Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Әліпби 6330 3 пікір 28 Қараша, 2018 сағат 10:00

Қазақ жазуындағы жаңа бетбұрыстар

Латыннегізді қазақ әліпбиі, қазақ тілінің жаңа емлесі - қазақ жазуындағы жаңа бетбұрыс, ұлттық болмысты жаңғыртуға бағытталған жаңа мүмкіндіктер.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында 2025 жылға дейін латын әліпбиіне толығымен көшетінімізді мәлімдеген болатын. Қазақ тілінің болашағы үшін латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы мен қажеттілігін де ерекше атап өтті. Ел саясатын ұғынған халық ұлттық құндылықтың қажеттілігін, ұлт болмысын сақтау және жаңғырту қажет екенін түсініп отыр.  «Қазақпын» деген қайрат-жігердің, ұлттық мүдденің оянуы тиіс екенін де ұғынып отыр. Осыған орай латын графикасына көшудің де мақсаты мен мәнін түсініп, іштей мойындап, қолдай бастады.  Расында да, ісқағаздарын екі тілде (қазақ және орыс тілдерінде) қатар дайындау қай уақытқа дейін созыла бермек? Неге өз елімізде тұрып, мекемеден мекемеге жіберілетін ісқағаздар тек мемлекеттік тілде толтырылмайды деген сұрақтар 25 жылдан аса уақыт шешімін таппай келе жатыр. Бұдан да басқа ойландыратын түйткіл мәселелер көп болатын. Осы көкейкесті мәселелердің шешілуіне үлкен қадам жасалмақ. Ол - латыннегізді әліпбиге көшу. Өзгенің әліпбиінде емес, ұлттық әліпбимен жазу.

Жазу - ұлттың рухани құндылығы. Ұлттық жазуы ұлттық тілге қызмет еткен елдің ұлттық мәртебесі де жоғары болатыны сөзсіз. Қазақ жазуы - ұлттық жазу. Осы күнге дейін қазақ жазуы бірнеше әліпбиге бейімделді. Кирилл әліпбиіне негізделген қазақ емлесі де жарты ғасырдан аса қызмет көрсетті. Бірақ кірме әріптердің ықпалы қазақы сөйлеу нақышын бұзуда, қазақтың төл айтылым заңдылығын бұруда септігін тигізбей қоймады.

Міне, жаңа әліпби де қабылданды. Жаңа әліпбиге сәйкес жаңа емле де жасалды. Жаңа емледегі басты ерекшелік - шеттілдік сөздерді  қазақтың төл тіліне сәйкес икемдеп жазу  ұлттық тілдің рухани бетбұрысы болып табылады.

Жаңа емле А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында дайындалды. Қазақтың  төл сөздеріне қатысты емле ережелері бұған дейінгі 1957 жылғы ережелерге және академик Р.Сыздықованың «Қазақ тілі анықтағышына» негізделді. Осы екі құжатта көрсетілген қазақ орфографиясы тарихындағы емле заңдылықтары базалық норма деп танылды.  Емле ережелері халық үшін, ұлт үшін қажет. Сондықтан халықтың пікірін де ескеру маңызды. Осы тұрғыдан емледегі бірқатар жаңа ережелерді халық талқысына салып, көпшіліктің пікірін білу үшін «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірнеше рет сынама өткізді. Емле авторларының бірі, емлешілердің ғылыми жетекшісі профессор  Нұргелді Уәли жаңа емлені түзуде қандай мүдделер көзделгенін айқындап көрсетті: «Жаңа қазақ орфографиясының негізгі ережелерінің ұлттық тілдің ерекшеліктері мен заңдылықтарына сәйкес болуы көзделді; тәжірибеде сыннан өтіп, дәстүрге айналған базалық нормалары сақталынды; техникалық жақтан қазақ орфографиясының қолдануға оңтайлы, мобильді, жинақы болуы ескерілді; халық тілінің дыбыстық қор әлеуетінің кеңірек қамтыла түсу талабы болды; жаһандану үрдісінде жазу-сызудың ұлттық сипатының сақталып, космополиттік әсірелікке ұшырамауы көзделді» [1].

Сонымен латын графикалы әліпбиге негізделген қазақ жазуында қандай жаңа бетбұрыстар бар?  Ең басты өзгеріс - шеттілдік сөздердің қазақ тіліне икемделіп жазылуы.  Жаңа әліпбидің өзі шеттілдік сөздерді «сындырып» жазуға  негіз болып отыр. Себебі жаңа әліпбидегі ё, э, ю, я, ц, щ, ь, ъ сияқты кирилл әріптер жоқ.  Ал  жоқ әріптердің дыбыстық  қызметін төл дыбыстар емін-еркін атқара алатынын жаңа емледегі жаңа ережелерден  көріп білдік, түсіндік. Демек, жаңа емледе жаңаша бетбұрыс шеттілдік сөздерді жазуда айрықша байқалады екен. Дегенмен, шеттілдік сөздерді икемдеп жазуда халықтың жазу практикасы да ескерілуі тиіс. Оны емле авторлардың бірі, тіл жанашыры Анар Фазылжанованың  мына пікірінен аңғаруға болады: «Өзге тілден енген сөздерді тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне икемдеп жазу ұлттық жазуға әкеледі. Алайда алғашқы аралық кезеңде жаңа жазуға жұртшылықтың санасы трансформацияланып жатқан кезде шеттен енген сөздерді қазақшалауға сақтықпен қарау қажет» [2]. Әрине, асфальт сөзін әспәлт деп түбегейлі икемдеп жазуға да болар еді. Бірақ тұрпаты мүлде танылмай кететін болса, «бұл қай сөз еді?» деп жаңылысуымыз да ғажап емес. Сондықтан жаңа емледе тек жіңішкелік белгісіне қатысты өзгеріс  асфәлт (asfált) көрініс тапқан.

Рубль, дубль, ансамбль сияқты жуан дауыстылы сөздердегі жіңішкелік белгісін алып тастағанда рубл, дубл, ансамбл болып жуан естілуі, айтылымда құлаққа жағымсыз екенін байқап отырсыздар. Осы қалпында жіңішкелік белгісін алып тастап жазайық деген ұсыныстар да болды. Егер солай жасайтын болсақ, бара-бара рубыл, дубыл, ансамбыл деп жазылуы да бек мүмкін еді. Сондықтан жіңішкелік белгісінің дыбыстық қызметін төл тіліміздегі дауыстылар атқарды. Демек, рубльді - рүбл (rúbl), дубльді - дүбл (dúbl), ансамбльді - ансәмбл (аnsámbl)  деп   жазуға жаңа бетбұрыс жасалды.

Сонымен қатар, геминат дыбыстары (бір дыбыстық қатар жазылуы) бар шеттілдік сөздерді сол қалпында өзгертпестен жазуға дағдылану үрдісі халықаралық терминдерді түпнұсқа тіліндегі жазылу үлгісімен ала салу әдетінен пайда болған. Мысалы диссертация сөзіндегі қатар тұрған бір с-ны айтпасақ та мағынасын түсінеміз. Демек дисертация (dısertasia) деп те жазуға болады.  Сол сияқты грамматика сөзіндегі м-ның да артық екенін іштей білеміз, себебі бұл сөзде бір ғана м-ны естиміз әрі айтамыз. Солай жазсақ та мағына өзгермейді. Мысалы, граматика (gramatıka). Жаңа емлеге мағынасына нұқсан келмейтін жағдайда геминат дыбыстардың бірі түсіріліп жазылатыны туралы арнайы ереже енгізілді. Ендеше артық дыбыстарды жазбай, тілді ықшамдауға жаңа бетбұрыс жасалғаны байқалады: asonans, ımıgrant, programıs, mamologıa, sımetrıa, amıak,  kolej, sılabýs, koloıd,bılıard, brýselóz, talı, kotej, atestat; efekt, koefısent; akord, akredıtasıa, hokeı.

Бүгінгі күнге дейін г дыбысымен аяқталатын шеттілдік сөздердерге қосымша жалғау орфограммасы қиындық тудырып келгені баршамызға белгілі.  Г - жіңішке айтылатын дауыссыз дыбыс болғандықтан, өзінен кейін  жіңішке қосымша қажет ететін табиғи заңдылығы бар. Қазақ тілінде г дыбысымен келетін сөздердің барлығы жіңішке дауыстылармен келген сөздер екені де бұған дәлел (гүл, гуіл, гүріл, т.б). Осыған орай , ог- пен аяқталатын шеттілдік сөздерге жіңішке қосымша жалғап келдік (педагогі, педагогтер).  Бірақ жалпыхалықтық қолданыста жуан қосымша жалғау (филологы, филологтар) үрдісі басым түсті. Нг әріптер тіркесімен аяқталатын шеттілдік сөздерге қосымша жалғағанда  і дәнекер дыбысын қосып жазамыз (митингісі, митингіге). Дәнекер дыбысты қосып жазуға дағдылану үрдісі түбегейлі қалыптаспады. Себебі митингке, митингтің деп қосымшаны тікелей жалғау жазуда  жарыспалы қолданылып жүр. Байқағанымыздай, үш дауыссыздың қатар жазылуы түбінде бір дауыссыздың жұтылуына апарып соғар еді.  Орфографиядағы осындай қиындықтарды жойып, бірізді жазу жүйесін қалпына келтіру мақсатында жаңа емледе жаңаша жазу бетбұрыстары көрініс тапты.   Мысалы, нг әріптер тіркесімен аяқталатын шеттілдік сөздердегі нг-ның орнына  ң әрпі жазылатын болды: боулинг емес боулиң (boýlıń), брифинг емес, брифиң ( brıfıń)  рейтинг емес рейтиң (reıtıń).  Осылай жазылғанда қосымша да ешбір дәнекер дыбыссыз-ақ тікелей жалғана береді екен.  Демек, бұған дейінгі орфографиялық қиындықтар жойылады деген сөз.

Байқап отырғанымыздай, жаңа емледегі жаңа бетбұрыстар ұлттық жазудың жаңа үлгілерін ұсынуға, қайта жаңғыртуға, нақтырақ айтқанда қазақ тілінің төл заңдылығына икемдеу үрдісіне бағытталған.  Бұл - жазу тарихындағы рухани жетістігіміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Уәли Нұргелдімен сұхбат // Жаңа емле: ұсыныс, пікір. Ана тілі 8 қыркүйек 2018ж.
  2. Фазылжанова А. Латынға көшуде ұлттық ерекшелік сақталуы керек // Айқын. 28 тамыз 2018ж

Айгүл Әмірбекова, Филология ғылымдарының кандидаты, Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық топтың мүшесі

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1522
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5914