Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2301 0 пікір 15 Сәуір, 2011 сағат 08:55

Шадияр Өстемірұлы. «Кешегі әкелердің жолы бүгінгі ұрпақ үшін жарамсыз»

«Жас қазақ» конференциясының кезекті қонақтары - саясаттанушылар - Нұрлан Ерімбетов, Айдос Сарым және «Эксклюзив» журналының - бас редакторы Расул Жұмалы. Конференцияны газетіміздің саясат және сарап бөлімінің редакторы Шадияр Өстемірұлы жүргізді.

Шадияр Өстемірұлы:

-Саяси науқан аяқталды. Әкімдеріміз бен министрлеріміз қайта тағайындалды. Ескі де жаңа үкімет осыған дейін нені назардан тыс қалдырды? Бұдан кейін жұмысын неден бастауы керек?

Нұрлан Ерімбетов:

-Әріптестерім мен журналистер «кім әкім, кім министр болады?» - деген әңгіме айтуда. Меніңше, бұл мәселелер біз үшін талқылауға татымайтын дүние болып қалса, онда Қазақстан нағыз бақытты ел болар еді. Өйткені, дамыған елдерде кім билікке келсе де, заң бұзылмайды. Жеке адамдардың өмірінде ешқандай өзгеріс болмайды. Жерінен, дүние-мүлкінен ешкім айырылып қалмайды. «Кім қай орынға отырады? Енді не болады, не өзгереді?» - деп алаңдаймыз. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрі ауысса, сол саланың ережесі әсте өзгермеуі керек. Заң үстемдік құруға тиіс. Билікке қандай президент, премьер келсе де, бәрі заң шеңберінде жұмыс істеуі шарт. Басты мәселе - осында.

Екіншіден, тым құрыса, Үкіметтің қолға алған бағдарламаларында сабақтастық болғаны ләзім. «Бұрынғының бәрі дұрыс емес», - деп жаңа адамдардың дені

«Жас қазақ» конференциясының кезекті қонақтары - саясаттанушылар - Нұрлан Ерімбетов, Айдос Сарым және «Эксклюзив» журналының - бас редакторы Расул Жұмалы. Конференцияны газетіміздің саясат және сарап бөлімінің редакторы Шадияр Өстемірұлы жүргізді.

Шадияр Өстемірұлы:

-Саяси науқан аяқталды. Әкімдеріміз бен министрлеріміз қайта тағайындалды. Ескі де жаңа үкімет осыған дейін нені назардан тыс қалдырды? Бұдан кейін жұмысын неден бастауы керек?

Нұрлан Ерімбетов:

-Әріптестерім мен журналистер «кім әкім, кім министр болады?» - деген әңгіме айтуда. Меніңше, бұл мәселелер біз үшін талқылауға татымайтын дүние болып қалса, онда Қазақстан нағыз бақытты ел болар еді. Өйткені, дамыған елдерде кім билікке келсе де, заң бұзылмайды. Жеке адамдардың өмірінде ешқандай өзгеріс болмайды. Жерінен, дүние-мүлкінен ешкім айырылып қалмайды. «Кім қай орынға отырады? Енді не болады, не өзгереді?» - деп алаңдаймыз. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрі ауысса, сол саланың ережесі әсте өзгермеуі керек. Заң үстемдік құруға тиіс. Билікке қандай президент, премьер келсе де, бәрі заң шеңберінде жұмыс істеуі шарт. Басты мәселе - осында.

Екіншіден, тым құрыса, Үкіметтің қолға алған бағдарламаларында сабақтастық болғаны ләзім. «Бұрынғының бәрі дұрыс емес», - деп жаңа адамдардың дені

аяқастынан төңкерісшіл болып шыға келеді. Ол бағдарламаларға қомақты қаржы жұмсалып, қаншама адам жұмылдырылған жоқ па? Әркім өз көзқарасы бойынша басқарған саласында төңкеріс жасай берсе, ешқандай сабақтастық болмаса, кез келген жақсы бастаманың өзі аяқсыз қала бермек.

Үшіншіден, бізде саясат экономикадан едәуір артта қалып қойды. Қоғам әртүрлі әлеуметтік топтарға бөлінген. Олардың дауысы естілмейді. Сондықтан үкімет қай жерден қандай қауіп туатынын да білмей отыр. Оны зерттеп жатқан ешкім жоқ. Әр топтың үнін естіп отыру үшін саяси өзгерістер керек. Ол өзгерістер мәслихат, парламент немесе қоғамдық ұйымдар арқылы көрініс беруге тиіс. Әйтпесе, кездейсоқ бір жерден ши шығып кетсе, аң-таң боламыз.

Расул Жұмалы:

-Бізде шүкіршілік ететін жайттар жеткілікті. Дейтұрғанмен, экономика, әлеуметтік, ішкі саясатта әттеген-айларымыз да аз емес. Ең негізгі олқылығымыз - кадрлық саясаттың жөнге қойылмағаны. Сайлаудан кейінгі кезең осыны түзеуге мүмкіндік беретін сияқты. Түрлі салада аяқасты болған бағдарламалар бар. Тізіп жатпай-ақ қояйын, басым көпшілігі діттеген жеріне жеткен жоқ. Орта жолда қалып қойды. Ақша жұмсалды. Ұмытылды. Олардың орнына жаңа бағдарламалар қабылданды. Бұл үшін жауапқа тартылған шенеуніктер кемде-кем. Менің ойымша, әр саланың басына сол салада тәжірибе жинаған кәсіби мамандарды қою қажет. Бұрынғыдай дәрігер құқық қорғау саласын, қаржыгер денсаулық саласымен айналыспай, тікелей өз мамандығы бойынша қызмет атқарғаны жөн. Қазіргі жеке тағайындаулар құптарлық. Мәселен, Ішкі істер министрлігіне осы салада көп жыл жұмыс істеген кәсіби маман келді. Сыртқы істер министрлігі туралы да солай деуге болады. Әйтсе де, бір кем тұсымыз - ауыс-түйіс болған кезде оның себептері ресми түрде түсіндірілмейді. Министр неге орнынан түсті? Себебі, неде? Қызметін лайықты атқара алды ма? Неліктен жаңа адамды әкелді? Оның қандай ұтымды жақтары бар? Ол туралы да ешқандай сөз болмайды. Сол себепті де сырттай жорамал жасауға мәжбүр боламыз.

Айта кету керек, біз қазақ мемлекетінде өмір сүріп отырмыз. Халықтың 70 пайызы - қазақтар. Әр саланың басында тұрған лауазымды тұлғалардан мемлекеттік тілді білуін талап ететін кез жетті. Конституция бойынша, мемлекет басшысынан бастап тілді білуге міндетті. Тіпті тиісті емтихан тапсырады.  Бұл шарт неге басқа мемлекеттік қызметкерлерге қойылмайды?

Ата заң бойынша басқалардың президенттен несі артық?

Бізде қоғамдық пікірдің жоғары болуына қажетті тетіктер осалдау. Бұл тұста ең маңызды іс - атқарушы биліктің жауапкершілігін арттыру. Бұл оның ашықтығы мен жұмыстарының қадағалануы арқылы, БАҚ-тың, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси күштердің, тіпті оппозицияның белсенді қатысуы арқылы жүзеге асса, онда пайдалы әсер коэффициенті әлдеқайда өсер еді.

Айдос Сарым:

-«Қай министр немесе әкім қайдан келді? Не істеп жатыр? Немесе мына әкімдер не үшін орнын сақтап қалды?» - деген әңгімені қозғау басы артық нәрсе. Оның жауабы оңай. Бұл - уақытша үкімет. Транзиттік министрлер мен әкімдер. Әкімдердің орнында қалған себебі - кешегі сайлауда жұмыла жұмыс істеді. «Жігіттер жақсы еңбектенді. Қазір орнынан жұлып алсақ, ұят болады. Әзірге отыра тұрсын. Күзде сайлау, басқа бір жағдайлар болса, көре жатармыз», - деген қазақы ойлау дәстүрі бар емес пе? Әкімдерден қызмет ауыстырған - Серік Үмбетов қана. Бұл бұдан бір жарым жыл бұрын айтылған әңгіме болатын. Біз «кім келді?» емес, «не істелінді?» - деген мәселе төңірегінде әңгіме қозғауымыз керек.

Сайлау өткеннен кейін қоғам топтасты дедік. Президент айтқан мәселелердің, соның ішінде саяси реформалардың әлеуметтік базасы қалыптасты дедік. Сайлау қорытындысына сенетін болсақ, бұл - қоғамның 95 пайызы саяси модернизацияны қолдап отыр деген сөз. Оған қарсы шығып жатқан ешкім жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, көптен бері айтылып, көптен бері сынға ұшырап, опық жеп жүрген саяси модернизацияны бастап кету қажет тәрізді. Реформаның да түр түрі бар. Сапалық көрсеткіштері болады. Ең бастыларының бірі - өз уақытында болған реформа. Ахуал ушығып кеткен соң жасалған реформаның қадірі болмайды. Дәл қазір бұған толық мүмкіндік бар. Сайлау өтті. Қоғам тынышталды. Алдағы уақытта қоғамда толқу тудыратын, реформаға кедергі келтіретін күштер жоқ. Қоғам қолдап отыр. Кешегі кандидаттардың бағдарламалары да бұған дәлел.

Реформа жасауға не кедергі?  Бұл мәселе кешеуілдейтін болса, осы сұрақ алдымыздан көлденең шыға береді. Реформа қоғамның өз ішінен басталуы керек.

Шадияр Өстемірұлы:

-Әне-міне дегенше, парламент сайлауы келеді. Билік жаңа парламенттің  көппартиялы болатынын айтып қалды. Бұған партиялар дайын ба?

Айдос Сарым:

-Бүгінгі саяси партиялық жүйе қоғамда қалыптасқан көзқарастардың жиынтығы емес. Саяси, әлеуметтік топтардың  ұранын көтеріп жүрген жоқ. Негізінен, қазіргі партиялар осыдан 10-15 жыл бұрын құрылған, сол кездегі ойындардың нәтижесінен, бөліну, қырқысудан туған. Бір сөзбен айтқанда, осы саяси партиялық жүйе бүгінгі қоғамның метафизикасын айқындамайды. Неге елімізде ұлттық партия жоқ? Әлеуметтік, экологиялық ахуал ушығып тұрғанда, неге жөні түзу экологиялық партия жоқ? Бұл жайында элита, билік, барлық саяси партиялар да ойлануы қажет.

Саяси партиялық жүйеге қатысты басты мәселе - бүгінгі партиялар құндылықтардың емес, тұлғалардың төңірегінде топтасқан. Бұл - үлкен қателік. Партиялардың бәрі өзін халықтық партиямыз деп атайды. Сонда олардың сайлаушысы кім? Либералдар болса, түсінікті жайт. Олардың артында бизнес, фермерлік партия болса, оның артында ауыл шаруашылығы өкілдері тұрады. Нақты идея қалыптастырып, оны таратумен ешкім айналыспағандықтан, бұл алаңға кім көрінген кіріп жатыр. Кришнаиттер, радикалды ислам, шетелдің миссионерлік топтары да кірді. Қоғамды сарсаңға түсірді.

Нұрлан Ерімбетов:

-Өткен сайлау барлық партиялардың осалдығын ашық көрсетіп берді. Меніңше, бұл партиялардың заманы өтті. Орнын босатуы керек. Байқағаным, көтергендері - сол баяғы ұран. Айтатындары - ескі әуен. Бұдан ел шаршады. Біз халықты алдамауымыз керек. Кеше «Ақжол», Әділет партиясы және басқалары Президентті қолдады. Ендеше, олар «Нұр Отанға» қосылсын. Несіне бізді алдайды? Көппартиялы мемлекет етіп көрсету үшін ғана ма?

Біз қазір жастарға баса назар аударуымыз керек. Ең қауіпті екі топ бар. Біріншісі - ауылдан қалаға келіп, өз орнын таппаған жастар. Екіншісі - шетелде білім алып келген жастар. Олардың көбі байдың балалары емес, орта тұрмысты отбасынан шыққандар. Олар өзге өмірді көрді. Қояр талабы - әділеттілік.

Шадияр Өстемірұлы: - Не істеу керек, сонда? Тығырықтан шығар жол қайсы?

Нұрлан Ерімбетов: - Барлық салада бәсекелестікке жол ашылып, әлеуметтік сатымен көтерілуде әділеттілік болуы қажет.

Айдос Сарым:

-Менің пайымдауымша, алдағы он жылымыз артта қалған жиырма жылға қарағанда, қиындау болатын тәрізді. Әлем сеңдей қозғалып жатыр. Негізгі қозғаушы күш - жастар. Әлем саясаткерлері «Шығыс оянды» деп отыр. «Елу жылда ел жаңа» деген, бұл да жаңарудың белгісі. Кешегі әкелердің жолы бүгінгі ұрпақ үшін жарамсыз. Жастарды ақша ғана қызықтырмайды, әділеттілікті қалайды. «Алдағы он жылда қандай жағдай болады?» - деп сұраса, мен «әділеттілік үшін күрес болады» - деп жауап берер едім. Қырғызстандағы жағдайдан кейін шекарадан елімізге қаншама қару өтті. Ол қаруды кім қолданады? Әрине, өмірге наразы адамдар. «Мен жақсы білім алдым, ендеше неге жұмыс таба алмай отырмын. Білім-білігі менен төмен адам неге министр, банкир болып отыр?» - деп ойлайды. Осы жағдайды әртүрлі күштер - солшыл-анархистер, радикалды исламшылар, тағы басқалар пайдаланып кетуі әбден мүмкін.

Биліктің негізгі мақсаты - құндылықтарды қалыптастыру, болашақ қауіптердің алдын алып отыру. Алдын алу ісін қауіп туған кезде емес, бүгіннен бастаған жөн. Өз басым «Дипломмен ауылға» деген бағдарламамен келіспеймін. Көш қаладан ауылға емес, ауылдан қалаға қарай жүруі керек. Ауыл бәрібір қаладағыдай әлеуметтік жағдайды жасай алмайды.

Парламентте кем дегенде екі-үш партия отыруы керек. Парламент - ең үлкен мінбер. Үкіметте, парламентте де 100 пайыз «Нұр Отан» отырғанда кім-кімді сынайды? Мәслихаттардың өзі де әртүрлі партиялардан тұруы керек тәрізді. Сонда экология мәселесі ушығып тұрса, экологтардың партиясы келеді. Оралмандар мәселесі ушығып тұрса, ұлтшыл партия жеңіске жетеді. Биліктің өзі бақылап отыруға мүмкіндік алады. Бір партия лайықты әлеуметтік лифт жасай алмайды. «Нұр Отан» барлық әлеуметтік мәселелерді шешсе, онда біз қолымызды жылы суға малып отырар едік.

Расул Жұмалы:

-Шынтуайтында, әділдік керек. Қазіргі билік тізгінін ұстап жүрген азаматтардың, ғылыми, мәдени элитаның 90 пайызы отыз-қырық жыл бұрын ауылдан келген қазақтың қарадомалақ балалары болатын. Сол кездегі саяси-әлеуметтік жүйе қарапайым ауыл балаларын ең жоғарғы шыңға шығуына барлық жағдай туғызды. Шынын айту керек, қазір ондай жағдай жоқ. Қоғамдағы әділеттілік - ең негізгі талап.

Қоғам дамуының екі түрі болады. Біріншісі - эволюциялық, екіншісі - революциялық жол. Әрине, бізге керегі - эволюциялық жол. Әділеттілік пен жауапкершілікпен қатар қойылатын мәселе, бұл - бәсекелестік. Экономикадағы, кәсіпорындардың арасындағы, саясаттағы бәсекелестік. Парламентте, саяси партия­лардың арасында ой-пікірлердің таласы болмай алға жылжу жоқ. Оппозицияны, сыни пікірлерді ерсі көрушілік, тұрақты­лықты шай­қайтын нәрсе деп қарау етек алып барады. Бұл - қате түсінік. Бәсекелестік болмаса, тұйық су секілді иістене бастайды. Ең алдымен, саяси жүйеде де бәсекелестік керек. Рас, қазіргі саяси партиялық жүйеміз - 90 жылдардан қалып қалған, белгілі бір тұлғалардың маңына шоғырланған тұрпайы жүйе. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет партиялардың қалыптасуына жағдай жасауы керек. Бірақ қолдан жасауға болмайды. Олар табиғи түрде дамуы қажет. Барлық партияларға тең мүмкіндік беріп, тіркеу талаптарын жеңілдетуге болады. Қазір айтылып жүргендей, АҚШ-тағыдай екі партиялық жүйе бірден орнай қоймайды. Оны бірден орнату - көзбояушылық болады.

Экономикада бағдарламалар көп. 20-дан асады. Қаржылық жауапкершілік осал. Инновация, IT-технология, нанотехнологиялар туралы сөз етіп жүрміз. Бәлкім, бізге бұлар керек те шығар. Бірақ Қазақстан екі маңызды нәрсені ескермей отыр. Біз өз ерекшеліктерімізді ескеріп, мұнай саласына, мұнай химиясына, ауыл шаруашылығына және туризмге баса ден қоюға болады. Көп саланы таңдай берудің қажеттілігі жоқ.

Ең алдымен, біз күнделікті қажеттіліктеріміз өтейтіндей қалыпқа салуымыз қажет. Ауызсу, газбен қамту сияқты негізгі қажеттіліктермен қамтамасыз етпей, инновацияны қайтпекпіз? Тас дәуірінде өмір сүріп жатқан ауылдарымыз бар. Олар өз отандастарымыз емес пе?

Нұрлан Ерімбетов:

-Орал мен Шығыс Қазақстандағы ауылдарды су алып жатыр. Ол неге бұрын болған жоқ? Себебі, бұған жауап беретін, қауіптің алдын алатын мамандар болды. Олар бөгеттің, үйлердің қалай, қайда салынуына мән беретін. Қазір ондай мамандар жоқ, кілең менеджерлер отыр. Мен мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру мәселесін көтергім келеді.

Біз көп саясаткерлерді БАҚ-қа шығармай, олардың беделін көтермелеп отырған сияқтымыз. Сол адамдарды газет пен телевизиядан көрсетсек, түкке алғысыз болып қалады. Біздің қазақ бір көзқарасынан, айтқан бір ауыз сөзінен оның кім екенін аңғарып, бірден баға беретін болады. Осы жағдайды да билік түсінер деген ойдамын.

Қай салада болсын, өзге елдерден көзсіз көшіру етек алып кетті. Бірақ олар еш нәтиже бермейді. Өйткені, олар біздің табиғатымызға тән емес. 30-40 партия болса, біз өз ауруымызды білеміз. Осыны бастан өткеруге тиіспіз.

Расул Жұмалы:

-Біздің президенттік сайлауда үміткерлер көп болды. Жұмыссыздар мен зейнеткерлер де өзін ұсынды.

Нұрлан Ерімбетов: -Біз күлкілі кандидаттарды көрдік. Енді бізде күлкілі партиялар да шығуға тиіс.

Айдос Сарым:

-Жалпы, саясат жауапкершілікті талап етеді. Үміткерлер додаға түспес бұрын, өз мүмкіндігін таразылағаны жөн. «Осы аймақтан осыншама дауыс жинай аламын ба? Телеарналарға ақша төлей аламын ба? Тым құрыса, өз ағайындарым маған дауыс берер ме екен?» - деген сұрақтарға жауап іздеуі керек. Сайлауға түскен кешегі партия жетекшілері 150 мың мүшеміз бар дейді. Енді солардың жиған дауысын қараңызшы.

Нұрлан Ерімбетов:

-150 мың мүшесі бар партия серкелері 90 мың да дауыс ала алмады. Мәселе - осында. Сөйтіп олар өз әлсіздігін жүйеден, биліктен көреді.

«Жас қазақ» газеті

Түпнұсқадағы тақырып: «Әділет Һәм әлеуметтік лифт

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5678