Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2772 0 пікір 26 Сәуір, 2011 сағат 04:52

Серік Абас-шах. Желтоқсанда жеткен ой...

Желтоқсанның бірдемесінші жұлдызы...  Аты мен анықтамасы бірдей қаладағы шуақты да кең кабинетте  осы жолдарды жазып отырмын.  Бас шахардың бір ерекшелігі (артықшылығы да) осы: тұратын пәтерің де, қызмет істейтін кеңсең де (әдетте) жып-жылы. Сыртта Сарыарқаның әдемі ызғары күшіне еніп келе жатқаны байқалады. Қала көшелерін қар басып жатыр. Мұндайда, дүние қозғалып бара жатса да, оңайшылықпен қозғалғың келмейді. Дәл осы сәтте (егер біреу)  сүйікті, супер ақындарымыздың бірі «Кісіге табын, ел енді» атты жаңа поэмасын, көшенің қақ  ортасында (фонограммасыз) оқып жатыр десе де, орнымнан өре түрегелуім екі талай еді. Өйткені, мен де  басқа қазақтар сияқты жалқаумын, табиғатым жылыны қалайтындықтан суықты онша ұнатпаймын  және т.б. Иә, ақталуға себепті үйіп-төгіп тауып аламыз. Ал, бірақ, ел басына күн туса не істер едік?  Қалған-құтқан (екі-үш ғасыр бойы ұйықтап жатқан) намысты қорғау керек болса ше?

Желтоқсанның бірдемесінші жұлдызы...  Аты мен анықтамасы бірдей қаладағы шуақты да кең кабинетте  осы жолдарды жазып отырмын.  Бас шахардың бір ерекшелігі (артықшылығы да) осы: тұратын пәтерің де, қызмет істейтін кеңсең де (әдетте) жып-жылы. Сыртта Сарыарқаның әдемі ызғары күшіне еніп келе жатқаны байқалады. Қала көшелерін қар басып жатыр. Мұндайда, дүние қозғалып бара жатса да, оңайшылықпен қозғалғың келмейді. Дәл осы сәтте (егер біреу)  сүйікті, супер ақындарымыздың бірі «Кісіге табын, ел енді» атты жаңа поэмасын, көшенің қақ  ортасында (фонограммасыз) оқып жатыр десе де, орнымнан өре түрегелуім екі талай еді. Өйткені, мен де  басқа қазақтар сияқты жалқаумын, табиғатым жылыны қалайтындықтан суықты онша ұнатпаймын  және т.б. Иә, ақталуға себепті үйіп-төгіп тауып аламыз. Ал, бірақ, ел басына күн туса не істер едік?  Қалған-құтқан (екі-үш ғасыр бойы ұйықтап жатқан) намысты қорғау керек болса ше?

1986-дағы желтоқсан айында аты-шулы Алматы оқиғасының болуы кездейсоқ емес, заңды  құбылыс. Намысы шектеусіз тапталып, көкірегі барынша  жаншылып, ұлттық болмысын жоғалтып бара жатқан халыққа, жақсылап тұрып бір сілкініп алу әбден қажет еді.  НАМЫССЫЗДЫҚ!  Жайбарақат халықтың «жалын атқан қайғысы сол болатын». Дүр сілкінуге себеп табылды, халық дүр сілкінді. Бірақ, бір сілкінді де (халық қалаулыларының қазіргі көңіл-күйі секілді) тынып қалды. Жәмішовтің қағаздан тыс қазақшасы сияқты тоқтап қалды. Жігер танытудың орнына, жер таяндық. Өйткені, аяқ астынан басталып кеткен күресті, тасқын судай тасыған  намыстың қайнар бұлағын ары қарай ашуға, жалғастыруға ғасырлар бойы қанға сіңген үрей жібермеді. «Советтік Мәскеуден қайыр, қарағайдан шайыр кетті». «Төресі теріс би жаман». Жергілікті шолақ белсенділер, оқиғаға қатысушы жастарды топырлатып оқудан (жұмыстан) шығарып жатты, үндемедік.  Студенттердің көбі «үш әріптің» фотосына іліккені үшін ғана абақтыға тығылып, адамдық құқы тапталып жатты. Қысық көз «Понти Пилаттардың» шешімімен қаншама балғын тағдыр бүлінді? Оларға араша түсудің орнына, ас бөлмеге  жиналып, өшімізді қара шәйдан алып, күңкілдеп әңгіме айттық. Көрпенің астына басымызды тығып, сары мысықтан үріккен бейшара қояндар сияқты бұғып жаттық. Үйіне келген қонағына (мейлі, ол шүршіт- келімсек болсын) ең соңғы қант-нанын дастарханға жайып күтетін меймандос халқымызға ұлтшыл деген қара таңба тағылып жатқанда, «оттапсың», деп өре түрегелмей, басымызды салбыратып отырдық.  «Ұзын елдің иіріне, қысқа елдің қиырына» бас болып, қазақша ақыл айтып, немере-шөбересімен орысша шүлдірлесетін маңдайы  кере қарыс ақын-жазушылар кітапханасынан шықпай отырып алды. Қажет кезде қалың дүйім жұртты орда бұзар ортаға бастап шығуға тиіс зиялы  қауым, қасқырдан қорыққан ауыл иті сияқты үйшігіне жасырынды.  Алаңға  шыққан жастарды қолдаудың орнына, оларды «анаша шеккен, араққа тойған азғындар», деп айыптаған танымал ағаларымызға не жорық? Намыс туралы қозғамай-ақ қоялық,  сол кезде олардың ҰЯТтары сілесі қатып ұйықтап жатты ма екен деп ойлайсың? Кейін олардың көбі: «біз ештеңеге қол қойған жоқпыз, Орталық Комитет  сыртымыздан біздің келісімсіз шешті», деп ақталып жатты. Пендешілік қой. Ал, бұл оқиға туралы нағыз шындықты бұқпаламай  ашып айтқан Асанәлі аға Әшімов қана. Ол кісі  1999 жылы (осы тақырып бойынша дайындалған деректі фильмдегі) маған берген сұхбатында: «Бұлай болған, болып жатыр, бола береді»,- деп мойындады. Бұл екінің бірі бара бермейтін батыл қадам. Асекең жігіт-ақ.

Авторлық анықтама: Осы айыптау материалын ұйымдастырған сол кездегі

Орталық Комитеттің  жауапты қызметкері

В.Устиновтің  сөзіне  қарағанда, қол қойған адамдардың

бәрінің де (телефон арқылы болса да) келісімі алынған.

Коммунистік Мәскеу, халқымыздың «астынан ит жүгіртті, үстінен құс ұшырды». Ел әділетке шөлдеді. Кейінірек желтоқсанның құрбандығына қыршындай қылып Қайрат Рысқұлбековті шалып тындық. Онда да «сен тимесең мен тимелеп» жатып алдық. Қаршадай жасты өлім жазасына кесіп жатқанда, сол арсыз соттың алдына барып, халықтың жасанды спектакльге деген үзілді-кесілді  наразылығын білдіруге тым құрығанда 20 шақты зиялысымақ, 100 шақты жігітсымақ табылмадық. «Отқа оранғымыз келмеді, суға сүрінгіміз келмеді».  Осыдан жиырма жыл бұрын ғой деймін, аталмыш тақырыпқа арнайы деректі фильм дайындап жүргенде осы сауалды Әбіш аға Кекілбаевқа қойған едім. Ол кезде (90-шы жылдардың басында), саясаттан гөрі әдебиетке көбірек  бүйрегі бұратын Әбекең, менің «ақымақтау сұрағыма» ептеп ренжіп қалды. «Отызыншы жылдары қазақ зиялысы жаппай ораққа түсті, олар бұл жолы да ораққа түсеміз бе деп аяғын тартты, қауіп қазанынан сақтанды», деп, дүлділ тілмен тарқатып түсіндіріп, уәж айтты. Әрине, (сол кезде) жұрт таныған рухани ТҰЛҒАдан  саясаттың белсенді қайраткерлігіне бүкіл болмысымен ауысып жатқан кісінің байламын түсінуге тырыстым, арада 20 жыл өтсе де әлі тырысып жүрмін. Бірақ, санамды қанша қинасам да, «жайлауымызды жау, қыстауымызды өрт алып жатқанда», «орақтан» бас сауғалап отырудың қажеттілігін ұға алар емеспін. Егер ел-жұрттың басына қара бұлт төнген кезде пайдасы болмаса, ол бастарды кімдер үшін және қандай болашақ үшін сақтау керек болды? «Әшейінде би аға, түйе ауғанда қайда едің болып жүрмей ме?». Оның үстіне  37-ші жылдардың қырғынына тек «зұлым» Сталин ғана кінәлі емес, жағалы ел болып көрмеген қазақтың (қазсаң, мұнай сияқты шыға беретін) кемшін қасиеттері де әсер етпеді ме деген запыран ой мазалайды кейде...  НКВД-ның  «айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрғанда» аталмыш мекеменің халыққа істеген қиянатында есеп жоқ. Бұл туралы талай айтылды да. Бірақ, егер де қазақтардың өзі бір-бірінің үстінен бұрқыртып арыз жазып, бірін-бірі жарыса сатпағанда бұншама адам шығыны болмас па еді деген ақымақтау қиялым жоқ та емес. Басқа ұлттардың зиялысы қазақтарға қарағанда неге азырақ қырылды? Ойлаңыздаршы, мұны біреулер Иосиф көке Сталиннің «өр» қазақтарға деген жеккөрініш сезімімен, оның қазақ зиялысына деген өшпенділігімен түсіндіреді. Меніңше, өз әлсіздігімізді ақтау үшін не бір себептер тауып алуға болатын сияқты.. Ал, шындығына келсек, Совет басшылығының қазақ халқына ерекше шүйілетіндей, басқалардан гөрі  бөлек қырсығатындай  себебі бола қойған жоқ. Қойдан жуас халқымыз патша құлады деп, қазан бұзарлық қылық көрсете қоймады.  Бай-манаптарымыз Октябрь революциясына қарсы кең ауқымды бас көтерулерге ұйытқы бола қойған жоқ. Кішігірім толқулар болмаса, көрші өзбектің басмашылары секілді ұзаққа созылған жаппай қарсылық қозғалысы да белең алмады. Зиялыларымыз Мәскеудің жүйкесін қоздыратындай ешқандай жасырын күрес жүргізбеді. Қайта советтік жүйе арқылы «қараңғы» халқымыздың «көзі ашылатына» қуанып, жаңа үкіметке белсене көмектесті. Сондықтан, «37-нің» қазаққа әкелген кең ауқымды қанды зобалаңына «Мәскеудің озбыр саясаты» ғана емес, тақым бұрау, тар қыспақта бір-бірін сатуға даяр тұратын ұсақ мінезіміз де өз үлесін ҚОМАҚТЫ қосты деуге әбден болады (көңілдеріңізге тиіп жатса,  кешірім  сұраймын).  Ал, 86-87-ші жылдары заман мүлде басқа болатын. Қанша қуғындаса да, «желтоқсан қозғалысын қолдадың немесе ұлттық мүддеңді қорғадың». деп ешқандай шенеунікті немесе жазушы-ғалымды қабырғаға тақап, атып тастайтындай қатер болған жоқ. Бәріміз жабылып қорғағанда, марқұм Қайрат Рысқұлбековті де аман сақтап қалар едік... Басты бірнеше қайтара шауып алса да, халық үшін  ешқандай «орақтан» қаймығуға болмайды. Бірақ, өз кезегінде халық та  әрбір зиялысын, әрбір тұлғасын қорғау үшін құшағын айқара ашып, азаматы үшін ештеңеден қайтпайтын өр мінезін таныту керек. Бірақ, бір Қайратын сақтай алмаған ынжық халыққа не өкпе айтасың? «Еркек тоқты құрбандыққа шалынғалы» жатқанда халық арыстай азаматына араша түсе алмады. Бірнеше миллион қазақтың арасынан бір Қайраттың бойындағыдай қайрат табылмады.   Бұға берсең сұға береді. 87-88-ші жылдары Мәскеу қазақ еліне білгенін істеді. Бұрынырақта, Димаш ақсақалмен амандасқан қолдарын ырым қылып екі апта бойы жумайтын қазақтар, бұрынғы басшыны жарыса жамандасып,  Г.Колбиннің көңілін тауып, өресі жеткенше жалпақтап жатты.  Ойлау деңгейі облыс көлемінен аспайтын Бірінші секретарь қазақша сөйлеймін деп уәде бергенде бәріміз, әкеміз екі «Жигулиді» қатар ұтып алғандай қуанып жаттық.  Содан бері 25 жыл өтіпті. Осы уақыттың ішінде санамызда, жан-дүниемізде не өзгерді? Осыған кім таразы қоя алады? Баяғы сол «бұйдалаған түйедей» мінезін жоғалтпаған  шенеуніктер, «барына шүкір, жоғына сабыр» етуші момын халық, «көп сөйлеп, көбік сапырған» (жалтақ) зиялылар. Айтқан жерден аулақ, ертең  басқыншылар ел шетіне басып кірсе немесе бүлікшілердің шағын ғана тобы бас қаламыздың орталығын басып алса, ел қорғау үшін ғұмырын қиюға дайын тұрған қандастармыздың бөрі бет батылдығын  көріп тұрған жоқпын. Әрине, әзірге ауызбен орақ орамыз, ал іске келгенде...  Қайдам. Елімізді өркендету мен біріктіру үшін күш-жігерін салып жатқан үлкен кісіге мақтау-мадақтауды тонналап төгетін шенеуніктеріміз, сол кісінің басына қауіп төнсе, оны аяғына дейін қорғауға шамалары жете ме екен? Жоқ, әлде әуежайдың шетінде  алдын-ала дайындап қойған ұшақтарына отбасын тығып алып,  қаржылары сақталып жатқан алыс шетелдерге таяды ма екен? Онда ұлттық гимнді  кеудесіне қолын қойып тұрып, құйқылжыта шырқайтын бүгінгі шенеуніктің шетелдегі Аблязов  пен Храпуновтардан қаншалықты айырмашылығы бар? Мені осы жағы алаңдатады. Біз батыр халықтың ұрпағымыз деп бөсіп жатамыз. Қайда біздің сол қайсар мінезіміз? Атан жілік, арқар мүйіз батырлардың шөберелері неге ұйықтап жатыр? Тақиялы көршілерміз шекарадан күн көріс қамымен әрі-бері өткен қандастарымызды қоян атқандай атып тастауда. Түк болмағандай кейіп танытамыз. Палау жегіштер елінде қазақтың үлкен бір отбасысын шиеттей бала-шағасымен бауыздап қырып кетеді. Бұған жалғыз өзі  күйіп-піскен  қалаулы Амангелді Момышов қана. Басқалары Ислам аканың тауықтарын түлкі жарып  тастағандай бей-жай. азет беттерінде, кейбір жеке ұйымдардың жұмысқа европалық нәсілдегі адамдарды ғана аламыз деген хабарландыруларын көзіміз шалады. Күркіреуі күшті, жауары аз қазақтар бұған да мән бермейді. Тоғыз қазақ отырған жерге бір ресми тілді келімсек келсе, Ұлы Абайды ұмытып, ұлы Пушкин тілінде сайрай бастаймыз. Өзгенің  көзінше өз тіліңде сөйлесең, балағаттың тілінде сөйлеп жатқандай ыңғайсыз сезінесің. Бұдан кейін тіліміз құрып бара жатыр деп еңкілдеп жылаудың қажеті бар ма? Жарымай жатқан санамыздың сиқы осы, жарытпай жатқан саламыз қаншама? «Ғарыштық державамыз», ал сол ғарыштық технологияны меңгерген мамандарымыз неге аз? Космодромның қазақ жеріне орналасуы мен екі бауырымыздың ғарышта болып қайтуы бізді держава етіп жібермейді. (Бұрын, маймылдар мен иттер де көкке ұшты, қазір көбірек көк қағазы барлардың бәрі ұшып барып келіп жатқан жоқ па?) Біздің басты мақсат - ғарыш кемесіне міну емес, ғарыш кемесін жасау болғанда ғана алға басамыз. Болашағы бар елдің ұрпақтары «Мерседес» көлігіне  мінушілердің көптігімен мақтанбайды, «Мерседес» көлігін жасай алатындардың көптігімен мақтанады. Автомашинаңыз сыр бергенде байқайтын шығарсыз, біздегі көлік жөндеудің кәнігі шеберлері де басқа халықтың өкілдері. Қысқы спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыстарда екі-үш қазақ (кездейсоқ) чемпион болып қалса, бұл табиғат заңдылығынан тыс құбылысқа тең. Ақ қарды омбылап, 14-ші орында шаңғы сүйрелеп келе жатқан қандасымызды көрсек, сүйікті үкіметіміздің (қазақша телеарна ашу жөніндегі) кезекті уәдесін естігендей қатты қуанамыз.  Қысқы Азиададағы (келімcектер жасаған) жақсы көрсеткіштер науқандық нәтиже болып қалмай, (қаны барлар жалғастыратын) тұрақты құбылысқа айналса, құба-құп болар еді. Әдетте, Қазақстанның туын көтергені үшін экс-ресейлік (экс-қытайлық)  қыздарға (жігіттерге) қатты риза болып,  өңшең сырттықтар ойнайтын «Барыс» командасының кезекті кездесуін «жуу» үшін, Фаррух Закировтің қандастары дайындаған дәмді дастарханымен ерекшеленетін мейрамханаға асығамыз. Мойындай салайық, біздің ұлттық тағамдарымыз да талғам мен сан-алуандылық жағынан әлі де болса байыта түсуді қажет етеді. Әзірге ешкіммен бәсекелес емеспіз. Екі сөздің біріне Ұлы Шыңғысханды  қыстыра беретін моңғол бауырлар сияқты, дастархан жайлы әңгіме қозғасақ, қазы мен қымызды айта береміз, дәмде де, басқада да  одан бөлек мақтанышымыз жоқ. Көше-көшенің бәрін жаулап алған басқа ұлттардың дәмханаларында бірі өзбектің, бірі немістің, тағы бірі қытайдың ұлттық киімін киім алып, ләббай тақсырлық кейіппен қызмет етіп жүрген қазақ қыздарын көргенде, тәбетім қашып кетеді.. Не айтарсыз, нарық заманы. Бәрі де орынды. Бірақ, ішіңізден болса да шыныңызды айтыңызшы, әлгі қарындастарды көргенде, сіздің жүрегіңіз шым етпей ме? Қалған-құтқан, тот басқан намыссымағыңыз оянбай ма, ағайын? Жоқ әлде, «намыс-қамыстан» гөрі орекеңнің арағы мен шетелдің шарабына тойып алып, «біздің қазекең әлемдегі ең күшті халық» екендігін айтып мақтану, жүрекке  жағымдырақ тие ме? Ғафу, қателесіппін, сіз үшін «қазақтың мықтылығы» екінші орында екен ғой. Қалай ғана ұмытып кеттім? Ал, сіздің шыққан тегіңіз жататын (ұлы, орта, кіші) жүздің - ең супер жүз, сіз өніп шыққан рудың «дүниежүзіндегі ең ақылды, ең әділетті және ең жүрек жұтқан ру» екендігін ұмытып кетіппін. Әрине, бұл жайлы «тарихи шындықты» тек сіз ғана жақсы білесіз. Тарихта қала түгілі көше салып көрмеген халқымызға, аузыңызбен Отырар мен Сығанақты салдырып, Әл-Фарабиді пен Бейбарысты қазақ етіп, бесбармақты дүниежүзіндегі ең дәмді тағам екендігін жырлап айта бергеннен не шығады? Онда түсіндіріңізші, ата-бабамыз суперқұрылысшы болса, неге осы күнге дейін кез-келген ғимарат құрылысына, мейлі ол үлкен үй болсын, дүкен немесе мешіт болсын, «үйренген»  өзбегімізді жалдаймыз? Бас қаламыздағы күрделі құрылыстарды (бәрін дерлік) неге өзіміз емес, түрік туыстар салады? Естеріңізде шығар, күзде бас қаламыздың бас алаңында футболдан «Қазақстан» мен «Түркия» командалары кездесті. Жеңбесе де, өз алаңында тым құрығанда тең ойнайтын шығар деген үкілі үмітпен 9 жастағы ұлымды ертіп бардым. Жиналған (оптимист) жұртпен бірге ұлым да Қазақстан деп айғайлап, еліміздің кішкентай жалаушасын желбіретіп, шабыт шақырып, желпініп тұрды. Бүкіл стадионда бірнеше мың адам Қазақстан деп айғайлағанда және гимн ойнағанда бойыңды үлкен бір күш-қуат пен шаттық билейді ғой, әсері өзгеше. Бірақ, қуанышымыз ұзаққа бармады. Есеп: 0-2-ге жеткенде, ұлым «қайтайықшы» деді. Қайттық. Екеуміздің де ұнжырғамыз (кейбір зиялы тұлғалардың беделі сияқты) түсіп кеткен. Үйге жетіп, теледидардың екі тілді бағдарламасына үңілсек, есеп 0-3-ке ұлғайыпты. Баламның қатты мазасы кетіп, көпке дейін өзіне-өзі келе алмай жүрді. Бір кезде сырын ашты. «Папа,-дейді ол, Мен  Қазақстанды бүкіл әлем бойынша өте мықты ел деп сенетінмін, оны ешқашан ешкімнен жеңілмейді деп ойлайтынмын. Ал, мынау нағыз масқара ғой!». Сол кезде  ғана мән-жайды (оның балаң ойын) ептеп болса да түсінгендей болдым. Жалпы, менің де, оның да  футболға деген құмарлығы шамалы.  Достарымыздың ұсынысымен осыдан екі-үш  жыл бұрын ғой деймін, Алматыда халықаралық футбол кездесуіне бардық.   «Қазақстан»-«Андорра» футбол құрамаларының кездесуі 3-0 есебінде болды ғой деймін, біздің құраманың айқын басымдылығымен аяқталды. Сарыағаш қаласының деңгейіндегі команданы ұтқанымызға, Бразилияның құрамасын талқандағандай  мәз болдық. Одан кейін футбол ойынына аса қызықпаған соң, басқа кездесулерге де, теледидардағы ойындарға да назар салмағанбыз. Ұлымның, содан кейінгі тамашалаған жарысы осы қазақтар мен түріктердін ойыны болатын.  Сірә, «Андорраның» әсерін жоғалтпаған ұлыма мектептегі ұстаздарының патриоттық әңгімелері қосылып, Қазақстан сөзі (ел ретінде де, команда ретінде де)  әлемдегі ең мықты ұғымға айналса керек-ті. Ал, Түркиямен кездесуден кейін қатты түңіліп кетті. Аталмыш ойынның оның патриоттық сезіміне қаншалықты нұқсан келтіргенін де білмеймін. Иә, қатты ұятты болғанымыз рас. Бірақ, ойлап қарасақ, соншалықты қапаланатындай ештеңе жоқ қой. Шындығында, біз қандай нәтиже күтіп едік?  Жалған намысты жыртып айғайлайтындай не болып қалыпты сонша? Ресми түрде Қазақстан құрама командасы екені де рас, бірақ, онда   жүгіріп жүрген қазақтың саны екі-үшеу ақ...  (Қазір футбол құрамасы Бас бапкерінің аты-жөні  қазақша болса, ол балағат сөз сияқты ыңғайсыз естілетін сияқты)  Ал, бұған неге намыстанбайсыздар? Футбол жарысы өтіп жатқан (осы бір алып та) әдемі алаңның құрылысын салған да қазақтар емес қой.  Тіпті, футболшылар киген спорттық киім де бізде тігілмеген. Бұл сізді ешқандай ойларға жетелемей ме? Сол түні бір-екі шумақ жазып, таныстарыма СМС-пен жібердім. Мазмұны шамамен былай:

«Бар намысты, табанға жиып алып,

Басқаларға тоңқайып, сиыналық.

Түрік салған алаңда далбаңдаймыз,

Түрік тіккен дамбалды, киіп алып».

Өздеріңіз куә болып жүрген шығарсыздар, Алматы мен Астананың көшелерінде қаптаған өзбек-ұйғыр кухнялары. Ал, Ташкентте қанша қазақ кухнясы бар екен, білдіңіз бе? Өзбекстанда, өз ағамыз өзбектің қай  қызы қазақтың ұлттық киімімен жүр? Мақтаншақ қазақтың күн сайын өтіп жататын тойының бәрінде, тақиялы көршіміздің бой қыздырар әні мен биі ойналып жатады..  «Ялла» мен өзбек эстрадасының жұлдыздары апта сайын Қазақстанда. Қазақ әншісінің мың теңгелік концертіне ақшасын қимайтын қазақ, Ресейдің жұлдыздарының 30 мыңдық  билетін таласып алып жатады.  Бұл келеңсіз құбылысты кім тудырып отыр? Олар ма, жоқ өзіміз бе?   Ары қарай созбай-ақ қоялық. Бітпейді. Бұл мысалдар басқа халықтың әртүрлі кәсіптегі, өнердегі  мықтылығын ғана білдірмейді, ең бастысы, өзіміздің әлсіздігімізді, дарақылығымызды, дарынсыздығымызды айқындайды. Кемшін тұстарымыздың көптігін аңғартады. Кейде Қазақстанда емес, шетелде тұрып жатқандай әсер аласың? Таза қазақша сөйлейтін бір де бір телеарна жоқ. Қазақша басылымдар, төртінші тоқалдан туған балалар сияқты. Биліктің көзқарасы бойынша, олар жалтақ, ынжық, білімсіз, өзіне-өзі сенімсіз. Биліктің пікірі дұрыс емес деп, екі бөлмелік тар пәтердің кухнясындағы ескі столды ұрғылауға болады. Бірақ, әйелің мен бала-шағаң ғана куә бола алатын осы бір «батырлығыңыздан» соң бірдеңе өзгере ме?  Мықты журналист  болсаңыз, онда неге жалақыңыз төмен, онда неге екі тілді  саясаткерлер мен бизнесмендер сұқбатын бірінші сізге емес, сіздің артыңызда тұрған орыстілді тілшіге беруге ұмтылады? Мықты басылым болсаңыз, онда неге таралымыңыз өте мардымсыз, онда неге сіздерге жарнама берушілер келмейді?  «Балапан» телеарнасы ашылғанда екінші тәуелсіздігімізге қолымыз жеткендей мәз-мәйрем болдық. «Кеудесін ешкімге таптатпайтын халқы бар» тәуелсіз елде осындай көріністің болуын түсіндіру үшін  қандай деңгейдегі ділмарлық керек? «Ауыл итінің құйрығы қайқы» Бірақ, құдай сақтасын, екінші желтоқсан қайталанбасын деп тілейік. Өжет жастарымызды тағдыр тәлкегіне тапсырып, қайратты жігіттерімізді атып-асуға өз қолымызбен беріп, бет-бетімізбен тым-тырақай қашып кетсек, кейбір  іштар көршілерімізден қатты ұят болады. (86-шы жылғы). Желтоқсанның алғашқы жартысына дейін Димаш ақсақалды пайғамбар санап, ал екінші жартысынан бастап, оны пәлесі жұғып кетер зиянды зейнеткер ретінде қабылдаған шенеуніктердің опасыздығы мына  жаңа заманда жалғасын таппайды деп айта аламыз ба? Олардың қазіргі «ізбасарлары» өз  ұстаздарынан екі есе асып түсіп, бүгінгі нұрдың бәрін ертең құрға айналдырмасына кім кепіл?  Бұрын барлығын (жігерсіздігімізді,  жалтақтығымызды, жағымпаздығымызды, сатқындығымызды, жүзге бөлінушілігімізді) Мәскеуге жаптық, ал енді кімді айыптайды екенбіз?  «Алты батпан, ала ауыз" елді "жақсысын асырып, жаманын жасырып" біріктіріп отырған бір кісінің беделі арқасында, әзірге, қазақтардың «алар демі  бір төбеден соғып тұр». «Үлкеюден» үміті бар кісілер «сол демді» одан әрі соққыза ала ма?  Арамыздан, елдің басын қоса алатын қасиеті бар адамдар көптеп шықса деп тілейік! Ал, өзгерістерге мүмкіндік беретін қазіргідей ыңғайлы уақытта, шамамыз жеткенше ұлттық санамызды, халықтық сапамызды түзеп алғанымыз ақыл болар еді. Арақ-шарап ішкеннің жөні осы екен деп маскүнемге, иманды болғанның жөні осы екен деп             бірдеме...итке» айналмайық. Ал, ортасын таба аламыз ба осы? Біз «орыс» емеспіз, "араб» та болмайық дегің келеді. Сынасақ - жамандамайық, мақтасақ -жаламайық дегің келеді. Тойды мақтану үшін емес, қуаныш үшін істеу керек дегің келеді. Дей алмайсың. Айтсаң, өзіңе тиеді. Бірақ, сөйлемесең (жазбасаң) сөз атасы өледі. Айтпасаң - естімейтін саңыраулар көп, ашпасаң - көрмейтін соқырлар көп. Соңғы кезде менің басыма  қазақтардың маңдайына жазылған ай желтоқсан ба деген ерсілеу ой келіп жүр. Өйткені, ішкі жан-дүниеміз қысы-жазы  тоңып жүреді.

Айтпақшы,  1986-шы жылғы желтоқсан оқиғасы кезінде бұл авторсымақтың өзі қайда жүріпті немесе қай  бұрышта тығылып  отырыпты деген сауал ойыңызды мазаласа, жауап беруге дайынмын: Әскер қатарынан (РСФСР-дің орталық өңірінен, поездбен) оралып келе жатып, кешігіп қалдым. Сол кездері  Алматыда болған достарымның көбі аталмыш оқиғаға қатысты. (өкінішке қарай, көбісі қуғынға ұшырады, сотталды,  ақыр соңында өмір  сүру мәнін жоғалтып қайтыс болып кеткендері де бар).

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592