Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5060 0 пікір 17 Сәуір, 2011 сағат 11:52

Бауыржан Омарұлы. Асан мен Үсен (Әлеуметтік әпсана)

Малтабар  әрі жолтабар

Асан деген - бай баласы, Үсен - жарлы баласы - екеуі құрдас екен. Бір күні ел көшкенде қыр астында ойнап жүріп, ескерілмей, екеуі жұртта қалыпты. Бір мезгілде үйге баралық деп келсе, ауыл жоқ, құр жұрты жатыр. Асан айқай салып, жылай бастады... Үсен үндемеді, Асанды ертіп, көшкен жұртқа келді.
(Ы.Алтынсарин, «Бай баласы мен жарлы баласы»).

Малтабар  әрі жолтабар

Асан деген - бай баласы, Үсен - жарлы баласы - екеуі құрдас екен. Бір күні ел көшкенде қыр астында ойнап жүріп, ескерілмей, екеуі жұртта қалыпты. Бір мезгілде үйге баралық деп келсе, ауыл жоқ, құр жұрты жатыр. Асан айқай салып, жылай бастады... Үсен үндемеді, Асанды ертіп, көшкен жұртқа келді.
(Ы.Алтынсарин, «Бай баласы мен жарлы баласы»).

Ыбырай атамның осы бір әй­гі­лі әңгімесі талай ұрпақтың зердесінде жатталып қалды. Бірнеше буын осы ғибратты шығарманы оқып, есейді. Жас ұландарды еңбекке бау­лып, тіршілікке бейімдейтін сол дү­ние­ні ұзақ жыл бойы таптық көзқарас­тың таразысына салдық. Педагогикалық ұстанымға таптық сананың салқыны тиген заманда жас өскінді бай баласы Асанның іс-әрекетінен жирендірдік. Өйткені ол - орашолақ, олақ, болбыр. Қолынан түк келмейді. Оның үстіне өзі ертелі-кеш жылайды да жүреді. Сондықтан ешкімнің Асан болғысы келмейтін. Себебі ол - байдың баласы. Ал бай деген - нағыз жексұрын. Біздің ұғымымыздағы бай - Итбай, Қарабай, Шығайбай. Осы үш байды үш би секілді жақсы білетінбіз. Санамызға шегеленген сол бейнелердің ешқайсысы оңып тұрған жоқ. Шетінен қарны қабақтай, беті табақтай, аузы итаяқтай, обыр біреулер. Мұндай кісілерге бала болу дегеніңіз... Атамаңыз. «Азамат, ұран сал, Тізе қос жалшымен, Байларды шетінен, Қойдай қу қамшымен», - деген өлең шумақтарын жаттап алып, еліріп айтып жүрген кезіміз.
Керісінше, бүкіл бала Үсен болғысы келеді. Ыбекеңнің Үсені - өмірге бейім, ша­руашылыққа ыңғайы бар перзент. Үсен жоқтан бар жасайды. Үсен қиын­нан жол табады. Үсен үндемей жүріп-ақ көп шаруа тындырады. Қысқасы, Асекең­дерді Үсекеңдер жолға бастайды. Үсен болмаса, Асан аштан өледі. Сондықтан Асан байғұс әйтеуір әкесінің маңайынан бір елі қалып қоймаудың қамын жасайды. Өзі де сондай бейқам. Ыбырай Алтынсарин оның бейнесін жасаудай-ақ жасаған. Ол Үсен ұстап берген үйректі ермек етіп, біраз жерге дейін ойнап барғысы келеді. Далада адасып жүргенімен шаруасы жоқ. Айналаны қараңғылық басып, бұлардың жатқан жерін аш қасқыр төңіректегеніне қарамастан алаңсыз ұйқыға бас қояды. «Ақылы жоқтың арманы жоқ» деген осы. Үсен байғұс оның түн ұйқысына дейін көз ілмей күзетеді.
Біздің кластың балалары шетінен оқу өтіп кеткендер еді. Оның үстіне теңіз беткейінің адамдарына тән қырсық мінез бәрінің де бойында бар. Отырып алып, осы әңгімені жабыла талдайтынбыз. «Адам деген баласын жұртқа тастай ма екен?! Көшер кезде бала түгілі, жоғалған малды да іздемеуші ме еді? Ол екеуінің жоқтығын таң атқанша, тіпті ертеңгі бесін уақытысына дейін байқамағаны ма?! Осы жері былай... біртүрлі ғой...» - дейді бірі. «Өй, сен соны да білмейсің бе? - деп, екіншісі өршелене түрегеледі. - Ыбырай атам балалар өз бетінше тіршілік қылып көрсін деп, ол екеуін әдейі көштен бөліп алып қалып отырған жоқ па?».
Содан соң ауыл сыртындағы Та­сарықтың бойына барып, Үсен секілді үйдегі ескі күртеміздің жыртылған жерінен суырып алынған мақтаны тастың үстіне қойып, бармағымызбен қысып тұрып, пышақтың қырымен ұрып көреміз. Мақтасы құрымағыр қапелімде тұтана қоймайды. Тұтана қалса, жұмыртқа пісіріп жемекпіз. Төрт-бес жұмыртқаны көршілердің тауық қамайтын кетегінен ұрлап әкелгенбіз. «Әй, оны жағу үшін Үсен болуың керек», - дейді біздің білгіштердің бірі. Содан соң өзімізден бір класс төмен оқитын егіз ұл - Асан мен Үсенді шақырып алып, соның Үсеніне жақтырып көреміз. Жайман көкемнің Үсені де Ыбырай атам­ның Үсенінің істегенін істей алмай, әбден қара терге түседі. Біріміз мақтадан, екіншіміз тастан, үшіншіміз пышақтан, төртіншіміз Үсеннен (Үсен Жайманұлы Аймырзаевтан) көреміз. Үсен байғұстың шыр-пыры шығады. Осыдан кейін Ыбе­кеңе ғана ептеп өкпелеңкіреп алып, шыр­пының бір талын сүйкеп келіп жібе­реміз. Жұмыртқаны бәрібір жеу керек қой...
Кеңестік дәуірдегі қоғамда, әрине, бай мен кедей болған жоқ. Оның есесіне ауқатты әулет және қарапайым әулет деген ұғым болды. Ауылдық жердің он­шақты басшысы бар. Шаруашылық директоры, оның орынбасары, бас есепші, ауылдық кеңестің төрағасы, тұтынушылар кооперациясының төрағасы (рабкооп), мектеп директоры, ауылдық аурухананың бас дәрігері, қойма меңгерушісі, т.б. бұлар бірге жүреді. Кәдімгі «контор-состав». Қонаққа бірге барады. Ет піскенше жантайып жатып, преферанс сызады. Біреуі әңгіме айтса, қалғаны бүкіл денесімен іркілдеп күледі. «Ақшасы бар адамдар, Түнімен карта ойнайды», - деп бала біткен есік жақта әндетіп отырамыз. Бала демекші, олардың да алтын асықтай балалары бар. Бұлардың ішкені алдында, ішпегені артында. Бастықтардың балаларының көпшілігі қара шаруаға қыры жоқтау, ақсаусақтау болып өседі. Ал қарапайым отбасынан шыққан ұландар қара жұмысқа жегіледі. Мал жайғарады, қораның көңін тазалайды. Жазда шөп шабады, күзде отын тасиды, қыста қар күрейді.
Бастықтардың балалары көбіне-көп оқуға мектеп бітіре сала бірден түседі. Ал қарапайым кісілердің перзенттері елде екі-үш жыл жұмыс істейді, өндірістің шаңын жұтады. Сөйтіп барып оқуға табан іліктіреді. Өстіп, шағын ауылдың балалары арасында да ептеген әлеуметтік теңсіздік жүріп жатқаны көзге көрініп тұрады.
Кеңестік қоғамның Асаны мен Үсені осындай күй кешетін. Әрине, бастықтардың балаларының ішінде де тәрбиелі, менмендіктен ада, айналасындағыларды дос тұта білетін парасатты перзенттер аз емес. Бірақ қалай болғанда да ауылдық жердің Асанынан гөрі Үсені көбірек болады. Үсен - іскер. Үсен - жұмыскер. Малтабар әрі жолтабар. Сол Үсендер айналасына кішіпейілділік пен қарапайымдылықтың, ізгілік пен ізеттің жылуын шашады. Өзі оқуға түскен үлкен қалаға барған соң да маңайына сол жылудың дәнін себеді.

Аш бала мен тоқ бала

Біраз жер өткен соң сүрлеу екі айырылды. Мұны көріп, Асан жылай бастады... Үсен қарап жүріп біреуіне түсті...
(Ы.Алтынсарин, «Бай баласы мен жарлы баласы»).

Ыбекеңнің Асаны жол екіге айырылса болды, жылай береді. Жолайрық кездессе, оның логикасы бірден тұйықталады. Ал Үсен жолға қарап тұрып, ойланады. Малдың жас тезегін көреді, жүріп өткен көштің ізін байқайды. Жанындағы серігін ертіп, алға бастайды. Долбары үнемі дұрыс боп шығады. Әйтеуір, жарлы баласы бай баласын соңына ілестіріп отырады. Қолды да, жолды да сол бас­тайды.
Содан жатып алып ойлаймын. Біз ауыл сыртында ойнап жүргенде Қаратереңнің халқы әйтеуір бір жаққа үдере көшсе... Қуаңдария балық аулау базасы­ның директоры Жанасыл Әлжановтың ұлы Кеңес екеуміз елсіз далада қалып қойсақ... Ол бақырып жыласа... Мен оны жұбатсам... Ол қырт менің жұбатқаныма көне қойса... Содан жүк тиеген «ЗИЛ»-дің ізін көріп, жолға түссек... Дарияның жағасында балық аулап жатсақ... Ол қарны ашып, тағы да ойбай салса... Мен оған үйрек пісіріп берсем... Бірақ ол үйректі қайдан табам? Ыбекеңнің үйрегі сияқты қарсы алдымнан пыр-пырлап өзі шыға келсе жақсы... Ыбырайдың Асаны: «Үйректі қалай ұстаймыз?» - дегенде, Үсен: «Мен әкемнің ұстағандарын көріп едім», - деп, өмірден түйгенін тәжірибе жүзінде алғаш рет қолданады. Сөйтіп, жұрттан тауып алған қылдан есіп, тұзақ жасап, оны үйректің ұясына апарып құрады. Шөп арасында тығылып жатқан бұларды көп күттірмей, үйрекең де сол тұзаққа өзі барып түсе қалады. Ал біздің әкей - өмірі үйрек мәселесімен айналысып көрмеген адам. Ол үйрек ұстауды үйрете алған күннің өзінде оның ауызекі әңгімесіне сүйеніп, сол құсты менің қолға түсіре қоюым екіталай. Ойбай, сонда әлгі директордың жұртта қалған баласын қайтіп асыраймын?! Сөйтіп, қиялым кейде қиысыңқырамай кетеді. Ыбекеңнің заманы мен өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шеніндегі үрдістерді үйлестіре алмай қиналам.
...Қой, бұл бәрібір болмайды екен. Істеген ісінің бәрін тап-тұйнақтай қы­латын кірпияз Жанасыл көкем айнал­дырған екі-үш баласын желдің өтінде өлсе қалдырар! Қалдырған күнде үкілеп өсірген бастықтың бозаңбет ызбай баласының бабын табуым оңай болмас.
Біздің Қаратереңде бұл әңгімені оқымаған бала жоқ. Тіпті кітап көрсе кірпідей жиырылатын кластасым Ақ­қасенге дейін оқыды. Себебі шығарма өте қарапайым стильмен жазылған әрі оқиға желісі керемет қызық. Қиялыңа қанат бітіреді. Өз бетіңше шешім қабылдау­ға баулиды. Тығырықтан жол табуға жетелейді. Кез келген бала шытырман оқиғалы шығармаларға о бас­тан әуес. Бүкіл бала өзін Үсен ретінде сезінеді. Тіпті Үсен деген есімнің өзі идеал­данды. Біздің жақта Асан және Үсен деген ру аттары бар. Осындай екі есімді иеленген егіздер де кездеседі. Соның Үсені ғана жағымды бейненің белгісі секілді көрінетін.
Әр бала Үсен сияқты тығырықтан жол тауып, өмірге епті болып, бастықтардың балаларын бұйдалы бота секілді жетекке алып, жүргісі келеді. Өйткені бай мен кедейді теңестірген кеңестік кезеңде бай баласы деген ұғым болмайды. Оның есесіне бастықтың баласы немесе басқарманың ұлы деген түсінік бар. Олардың да шылқып байып, сенен асып бара жатқан жері шамалы. Тек киімнің тәуірін киеді. Төренің баласы киім-кешегін сөренің астынан алады. Үйлерінде кәмпит-сәмпит көбірек болады. Печеньенің тәуірін жеу пешенесіне жазылған. Сен далбасалап, титімдей тортаны талғажау етіп, шөбіресінен жон етін әзер ажыратып отырғанда ол әкесінің арқасында майлы колбасаны кеміріп жатады. Ол ұртын томпайтып, мәмпәси сорып отырғанда, сен қағазының сыртында «Қазалының кірпіш зауыты шығарған» деген түсініксіздеу жазуы бар сырықтай ащы кәмпитті ыстық шай құйылған кесеңнің түбіне қадап қойып, соны сағыздай созып ойнайсың...
Бір жағынан дұрыс. Ауылды бетке алған қонақ біткен кедей-кепшіктің жарты лашығына емес, директордың еңселі үйіне түспей ме? Бәрі де: «Осындай бір директор, Халқымызға керек бір», - деп әндетіп, түтіні қоюлау шығып жатқан сол үйге беттейді. Қазақы дәстүр жолымен келсек те, мейман күтетін үйде ішіп-жемнің мол болғаны жақсы ғой.
Жасынан қара жұмысқа жегілген Үсендер қол-аяғы балғадай болып ержетеді. Қаршадайынан мал баққан, қойдың кезегіне барған, пішен орып, қамыс баулаған, мұз ойып, су тасыған, күрек пен кетпен, тырма мен сүймен ұстап, алақандары әбден мүйізгек боп қатқан өрендер бірер жылдан соң жауырыны қақпақтай бозбалаға айналады. Еңбек шынықтырған сол жігіттер екі иығына екі кісі мінгендей болып тұрады. Сол кезде бастықтардың екі иығынан екі кісі сусып түскендей босбелбеу балалары оларға қызыға қарайды. Кішкене күнінде Үсендерге дегенін істетіп, ептеп өктемдік көрсететін ерке шолжаң Асандар енді олардан кәдімгідей ығатын болады. Ал булығып өскен Үсендер қай істі де жапырып тындырады.
Үсендер Асан болуға әсте қызықпай­ды. Керісінше, оның әкесі секілді болуға тырысады. Өйткені Асанның әкесі ауыл­дан шыққан. Шаруақорлықтың мек­тебінен өткен. Оқыған-тоқыған. Алысқа көз тіккен. Үсендер, міне, осы мақ­сатты көздейді. Өздері қиындық көріп өскен бозбалалар өз балаларының «Ақ бауырсаққа алақаным бір толмай, Қайда барсам, босағаны бермеп ем», - деп жырлаған Сәбит Дөнентаевтың кейіпкері сияқты ішіп-жемнен тарыққанын қала­майды. Сосын күндіз-түні бүкіл Үсен кітап кеміреді. Биіктерді бағындыруға асығады.

Бай перзент - қай перзент?

Біраз жер жүрген соң Асан «қарным ашты» деп жылады. Үсен үндемей келе жатса, екеуінің алдынан бір үйрек ұшып, ұзамай қасына қонды. Асанның онымен ісі болмай жүре берді. Үсен жүгіріп барып сипалап жүріп, үйректің орнынан алты жұмыртқа тапты.
(Ы.Алтынсарин, «Бай баласы мен жарлы баласы»).

Бүгінде Асекеңдердің қарны көп аша бермейді. Үйрек жесе де, бүйрек жесе де, өз еркі. Үйрек демекші, қытай асханасында «Бейжің үйрегі» деген тағам аса бағалы саналады. Осы дәмі тіл үйіретін үкілі үйректі тәуір әзірлейтін мейрамханалардан жеу үшін АҚШ-тың алпауыттары Бейжіңге арнайы ұшып келетін көрінеді. О, тоба, бұрын саған азық болатын үйректің өзі ұшып келсе, енді сен сол үйректі тоя жеу үшін өзің ұшып барасың. Қазақтың көкала үйрегін қуалап өскен талай Асан бүгінде үйрегі қымбат Бейжің мен Шанхайда оқып жатыр. Қысқасы, Асандар­дың ішіп-жемі жеткілікті. Сондықтан ол: «Қарным ашты», - деп беталды жылай бермейді. Жыласа да тек «Жыламаған балаға емшек қайда?» деген жымысқылау мақсатпен жылайды. Ол, негізінен, жыламайды, күледі. Күлгенде де қарқылдап тұрып қатты күледі. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болған соң, күлмегенде қайтеді? Ал енді ептеп ұйықтайтыны бар. Үсен сол бұрынғысынша, Асанға қызмет етеді. Оған арнап балық пісіреді, үйрек қуырып береді, кәуап әзірлейді. Монша жағады. Қызық-шыжықпен қамтамасыз етеді. Шортанбай атамның: «Бұрынғы зорлар қор болды, Сондай қорлар зор болды», - дегені тәрізді баяғы Асандар Үсенге, ал Үсендер Асанға айналған заман...
Бұрынғы дәуірдің Асанынан гөрі Үсені көбірек еді. Бүгінде керісінше Асанның саны анағұрлым артқан. Себебі елдің әл-ауқаты жақсарды. Бай болам дегенге кеңінен жол ашылды. Кім қалай байиды? Есектің артын жуып, мал таба ма? Есебін тауып, ауадан ақша жасай ма? Әркім өз ісін әрқалай өрістеткен кезең. Қандай бай боласың? Кімге қайырың тиеді? Оны өмір көрсетеді. Әйтеуір төңірегіңде бай-бағылан жетіп жатыр. Бала да бай, басқа да бай... Бүгінгінің ұраны: «Үсеннің есіл-дерті - Асан болу, Байлықтан басы айналып, масаң болу!».
Нарықтың психологиясы санаға сіңген қазіргі қоғамда ауқатты адамның баласы болу мәртебелі саналады. Жұрт жоқтан бар құрап, бала-шағаның ахуалын түзеу үшін жанталасады. Перзенттерінің қатарынан кем болмағанын қалайды. Кейбір күлшелі балалар секілді ауыздарына ақ май, көк май ағып жатпаса да, несібеден айырылмаса екен деп тілейді.
Қазір Асан мен Үсеннің арасы тым алшақтап кетті. Асан Асанмен ақыл­дасады, Үсен Үсенге үйірсектейді. Ал бір-бірімен кездесе қалғанда айтатын ортақ әңгімесі бола бермейді. Осыған орай мынадай анекдот ойға оралады. Мектепте бір класта оқыған, кезінде әлеуметтік жағдайы біркелкі болған екі жігіт бірнеше жылдан соң кездесіп қалыпты. Бірі - ауқатты, екіншісі жұпынылау көрінеді. Бір-бірінен жөн сұрасады.
- Жағдайың қалай?
- Жағдайды сұрама... Нашар. Жауыма тілемеймін...
- Е, не боп қалды?
- Қызым Англияда оқитын еді. Енді Америкаға ауысам деп, қиғылық салып жатыр. Оны ауыстырудың өзі бір қиямет. Әйеліме Парижден қымбат тон әкеп берсем, екі сантиметр қысқа болып қалып, миымды жеп жүр. Енді оны қалай ұзартам? Ол аздай, кеше гараждан шыға бергенімде «Мерседес-600» машинамның бүйірін шеге сызып кетті. Бояуы бұл елде жоқ... Қысқасы, жүйкеден жүйке қалмады. Өлетін болдым... Өзің қалайсың?
- Екі күннен бері тамақ ішкен жоқпын...
- Жындысың ба? Неге ішпейсің? Асқазаныңды құртасың ғой!
Міне, өстіп бүгінде Асан Үсенді түсінбейтін, оның мұңын ұқпайтын, өмір сүру дағдысын білмейтін дәрежеге жетті. Қоғам екеуінің арасын тым алыстатып жіберді. Екі арада көзге көрінбейтін қорған орныққан. Замана адамының тегін тану мүмкін емес. «Хандық тек қана сенің қара басыңда. Ал өзің нағыз наубайшының баласысың», - деп әп-сәтте ататегіңді анықтап беретін Аяз биге зәруміз қазір.
Енді өзіміздің қазекеңді қоя тұрып, дүниежүзінің күлшелі балаларының тір­шілігіне үңіліп көрелікші. Әлемнің ең бай адамдарының бірі, әйгілі «Microsoft» компаниясын басқарған Билл Гейтсті білмей­тін жан жоқ. Ол жасы қырыққа таяп қалған­да өзінің қарамағында қызмет істейтін Мелинда деген қызға үйленіп, Гавай аралдарында ұлан-асыр той жасайды. Той­дан кейін Билл Гейтс әйелімен екеуі сырт көзге тосындау келісімшартқа отырыпты. Соған сәйкес, ол Мелиндаға әр баласын туған сайын 10 миллион доллардан беріп отыратын болады. Қазір миллиардердің үш перзенті бар. Қызы Дженифер 14-те, ұлы Рори 11-де, кіші қызы Фиби 8 жаста. Сөйтіп, Мелинда ханым әзірге 30 миллион доллармен шектеліп тұр. Одан басқа табысы да жеткілікті шығар. Қазақтың көнбіс келіншектері күйеуі Билл сияқты мәрт болып, әлгіндей уәде берсе, баланың санын жиырмадан бір-ақ қайтарар ма еді, кім біледі?! Бірақ мұхиттың арғы бетінде­гі Мелинданың миына ондай ой келе қоймаған сияқты. Біздің әйелдер: «Бай болса да бай болсын, Бай болмаса да бай болсын, Тек көңіліміз жай болсын!» - деп тәубесіне түсіп, отыра береді. Алланың берген азды-көпті баласын ақшасыз-ақ туады. Өз баласын өзіне тауып бергені үшін шаңырағындағы «жаман шалынан» шашыратқы сұрамайды.
50 миллиард доллар байлығы бар сол Билл Гейтс балаларына аста-төк мұра үлестіруді қаламайтынын мәлімдепті. Әрине, несібесіз қалдыра қоймас. Бірақ ол перзенттерінің әке қамқорлығын сезіне отырып, өздері де жұмыс істеп пайда тапқанын тәуір көреді. Демек, Асан Гейтс Үсен Гейтс сияқты өмірге бейім болуы керек. Гейтс мырзаның ғибратты ісінен үлгі алсақ, кәнеки!
Көрші Ресейдің күлшелі балалары да ешкімнен қалыспайды. Атақты алпа­уыт Роман Абрамовичтің 18,7 миллиард доллар қаржысы бар екен. Ол бүкіл мал-мүлкін бес баласының атына тең бөліп тастапты. Орыс елінің қалтасы қалың балаларының тізімін Петр мен Марина Дерипаскалар бастап тұр. Анасының құрсағынан ақша уыстап түскен бұл екеуінің әрқайсысының 20 миллиард доллар қаржысы бар дейді. Бұлар - атақ­ты «Базовый элемент» компаниясы­ның меншік иесі Олег Дерипасканың ұлы мен қызы. «Базовый элемент» - әуелі сол Дерипасканың қабылдау бөлмесіне келіп орнығып, хатшыдан өсіп, ханша болған қазақтың әйгілі кәсіпкер қызы, Ресейдің бүгінгі бизнес-ледиі Гүлжан Молдажанованың қызмет істеген ме­кемесі. Бұл тізімдегілердің ең жасы - жаңағы Марина Дерипаска және Роман Абрамовичтің ұлы Илья. Екеуі де 2003 жылы туған. Жастары жетіге де толмай жатып, жер жүзіне танымал болған сары Асандардың жағдайы, міне, осындай.
АҚШ-тың атақты алпауыты, қаражат королі Джон Рокфеллердің байлығы өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында 900 миллион долларды құраған. Бұл - бүгінгі ақшаға шаққанда 190 миллиард доллар. Рокфеллер жас күнінде үнемі сүлесоқ жүретін елеусіз бала болыпты. Сабақты да тәуір оқып жарытпаған. Шешесінен ерте айырылған. Әкесі де берекесіз, әйелқұмар біреу екен. Соның бәрі оны ширықтырса керек, бола­шақ миллиардер өте үнемшіл, ұқыпты, тиянақты болып өсіпті. Біреумен әңгіме үстінде де үнемі доллардың есеп-қисабын ойша шығарып отыратын көрінеді. Кейін есебінің мықтылығының арқасында атағы әлемге кең танылған. Сол Рокфеллер өз балаларына тәттіден бас тартқаны үшін күніне екі цент, музыкамен шұғылданғаны үшін бес цент, қарындаш ұштағаны үшін он цент беріп тұрған. Ал таңертеңгі асқа кешіккені үшін айып салған. Перзенттерін байлықтың буына мас қылмай, әр нәрсенің парқын біліп, пайданы еңбекпен табуға үйреткен. Әйтпесе, әйгілі Рокфеллер балалары үшін бар ақшасын судай шашам десе де өзі біледі ғой.
Рокфеллердің отаны - бүгінгі АҚШ-та да небір Асандар мен негр Асандар жетіп-артылады...

Асан Қайғы мен Үсен Қайғы

Біраз отырған соң Асан, күндіз көп жүріп шаршаған бала, ұйықтап қалды. Үсен ойлады: әкем айтушы еді, «елді жердің ұрысы, далалы жердің бөрісі болады», - деп, ұйықтамай отқа күндізгі алған балығын пісіріп, ермек етіп отыра берді.
(Ы.Алтынсарин, «Бай баласы мен жарлы баласы»).

Біздің қазақ Асан десе, Асан Қайғыны да есіне алады. Бұл атаудың санамызға әбден сіңіп кеткені соншалық, бір-бірінің анықтауышы сияқты көрінеді. Асан Қайғы дегенде заманның қайғысы жанына батып, мұң басып, қамығып жүрген абыз ақсақал жалпы жұрттың көз алдына келе қалады. Бұл ұғымның этимологиясына орай бірнеше ғылыми болжам айтылады. Бәрібір қарапайым халықтың санасындағы алғашқы әсері осындай болмақ. Бірақ қазіргі Асаннан гөрі Үсеннің қайғысы көбірек. Айлығы шайлығына жетпейді. «Қанша алсаң да айлық, Бола алмайды байлық», - деп Қадыр Мырза Әли ағамыздың айтқаны секілді, көрпені басына қарай тартса, аяқ жағы ашық қалады. Оқуына төлейтін ақшасын әзер табады. Оны бітірген соң жұмыс таппай тағы қиналады. Үйленейін десе, қаражат жолды байлайды. Әке - зейнеткер, шеше - бейнеткер. «Байғұс балаға көмектесе алмадым-ау», - деп олар қамығады. «Қатарымнан кем болдым-ау», - деп бала күйзеледі. Ойсыз Үсенге бәрібір. Ал саналы Үсеннің ойы сан-саққа жүгіреді. Қысқасы, жарлының баласы бауырын әлі жаза алмай жүр. Сондықтан бүгінде Үсен Қайғы деген атау оның бейнесін анағұрлым аша түсер еді.
Қазіргі Асан заманға тым бейімделіп кетті. Бесіктен белі шықпай жатып бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Қаласа, мектептің өзін шетелде оқып келеді. «Агентке» кіріп, әлемнің әр түкпіріндегі дос-жарандарымен сөйлеседі. Баяғының Асаны ауыл-ауылды аралап, жүн-жұрқа, тері-терсек жинайтын жалғыз агентті ғана білетін...
Түсінігі тым басқаша қалыптасқан бүгінгі заманның Асаны кедейлік туралы шығарманы былай деп жазады: «Баяғыда бір кедей болыпты. Оның қызметшілерінің бәрі де: тәнсақшысы да, үй жинаушысы да, бала күтушісі де, жеке аспазы да, тіпті шопыры да тақыр кедей екен». Ал сосын Асанмен осыдан кейін сөйлесіп көр. Ол «Кедей - бес әріп, Бай - үш әріп. Бірақ «бай» дегенде аузың толады», - деген тұжырымның Қадыр ағамыздың сөзі екенін білмесе де, осы күнгі әлеуметтік ахуалды жақсы сезінеді.
Асанның тұрмыстық жағдайы өте жоғары. Ыбырай атамның өзі айтқандай, жақсылап тастан сарай салып алған. Қаршадайынан көздің жауын алып, жұтынып тұрған жайынбас көлік мінеді. Қолына қос-қостан телефон ұстап, интернет арқылы мұхиттың арғы бетіндегі таныс-тамырымен жүзбе-жүз көрісіп, жиі сөйлесіп, жылдам хабар алғызып оты­рады. Мұндай жетістіктен, әрине, Үсен де кенде емес. Арзанқолдау ұялы телефонымен ол да «Агентке» кіріп-шығып, ағайын іздеп жүреді. Бірақ бес қаруын бойына асынған Асанның қисапсыз техникасындай қайдан болсын.
Асан Ыбырай атасының «Кел, балалар, оқылық!» деген әйгілі өсиетін де естен шығармайды. «Өнер, білім бар жұрттардың» өнегесін ұстанған ол кез келген өнерді үйренеді де жиренеді. Оқуды бірінен соң бірін оқиды да тас­тайды. Дипломның жеті атасы бар онда. Біліми құжаты да, ғылыми құжаты да жеткілікті. Бірақ ол Ыбырай атамның осы өлеңнің кеңестік көзқарастың кесірінен талай жыл оқулыққа енбей келген «Бір Аллаға сиынып...» - деп бас­талатын әдепкі жолын ескере бермейтін секілді көрінеді. Бәлкім, қателесерміз...
Тегінде, Ыбырай көкем жазғандай, Асандар өмірде соншалықты болбыр болмапты. Қаншама атасынан бері байлықтың бақ-берекесі болмысына сіңгендер тектілігінен ешқашан ажырамайтын көрінеді. Ауқаттылардың пер­зенттерінің ішінде қарапайымдар мен қайырымдылар көп-ақ. Олар үндемейтін Үсендердің жағдайын бірден ұғады. Қамқор қолын созады. Қатарына қосуға тырысады. Тіршіліктің ойран-ботқасын шығаратындар орта жолдан байығандар сияқты.
«Кедей байды жек көрсе де, Байлықты жек көрмейді», - деп Қадыр ағамыз айтқандай, қазір Үсеннің бәрі Асан болудың жолын іздеп шарқ ұрып жүр.

* * *
Әр шығарма өз заманының үні мен үлгісін танытады. Бірақ кейінгі дәуір қашан да өзгеше үрдіс, басқаша сыбаға ұсынады. Сондықтан бұрынғы мен бүгінгінің арасында үзілмейтін үйлесімділік бола бермейді.
Мысалы, қазір ел жайлауға қоныс аударар кезде ешкім де баласын ұмытпайды. Айналдырған бір-екі тентегін түгелдеп алып, сосын барып көшеді...

«Ана тілі» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1500
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5678