Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
3632 1 пікір 5 Қараша, 2018 сағат 12:04

Қ.Тоқаев: Қырғи-қабақ соғыстың кейбір көріністерінің қайта туындап отырғанын көріп отырмыз

Мәскеуге жұмыс бабындағы сапармен келген Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында болды.

Оқытушылар мен тыңдаушылар алдында сөз алған Сенат Төрағасы Еуразияның геосаяси рөлі мен халықаралық аренадағы Қазақстанның орнына талдау жасады.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, бүгінгі таңда жаһандық және аймақтық қауіпсіздік кескін-келбетінің беріктігі елеулі түрде сынаққа түсіп отыр.

«Біз қырғи-қабақ соғыстың кейбір көріністерінің қайта туындап отырғанын көріп отырмыз. Ұлттар арасындағы, діндер арасындағы, тіпті діндер ішіндегі сипаттағы текетірестер өрши түсуде», - деді Сенат басшысы.

Баяндамашы жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту мақсатындағы Қазақстан қолға алған қадамдар туралы айтты.

«Астана Еуразиядағы үнқатысу мен бітімгершіліктің баршаға мойындалған орталығы мәртебесіне ие болды. Президент Н. Назарбаев Украинаның шығысындағы жағдайды реттеуге елеулі күш салып, Ресей мен Түркия арасындағы қатынастарды қалыпқа түсіруде шешуші үлес қосты. Қазақстан астанасында сириялық шиеленістерді реттеу жөніндегі мазмұнды келіссөздер өтті», - деді ол.

Қ.Тоқаев Каспий маңы мемлекеттері басшыларының Ақтаудағы саммитінің қорытындыларына тыңдаушылардың назарын аударды. Оның айтуынша, қол жеткен жетістіктер су айдынының құқықтық мәртебесі жөніндегі ұзаққа созылған дауларды реттеуге нүкте қойды. Біздің еліміздің сыртқы шекарасын ресімдеу үдерістерін аяқтауда саммит маңызды рөл атқарды.

«Каспий жөніндегі Конвенцияға қол қоя отырып, Қазақстан құрлықтағы және теңіздегі бөліктерді қоса алғанда, заң жүзінде тұтастай рәсімделген мемлекеттік шекара сызығына ие болды», - деді Сенат Төрағасы.

Қазақстандағы реформалар туралы айта келіп, Қ.Тоқаев Президент Н.Назарбаевтың таяудағы Жолдауының стратегиялық сипатын атап өтті.

Бұл Жолдау біздің азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру мен экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі міндеттерді шешуді көздейді. Еуразияның келешектегі бейнесін қалыптастыруда, Қ.Тоқаевтың пікірінше, қытайлық «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының әсері зор болады.

Сенат Төрағасы «Еуразиядағы ықпалдастық үрдістері аймақтық және жаһандық сауда байланыстарын дамытуға жаңа серпін бере алады, ол сауданың жаңа өсу нүктелері мен тұтастай экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деп санайды. Қ.Тоқаев ықпалдастықты өрістету мен өзара тиімді ынтымақтастықтың ауқымды әлеуетіне ие Еуразиялық Одақты дамытудың келешегіне де тоқталды.

Сенат Төрағасы Мәскеуде Ресей Федералдық Жиналысының қос Палаталарының басшыларымен кездесті. Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен әңгіме аясында екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер, оның ішінде парламентаралық байланыстарды дамыту тақырыбы көтерілді.

Сенат Төрағасының пікірінше, Қазақстан мен Ресейдің өзара одақтастық қарым-қатынастары Еуразия құрылығындағы тұрақтылықтың маңызды мәселесі болып табылады. Әңгіме барысында Қазақстан мен Ресей заң шығару органдары жоғарғы палаталарының депутаттары қатысатын Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның қызметіне жоғары баға берілді.

Қ.Тоқаев В.Матвиенконы Ресейдің Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің 25 жылдығымен құттықтады. Сенат Төрағасы депутаттық корпустың жинаған тәжірибесі Ресей азаматтарының әл-ауқаты мен өмір тұрмысының деңгейін арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Қазақстан делегациясының басшысы сондай-ақ қыркүйек айында В.Матвиенконың қатысуымен Санкт-Петербургте өткен Екінші Еуразиялық әйелдер форумының қорытындыларына оң пікір білдірді.

Сенат Төрағасының Мемлекеттік Думаның Төрағасы Вячеслав Володинмен кездесуі барысында Қазақстан мен Ресейдің көпжақты ынтымақтастығының түрлі мәселелері сөз болды.

Қ.Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің халықаралық аренадағы өзара әріптестік іс-қимылының маңызды рөлін атап өтті және ол жаһандық әрі аймақтық саясаттағы көптеген мәселелерде екі мемлекеттің көзқарастарының сәйкестігімен нәтижелі болып отырғанын айтты.

Біздің парламенттерге қатысты алғанда, олар да өз күш-жігерін, оның ішінде көптарапты құрылымдар аясында да үйлестіріп отырады.

«ТМД Парламентаралық Ассамблеясы мен ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы парламенттік ынтымақтастықтың маңызды бағыттары болып табылады, біздің депутаттарымыз олардың аясында ықпалдастық бірлестіктер елдерінің заңнамасын үйлестіру мен жақындастыруды қамтамасыз етіп келеді», - деді Сенат Төрағасы.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2018