облыста атқарушы жүйелер құрылып, милиция және халықтық әскер құру туралы ұсыныс жасалып, ол істер бағытында кейін біршама жұмыстар атқарылған. Үкімет төрағасы болып, көп дауыспен Әлихан Бөкейханов сайланған.

Бір сөзбен айтқанда 1917 жылы өткен Жалпы халықтық екі сиезде қабылданған шешімдер 1905 жылы басталған  Алаш қозғалысының  Қазақ мемлекеті болуды мақсат тұтып, ұзақ уақыт бойы табан тіреп жүргізген күрестерінің нәтижесі еді.

Ал, сонда отарлаушы Ресей патшалығына қарсы он екі жылға созылған Алаш қозғалысы мен соның нәтижесінде 1917 жылы құрылған Алаш партиясы мен  Алашорда үкіметінің құрылу тарихын  тарихтан алып тастап, Тәуелсіз Қазақстан тарихын  1991 жылдан бастау мүмкін бе? Меніңше, бұл қисынға келмейтін түйін.

Соған байланысты, түбінде Ресей патшалығынан бөлініп, Тәуелсіз мемлекет  құруды аңсаған Алаш қайраткерлері ұзақ жылдар ішінде өз қозғалыс, күрестерін жоспарлы түрде жүзеге асырып отырды.

Мәселен, мемлекет болу үшін, халықты жаппай сауаттандыру керек екенін, сол үшін  қазаққа өзінің төләліпбиі керек екенін ұғып, Ахмет Байтұрсынов  арап алфабиті негізінде барлығы 28 ғана ғаріптен тұратын Қазақ әліпбиін ойлап шығарды. Осының нәтижесінде Төте әліпбиді оңай игерген қазақтың саны  1917 жылдан бастап едәуір артты.

Екіншіден, А.Байтұрсынов  үш салалы Қазақ  грамматикасы ғылымдарының негізін қалады,

Үшіншіден, «Әдебиет теориясының» негізін салды.

Төртіншіден, Алаштың аса көрнекті қайраткерлері М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев мектепке қажетті басқа пәндерге арнап, кітап жазып, шығарды.

Бесіншіден, қазақ ауыз әдебиеті өкілдерінің шығармалары  жинақтала бастап, қазақ Жазба әдебиетінің (М.Әуезов, Б.Майлин, Ж.Аймауытов және т.б.) негізі қаланды.

Алтыншыдан, қазақтың дәстүрлі өнерін жарыққа шығаруға Алаш қайраткерлері көп күш-қайрат жұмсады. Театрлық қойылымдар (Семейде) қойылып, ән күйлердің ноталары түсіріле бастады.

Халықтың ұлттық  мәдениет деңгейі  мемлекттіктің  негізгі  діңгегі болатынын Алаш қайраткерлері жақсы сезінді.

Аталған мәселелер мен көрсеткіштер  сол кездің өзінде басқа Түркі елдерінің арасында Қазақ Елінің беделін біршама биікке көтеріп еді. Сол кезде Орта Азия халықтарының ішінде төл төте әліпби тек  қазақ жұртында ғана болып еді.

Айта берсек, мемлекеттің өзегін құрайтын басқа негізгі көп дүниелерді де Алаш қайраткерлері  сол аласапыран жылдарда мақсатты түрде жүзеге асырды.

"Алашорда автономиясы жарияланбаған" деу арқылы ХХ ғасырдың бас кезінде Алаш қозғалысына бар өмірін сарп етіп, қазақтың келешек мемлекеттігі үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің атқарған ұлы  істерін «көлеңкеде» қалдырып, бүгінгі күнімізді ғана айтсақ, біз Кім боламыз!?

Ал, осы күні айтылып, жазылып жүрген «Алаш үкіметі жарияланған жоқ» деген дауға келетін болсақ, оның екі жақты қыры бар.

Біріншіден, Ақпан революциясынан кейін, билік басына келген  Ресейдің Уақытша үкіметі  большевиктермен, меншевиктермен, эсерлермен алысып жүргенде байтақ Қазақ жеріне билік жүргізуге мүмкіндігі болған жоқ.

1017-1919 жылдар ішінде қазақ жерінде әлденеше рет билік ауысты.

Бірі келіп, бірі кетіп жатты. Сондай ақ, Колчак құрған «Сібір үкіметі де» қазақ жеріне нақты билік жүргізе алған жақ.

1917 жылы шілде айында болған Бірінші жалпы қазақ сиезінен кейін, Алаш партиясының, «Алаш үкіметіні» құрылғанынан хабардар ел Алаш қайраткерлерінің аузына қарады. Солардың ұстанымын қолдады.

Бір сөзбен айтқанда 1919 жылы  большевиктер  Колчакты біржола Қытайға қарай ығыстырып, жеңгеннен кейін ғана бұрынғы Ресей империясының  Астарханнан сонау Шығыс Алтайға дейін созылған бос, иесіз қалған кең  кеңістікке назар аудара бастады.

Әңгіме өзегі  ХХ ғасырдың 1917-1920 жылдарында қазақ топырағындағы  тарихи оқиғалар туралы болғасын, 1917 жылдың аяғында құрылып, 1918-жылдың бас кезінде большевиктердің қолымен жойылған Түркістан (Қоқан) автономиясы  бар болғаны екі ай шамасында өмір сүрді. Оның алғашқы премьері М.Тынышпаев (кейін аз уақыт М.Шоқай басшы болған)  Түркістан (Қоқан) автономиясын  жойғаннан кейін іле-шала большевиктер Тәшкенде Түркістан Кеңестік Социалистік автономиялық республикасын жариялағанын айтпай кетуге болмайды. Бұл автономия қазіргі Қазақстанның оңтүстігін, Жетісу мен Сырдария, қазіргі Өзбекстанның территориясын қамтыған.  1918 жылы сәуір айында құрылған ТАССР  1924 жылға дейін, яғни  жаңа Қырғыз (қазақ) автономиясы құрылғанға дейін өмір сүрген.

Жетісуда ТАССР-ның құрылуына 1917-1918 жылдары оңтүстікте, яғни, Верный  (Алматы) мен  Тәшкен жерінде большевиктер үстемдік алып, осы аймақтарда ықпалы өте күшті болғанынан деп бағалаған жөн. Екіншіден, «Теңдік әпереміз, жер бөліп береміз» деген  социалдық  үгіт-насихатқа сенген қазақтар да көп болды. Олардың қатарында ел арасында беделдері зор қазақтың оқыған зиялылары да біршама еді.

Оңтүстікте большевиктер Түркістан Советтік Социалистік автономиялы республикасын құрған кезде  (30-сәуір) болшевиктердің  негізгі күші  Ақтөбе. Торғай, Қостанай, Ақмола аймақтарында Колчак армиясымен кескілескен шайқастар жүргізіп жатқан. 1919 жылы большевиктер батыстағы күштерін Колчакқа қарсы төгіп, ақыры олардың бір бөлегін Қытайға, екінші бөлегін Владивостокқа дейін қуып, быт-шытын шығарғаннан кейін, тыныс алған Кремль басшылығы Алтайдан Астарханға дейін созылып жатқан, Қазақ жеріне билік орнатуды ойластыра бастады. Батыстағы, оңтүстіктегі, Шығыстағы жауларын жеңіп, Ресей империясынан қалған әлемдегі ең үлкен территорияның билігіне келген большевиктер, енді Ішкі саясатты жолға қоюға шындап кірісті. Большевиктер көсемі В.Ленин  «Ұлт істері» комиссиясының төрағасы етіп. В.Сталинді тағайындаған еді.

Осындай жағдайда  В.Ленин  И.Сталинге  Қазақ жерінде мемлекеттік басқару жүйесін, тетігін қалыпқа келтіруді тапсырған.  В.Сталин  Қазақ-қырғыз мәселесі қозғалғанда әуелі Әліби Жангелдинді еске алғаны сөзсіз еді. Онымен В,Сталин 1916 жылдан бері таныс болатын. 1917 жылы Сталин Ә.Жангелдинге  Торғай өлкесіндегі көтерілісшілерге қару жарақ жеткізуді өз қолымен тапсырған.

1919 жылы наурыз  айының бас кезінде  И. Сталин Торғайда жүрген Ә.Жангелдинмен телеграф арқылы хабарласып,  Қазақ автономиясы жөніндегі мәселелерді шешуге Мәскеуге келуге бұйырды. Сондай-ақ, Жангелдинге  Алаш партиясынан білікті кісілерді ертіп келуді қатаң тапсырған.  Өйткені, И.Сталин  Кеңес өкіметімен келіссөз жүргізу үшін ел арасында беделі бар бір-ақ партияның бар екенінен хабардар еді. Сондықтан Кремльде болатын  автономия туралы келіссөзде   Сталиннің Алаш партиясынан өкілдер болуын талап етуінің осындай саяси астары болды.

Сонымен 1919 жылдың 19 наурызында Кремльде болатын келіссөзге  Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов бастаған он бір өкіл жолға шықты. Ә.Жангелдин мен А.Байтұрсынов  автономия мәселесі бойынша В.Лениннің, И.Сталиннің жеке қабылдауында болды. Содан сәл уақыт өткеннен кейін, Ахмет Байтұрсыновтың саяси талабы бойынша  4-сәуірде Кеңес үкіметінің басшылары қол қойған «Алашорда қайраткерлеріне «Кешірім жасау» туралы қаулысы жарияланды. Одан кейін  автономия туралы үш айға созылған кеңестерде жолығып жүрген. А.Байтұрсынов  қазақ жеріне қарасты территориялар мен  оған қарасты облыстар жөнінде баяндама, одан кейін, жергілікті басқару жүйесін демократияға сәйкес құру, мектептер ашу жөнінде де баянадама жасады. Большевиктер  қазақ елінің алып территоряны алып жатқанынан бұрыннан хабардар еді. Сондай-ақ, олардың қолында  патшалық империя тұсында  (1730 жылдан бері үздіксіз картаға түсіріліп келе жатқан  қазақ жерінің шекаралары көрсетілген  географиялық карта да болды).  Большевиктерге тек Қазақ-қырғыз автономиясына тиетін шекараны нақты  бекіту мен үкімет мүшелерін  тағайындау қажет болды. Алдағы құрылатын автономияға  тиесілі территория жөнінде үш ай дау болып, Ә.Жангелдин мен А.Байтұрсынов  шілде айының аяғында елге оралды. И.Сталин А.Байтұрсыновқа  Қазақ жерінің территориясы туралы әлі алда талдау болатынын ескертіп,  автономия құрылымы туралы жоспар, аймақтардағы облыс орталықтарын айқындау, халықтың санын мөлшермен анықтау, мектеп және білім беру жүйелерін жіктеу тапсырылды.

Осы жерде, нақты дерек көзі ретінде тарихшы, академик Кеңес Нұрпейістің жазбасын мысалға келтірсем, ол  өзінің мақаласында « 1920 жылы шілдеде В.Ленин «Қырғыз (қазақ. Автор) Өлкесін басқаратын революциялық комитеттің Уақытша Ережесіне қол қойды. Казревкомның  мүшелігіне алғашында А.Байтұрсынов, С.Меңдешов, С.Пестковский (төраға) енгізіліп, кейін оның құрамына  Б.Қаратаев, М.Тұнғаншин, Б.Қаралдин, Т.Седелников, Т.Әлібеков енді» делінген. Академик К.Нұрпейіс сондай-ақ осы мақаласында Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ АССР Еңбекшілер праволарының  Декларациясын дайындауға үлкен үлес қосты» деп баса көрсеткен. Соның нәтижесінде 1920 жылы В.Ленин «Қазақ АССР-і автономиясы үкіметін құру туралы Қаулыға қол қойған.

Әуелгі Қырғыз (қазақ) автономиясының алғашқы құрылымында Қостанай облысы мен Орынбор Ресейге қаратылған еді. Оған Ахмет Байтұрсынов қарсылық білдіріп, В.Ленинге хат жазып, дәлелдегеннен кейін, Орынбор мен Қостанай Қазақ автономиясына қайтарылған. Бірақ, 1925 жылы Кеңес үкіметінің басшылығына И.Сталин келгеннен кейін,  Қазақ автономиясының атын өзгерту мен территориясы туралы мәселе  қайта қаралып, Орынборды РСФСР-ға бағынышты қылды.

Сөз соңында  бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан републикасы  1917 жылдан бастап, мемлекет болып құрылудың мына төмендегідей  бастапқы құрылымдарын басынан өткерген еді:

1917 жылы. Аоашорда үкіметі (ордасы Семей)

1918 жылы. Түркістан Советтік Социалистік республикасы (орталығы Тәшкен, қарамағына Жетісу Сырдария облыстары енген)

1920 жылы. Қырғыз (қазақ) автономиялық республикасы (орталығы Орынбор).

1925 жылы.Қазақ автономиялық республикасы (орталығы Қызылорда).

1936 жылы. Қазақ Советтік Социалистік республикасы («автономия» аты алынып тасталып, басқалардың ішіндегі ең ірі территориялы республика болды).

Аталмыш үкіметтер мен автономиялар РСФСР федерациясының қарамағында болды. Солай десек те, осы тарихи даму үрдістері  бүгінгі Қазақстан республикасын Тәуелсіздікке жеткізді.

Шекара жерлерінде әр кезде өзгерістер болғанымен, бүгінгі күнігі  Қазақ Елі, Қазақстан мемлекетінің негізгі шекараларын сақтап қалғаны біз үшін үлкен мақтаныш екенін баса айта кету керек. "Тәуелсіздік" деген ұғым бүгінде біз үшін абстракциялық ұғым сияқты болып кетті.

Ал, ХХ ғасырдағы Алаш тарихы  бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан тарихының заңды тамыры іспетті болып қала бермек.

Мемлекет болуымызды мақсат тұтқан, сол үшін жандарын аямай күрескен Алаш жолы, Алаш қозғалысы, Алаш партиясы мен Алашорда тарихы  қоғам келешегі үшін, ұрпақ келешегі үшін әрқашан маңызды болмақ. ХХ ғасырдың басында  қазақтың басынан өткен Ұлы тарихи оқиғаларды аттап кетуге болмайтынын ескерткім келеді.

Жұмат Әнесұлы, жазушы, тарихшы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052