Сенбі, 23 Қараша 2024
Рухани жаңғыру 6720 21 пікір 26 Қараша, 2018 сағат 10:33

Елбасымыздың мақаласы Мырзашөл өңірінің тарихын зерттеуге жол ашты

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қарашасында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақстанның қиыр оңтүстігінде жатқан Мырзашөл өңірінің игерілу тарихын терең зерттеуге кеңінен жол ашып отыр.

Президентіміз осынау жаңа еңбегінде «ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды» ұсына келіп:

«Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән беру керек.

...Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады», - деп ерекше атап көрсеткен.

Қазақ қоғамы осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланған Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы ретінде қабылдап отырған осынау жаңа еңбектің еліміздің қиыр оңтүстігіндегі мектептер мен колледждерде білім алып жүрген, өздерінің туып-өскен атамекені – Мырзашөл өңірінің тарихын тереңірек танып-білгісі келетін жастар және олардың ұстаздары үшін терең тағылымды, ғылыми-танымдық мән-маңызы ерекше екенін түсіндіріп жатудың өзі артық.

Өткенге көз тастасақ, осыдан жиырма бір жыл бұрын, 1997 жылғы 10 желтоқсанда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «1998 жылды Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы деп жариялау туралы» №3790 Жарлығы жарық көрген еді.

Мұндағы мақсат – жалпы ұлттық татулық пен ұлттық тарихты зерделеудi қамтамасыз ету болатын. Осыған орай арнайы Мемлекеттiк комиссия құрылып, елдi мекендердің атауларын тарихи ақиқатқа сәйкес келтiру, жаңа мемориалдар салу және тарихи маңызы бар мемориалдарды тиiстi қалпына келтiру көзделді, бұған мемлекеттік бюджеттен арнайы қаражат бөлінді.

Ол кезде мен Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде аға оқытушы болып қызмет істейтінмін.

Өзім осы Мырзашөл өңірінің түлегі болғандықтан, туған жерімнің тарихын зерттеуге мүмкіндік туып отырғанын түсініп, «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл аймағын игерудің тарихы» деген тақырып қойып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының арнайы жоспарын жасап шықтым.

Бұл ғылыми жоспарды 1998 жылдың 26 қаңтарында сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеп жүрген Дархан Қамзабекұлы Мыңбайдың атына хат жазып, пошта арқылы салып жібердім.

Арада жарты айдай уақыт өткенде, сол тұстағы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ғаппар Маймақовтан жауап хат алдым.

Шымкенттен келген, 1998 жылдың 13 ақпаны деп күні қойылған осы хатта менің ғылыми жоспарым Мақтаарал ауданының әкіміне және өзім сол кезде қызмет істеп жүрген Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығына жіберілгенін хабарлапты.

Бала кезден армандап жүрген мақсатымның жүзеге асуына жол ашылатын болды ғой деп қуаныштан жүрегім алып-ұшып, мәз болғаным да есімде.

Облыс әкімдігінен келген осы бір жапырақ жауап хатты қолыма ұстап алып, жұмысымнан қайта-қайта сұранып, табанымнан тозып, әр ай сайын өзімнің жеке қаражатыммен бірнеше рет Түркістаннан – Жетісайға, одан кері қарай Жетісайдан – Түркістанға барып-келу, Мақтаарал ауданын сол кезде басқарған кейбір әкім-қаралардың кабинеттеріне кіре алмай, қабылдау бөлмелерінде сағаттап күтіп тұрғаным, аудан әкімдігінің ішкі саясат мәселесіне жауапты кейбір қызметкерлерінің мұрындарын көкке көтеріп, менсінбей, өтініш-сұрақтарыма бір ауыз дені дұрыс жауап беруге ерініп, шіреніп, жүріп-тұрғандары, барлығы да әлі күнге дейін сол қалпында көз алдымда.

Түркістаннан таудай арманымды арқалап Жетісайға жеткенде, Мақтаарал ауданының сол кездегі басшыларының бюрократтығы мен немқұрайдылығын көріп, маңдайым тасқа тигендей болып, қуанышым су сепкендей басылса да, қаншама күш-қуатым мен қажыр-қайратымды жұмсап, жанымды жеп, жүйкемді жұқартып жүріп, жоғарыдағы ғылыми жоспарымның бір ғана тармағын жүзеге асыруға қол жеткіздім.

Өзім көз майымды тауысып, қаншама күлкісіз күндерім мен ұйқысыз түндерімді сарп етіп жазып шыққан, тек қана архивтік және тарихи деректерге негізделген ғылыми монографиямды оған кейбір шенеунік-атқамінерлердің талап етуімен солардың өмірбаяндық-қызметтік мәліметтерін амалсыз қосуға мәжбүр бола отырып, көлемі 250 беттен асатын «Мырзашөлім – мырза елім» деген атаумен 1998 жылдың қыркүйек айының бас кезінде Алматыдағы «Әл-Фараби» баспасынан кітап етіп басып шығаруға ғана мүмкіндігім болды.

Таралымы бес мың дана болып жарық көрген «Мырзашөлім – мырза елім» атты ғылыми монографиямды кәдімгі жүк таситын көліктің тіркемелеріне артып алып, Алматыдан Жетісайға жеткізудегі бастан өткізген машақаттарымды реті келгенде жазып, жариялай жатармын.

Сонау 1998 жылдың 1 қарашасы күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздің қиыр оңтүстігіндегі ірілендірілген Мақтаарал ауданының орталығы – Жетісай қаласына жасаған ресми іссапары кезінде біздің осы монографиямызбен тікелей өзі арнайы танысып, кітаптың ғылыми мазмұнын оң бағалағаны – біз үшін үлкен мақтаныш және мәртебе.

Кейінгі жиырма жылдың шамасында Мырзашөл өңірінің игерілу тарихы таразыланып, сарапқа салынған жүзден астам ғылыми мақаламыз жарық көріпті.

Өткен 2017 жылы жарияланған, 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру жөніндегі конкурсқа біздің ғылыми жетекшілігіміз бойынша «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдың білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» басым бағыты бойынша «Туған жер» жобасының аясында «Түркістан жинағы» (1867-1939) және мерзімді баспасөз материалдары (1917-2017) негізінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерін зерттеу жұмыстарын жүргізу» атты ғылыми жоба ұсындық.

Тәуелсіз сарапшылар біздің «Туған жер» жобасының аясында «Түркістан жинағы» (1867-1939) және мерзімді баспасөз материалдары (1917-2017) негізінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл және Қызылқұм өңірлерін зерттеу жұмыстарын жүргізу» деп аталатын ғылыми жобамызға:

«Междисциплинарный подход к изучению истории определенного края, в данном случае регионов Мырзашоль и Кызылкум, очень важен, без него невозможно ее полноценное исследование. Научная новизна проекта состоит в том, что история данных регионов будет исследована авторами проекта на основе современных историографических взглядов. Будет применена современная методологическая база исследований. Научно-обоснованный и очень солидный материал будет получен поэтапно и введен в научный оборот посредством издания серии фундаментальных трудов по истории вышеназванных регионов.

В качестве существенной детали следует отметить широкую доступность полученной информации, благодаря использованию общедоступных источников. Проект сочетает в себе как фундаментальное, так и прикладное направление науки.

Его научная значимость и перспективность для отечественной науки очень важна, т.к. будут опубликованы и систематизированы материалы, представляющие значительный интерес, как для исследователей, так и для самой широкой аудитории читателей.

В целом научный проект инновационный, в результате который будет дополнен серией материалов и исследований по истории и краеведению. В данном контексте научная значимость и практическая ценность результатов вышеназванного проекта достаточно на очень хорошем уровне и они вполне реализуемы.

...Это единственный научный проект, который нацелен на комплексное исследование исторических источников и литературных произведений в контексте истории, а также краеведения в регионах Мырзашоль и Кызылкум», - деп оң баға берген. http://zertteushi.kz/news_27122017_02

Өкінішке қарай, «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» Ұлттық ғылыми кеңесі үш сарапшыдан оң қорытынды алған, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасына сай келетін біздің ғылыми жобамызды мақұлдамай тастады.

Осыған орай, 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру жөніндегі конкурсты өткізу кезінде Ұлттық Ғылыми кеңестер мүшелерінің ғылымға арналған қаржыны өздерінің жобаларына бөлдіріп алғаны, лайықты ғылыми жобаларды конкурстан өткізбей тастап, бұрмалаушылық іс-әрекеттер жасағаны, осыған байланысты ғалымдардың наразылығы, бұл жөнінде Елбасымызға хат жазған ғалымдардың Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитеті басшылары тарапынан қудалауға түскені қазақ қоғамында қызу пікірталас тудырды.

Соның нәтижесінде 2018 жылғы 26 шілде күні «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев еліміздің ғылым және білім саласындағы өткір мәселелерді әлеуметтік желіде ашық жазып, өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын жариялап жүрген бір топ ғалымдардың қатарында бізді де арнайы шақырып, кездесу өткізді.

Ғалымдардың ұсынысы бойынша «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты жанынан гранттық қаржыландыруды қоса алғанда ғылымды қолдау мен дамыту шараларын жетілдіру мәселелері бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына біз де қабылдандық.

Қазіргі кезде аталған жұмыс тобында «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 18 ақпандағы № 407-IV Заңының 9-шы бабына:

«Жоғары оқу орындары өзінің ғылыми қызметкерлеріне ғылыми қызметпен айналысуына қажетті барлық қолайлы жағдайларды жасауға міндетті.

Жоғары оқу орындарында қызмет істейтін ғалымдардың аудиториялық жүктемелері олардың ғылыми қызметпен шұғылдануына кедергі келтірмеуге тиіс.

Жоғары оқу орындарында қызмет істейтін ғылыми қызметкерлердің ғылыми қызметпен айналысуына қажетті жағдайлардың жасалуына жоғары оқу орындарының бірінші басшылары тікелей жауапты болады», - деген толықтыру енгізу жөніндегі біздің ұсыныстарымыз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитетімен бірге қарастырылып жатыр.

Мемлекетіміздің басшысы Н.Ә. Назарбаевтың ағымдағы жылдың 28 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында сөйлеген сөзінде қазіргі Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігіне «Нұр Отан» партиясымен және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету үшін ағарту жобасын әзірлеу жөніндегі берген тапсырмасы бізге ерекше қуанышты сезім сыйлады.

Өзіміздің ұсыныс-бастамамызбен Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету бойынша ағартушылық жобаларының жоспарын құру және талқылау бойынша жұмыс тобының мүшесі ретінде қабылдандық.

Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі, «Атамекен» Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің ұлттық палатасы, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның 2018 жылдың 21-22 маусымында Талдықорған қаласында өткізілетін ҮЕҰ – бизнес – мемлекеттің «ASAR» үшжақты ынтымақтастық II республикалық форумы аясында ұйымдастырылған әлеуметтік жобалар платформасына «Ауылды қалаға айналдырайық!», «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мырзашөл өңірінің тарихын зерттеу (1867-2018)», «Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жүргізу» атты үш әлеуметтік жобасын жасап, ұсынып, жарияладық.

Өкінішке қарай, тікелей Мырзашөл өңірінің халқы мен жастарына бағытталған біздің бұл әлеуметтік жобаларымызға министрліктер де, Түркістан облыстық әкімдігі де қолдау көрсеткен жоқ.

Десек те, ұлтымыздың біртуар ғұлама ғалымы, академик Әлкей Марғұланның өзі кезінде өзге ешқандай да халықтың лексикасынан кездесе қоймайтын, қазақтың көркемдігіне тіл жетпейтін жадының жарқын мысалы ретінде, ерте заманнан-ақ тарихқа белгілі оксюморон атауды иеленген өлке деп тамсана сипаттаған Мырзашөл өңірінің игерілу тарихын танып-білу мен зерттеуге деген перзенттік құштарлығымыз одан әрі арта түспесе, бір сәтте де бәсеңдеген емес!

Біздің туған өлкеміздің тарихын одан әрі тереңірек зерттей түсуге деген осындай құштарлығымыздың отын одан әрі үрлей түсіп отырған терең мағыналы, тағылымды еңбек – Елбасымыздың осы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы!

Президентіміз «ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін» жасауды Үкіметке тапсырып отырған «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жүзеге асыруға арнап бөлінетін мемлекетіміздің бюджеттік қаражаты ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында кетпей, осы жобаны жүзеге асыратын, отандық және шетелдік ірі архивтерде жұмыс істейтін зерттеуші-ғалымдардың – тарихшылардың, деректанушылар мен мәдениеттанушылардың тікелей өздеріне бұйырса екен деп тілейміз.

Міне, сондықтан да осыдан жиырма жыл бұрын жазылған ғылыми жоспарымды қазіргі жаңа заманның талабына сай жаңғыртып, толықтыра отырып, мынадай жаңа жоба жасап шықтым:

- «Мырзашөл өңірінің тарихы» (1867-2018) атты ғылыми монографиялық зерттеу еңбегін жарыққа шығару;

- Мырзашөл өңіріндегі ежелгі археологиялық, тарихи, ғимараттық құрылыс, сәулет және монумент өнері ескерткіштерінің деректік көрсеткіштерін жасау;

- Мырзашөл өңірінің 1917-2018 жылдардағы игерілу тарихы туралы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу;

- Жас ұрпақтың Мырзашөл өңірінің тарихын танып-білуіне көмектесетін ғылыми-танымдық мақалалар жазып, отандық және халықаралық басылымдарда жариялау;

- Мырзашөл өңірінің тарихы мен қазіргі даму кезеңін зерттейтін арнайы ғылыми-білім беру орталығын құрып, оның жұмысын ұйымдастыру;

- Мырзашөл өңірінде туып-өскен, елімізге еңбек сіңірген және осы өңірдің игерілуіне ерекше үлес қосқан ардақты азаматтар туралы мәліметтер жинақтап, жүйелеу және жариялау;

- Жоғарыда атап көрсетілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізінде өлкетану бойынша өңір тарихы бойынша «Мырзашөл өңірі» атты энциклопедиялық жинақ, жоғары оқу орындарына, колледждерге, орта мектептерге, лицейлер мен гимназияларға арналған оқулық жазу;

- Мақтаарал ауданындағы жоғары оқу орындарына, колледждерге, орта мектептерге, лицейлер мен гимназияларға арналған өлкетану бойынша білім беру бағдарламасын дайындау;

- Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Атакент кентіндегі Мақта шаруашылығы тарихының мұражайын толықтыруға үлес қосу;

- Мырзашөл өңірінің игеріле бастауының 150 жылдығы, Қазақ мақтасының 100 жылдығы, Мақтаарал ауданы құрылуының 90 жылдығы мерейтойларына арналған ғылыми конференция өткізіп, ғылыми конференция еңбектерінің арнайы жинағын басып шығару;

- Мырзашөл өңірін игеруге атсалысқан әртүрлі ұлт өкілдерінің ортақ еңбектерін бейнелейтін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Жоғарыдағы жоба-жоспарды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 маусымдағы № 698 Жарлығымен жиырма бір жыл бұрынғы тарихи қалпына қайта келтірілген Мақтаарал ауданының (Түркістан облысы) әкімдігі қол ұшын береді деген үміттеміз.

Иә, орналасқан аумағы кішкентай ғана болғанымен, халқы 500 мыңға жетіп жығылатын қазіргі Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандары қоныс тепкен Мырзашөл және Қызылқұм өңірінің игерілу тарихының тамыры өте тереңде жатыр.

Туған өлкеміздің осынау құпиясы көп, терең тарихын зерделей зерттеп, оны жас ұрпаққа жеткізу – отандық зерттеуші-ғалымдардың парызы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың 21 қарашасында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып шыққаннан кейінгі толғанысымызды осылайша түйіндегенді жөн көрдік.

(Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің «Мырзашөлім – мырза елім» атты монографиямызбен танысып тұрған сәті бейнеленген, 1998 жылдың 1 қарашасында түсірілген тарихи сурет).

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415