Сенбі, 23 Қараша 2024
Біртуар 5001 9 пікір 14 Қараша, 2018 сағат 13:23

Қырғыз халқы Айтматовтың атына бір ауданды қимай ма?

12 қараша қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматовтың дүниеге келгеніне 90 жыл толды. Айыр қалпақты ағайындарымыз айтулы тұлғаның мерейтойын атаусыз қалдырған жоқ. Өз деңгейінде дүбірлетіп тойлап жатыр. Айтматовтың 90 жылдығын Қазақстан, Тәжікстан секілді туысқан елдер де ұмыт қалдырмай, салтанатты шаралар ұйымдастыруда.

Қырғыз жұрты біртуар ұлының мерейтойын жоғары деңгейде атап өтіп жатқанын айттық. Осы күндері Бішкек қаласында «Шыңғыс Айтматов және театр» атты халықаралық театр фестивалі өтуде. Фестиваль аясында біздің елдің театрлары да өнер көрсетті. Бұдан бөлек, 29 қазан күні Қырғызстан Ұлттық банкі Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған коллекциялық тиынды қолданысқа енгізгенін хабарлаған болатын.

Бұның бәрі дұрыс ғой. Бірақ ағайындық көңілімен әділін айтсақ, қырғыз бауырларымыз бас жазушысының 90 жылдығына жасалатын нағыз сыйлықты әлі байқамаған секілді. Қырғызстан астанасы Бішкек қаласы «Ленин», «Октябрь», «Бірінші май», «Сведрлов» сынды төрт ауданға бөлінеді екен. Байқап отырғандарыңыздай, бәрі кеңестік атаулар. Қырғыз билігі елдің ресми орталығы болып табылатын Бішкек қаласындағы аудан аттарын қалай атайтынында біздің қақымыз жоқ. Алайда, «Адамзаттың Айтматовы» атанған жазушының есімін осы аудандардың біріне берсе, жарасып-ақ кетер еді. Бұндай айтулы оқиға жазушының 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп жатса, тіпті ғанибет.

Біздің елде де кеңестік қып-қызыл шапанын шешпеген елдімекендер жетіп жатыр. Айта берсек, аудан емес, бірқанша ірі қала, облыстарымыз әрісі патшалық Ресей, берісі Кеңес одағы қойған аттарынан құтыла алмай келеді. Солтүстіктегі Павлодар облысы мен Петропавл қаласы осы сөзіміздің дәлелі. Бұлар енді басқа әңгіме. Уақыты келгенде өз шешімін табады деп үміттенеміз.

Біздің бүгін айтпағымыз, бауырлас қырғыз елі әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың атына ел астанасынан бір ауданды қиса екен деген ұсыныс. Өз жөнімізді жөндеп алмай, өзге елге ақыл айтқанымыз емес. "Сырт көз сыншы" деген. Қазақ туғандарының осы ұсынысы қырғыз жұртшылығынан қолдау тауып жатса, қанеки!

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534