Бейсенбі, 31 Қазан 2024
3674 0 пікір 29 Қараша, 2018 сағат 10:37

Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының жұмысына қатысты

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Минск қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты. Күн тәртібінде сауда-экономикалық ынтымақтастық және Одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы өзара сауда-саттықты кеңейту, ЕАЭО ішкі нарығы аясында кедергілерді жою, сондай-ақ экономиканың жекелеген салаларында интеграциялық әлеуетті дамыту бойынша 23 мәселе қаралды.

Отырысқа сонымен қатар Ресей Федерациясының премьер-министрі — Д. Медведев, Беларусь премьер-министрі — С. Румас, Қырғызстан премьер-министрі — М. Абылгазиев, Армения Республикасының премьер-министрінің міндетін уақытша атқарушы А. Мирзоян қатысты.

ЕҮАК қатысушы үкіметтік делегациялардың басшыларын отырыс алдында Беларусь Республикасының Президенті А. Лукашенко қабылдады. Ұжымдық кездесу барысында Одақтың елдік ынтымақтастықты нығайтудағы рөлі аталып өтті және ЕАЭО-тың негізгі экономикалық көрсеткіштерінің оң өсу қарқыны белгіленді.

Үкіметаралық кеңес отырысы әдеттегідей, шағын және кеңейтілген құрамда өтті.

Шағын құрамына қатысушылар экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың аралық қорытындыларын шығарды және ЕАЭО-дағы жұмыстың одан арғы бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, цифрлық күн тәртібін іске асыру, ортақ қаржы нарығын құру барысы, салық саясатын жүргізу қағидалары, тауарларды сәйкестендіру белгілерімен таңбалау жүйесін құру, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлық белгісін қолдану, ішкі нарықтағы кедергілерді жою және т.б. туралы баяндамалар тыңдалды. Еуразиялық экономикалық комиссияның ақпаратына сәйкес, 2017-2018 жылдары ішкі нарықтағы ЕАЭО мүше мемлекеттердің арасындағы өзара сауда-саттықтың дамуына кедергі келтіретін 25-ке жуық тосқауылдар, шектеулер мен шығарулар жойылды.

Жалпы, шағын форматта тараптар ЕҮАК отырысының күн тәртібінің 14 мәселесін қарап, келіссөздерде ортақ одақты одан әрі дамытуға және нығайтуға деген жалпыға ортақ мақсат бар екенін атап өтті. Дегенмен, талқылау барысында Қазақстан тарапының бірқатар қарастырылған мәселелерге қатысты ұсыныстары мен ескертулері ескерілді. Күн тәртібінің басқа пункттері бойынша барлық елдердің ұстанымдары келісіліп, талқылаусыз қабылданды.

Кеңейтілген құрамдағы отырыстың жұмысына шақырылған тұлға ретінде сонымен қатар Атқару комитетінің төрағасы — ТМД Атқарушы хатшысы С. Лебедев қатысты.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту және тауарлардың өтуінің ашықтығы мәселелеріне арналды. Өз кезегінде, Қазақстан тарапы Одақтың сыртқы тауар айналымы көлемін кеңейту және экономика мен қаржы саясаты саласында өзара іс-қимылдың жаңа құралдарын құру перспективалары тақырыбын көтерді.

ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев өз баяндамасында келесі жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың базалық қағидалары теңдік пен өзара тиімділік болатын интеграциялық жоба құру туралы идеясына 25 жыл, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Келісімге қол қойылғанына 5 жыл толатынын атап өтті. Осы уақыт ішінде қажетті нормативтік база құрылып, стратегиялық салалық құжаттар қабылданды, орташа мерзімді перспективаға жұмыстың негізгі басымдықтары белгіленді.

Сонымен қатар, жылдам өзгеріп отырған нарықтық конъюктураны ескере келе, биылғы жылдың мамыр айында Сочиде Ағымдық экономикалық жағдай бойынша комиссия құру туралы Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың бастамасының өзектілігін көрсетіп отырғаны атап өтілді. Бұл алаң сыртқы сын-тегеуріндерге төтеп беру жолдарын бірге тауып, оның Одаққа мүше елдердің экономикасы мен қаржы жүйесіне әсерін жұмсартуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Б. Сағынтаев ірі серіктестермен және өсіп келе жатқан жаңа нарықтармен сауда-экономикалық байланысты орнату жұмысын әрі қарай да жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл әлемдік деңгейде ЕАЭО рөлін күшейтуге қосымша серпін беруі керек. Бұл ретте ірі халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас орнату — келешегі мол бағыттың бірі. Мысалы, Еуропалық Одақпен ынтымақтастықтың әлеуеті: Еуропалық Одақтың ЕАЭО-ға мүше елдердің сыртқы саудасында елеулі үлесі бар және бұл өзара әрекеттестікті дамыту қажет.

Отырыс қорытындысы бойынша Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі шешімдерін, өкімдері мен тапсырмаларын қабылдау туралы бірқатар құжаттарға қол қойылды:

  • Одақтың цифрлық күн тәртібін жүзеге асыру аясында арнайы  режимдерді («реттеуші құмсалғыш») қолдану тұжырымдамасы туралы;

  • 2017–2018 жылдардағы Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жою жөніндегі жұмыстың барысы туралы;

  • Тауарларды бақылау (сәйкестік) белгілерімен таңбалау жүйесі туралы;

  • 2018–2019 жылдарға арналған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік, зығыр талшығы, тері-терсек, мақта талшығы мен жүнге деген сұраныс пен ұсыныс балансы және агоөнеркәсіптік кешеннің дамуының бірлескен болжамы туралы;

  • 2018–2020 жылдарға арналған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде электр қозғалтқыштарымен жүретін доңғалақты көлік құралдарын өндіру және пайдалануды ынталандыруды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы.

Сонымен қатар, үкіметтер басшылары бірқатар ұйымдастырушылық мәселелерді шешті. ЕҮАК келесі отырысы 2019 жылдың басында Алматы қаласында өтеді.

Еске салайық, бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтер басшыларының биылғы жылдағы үшінші кездесуі. Бұған дейін ЕҮАК отырыстары 2018 жылы 2 ақпанда Алматы қаласында және 2018 жылы 26–27 шілдеде Санкт-Петербург қаласында өткізілген еді.

Abai.kz

0 пікір