Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әдебиет 5688 6 пікір 31 Қазан, 2018 сағат 10:46

Коньяк қосылған кофе һәм қоғам дертінің диагнозы

Неге Т.Әсемқұлов оның шығармаларына  «қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы» деген баға берді? Тілді пайдалануда минимализмді ұстанып, бір немесе жарты парақпен-ақ әңгімесін түйіндей салатын жазушы кім?

Иә, ол – Мадина Омарова. Оның шығармаларының ерекшелігі – сөздің аз, сөйлемнің қысқа құрылып, оған үлкен мағына үстеуінде. Оны оқымайсың, ойланасың. Мадина әңгімелеріне жай ғана көз жүгіртіп өтсеңіз, мүлде түсінбейсіз. Әр деталь адам психологиясының даму деңгейін, көңіл көзінің көкжиегін сырттай сынап тұрғандай әсер қалдырады.

Мадина өз кейіпкерлерін аямайды, керісінше оның трагедиясынан астар іздейді. Сондықтан оған «садист жазушы» деп берген бағаның дұрыстығына да үнсіз қосылғандай боласың.

Олай болса, жазушының өз әңгімелерін сөйлетейік. Мысалға, қазақ әдебиетінде қалыптасып қалған қыз бейнесінің теңеулері Мадинаның «Гүлжамалының» маңына еш жуықтамайды.

«...Ол адуынды адымдап, дауыс шыққан жаққа беттеді. Жасы он төртке толмаған одан мектепте өзінен екі-үш жас үлкен ұлдар да жасқанатын. Түсініксіз мінезінен бе, әлде кескен томардай кесек жаратылысынан ба ешқашан жақын құрбысы да болған емес. Шындап келгенде ол қыздарды ұнатпайды». Бұл – Гүлжамал. Есік алдынан өзіне арсалаңдай, мәз бола шыққан Ақтөсті бір теуіп, сіңілісі Майраның даусы шыққан жаққа жүрген ол кішкентай қыздың есікті аша алмай  жылағанына ызасы келеді.

« – Саған айтылды ғой дәретханаға кірме, ішіне түсіп кетесің деп? Неге кірдің? Аузыңды жап!

– Мен ішіне түспеймі-ін!

– Сен бе? Түскенде қалай түсесің!

– Түспеймі-ін!

– Міне, мына тесікке түсіп кетесің. Алдымен былай аяғың кіреді. Содан кейін белің.

Басын оңай тықты. Содан кейін былш еткен жағымсыз дыбыс. Майраның әлсіз құмыққан үні естілді». Үстінен ауыр жүк түскендей жеңілдеген ол үйге кіріп, теледидарды қосады. Бұл – біз қабылдай алмайтын бойжетіп қалған қыз бен қатігез әпкенің бейнесі. Бұны жай ғана оқып шықсаңыз, әрине, түсінбейсіз. Бірақ бұл – қазіргі бір-біріне деген аяушылық сезімі төмендеп, қатқылданып бара жатқан адамдар мен жасөспірімдердің жиынтық образы.

Жазушының әлеуметтік мәселе мен тектік иерархиясын тереңінен қозғайтын шығармасының бірі – «Коньяк қосылған кофе». Бұл пьесада қазіргі отбасы институында кездесетін көп мәселенің беті ашылады. Ауқатты отбасыдан шыққан, ата-анасының жанында шалқып өскен білімді жігіт Батыр мен әкесі қайтыс болған, жеңіл жүріске салынған ананың қолында таршылық көрген, оқымаған қыз Шәмен отау құрады. Ең бастысы, жігіт оның өткеніне көз жұма қарайды. Бірақ, бар мәселе сол жерде болатын. Кішкентай кезінде анасының көп көңілдесінің бірінен зорлық көрген қыздың психологиясы сәл бұзылғанын ол аңғармай қалады. Пьесаның шиеленісуі Шәменнің Батыр екеуінің кішкентай қызы Әйгерімді ауылға апарып тастағанынан басталады. Жұмыстан келе сала қызын іздеген Батырға ол:

« – Байқайсың ба, Әйгерімді баласын іздеген әке сияқты емес, нақсүйерін жоғалтқан бозбалаша аласұрып іздейсің. Сен ауруға шалдыққансың!» – дейді. Сондай-ақ, Шәмен кішкентай қызының қуыршаққа ұятты қылықтар жасап, оның «әкем көрсетті» деп айтқанын, көршінің қызы Құндыздың жоғалып кетуін күйеуінен көреді. Әйгерімге де әкесі зорлық жасап жүр деп ойлайды. Сіз осы сюжеттерден кейін Батырды педофил деп ойлап қаласыз. Сонан соң екеуі ашылып сөйлесе бастайды. Батыр әке-шешесі бұған ештеңеден таршылық жасамаса да, олардың махаббатын сезінбей өскенін айтады. Ал Шәменде мүлде басқаша. Ол анасының көңілдестерін жатқа біледі. Тіпті анасы екеуі отырып, оларды күліп еске алады. Ең бастысы, өте лас болса да, ана мен бала арасында материалдық емес, рухани байланыс бар. Соған Батыр қызыға қарайды. Пьеса соңында Шәмен күйеуіне кофе әкеліп береді де, оны жұлқылап сұрай бастайды.

– Мен саған кофеге у қатып бердім. Қазір өлесің. Кетіп бара жатып шындықты айтшы, мен қателескен жоқпын ғой, иә?

– Қателестің. Сен қателестің, Шәмен!

– Жоқ, қателескен жоқпын.

Пьеса осылай бітеді. Бұл да біздің менталитетке, әдебиет әлеміне жат оқиғалар. Ал тереңінен қарап көрсек.

Біріншіден, тек және ген мәселесі. Шәменнің кішкентай кезінде көрген зорлықтары оның психологиясын бұзған. Сол себепті ол күйеуі қызына сондай жауыздық жасап жүр деп ойлайды. Яғни, автор «Ең бастысы – сүю. Оның  бұрынғы өмірі маған маңызды емес» деген түсінікке қарсы шығып, адамның өткені мен ертеңі бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайтын дүние екенін ауыр мысалдармен дәлелдеп шығады.

Екіншіден, теледидардың бала санасына әсері. Оған Батырдың «Сен күні бойы телевизордан еркек пен қатын арасындағы махаббатты көресің. Ол да қарап жүреді ғой. Бала болған соң санасына сіңе берген шығар». Міне, бұл да қазіргі қоғамдағы бір үлкен проблеманың шеті. Автор оны үш-ақ сөйлеммен жеткізіп тұр.

Үшіншіден, ата-ана мен бала арасындағы байланыс. Бұған тағы Батырдың сөзі мысал бола алады. «Шәмен, мен саған қызығамын. Ана жолы ауылға барғанда сендер анаңның көңілдестерін естеріңе түсіріп, оларды санап, ішек-сілелерің қатып жаттыңдар. Көре алмай, қызғаныштан тұншықтым. Далаға шығып кетіп, жылап алдым». Ойлап қарасаң, бұл – қызықпақ былай тұрсын, ойлаудың өзі жиіркенішті дүние. Ал Батырды қызықтырған көңілдестер хикаясы емес, ана мен бала арасындағы жақын қарым-қатынас. Әке-шешесі бар, үлгілі отбасыдан шықса да, Батыр олардан жақындықты, ата-ана махаббатын дұрыс сезіне алған жоқ. Оны жылатқан сол жағдай. Автор осы жиіркенішті оқиғалар арқылы да қоғамның дертті тұсын дөп басады. Қазіргі жұмысбастылық кесірінен баласына жөндеп көңіл бөле алмайтын ата-аналарды ашық шенейді.

Келесі – «Ана ғұмыр» мөлтек романы. Мұндағы бас кейіпкер қыз да қазақ романдарындағы қыздар бейнесіне анти тұлға. Әжесі мен әкесі қайтыс болғаннан кейін интернат көріп, асырап алам деген адамдардың қолынан өтіп барып анасының қасына келген ол өз анасын жек көреді.

«Туған шешем менімен көшеге шыққанда «бөлек, арғы бетпен жүрші» деп өтінетін. Қатар жүруге ұялатын. Себебі мен ол кісінің сөзімен айтқанда «жұртқа жұғымы жоқ, сүйкімсіз сұмырай» едім». Бұл да ана мен бала арасындағы тепе-теңдіктің жоқтығы, өте салқын қарым-қатынас. Анасынан сезіне алмаған махаббатты ол қайтыс болған әжесін сағынумен толтырады. Жан-жағынан іздейді. Сөйтіп аяғы ауыр боп қалып, тұрмысқа шығады. Жүкті келіншек Гүлзирашқа енесі шарап құйып береді.

« – Еш зияны болмайды. Ішіп жібер.

Қолымдағы стақанды қағып салдым.

– Мәләдесссс!

Содан кейін енесі екінші стақанды баласына созды.

– Мә, іше ғой».

Міне, бұл да кейбір отбасы институттарында кездесетін бұзылған система. Романда маскүнемдіктен азған жанұя, бір-бірін сүймей қосылған жұптар арасындағы түсініспеушіліктер қозғалады. Ауыр мысалдармен. Мұның да арғы ұшы келіп отбасындағы бала тәрбиесіне келіп тіреледі. Автор ата-ана махаббатын сезінбей, тәрбие көрмей өсудің кесірі өзге шаңырақтың да шайқалуына апарып соғатынын меңзейді. Қоғам дертінің бір диагнозы ретінде рухани әлсіздікті көрсетеді.

Келесі – «Махаббат туралы» әңгімесі. Мұнда бір ұжымда жұмыс жасайтын баласы бар келіншек Гүлім мен одан жасы кіші жігіт Азаматтың «махаббаты» сөз болады. Өздерінше ешкімге байқатпай көңіл қосып жүрген екеудің әрекеттерінің ащы тұсы Гүлімнің баласы Абылай арқылы ашылады. Түнде қағылған қоңырауға жүгіріп кеткен анасын, келесі бөлмеге кіріп кеткендердің дыбысын естімеуге тырысқан бала екі құлағын саусағымен бітеп алады. Көрпесін бүркеніп жатып алған ол ауа жетпей қиналады. Ештеңе естімеуге тырысады.

«Мама, – деп ойлады ол, – мама, енді не істеймін?» Міне бұл да, қазіргі қоғам дертінің тағы бір түрі. Өз «махаббатын» ойлаймын деп, баласының жанына рухани дақ түсірген «ана» бейнесі. Және де ұжымдық өмірдегі «көңілдестер» көрінісі.

«Толғақ». Белін тас қып таңып, жүктілігін үй ішіне осы кезге дейін білдіртпей келген қыз жайлы айтылады мұнда. Жан дәрменін көзіне көрсетіп, тәнін сырқыратқан толғақ жас қызды далаға алып шығады. Автор оның күйзелісін былай суреттейді.

«Ол пайда болғаннан бастап бұл дүниеге қажетсіздігін түйсініп, бірақ табиғаттың есерсоқ мазағымен өз ықтиярынан тыс күннен-күнге өсіп, жетіліп отырған бейбақтың қарсылығын енді сезді». Ал іштегі сәбидің хәлі мүлде аянышты.

«Қоректендіріп, амалсыз денесінен орын берген ана бойындағы өзіне деген жиіркенішті, уытты ызғарды сезініп, содан нәр алып дамыған титтей жүрегі, қызыл шақа жұдырығы түйіліп, бар күшімен қарсыласады. Іңгәлап жаратқанға жалбарынады. Ақыры сәби тілегі қабыл болды». Таңертең бақша ішінде серейіп қатып қалған қызын әкесі тауып алады.

Бұл – сәбиін қаламайтын ана мен табиғаттың заңдылығымен ғана ықтиярсыз пайда болған бала тағдырының ең ауыр көрінісі. Қоғамда көп кездесетін осы бір жағдайды автор қос кейіпкердің жан толғанысы мен ауыр қиналысы арқылы ашып, оқырманға ой тастағысы келеді.

Мадина Омарова осы кезге дейін жаттанды боп қалған түсінік пен қатып қалған стереотиптерді бұзып-жарып шығады. Өз ойын кейіпкер тілімен ашық әрі еркін сөйлетеді. Қоғамдағы жиіркенішті жайттарды сыртынан ғана сылап-сипамай, ішкі ядросына бір-ақ өтеді де, оның диагнозын қоюды оқырманның өзіне қалдырады.

Мен автордың екі кітабының ішіндегі ең түйткілді деген, ең ауыр деген шығармаларына осылайша талдау жасап көрдім. Ал сіз Мадинаны оқып па едіңіз? Сіз қойған диагноз қандай?

Әсем Құлманова

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2254
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522