Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 3130 1 пікір 19 Қараша, 2018 сағат 11:13

Котэ Махарадзе: Комментатор әділ де мейірімді болуы керек

«Жанкүйерлік өтілі» мол жасамыс оқырмандарымыз әйгілі грузин комментаторы марқұм Котэ Махарадзенің жағымды баритон даусын әлі ұмыта қоймаған болар. 17 қарашада оның туғанына 90 жыл толды. Төмендегі сұхбатты ол дүниеден өтерінен бір жыл бұрын берген екен. Біз сәл ықшамдай аудардық.

– Котэ Иванұлы, актерлердің бәрі бірдей шығармашылық карьерасының шырқау шағында спорт комментаторы бола бермейтініне келісерсіз...

– Әрине. Спорт шолушысы болу менің де өмірлік арманым болған емес, дегенмен соған апаратын себеп-салдарлардың жас кезімде-ақ аңғарылғаны рас. 1959 жылы мен спорт тақырыбында «Екі рекорд» атты пьеса жазғам. Пәлендей алып бара жатқан ештеңесі жоқ, әйтсе де, театрларда ол он шақты жыл бойына үзбей қойылып жүрді... Сондай-ақ студент кезімде біраз баскетболмен айналыстым. Жастар арасында Грузия чемпионы атандым, Тбилисидің «Динамосында» ойнадым. Мен институтты аяқтаған кезде командаға кілең бойшаң жігіттер қабылдана бастады да, 180 см-ге әрең жететін бойыммен алысқа бара алмайтынымды өзім де түсініп, біржола театрға ауыстым.

– Сіздің алғашқы репортажыңыз, қателеспесек, 1957 жылы эфирге шығыпты.

– Иә. Сол жылы Тбилисиге баскетболдан АҚШ құрамасы келді. Ойынды кім жүргізуі керектігі жөнінде әңгіме қозғалғанда, біреулер мені ұсыныпты: «тілі жатық, өзі актер, әрі баскетболды да тәуір біледі» десе керек. Тұңғыш репортажым аса сәтсіз шықпағандықтан болар, көп ұзамай мені футбол матчын («Динамо» Тб – «Зенит») жүргізуге де шақырды. Ал 1960 жылы бұл пақырыңыз бүкілодақтық аренаға шығып кетті. Вадим Синявский ауырып қалып, «Пахтакор» – «Динамо» Тб ойынын орыс тілінде Орталық теледидардан мен жүргізуге тиіс болдым. Әуелде акцентімнен ұялып, бас тартып едім, мәскеудегілер «басқа ешкімнің ыңғайы болмай тұр, бір жолға құтқара гөр!» деп өтінді. Содан бері 40 жыл бойы «құтқарумен» айналыстым.

– Өзіңіз өте нашар білетін спорт түрінен репортаж жүргізіп көріп пе едіңіз?

– Ондай жағдайға мен 1972 жылғы Олимпиялық ойындарда тап болдым. Олимпиаданың енді қызып жатқан шағында Николай Озеров аяқ астынан Канадаға – КСРО хоккейшілерінің жолдастық кездесулеріне ұшып кетті. Ертеңіне комментаторлар бригадасы әдеттегідей лездемеге жиналдық. Бәріміздің де көңіл-күйіміз жақсы. Шетімізден кезекті жарыстарға бөліп жатыр: «Еремин – анда, Спарре – мында, Семенов – анда, ал Махарадзе (сәл үнсіздіктен соң) – боксқа». Мен өзімді бокстан мүлде бейхабармын дей алмаймын, біраз грузин боксшыларын білетінмін. Бірақ одан репортаж жүргізу? Бұл дегеніңіз нағыз арсыздық қой! Ал «бұл спортты мен онша білмейтін едім» деп қалай айтасың? «Онда Олимпиадаға неменеге келдің?» деп бірден бас салмай ма бәрі?..

Амал жоқ, боксқа баруға тура келді. Репортаж басталды. Абыржығаным соншалық, басым мың-дың, не айтып, не қойғанымды өзім түсінбеймін. Қарсыластарды таныстырып жатырмын: «Рингтің сол жағында – Финляндия боксшысы Кескинен, оң жақта – конголық Нкуа Моту». Екеуінің де шорты ақ, бірақ бірінің жейдесі қызыл да, екіншісінікі көк екен. Ақ-қара түсті теледидардан қызыл мен көкті айыру қиын шығар дедім де, конголықтың нөмірінің 352, ал финдікінің 172 екенін хабарладым. Одан сайын нақтылай түскім кеп, боксшылардың бірінің жейдесінде бір ақ сызық, екіншісінде қос жолақ бар екенін де айтып тастадым. Сонда да тоқтайтын емеспін: келесі минутты қарсыластардың шұлығының түсін түстеуге арнадым. Содан кейін барып миыма бірдеңе жетті... Не деп ойлайсыз?

– Боксшылардың құрығанда біреуінің негр екені ме?

– Сол...

– Бұдан кейін репортаждарға тыңғылықты әзірленетін болған шығарсыз?

– Менен «репортажға қалай дайындаласыз?» деп жұрт жиі сұрайды. Мен түк те дайындалмаймын. Бәлкім, керісінше, өмір бойы дайындалатын шығармын. Әйтеуір көрермендерді таңғажайып тапқыр сөзбен таң қалдыруды мақсат тұтып, түні бойы кітап ақтармайтыным анық. Кабинаға да құшақ-құшақ қағаз, газет апармаймын, менің алдымда әдетте ойын тең аяқталса (немесе командалардың бірі ұтса) әрі қарай не болатыны жазылған бір парақ қағаз ғана жатады. Ал қалған мәліметтің бәрі сенің басыңда болуы тиіс. Егер әлем чемпионатын алсақ, кем дегенде 200 футболшы туралы ақпарат жадыңда жатталып тұруы керек.

– Сізді жанкүйерлердің өте жақсы көретінін қалай түсіндірер едіңіз?

– Білмеймін. Бәлкім, жұртқа менің акцентім ұнайтын болар. Бәлкім, басқа нәрсе... Мен әйтеуір комментаторлық кабинаға ешқашан ашуланып немесе біреуге ренжіп келмеймін, бүкіл репортаж бойына бір команданың немесе ойыншының атына кекесін, келеке сөз айтып, білгішсініп отыру деген менде мүлде болмайды. Комментатор әділ де мейірімді болуы керек. Сондай-ақ ол өз аудиториясының ерекшеліктерін де ескергені жөн. Елу жыл бойы бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған нью-йорктік бір таксистен сол табысының себебін сұрағанда, ол: «Бұған таң қалатын түк те жоқ: мен алдымда келе жатқан немесе өзімді басып озып бара жатқан көліктердің жүргізушілерінің бәрін жынды деп есептедім де, соған сай әрекет еттім», – депті. Біздің жұмыс та сол сияқты: репортажды миллиондаған «жындылар» тыңдайды, егер сүйікті командаларының атына бір орынсыз сын айтылса, олар комментаторды түтіп жеуге шақ қалып отырады.

– Сіздіңше, Махарадзені КСРО халқының қай әлеуметтік тобы ерекше жақсы көрді?

– Сөз жоқ, әйелдер. Оның ішінде, басым бөлігі – енелер. Бірде Мәскеуде, Яшиннің мерейтойында стадионда тұрмын, маған қарсы бір әдемі орыс қызы келе жатты. Қолында – бір десте гүл. Таяп келіп, гүлді ұсынды да, «бетіңізден сүюге бола ма?» деп сұрады. «Әрине» дедім. Сүйді, мен көктемгі қарша еріп кете жаздап, әрі қарай не боларын күтіп тұрмын. Сөйтсем, ол сұлуым: «Білесіз бе, сізді менің енем өте жақсы көреді, мына гүлді сол кісі беріп жіберді», – деп қарап тұр... Рас, менің үй шаруасындағы әйелдер арасында абыройым жоғары болды. «Егер әлгі грузин жүргізетін болса қалдыр, әйтпесе басқа арнаға ауыстыр!» деп теледидар алдында қожайындарына қыр көрсеткендердің талайынан хат та алғам.

– Әйел затының сізге деген ыстық ықыласы неге байланысты екен?

– Оны, бәлкім, Софикодан сұрап көрген жөн болар. Ол екеуіміз бір спектакльде ойнап жүріп табыстық. Бәрі де күтпеген жерден болды. Ол кезде екеуіміздің де басымыз бос емес еді ғой.

– Онда махаббаттарыңызда аса романтикалық реңк бола қоймаған шығар?

– Қайдағы романтика, қайта криминалдық реңк басымырақ болды ма деймін: екі жақтан да талай кедергілер жасалып, көп қиналғанымыз рас.

– Ал футболда жағымсыз жайттарға көп кезіктіңіз бе?

– Кезіктім. Кеңес дәуірінде бәрі де болды ғой. Қазір ұнамайтыны – төрешілерді кім көрінгеннің тілдей беруге еркіндік алғаны. Ресейдің бір спорттық газетінен «төреші – орыс командасын орға жыққан жендет» деген сөзді оқығаным бар. Бұл – кеңестік кезеңде құлашын кең жайған орыс шовинизмінің бүгінгі көрінісі емей, немене?..

– Осы пікіріңізді жоққа шығаруға тырысайын: онда неге 1982 жылғы әлем чемпионатындағы кеңес құрамасының ең шешуші ойынын жүргізу грузин комментаторына жүктелді?

– Ол ұзақ әңгіме. Испанияда өткен сол чемпионатта Владимир Маслаченко Германия – Алжир матчынан репортаж жүргізуге тиіс болды. Ол үшін Володя сонау ит арқасы қияндағы Хихонға баруы керек еді. «Онсыз да кімнің ұтатыны мәлім қызықсыз ойынға бола жердің түбіне барам ба?» деп ол қайта-қайта аһылап-үһілей берген соң, оның орнына мен баратын боп келістім. Ал Алжир, есіңізде болса, немістерді жеңіп кетті. Осыдан соң Мәскеу «сен сенсация тудыра алады екенсің» деп, КСРО құрамасының ойындарына да мені жіберетін болды. Әлгі өзің айтқан шешуші матчтан (поляктармен) репортаж жүргізгенімнің себебі сол.

Әйтпесе мен үшін бәрі де сәтті басталып еді. Екінші топтық кезеңде маған «С» тобы түсті – Италия, Бразилия, Аргентина. Бұдан артық не керек? Кімді қалай тілдеймін десең де өзің білесің: Марадонаны бұзақы дейсің бе, Джентилені бандит, Фалькаоны гомосексуалист...

– Қалай-қалай?

– Қалжың ғой. Әйтеуір мұнда «осылай десем, Мәскеу не деп қалады...» деп қылпылдап отырмайсың. Әйтпесе КСРО құрамасының ойындарында әр сөзін абайлап жұптап, сақ сөйлеп отыратын Коля Озеровтың халін мен білмейді деймісің. Әлгі поляктармен ойында мен де өзімді Кавказдың ақбас шыңдарының үстінде еркін қалықтап жүрген қыранша сезіне қойғам жоқ. Өмірімдегі ең солғын репортажым сол болған шығар деп ойлаймын.
Ол кезде біз үнемі қысымға ұшырап жататынбыз. Ешқашан атын айтып, өзін таныстырмайтын бір адам (оны біз, комментаторлар, «мистер Икс» деп атап кеткенбіз) Мәскеуден наушник арқылы «олай айтпа, былай айт» деп, үнемі әр сөзімізден астар іздеп отыратын. 1972 жылы мен Ереванның «Арараты» мен немістің «Кайзерслаутерні» арасындағы қарымта матчтан репортаж жүргіздім. Бірінші тайм біткен кезде наушниктен «сіз неге қайта-қайта армян футболшылары дей бересіз?» деген наразылық естілді. «Не, армян футболшылары екені өтірік пе?» деп едім, «армяндар екені рас, бірақ біз «кеңес футболшылары» деп айтуыңызды қатаң талап етеміз» деп ескертті «мистер Икс».

Ал 1981 жылғы Кубок иелерінің кубогы жарысының финалынан жасаған репортажым үшін мен тіпті сөгіс алдым. Ұмытпасам, телетрансляция соңында мен былай дедім: «Дәл қазір Тбилисиде, Грузияның көне астанасында не болып жатқанын көзге елестетудің өзі қиын! Бұл – грузин футболының... (баяғы ескерту есіме түсіп кетті) және бүкіл кеңес футболының аса ірі табысы!». Бірақ бәрібір кейін мені шақырып алып, «грузин футболы» деген тіркестің астарында не жатқанын тергеп-тексеріп, бәле болды...

Мен әу бастан Мәскеумен жақсы болмадым. Ондағылар Махарадзенің тікелей репортаж кезінде эфирден «кеңес ғарышкерлері Гречко мен Романенко кеше Жер шарын айналып шықты» іспетті ақпаратты өмірі айтпайтынын бірден түсінді. Сосын менің зығырданымды қайнатқаны – Мемтелерадио спорт редакциясы жаңа басшылығының «комментарийность» деген стильді бізге күштеп енгізуге тырысуы. Оның не екенін білесіз бе? Былай. Ойын қызып жатыр, қос қақпаның алдында да кезек-кезек қауіпті сәттер туындауда, жанкүйер біткен жанын қоярға жер таппай тұр, ал комментатор бей-жай да бейтарап дауыспен «4+4+2 схемасын ұстанған бапкердің сұңғыла тактикасы тұрғысынан келгенде, орталық шабуылшының іс-әрекеті оған белгілі дәрежеде үйлеспей жатқаны аңғарылады» деп міңгірлеп отыруы керек. Бұдан асқан былжырақ бола ма? Мен ойын қандай қарқында өтіп жатса, жанкүйердің жан-дүниесін де соған лайық ахуалда ұстап отыруым керек емес пе?

– Онда сіздің негізгі кредоңызды анықтап алайық. Сіз футбол маманысыз...

– Мен ешқандай да футбол маманы емеспін. Жалпы, журналистер – футбол мамандары емес. Ең сорлы деген жаттықтырушының өзі бұл ойынның тактикасын, техникасын және методикасын әлемдегі ең талантты деген журналистен әлдеқайда жақсы біледі. Шыным осы: мен футболды білмеймін. Кейбіреулер сұрап жатады: «егер сізге Тбилисидің «Динамосына» бапкер бол десе, барар ма едіңіз?» деп. Мен қалай бапкер боламын, ол менің қолымнан келмейді ғой! Ал кейбір журналистердің материалдарынан әлдеқандай бір әлсіз клубты жаттықтырып, оны әлемдік деңгейге көтеріп жіберуге деген аңсарды аңғару қиын емес. Нарциссизм деген журналистер қауымы арасындағы ең қауіпті дерт қой.

– Жалпы, сіздің сүйікті бапкеріңіз кім?

– Нодар Ахалкаци. Әрине, мен оны әлемдік деңгейдегі маман деп айта алмаймын, дегенмен оның өзін өзгелерден ерекшелеп тұратын бірнеше қасиеттері бар-тын. Мәселен, талантты ойыншыларды тап басып тани білу қабілеті. Кезінде Заур Сванадзені Кутаисиден алып кеткелі келгенде, ондағылар «ойбай-ау, ол бізде де жарытып ойнап жүрген жоқ қой!» деп шалқасынан түсе жаздапты. Ал келесі жылы сол Сванадзе тбилисилік «Динамоның» құрамында еурокубоктарда жарқылдап жүрді.

Маған Валерий Лобановский де қатты ұнайды, тек оның «ойында ең бастысы – нәтиже» деген девизін жақтырмаймын. Әйтсе де, онымен қарым-қатынасым өте жақсы болды. Мені «Блохин, Лобановский және басқалар» атты фильмнің түсіру жұмыстарына шақырғанда әдепкіде таң қалған едім: фильм украин футболы жайында, ал комментатор неге Грузиядан? Бірақ маған «бәрі де келісілген» десті. Киевке ұшып келдім де, 16 күн бойына... денсаулығымды құртумен айналыстым. Негізі, Лобановский ешқашан ішпейтін, бірақ сол кезде оның қалай ішкенін көрсеңіз! Сөйтсем, Валерий Василийұлының таныс физиктері өте көп болатын, солардың бірі «омыртқадағы стронцийді кетіру үшін ең абзалы – арақ ішу» деп кеңес беріпті. Әрі Чернобыль апатының да әсері жойыла қоймаған уақыт еді, сондықтан кез келген мәселеге асқан кәсібилікпен кірісетін бапкердің онысын түсінуге болады. Оның үстіне, мұндай «емдік процедурадан» Лобановский аса қатты қинала қойған жоқ, ал менің жағдайым, керісінше, жаман болды. Енді... екі апта арақ ішу оңай ма? Әйтеуір өзімді «күн өткен сайын менің де омыртқамдағы стронций азайып жатқан шығар» деп жұбатқан болдым... Аталмыш кездесулердің бір нәтижесі – мен Лобановскиймен үш сағаттық (!) телесұхбат жасадым. Сұхбат таспаға жазылып болған соң, режиссер маған: «Сізді неге арнайы алдырғанымызды енді түсіндіңіз бе? Басқалармен ол 15 минуттан артық сөйлеспес еді!» – деп сыбырлады...

Сәкен Сыбанбайдың

Facebook-тегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576