Сапарбай Парманқұлов. Қатын қамал
Былтырғы қара күз еді...
Қатынқамал үңгірі жайындағы ұзақты күн айтылатын аңыз желісі қызықтырған күйі тау басына өрмелеген жалғыз аяқ сүрлеу сұлбасымен жоғары көтерілген жүргінші үзілмейді, әлемнің әр шалғайынан өз ғажайыбымен ерекшеленер үңгірлер қанша... Десек те Қаратау мен Сыр бойын жайлаған ел Қатынқамал дегенде елеңдей қалады, сан тарау әңгімеге құлақ түреді, сосын оған өзінің естігенін үстемелеп қояды, бәлкім рас та шығар-ау, кейде тау атырабын өздігінен сәбидің іңгәлап жылағандай болған үні тербеп тұратынын айтады. Жұртты ынтықтыратындай Қатынқамалдың не қасиеті бар екен?.. Осы ой сауал болып өріліп алға жетелейді. Уақыт былтырғы қара күз болатын.
Көне кіндік Қаратауда тосыннан естілген сәби үні тербетіп тұр ма дерсіз, жылаған баланың құмыққан дауысы бүткіл атырапты селт еткізгендей, содан сәл уақыт өтпей өзінен өзі ғайып болатыны несі -
қақ төбеде алтын күн дөңгелейді...
Былтырғы қара күз еді...
Қатынқамал үңгірі жайындағы ұзақты күн айтылатын аңыз желісі қызықтырған күйі тау басына өрмелеген жалғыз аяқ сүрлеу сұлбасымен жоғары көтерілген жүргінші үзілмейді, әлемнің әр шалғайынан өз ғажайыбымен ерекшеленер үңгірлер қанша... Десек те Қаратау мен Сыр бойын жайлаған ел Қатынқамал дегенде елеңдей қалады, сан тарау әңгімеге құлақ түреді, сосын оған өзінің естігенін үстемелеп қояды, бәлкім рас та шығар-ау, кейде тау атырабын өздігінен сәбидің іңгәлап жылағандай болған үні тербеп тұратынын айтады. Жұртты ынтықтыратындай Қатынқамалдың не қасиеті бар екен?.. Осы ой сауал болып өріліп алға жетелейді. Уақыт былтырғы қара күз болатын.
Көне кіндік Қаратауда тосыннан естілген сәби үні тербетіп тұр ма дерсіз, жылаған баланың құмыққан дауысы бүткіл атырапты селт еткізгендей, содан сәл уақыт өтпей өзінен өзі ғайып болатыны несі -
қақ төбеде алтын күн дөңгелейді...
Қыраш ауылы алыстан бұлдырап көрінді. Түркістаннан Жаңақорғанға қарай шыққан тас жолдың осы тұсында Шығыс-Еуропа - Батыс Қытай жобасының негізінде қолға алған ауқымды жұмыстың тынысын сездірердей атқарылған істің елеулі бөлігін аңғартуға болады. Үлкен жолдың бір аумағы төселіп, оның үстіне өзінің қызметтік ақ «Нивасын» көлденең қойған «Нұр Отан» ХДП Жаңақорған аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сүлеймен Садыбай арқылы елдегі жағдайдың жай-жапсарын да, қай жерде екендігімізді білдіріп, қалта телефонмен хабар алып келе жатқанбыз. Діттеген нүктеге жетер жетпесте қалғып кетіппін. Жүйіткіген джиптің руліндегі Сәбит есімді елгезек жігіт те байқамапты, айтып келіскен кезеңнен асып барып оянғанбыз. Жаңақорғанға екі шақырым қалыпты. Қылтиған бағдар тақтасының көрсеткіш бағанын кері айналдық. Құдай ау, бақандай он сегіз шақырым өтіп барып тоқтағанбыз. Жолда ақ «Ниваны» көргенін Сәбит айтып жатыр.
- Неге тұр деп ойладым, - дейді, Сүлейменмен сөйлескеннен кейін мен де оған ескертпегенмін ғой. Енді кері қайтып келеміз. Мына әзірде алыстан бұлдыраған ауыл Қыраш осы ау деп келе жатқанымыз рас екен. Сол маңнан «Нива» көзге шалынды. Жанында ақ көйлек киген Сүлеймен сағатына қайта қайта қарайлай тұрыпты.
Көне Қаратаудың күз демін сезіндіргендей сұрғылт тарта бастаған етегінде жап-жасыл болып көз арбаған Қыраш ауылы көркейе түскенін бірден бағамдар едіңіз. Бұл күнде ел «Жаңа ауыл» атаған жаңа бой көтерген еңселі шаңырақтар соның нақты айғағындай. Келбеті көркейген Қыраштың орталығында түйеші Әбдібектің еңселі шаңырағында бір-бір тостақ шұбатты бір деммен сіміріп, шөл бастық та, ат ауыстырғандай Сәбитті сол үйде қалдырып, Сүлейменнің «Нивасына» ауыстық. Жергілікті қариялардың әңгімесін жатқа айтады деп жолсерік ретінде Қасым әңгімешіні ертті. Және жол бойы бүгінгі күні сыйлы мамандық иесі фотограф әрі оператор Ислам мырза көлікке отырды.
Беткей-беткейді қуалаған қара жолдың шаңын бұрқырата аспанға көтере апшысын қуырған жеңіл машина Қаратауды бетке алды. Қыр басында бір кезгі салынған тас арықты жағалай тау аңғарына қарай кейде шалт бұрылып, кейде кілт тоқтай қалып ілгері жылжыған көлік алға екпіндей ентелейді.
Қатынқамал... Қайбір жылы жастар газеті «Лениншіл жаста» қызмет істеп жүргенде «Қаратау мен қара шал» деген тақырыппен екі нөмірге мақала жазғанбыз. Оның біріншісі Жылағанатаның жұмбақ сырларына арналды да, екіншісі Үкаша әулиенің қырық құлаш құдығының құпиялары жайында әңгімеленген болатын. Мақала шығысымен жазушы Жолтай Әлмашұлы телефон шалып: «Біздің ауылдың маңайында бір керемет киелі үңгір бар, ел құрмет тұтып кейде зиярат етеді. Сол туралы қалам тербесең болар еді, деген. Мақұл дестік. Әйтсе де бұл өңірге талай келгенде, қызық ай, ары өтіп, бері өтіп жүріп жол түспеді. Неге дейсіз, сәті болмаған да шығар. Бар шаруаны жиып қойып, осы жолы арнайы ат басын бұрдық. Көңілді мазасыз ой тербейді. Діттеген жерге жақындаған сайын толқып бір кетесіз.
Құж-құж жартастың әжімді беткейі қатпарлана түскендей, тым жоғарыдан ба екен, жалғыз түйір тас домалай сусыған күйі қара жолды кес-кестей құлады, жас баланың шықылықтай күлген дауысы естілгендей... естілгендей болып тұрды да өздігінен тұңғиық аспанға сіңіп бара жатқандай семіп жоғалды, іле айналаны әсерлі әуеннің таңдай қақтырар әуезі көмді -
аспанда алып күн, түс ауып барады...
Қатынқамалдың қиялды тербеген ғажайып үңгірін көз алдымызға елестетіп келеміз. Айналадағы сан қатпарлы әжімдей торлаған құз жартастың қою қабағы терең ойдың тұңғиығына тартардай. Неге екенін, әңгімеші Қасым да бір сәт үнсіз қалған. Тек, гүрілдей тербелген, тербеліп бізді тербеген көлік ғана. Оның тізгінін қос қолдап ұстап, қара жолдан көз алмаған Сүлеймен тершіген маңдайын көкшіл орамалмен сүртіп алды. Ұзақ бір әңгімені бастардай ойға шомған. Сосын, біз күткендей, машинаның жылдамдығын шалт ауыстырды да магнитафон қосты. Бәрін ұмыттырардай болып, сезімді аялай әдемі әуен төгілді.
-Мына ән негізі Тамара Асарға арнап жазылған, - деп бір қойды. Көкшіл сүлгімен маңдайын қайта сүртті. Қолындағы орамалды жанына қойып жатып, қазір бәрін айтайын, - деген. Біз көлік жүргізіп келе жатқан Сүлейменге аңтарыла бұрылдық. «Нива» қара жолмен шаңдатып, жүйіткіп келеді. Аңғардың аузына келгенде көлік кілт тоқтады. Алдымызда суалған өзеннің тасты табанындағы тастақты кешіп бір отар қой кетіп барады. Аңғар табанындағы тасты жол сұлбасымен оң жақты ала, жартасты беткейдің етегін жиектей жүрдік. Сол жағымызда аңғар табанында жайылып су жатыр. Әдемі суреттің кербез кейпі өзіне ынтықтыра түсті. Осыны сезгендей фотограф Ислам мырза сөзге араласты:
-Кезінде тау өзенін бөгеген, мынау содан қалған су ғой. Бұл жерге көктемде келсеңіз, енді керемет, мына беткей алабөтен көрінісімен көз арбар еді, таудың ерке самалымен жібектей төгілген алқызыл қызғалдаққа толып, оттай басылып алаулайды, өзеннің суы арнасынан аса толқып жатады, қаз-үйрегіңіз бар, құс атаулы осы жерде...
Магнитофонның төгілген әдемі сырлы әуені әңгімені көміп кетті, сезімді тербеген нәзік үннің иірімі толқытады.
-Зайыбым тосыннан сырқаттанып, ауруханаға түсті, уайымдап артынан іздеп барсам, ерекше көңілмен жадырай қарсы алды, ән жаздым дейді. Қайдағы ән, өзі қатты ауырып жатқанда әні несі, ештеңе ұға алмадым. Қолындағы мен тастап кеткен ұялы телефонымды қымсына өзіме қайта ұсынып жатыр. Бір әуен маза бермеді дейді. Кей-кейде Қатынқамалдан шыққан беймәлім үн жаныңызды тербейтіні бар, ондайда мал шалып, құран оқытып жіберетініміз бар. Неге екенін, Қыраш өңірінде кездесетін ғажайыпқа таңданыс білдіреміз де қоямыз. Ауруханадағы мына көріністі күтпеп едім. Қалта телефонымды қосқан бойы абыржып түрғанымды білдірмей құлаққа тостым. Маза бермей қойған беймәлім әуенді сол күйінде телефонға өзі ыңылдап айтып жазып қойыпты. Алдында ештеңеге түсінбей, абдыраған қалпы қолымдағы телефонның арнайы тетігін қайта бастым. Әсерлі саз... Содан газет-журналға шыққан өлең көрсем әкеліп беретін болдым. Алғашқы әннің тууы өстіп тосындау болды. Жан тербер таныс әуендер ойда жатталып, соның қайталануы емес пе екен деп те ойладым. Қазір келініңіз он алты ән жазды. Осы жазда аудан орталығында ән кешін ұйымдастырып бердім.Тартымды кеш өтті. Бір әні Қызылордада , бір әні Түркістанда айтылып жүр. Өзі батыстың қызы ғой, бір сөйлескенімде «Каспий» тобы туған жері Маңғыстау туралы әнін дайындаймыз деген, - Сүлейменнің манадан толқып, айта алмай отырғаны осы екен ғой. Шіркін, Қыраш ауылының қадірлі ұл-қыздарының ардақты анасы атанған, тәтті немеренің сүйікті әжесі болған шағында - Алтынкүл замандасты толқытқан не құдырет екен?!.
Қатынқамалға бара жатқанда бізді тебіренткен сырлы әуендердің әсері ойға қалдырды. Ана жүрегін жарып шыққан жауњар ән...Қасым әңгімеші де қарап отырмады. Әннің аяғын ала бере, көкейді сан жылдар әлетінде толқытқан аңызды өрбітті.
-Бұл өзі бала кезімізде естіген аталарымыздың әңгімесі ғой. Сақалын саумалай отырып аталарымыз жан сырын айтқандай болып әсер етті де, көкейге түйіп алдық. Бүгінгі жастар бірі тыңдайды, бірі иә дей салатындай әсерде ойланып қаламын. Бәлкім деймін ғой, бәлкім, осы біз аталарымыздың сезімін әлдилеген сырды жүрекке жеткізіп айта алмайтын да шығармыз деп ойлаймын. Кім біледі...
-Қатынқамалды сіз сонау алыстан іздеп келгеніңізге толқып отырмын. Мына жерді Ақүйік деп атайды. Терезеден аңғардың өкпе тұсын көрсетіп қойды. - Бұл енді Қаратаудың аяқ тұсы. Осы маңайда екі өзен келіп түйіседі, содан да шығар, Ақүйік аталып кеткен. Осы өзеннің жоғары жағында биік жота бар. Құжыр жартастың биік қия беткейінде үңгір қысылтаяң кезде қырық қыз келіншек жан сақтап пана еткен дейді. Жылап-сықтап тау-тасты өрмелеп қиналып келе жатқанда жарықтық қарт Қаратау сол көз жасына етегі толған қырық қыз-келіншекті бауырына басып, ғайыптан тау басынан ойық пайда болып, киелі үңгірге айналыпты. Қысылғанда жарықтық Қаратау өзі жебеп қырық қыз-келіншекті қойнауынан пана таптырып, жоңғар шапқыншылығы аяқталғанша үңгірде өмір сүрген. Төмендегі қылдырықтай ирелеңдеп жатқан өзеннен ат суарған жау аңдысын аңдып, ерекше селкем оймен жоғарыға қарағанда жартас жартас күйінде тырс етпей тұра береді. Кім біледі, тау басынан беймезгіл уақытта құмығып естілген сәбидің әлсіз үнін Ақүйік те сылдырап ағып естіртпеген деседі. Беткейде өскен бұта мен қолмен қашағандай тас беткей үңгір аузын жасырып тұратыны табиғаттың ғажайыбы. Таудың етегінен өрмелеп шығып, қия соқпақ арқылы жартастың төбесіне барып, қайтадан төмен қарай еппен жүріп отырып үңгір аузына түсетін болған екен. Қаратаудың жөн жобасын жетік зерделейтін адамдар болмаса, өзге жұрт үңгір аузына жете алмаған. Жол білетін ер азаматтың арасында түнделетіп сүрлеу сорабы арқылы іздей тауып, ас-суын апарып тұрған дейді. Киелі үңгірді паналаған қырық қыз-келіншек жоңғардың қан шеңгелді қолына түспей, бейбіт күн туғанда аман-есен еліне қосылды деседі. Содан бері үңгір Қатынқамал аталып кетіпті... -Әңгімеші Қасым сөзін бір түйіп қойды.
Таудың кең аңғарындағы тасты табанына жайылған Ақүйіктің арнасы көз алдыңа көлді елестетеді. Алдымыздан бау кезікті. Өзен арнасы қайтадан өз қалпына түсті. Жол бойы бір өзенді бірнеше кешіп өтіп, Ақата тұсына келгенде оңға бұрылдық. Сол беткейдегі жартастың астынан мөлдіреп қайнар шымырлай ағып жатыр. Ақатаның жатқан төбесінде қылтиған бұталардың басына байланған ақ шүберек желбірейді.
Кішкене жүрген соң қарсы алдымыздан кезіккен құздың етегіне жақындай тоқтадық.
- Арғы бетінен барсақ өзенді жалаң аяқ кешіп өту керек. Қазір су суый бастады ғой. Құздың мына беткейі сәл биіктеу, - деп қойды фотограф Ислам мырза.
Тау қойнауына енгенде ынтықтырған кен аңғар осы жерге келгенде тұйықталғандай екен. Селдір тоғай арасына сылдырап өзен ағады. Қарсы алдымызда тік болғанымен көне сүрлеу сұлбасы ағараңдаған беткей шығуға ыңғайлылау ма дегенмін. Батырға оң терісі бір секілді көрінетіні бар. Ынтығып келгенде кері қайтар кім?! Төртеуміз іркес-тіркес тау басына тіке көтерілген жалғыз аяқ жол сорабымен ілгері жылжыдық. Сәл жүргеннен кейін-ақ, ентіге баспайды екенсіз. Сүрлеу сұлбасы ынтыққан көңілді жоғарыға жетелей берді. Өн бойымнан тер боршалады, көзімнің алды бұлдырланып, жанарыма құйылды. Ілби түстім. Көйлегімнің жеңімен көзімді сүрттім. Сондай кезде жоғарыға жанар тастап қоямын. Әңгімеші Қасым мен фотограф Ислам мырза құз басындағы айналма асуға жақындап қалыпты. Орта жолдан қай тасқа отырып, тыныс алсам ба екен деп те ойладым. Сүлеймен бірдеңелерді айтып келеді. Оның дауысы құлақ тұсында жаңғырады. Бәлкім бүткіл тауды көмген менің ентіккен демім бе, білмедім. Сосын аялдадым. Ақырын бұрылып, етекке қарадым. Биікке көтеріліп кетіппіз ғой. Құз жартастың етегінде, «Нива» бармақ басындай болып көрінді. Қарсы беттегі тау басына енкейген күннің көлеңкесі ұзарып келеді. Тым төмендегі аңғардың қос беткейіндегі құжыр тастың кейпі керім суретімен көз арбайды.
Шіркін, Қаратаудың да өз сұлулығы тұнған сыр дерсіз. Арқа тұсыңнан соққан самал лебі терге көмілген өң бойыңды аймалайды. Ентіккен күйі деміңді басу қиын. Қайта бұрылып, ілгері жылжисың. Қия беттегі сүрлеудің әрбір тасын санамалағандай ақырын аяқ басасың. Табан жолды қиыршық басып қалған, байқамасаң тайып кетесің. Шың алқымындағы қос тасты діттеп келемін, соған жетсем бағытқа алған Қатынқамал үңгірінің аузы үңірейе қарсылардай көрінеді. Демімді алуға тағы аялдадым. Әр қадам басқан сайын аяғым салдырап қалды. Тістеніп ілгері басамын. Маңдайымдағы тер моншақтады, еңкейген күйі қой тасқа қарай жылжи түстім. Әупірім дегенде армандай болған, көз алдыңда бұлдырап тұрып алған қой тастың біріне шынтағым ілінді.
Шіркін, Қаратау...
Көне кіндік Қаратаудың әр жер-әр жерде еңсе көтерген шоқ-шоқ құздардың керемет келбетіне қызыға қараған сәтте, қайдан екені белгісіз, ғайыптан естілген сәби үні мына ғажайып өлкені өзгеше ырғағымен тербетіп тұр ма дерсіз, жылаған баланың құмыққан дауысы бүткіл атырапты селт еткізгендей, содан сәл уақыт өтпей өзінен өзі тау-тасқа сіңіп жоғалатыны несі -
аңғардың арғы бетіндегі жартасқа иек артқан алау күннің алқызыл шуағы аймалайды...
Тасқа сүйеніп тұрып, тыныс алдым. Сәлден соң ғана жан-жағыма анықтай қарадым. Асу басында тұрғандай сезінесің, құздан төмен құлаған сүрлеу сұлбасы жарқабақтың беткейімен сәл төмен түскен бойы сусыған қалың тастың арасымен ілгері озады екен. Қия беткей қаланып бітпей қалған тас қабырғалар секілденіп көрінеді. Сүлеймен бастап әңгімені Қасым қостаған үшеу біраз жүріп барып қия беткейдің арасынан әлдене іздегендей үңілді. Алдыңнан самал еседі, сүрлеу жиегін басқан қалың қияқ тербеледі. Мен де ілгері жылжыдым. Аяқ астындағы тас сусиды. Ақырын ептеп басқан күйі жүріп келемін, қара саным талып қалғандай салдырап көтертпейді. Құжыр тастың әрқайсысынан сүйеу іздегендей бір ұстап ғана алға жылжимын. Тым төменде ирелеңдеген өзен сарыны да өзіне еріксіз назар аудартады. Тас қабырғалар көлбеу күйінде бірінен соң бірі өріліп тауды құрап тұрғандай, шын мәнінде төменнен жоғарыға қарасаң қабағы түскен кұз жартас, ал жоғарыдан төменге қарасаң ғана аңғарар едіңіз, мың сан тас қабырғалар арасынан үңгір аузы үңірейіп көрінеді. Үш достың қызықтай қарап тұрғаны сол екен. Қатынқамал үңгірінің аузы... Тас астаудың бір жақ қабырғасы секілденген бөгеттен асып түссеңіз, кішкентай тесіктен ішке енесіз. Үңгір аузы тар көрінгенімен, тас қабырғаның арғы жағы ғаламат әлемге енгендей боласыз, алдымен еңбектей бастап, артынан бойымызды ақырын тіктедік. Теп-тегіс еденнің әдемілігі таңдай қақтырады. Тізе бүгіп отырдық. Айналамызды қолмен сипалап қоямыз. Үңгір аузынан саулап нұр құйылады. Жарықтық тас үңгір үйдің кейпіне келеді. Қоңыр салқын лепті сезінеміз. Қараңғылыққа көз үйретейін дедік. Қасым әңгімеші күбірлеп құран бағыштады. Тым-тырыс үнсіздік, тау қойнауындағы өзгеше бір тылсым дүние, қолымыздағы жарықты жағып, қарсы бетіміздегі қабырғадан бастап қарадым. Құжыр тас төне түскендей. Алты қанат киіз үйдің аумағындай жер, тек бір бұрылыстағы іргеден кешкене тесік көрінді. Қасым әңгімеші тізерлеген күйі сол жақтан көз алмады.
- Қатынқамалдың кіре беріс дәлізі осы енді. Мына тесіктің арғы жағында үлкен үңгірдің өзі, - деп бір қойды. Жаудан үріккен қырық қыз-келіншек тас еденге етпеттей түсе еңбектеп құйтақандай тесіктен өтті-ау... Тұңғиық ой мазалап, біз де әлгі үңірейген тесіктен бас шығарып көрдік. алғашқыда епетейсіз қозғалдық па, екі иығымыз жақтауға кептелді де қалды. Сосын артқа шегініп, қолымыздағы шамды ыңғайлап қайта бас сұқтық. Шамның әлсіз жарығы тас қабырғаның әр жер-әр жерінде ойнақ салды. Түпсіз қараңғылықтың бітер жері жоқтай , қолымдағы жарық жұтылып кетті дерсіз. Құжыр-құжыр жартас тынысты тарылта түскендей, сұсты кейпімен еңсені басады. Қою түнек қаусырлаған үңгірдің ұшы-қыры жоқтай көрінеді. Әлде бір дауыс жаңғырықты, күмбір-күмбір бір үн құлақ тұсында тұрып алды. Кейін шегініп, басымды көтергенде байқадым, фотограф Ислам дәл жанымда тізерлеп отыр екен.
-Бұл үңгір ұзына бойына ары қарай кете береді, бала кезде қызығып біраз жерге дейін барғанбыз. Ары қарай жүре беруге дәтіміз шыдамады, қолдағы шырақ, неге екенін өшіп қала береді. Содан қорықтық та кері қайтып кеткенбіз. Көп кісіден естідім, шам жамбай өшіп қала береді дейді. Бәлкім, оның да бір құпиясы бар шығар, - мойнындағы фотоаппаратын ыңғайлап жатып, бір иығын көтеріп қойды.
Қатынқамал... Құж-құж тасқа телміре қараған сәт ойға ел арасында айтылатын аңыздың тағы бір нұсқасы өзіне еліктіре түседі:
-Ауылға жау жақындай түскенде сарбаздар әйелдер мен балаларды аман алып қалу үшін тау басындағы осы үңгірге ертіп әкеліп жасырады, ал өздері із жасыру мақсатында қаша жүріп соғысады. Құз жартастардың арасындағы аңғарларды айнала шайқасып жүргенде жылаған сәбидің үні тау-тасты жаңғырықтырады. Сәбидің тосыннан естілген үні жаудың да өн бойын дір еткізіп, бәрі қалт тұра қалады. Беймәлім дауыс жаңғырығы құз басынан естіледі. Өре тұрып тау беткейіне ентелей жүгірген жау үңгір аузын тауып алады. Сөйтіп, үңгірге енгенімен осы дәлізден қайтқан екен. Елес шығар дейді, әйтсе де үңгірдің аузын тарс бекітіп біразға дейін көзден таса қылмаған. Күндердің күнінде жау жеңіліп, кейін қайтқанда сарбаздар келіп үңгір аузын ашып қараса қырық қыз-келіншек қайтыс болып кеткен екен, бәрін ауылға әкеліп арулап қойған деседі...
Бұл аңызды еске алғанда бойың түршігеді. Үңгірден шығып, келген ізімізбен кері қайттық. Құз етегінде ағып жатқан өзен жақ беткеймен де көтерілетін жол бар болып шықты. Бұл сүрмеумен көтерілу жеңілдеу ме деп қалдық. Құздың батыс беткейінен көтерілгеніміз фотограф Ислам мырзаның өзенді кешіп өткенде аяғымыз су болмасын деген қаупінен шығыпты. Төмен түсіп өзен жағасына келіп тыныс алдық. Өзіміз жаңа ғана көтерілген зау биік құз жартастың шырқау шыңына таңданыспен қарап қоямыз.
Көне кіндік Қаратаудың әр жер-әр жерде еңсе көтерген шоқ-шоқ құздарының керемет келбетіне қызыға қараған сәтте, қайдан екені белгісіз, ғайыптан естілген сәби үні мына ғажайып өлкені өзгеше ырғағымен тербетіп тұр ма дерсіз, жылаған баланың құмыққан дауысы бүткіл атырапты селт еткізгендей, содан сәл уақыт өтпей өзінен өзі тау-тасқа сіңіп жоғалатыны несі - аспанға қарасақ, қос күшіген қанатын жайып құздың ұшар басын айнала ұшып жүр. Күн ұясына ілінгенде Қаратаудың аңғарына шығып алыстағы ауылға беттедік. Көз ұшында көкжиекке ілінген болар болмас ай сұлбасы көрінеді. Жарықтық жаңа ай туыпты.
Қызылорда облысы
«Дала мен Қала» газеті, №9 (2011 жыл)