Сенбі, 17 Қараша 2018
Әдебиет 1069 3 пікір 6 Қараша, 2018 сағат 09:02

Өлең құдіреті

Ойыңды селт еткізетін өлеңдерді оқу бір ғанибет. Қолға тиген Сәнді Ақылайдың «Өлең - ғұмыр» кітабын оқып шығып, тұшымды дүниелердің жеткілікті екеніне көзім жетті. Бұдан бұрын әлеуметтік желіден Сәндінің конвейерден шыққандай үзіліссіз ағылып жатқан өлеңдерін оқып, таңданып жүрдім. Өлең түрткілесе шыдап отыру мүмкін бе? Сәндіні ақын деп естіген жоқ едім.

Бірде үйде жатқан 2004 жылғы «Жұлдыз» журналын ескі әдет бойынша қайта қарап отырғанымда №9 санында Сәндінің «Тырналардың тізбегі тыраулаған» деген өлеңдерін кездестіріп, оқып шықтым. «Сірә, шерлі шығармын жаратыла, Сезім билеп, ой кештім ара-тұра. Айырбастап әкел деп шер-мұңымды, Тапсырғанмын құстардың қанатына». Өлеңде салмақ жатыр. Бұдан 13-14 жыл бұрын жазылған өлеңдер екен.  Осыдан кейін өлеңдерін үзбей оқып келе жатырмын десем артық айтқандық емес.

Ақындық шабыты бүр жарып келе жатқан, арман қуған талай азаматтардың ауылдан шыққан жалғыз сүрлеумен ұлы көш ізіне түсіп, ұлы өмірге араласып, тіршіліктің қым-қуыт тұрпатымен бетпе-бет кездесіп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп күрес үстінде жүргенін өзің бірге сезінесің. Күйінесің. Қуанасың. Бірақ, ақындықтың азабын ақыннан артық кім біледі? Сәнді ақын ақындықтың азабын біле тұра, Тәңір жазған тағдырына мойын ұсынады. «Тағдыр маған өлең болып дарыдың», «Өлең бе өлең тамырымда бір дүлей» дей келіп, «Айтшы маған жүрегіңнің мұңын бір, Сенсіз енді көре алмаспын күнімді, Қалада да, далада да, үйде де, Мазамды алып  кісінейді құлын жыр». Міне осыдан-ақ Сәндіні нағыз ақын екендігін танисың.

Оны өлеңнен айыру мүмкін емес. Өлеңнің қасиеті осы! Сондықөтан өлең киелі. Сондықтан өлең-Құдірет! Құдіретті өлеңнің сиқырлы әлеміне енген адам сол өлеңнің мінезінен бөлініп кете алмайды ғой деймін. Не өзі өлеңге айналып кетеді, не өлеңнің айтқанынан шыға алмайтын сияқты.  «Мен өлеңнің күш аламын өзінен, Әр күн сайын сырға батып кезігем, Өлеңменен оянамын таң ата, Өз үй өлең төсегімде көз ілем». Сәндінің әр өлеңдерін оқыған сайын, Мұқағалидың өлеңге жапқан шекпенін жамылып, жастанып жұбана отырып, қуат алғанын сезесің. Содан да болар «16 саған өкпем жоқ» дейтін өлеңінде «Көз жасын бекер төккем жоқ, Қара өлең келіп жылытты, Ұлы ақын жапқан шекпен боп». Сәнді-Өлең! «Таңдарымның таң нұры, Бақытымның барлығы, Бір Алланың жарлығы, Сен Өлең!» Сәндінің бар жан-дүниесі өлеңмен өрілген. Жүрек соғысы, қан айналысы – өлең ұйқасындай. Тұтас дүние. Бөле жара алмайсың! Сәнді осындай ақын!

Сәндінің «Өлең - Ғұмыр» кітабына алғысөз жазғандар Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері Мұрат Бекей мен Үміт Битеновадан артық айта алмаспыз. Сәндінің өзі де тектінің ұрпағы, киелі жердің түлегі, арқасына өлең қонған, денесіне сіңген. Сәндінің қоғамдағы қайшылықтарды айғақтайтын «Бар мен Жоқ», толып жатқан поэмалары да осы жинақта тотастырылған. Сәндінің өлеңдерін талдап рецензия жазайын деген жоспарым жоқ. Алған әсерімді білдіру. Биіктей бер, ақын Сәнді қарындасым!

Ошақбай Суханберлин, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі 

Abai.kz

            

3 пікір