Ислам қазаққа керек пе?

Бүгінгі күндері елімізде келешегін болжауы қиын өте қауіпті құбылыс пайда болды. Бұл ислам мен тәңіршілдіктің арасындағы алауыздық. «Ислам біздің қазаққа жат, мұсылмандар арабқұлдар. Бізге исламның керегі жоқ, себебі біздің ежелгі дініміз тәңіршілдік» тәрізді ойлар айтыла бастады.
Абайтанушы және теолог ретінде данышпанымыздың ілімі аясында осы мәселе жөнінде өз ойымды айтуға ұйғардым.
Шын мәнінде, мұсылмандар мен тәңіршілдердің арасындағы бұл алауыздық Абай көрсеткен Болмыс бірлігін түсінбей, не болмаса мойындамаудан шығып отыр.
Ал қазақ халқы үшін бұл екі ағымның да маңызы ерекше. Себебі, қоғамымыздың рухани бөлігін ислам құраса, ал материалдық бөлігін тәңіршілдік құрайды. Бүкіл Болмыс рухани және материалдық бөліктерден құралады. Болмыстың құрамындағы адамзат қоғамының да рухани және материалдық бөліктері бар. Сондықтан, халықтың рухани болмысын сақтау жолында бұл екеуі де өте қажетті.
Бұл мақалада исламның өте керек екеніне дәлелдерді қысқаша келтірейік.
Ислам имандылықтың тірегі. Адамгершілік имандылықтан пайда болады. Абай «Пендеге иман өзі ашады жол» деп тегін айтпаған. Ғасырлар бойы ислам қазақ халқының рухани тірегі болып, иман өзі жол ашып, оны тарих сахынасында көптеген қиыншылықтардан аман алып шықты. Қазақ халқына исламсыз өз болмысын сақтап қалу қиынға соғар еді десек артық болмайды. Себебі, ислам шариғаты берген ережелер мен тәртіптер халықтың иманын өсіріп, қандай тарихи қиыншылықтар болса да, бұрыс жолға түсірмей, бір арнамен жолын ашып отырды.
Дінінен айырылған халықтың рухани болмысы құлдырап, тарих сахынасынан жойылып кетуі мүмкін. Көптеген ұсақ ұлттарды былай қойғанда, бүгінгі Сібірдің бурят, хакас тәрізді ежелгі халықтарының тағдыры бұған жақсы дәлел. Отаршылдық оларды ежелгі тәңіршілдікті қалдырып христиан дінін қабылдауға мәжбүр етті. Халық бұрынғы дінін ұмытып, жаңа дінді толық қабылдай алмады. Халық рухани азғындап, имандылық әлсіреді. Рухани әлсіреген халық бүгінгі күндерге дейін маскүнемдікке салынып, құлдырау жолында. Халықтың саны болса, жылдан жылға азайып, ұлттың жойылып кету қаупы төніп тұр. Өздерінің ежелгі дінінен айырылған Сібір халықтары осылай қазіргі кезде демографиялық кризиске ұшырап, моральдық жағынан құлдырап, ұлттығын қорғай алмай, елдігінен айырылып бара жатқаны белгілі.
Тіпті, біздің елде де, егемендік алған тоқсаныншы жылдары еркіндік алған халық «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын» деп Абай айтқандай, жұмыс жоқ болып, уақыт өткізу үшін маскүнемдік, қарта ойындары, ойын-сауық тәрізді азғындық жолға түсіп кетіп еді. Әсіресе, маскүнемдіктің әсері күшті болды. Арақ ішіп мас болған адамдар ешбір ойын-тойды аяғына жеткізбей ұрыс, жанжалға айналдырып жіберетін. Төбелессіз той болмайтын. Бүкіл халықты жайлаған мұндай сойқын жағдайдан шығу қиынның қиыны еді.
Қазақ халқын осындай қиын жағдайдан аман шығуы ислам дінінің арқасында десек артық болмайды. Себебі, жастар мешітке барып, имандылықты қабылдап, арақтан бас тарта бастады. Тіпті, арақ ішпейтін, таза тойлар пайда болды. Осылай халқымыз маскүнемдіктен оңай құтылды деуге болады.
Исламның тағы бір қажеттілігі -- елді демографиялық кризистен аман алып шығу. Бүкіл әлемде, оның ішінде Европа, Америка елдерінде, тіпті, шығыстың Жапон, Корея тәрізді мықты елдерінде де, демографиялық құлдырау басталғаны белгілі. Демограф ғалымдардың айтуынша, ұлт жойылмау үшін отбасында кемінде үш бала болу керек екен. Себебі, қоғамда түрлі себептермен ұрпақ қалдыра алмайтын отбасылар, ерте шетінеп кететін балалар, тіпті, үйленбеген бойдақ адамдар болады. Үшінші бала солардың кемістіктерін жауып, орнын толтырады. Ал урбанизация дәуірінде бүгінгі күндері халық қалаға ағылып, отбасындағы бала саны азайғандықтан, көптеген елдерде халықтың жалпы саны жылдан жылға құлдырауда. Бұл құбылыс біздің елге де тән. Себебі, қалалық өмір көпбалалы отбасы үшін өте қолайсыз. Ғылыми-техникалық өркениеттің әсерімен осылай көптеген ұлттар жойылу үстінде. Қазақ ұлты да бүкіл адамзатқа ортақ қоғамның осы заңдылығынан шыға алмай, жойылып кету қаупы бар. Бұл жолдан шығудың жолы біреу -- ол ислам. Себебі, исламда аборт, ЛГБТ, гендерлік саясат тәрізді отбасына үлкен нұқсан келтіретін құбылыстарға тиым салынады. Мұсылмандықты берік сақтаған елдерде халықтың саны азаймай, керісінше, жылдан жылға молайып келеді. Халқының азаюына байланысты Европа елдері оларды қабылдауға мәжбүр болып отыр. Осылай бүгінгі күндері Азия мен Африка елдерінен шыққан мұсылмандар саны көбейіп, «Еуропа түсін өзгертіп барады» деген ащы шындықты білдіретін ойлар айтылып жүр.
Сонымен бірге, ислам имандылықты өсіру арқылы қоғам өмірін үйлесімді болуға мүмкіндік береді. Тән құмары билеген бүгінгі заманда отбасының құлдырамай, туыстардың арасындағы бірлікті сақтау жолында маңызы өте үлкен екені белгілі. Адамгершілік құндылықтар қоғамның негізгі тірегі. Ислам қағидалары бұл құндылықтарды толығымен қамтитын белгілі.
Ислам біздің ел үшін ұлтымыздың бірлігін сақтау үшін ғана емес, сонымен бірге, ой өрісін Алла тағалаға бағыттап, халқымызды мұсылман әлемінің эгрогері аясында болуға мүмкіндік береді.
Сонымен, бүгінгі күндері ислам діні халқымыздың рухани тірегі, және өзінің ұлттық болмысын сақтау жолындағы негізгі фактор болып табылады.
Досым Омаров,
абайтанушы, теолог
Abai.kz