Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2190 0 пікір 14 Маусым, 2009 сағат 19:23

Ібайдулла Әшір. Маңдайшаға мән берейік

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21 бабында: «Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады, ал қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады» деп анық атап көрсетілсе де Шымкент қаласындағы бірқатар коммерциялық құрылымдардың қожайындары маңдайша мен жарнама жазуларын ең алдымен шет тілінде жазып, содан кейін ғана мемлекеттік тілде, ал кейбір кәсіпкерлер маңдайшаны мемлекеттік тілде жазуды мүлде ескермейтінін ашына айтуға тиістіміз. Кез-келген нысанның маңдайша жазулары мен жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде жазу, Қазақстан заңдарын құрметтейтін Қазақстан Республикасы әрбір азаматының төл міндеті емес пе?

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21 бабында: «Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады, ал қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады» деп анық атап көрсетілсе де Шымкент қаласындағы бірқатар коммерциялық құрылымдардың қожайындары маңдайша мен жарнама жазуларын ең алдымен шет тілінде жазып, содан кейін ғана мемлекеттік тілде, ал кейбір кәсіпкерлер маңдайшаны мемлекеттік тілде жазуды мүлде ескермейтінін ашына айтуға тиістіміз. Кез-келген нысанның маңдайша жазулары мен жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде жазу, Қазақстан заңдарын құрметтейтін Қазақстан Республикасы әрбір азаматының төл міндеті емес пе?
Аталған заң бұзушылықтар кәсіпкерлер тарапынан заңды білмейтіндігінен немесе маңдайшаны заң талабына сәйкес жазуды тиісті мекемелермен кеңеспей іле салғандығынан болуы да мүмкін. Бірақ Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы Шымкент қаласының көшелеріндегі маңдайшалар мен сыртқы жарнамалардың тілдер туралы заңнама талаптарына сәйкес жазылуына қол жеткізу үшін бірнеше жылдан бері арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, заң талаптарына сай келмейтін маңдайшалар мен жарнамалар ілген ғимарат иелерімен жеке–жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы мәселе төңірегінде облыстағы мерзімді басылымдарда тұрақты түрде мақалалар жарияланып, жергілікті телеарналардан бейнекөріністер мен телехабарлар көрсетіліп жатқанымен бұл салада түбегейлі бетбұрыс жасалды деуге әлі ерте.
Мәселен, Шымқаланың қақ ортасындағы Ғани Іляев көшесінде орналасқан «Адвокатская контора Сұлтан» кеңсесінің қожайыны, тәжірибелі адвокат өз фирмасының маңдайша жазуын тек қана орыс тілінде іліп қойған, мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпарат мүлде жоқ. «Өзіңіз заңгер болсаңыз да республикамыздың «Тіл туралы» заңын бұзып тұрсыз ғой?» деген сұрағымызға: «Бұрын мұндай талап қойылмаушы еді, 10-15 күн ішінде маңдайшаны мемлекеттік тілге ауыстырамын» деп ақталғансып уәде берді. Бірақ 1 ай мерзім өтіп кетсе де заңгер маңдайшаны Тіл туралы заң талабына сәйкестендіріп ілген жоқ. Тәжірибелі заңгер тіл туралы заңымызды сыйламаса басқа кәсіпкерлерден не күтуге болады деген заңды сұрақ көкейімізден кетпей қойды.
Мұның себебі, маңдайша жазуларындағы заң бұзушылықтар осыдан 10-15 жыл бұрын басталғанымен ол кезде оларды Қазақстан Ресубликасының заңдарымен ретке келтіретін немесе кінәлілерге айыппұл салатын баптар жоқ болатын. Тек қана 2007 жылдың 19 маусымында ғана ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне енгізілген түзетулер мен толықтыруларда, аталған Кодекстің 349-бабының 2-тармағы бойынша «Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген жарнаманы тарату тілдеріне қойылатын талаптарды бұзғандарға» әкімшілік жаза қолдану енгізілген. Біздіңше бұған қосымша ғимараттардың, сауда орындарының маңдайшалары мен сыртқы жарнамаларының тіліне қойылатын заң талаптарын бұзғандарға да әкімшілік шара көретін заң нормалары енгізілуі керек. Алдымен көп жылдан бері ұсынылған, ҚР-ның «Ономастика туралы» Заңы қабылдануы қажет. Бұл заң қабылданғанша маңдайшалар мен сыртқы жарнамаларды ілуде Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңнама талаптарын бұзғандарға әкімшілік шара қолданатын облыс әкімдігінің қаулысы әзірленіп, облыстық мәслихаттың шешіміне негізделген тиісті құжат қабылданса жөн болар еді. Сонымен бірге, әрбір құрылыс нысанын салар алдында аудандық(қалалық) сәулет және қала құрылысы бөлімдері тиісті нысан иелеріне АЖТ (Архитектуралық жобалық тапсырыс) құжаттарын береді. Осы аталған құжатта маңдайша мен сыртқы жарнамалар тіліне қойылатын талаптарды енгізуді заңдастыру қажет деп білеміз.
Себебі, кей жерлерде кәсіпкерлік нысандардың басшылары көптеген сауда орындары мен ғимараттарға маңдайша ретінде жарнама іліп қойғанымен қоймай, «Жарнама туралы» Заңының 14-1-бабындағы: «Белгіленген тәртіппен тіркелген тауар белгілері түпнұсқа тілінде келтіріледі» − деген талапқа сілтеме жасап, маңдайшаларды ілуде «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңның талаптарын негізгі құжат ретінде басшылыққа алады.
Біздіңше, ғимараттардың маңдайшалары мен жарнамаларын Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабының талабына сәйкестендіріп, ілуді жоғарыда аталған АЖТ-ға енгізу қажет. Сонда ғана жаңадан салынатын құрылыс нысанының иелері заң талаптарын орындайтын болады.
Тіл туралы нормативтік құқықтық база толық жетілдірілмегендіктен маңдайшаларын шет тілінде жазып, мемлекеттік тілде жазуға мойын бұрмайтын жеке меншік нысан иелеріне заңнамаларды түсіндіру мен қызметтік хат жазудан басқа ешқандай шара қолдана алмай келе жатқанымызды жасырғымыз келмейді. Дегенмен де қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Жақында ғана облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл: маңдайша мен жарнама» атты «дөңгелек үстел» мәжілісі өткізіліп, онда Шымкент қаласындағы ғимараттардың маңдайша жазуларын, сыртқы жарнамалардың мемлекеттік тілде жазылуы барысы талқыланып, оған облыс орталығында маңдайшалар мен сыртқы жарнамаларды әзірлеу және орналастырумен айналысатын жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлер, облыстық әділет департаментінің, облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының және қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.
«Дөңгелек үстел» мәжілісінде жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлерге маңдайшалар мен сыртқы жарнамаларды әзірлеу және орналастыру барысында «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдар мен ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпанда қабылданған «Елді мекендерде сыртқы (көрнекі) жарнама нысандарын орналастыру Ережесін» басшылыққа алу жайы түсіндірілді. Мәжілісіне қатысқандар көтерілген мәселелер бойынша өзара пікір алмасты.
Сәуір мен мамыр айларындағы жүргізілген жұмыс барысында бір ғана Шымкент қаласының көшелеріндегі ғимараттар мен сауда орындарының 129 маңдайша жазулары заңға сәйкестендіріліп қайта ілінді, ал ескірген және қате жазылған 65 маңдайша мен жарнама жазулары алынып тасталды. Маңдайшалар мен жарнама жазуларын тіл туралы заңнама талаптарына сәйкестендіру жұмыстары одан әрі жалғасын таба беретін болады.

 

 

Ібайдулла Әшір, Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары
«Ана тілі» газеті 12 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618