Жұма, 22 Қараша 2024
Деп жатыр 3872 3 пікір 4 Желтоқсан, 2018 сағат 10:35

«The New York Times». Ирак билігі әл-Машаданиді қолға түсірді

«The New York Times» басылымының жазуынша, Ирак билігі жуырда «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының ресми өкілін қолға түсіріп, оның кінәсін мойындаған бейнежазбасын жариялады. Айта кетелік, 2015 жылы содырлар Иорданиялық тұтқын ұшқышты торға қамап, тірілей өртеп жіберген болатын. Арада екі ай өткен соң, лаңкестер тұтқынға түскен күрд сарбаздарын да торда ұстап, тіпті Ирактың солтүстігіндегі қаланың ішімен шеру жасап, алып жүрген еді. Бірақ күрдтердің қалай өлтірілгені туралы дерек жоқ. Ирак әскерилері ұстаған Жамал әл-Машаданидің осы қылмыстарға тікелей қатысы бар.

Әбу Хамза әл-Күрди деген лақап атпен белгілі Жамал әл-Машадани президент Саддам Хусейннің қауіпсіздік қызметінде офицер болған. С.Хусейн тақтан құлаған соң, әуелі «Әл-Каида», кейін «Ислам мемлекеті» террористік ұйымдарының қатарына қосылды.

Жамал әл-Машадани – Ирак, АҚШ немесе Ирак пен АҚШ әскерилері бірігіп қолға түсірген, аз ғана ресми өкілдің бірі. «Ислам мемлекетінің» өзге бес ресми өкілі мамыр айында ұсталған еді. Ирак жоғары шені жоқ бірнеше мың лаңкесті де тұтқында ұстап отыр. Аталған террористік ұйымның басқа ресми өкілдері мен содырлары шайқастарда оққа ұшты.

Ирак билігі 30 қарашада жариялаған 17 минуттық мойындау бейнежазбасында Машадани мырза 1973 жылы Бағдаттың солтүстігіндегі Тармия қаласында туғанын, сондай-ақ, елдің барлау қызметіне енбестен бұрын 1992 жылы Ирактың Ұлттық Қауіпсіздік колледжін бітіргенін айтады.

Ирак пен Сирия жеріне шетелден келген өзге содырлардан басты айырмашылығы – Машадани мырза әскери салада кәсіби маман еді. Кәсіби біліктілігі бар мүшелер террористік ұйымға иелігіндегі аумақты кеңейту үшін ауадай қажет болатын. ИШИМ-нің құрылуын зерттеген кітаптың авторы Хассан Хассанның айтуынша, Машадани мырза «Ислам мемлекетінің» күшейткен және басқарған адамдардың бірі болса да, көп көзге түсе қоймаған. Хассан мырзаның сөзіне жүгінсек, террористік ұйымның химиялық қару бағдарламасына Машадани мырзаның да қатысы бар. Сонымен қатар, ол жер аумағы Британиянікімен бірдей болған «халифаттың» екі әкімшілік аймағы – Киркук пен солтүстік Бағдатты басқарған. Машадани мырза жөнінде хабары бар америкалық ресми өкілдер де оның террористік ұйымның белді мүшесі екенін және қолға түскенін растады.

Айта кетейік, Жамал әл-Машаданиді бұдан бұрын 2006 жылы америкалықтар тұтқындап, АҚШ-тың басты екі абақтысының бірі «Camp Cropper» -ге қамаған. Жоғарыда аталған мойындау бейнежазбасында өзі 2011 жылы түрмеден босатылып, 2 жыл өткен соң, «Ислам мемлекетіне» қосылғанын айтады. Тағы бір ескерте кететін жәйт – «Ислам мемлекетінің» басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдади Ирактың Букка қаласындағы АҚШ абақтысында небәрі бір жылдан сәл ғана асатын уақыт отырса, ал Машадани мырза одан әлдеқайда ұзақ мерзімге қамалған. Бейнежазбада ол «Ислам мемлекетіне» қосылуын егжей-тегжейлі түсіндіріп, сонымен бірге, 2014 жылы Бағдади мырза Ирактың әр аймағының билеушілерін Мосул қаласына жинағанын айтады. Онда «халифат» басшысы әртүрлі мәселе бойынша тапсырма беріп, қарапайым халықтан тартып алынған «олжаны» қайда жұмсау керектігін жеткізген. Біраз уақыт өткен соң, Машадани мырза Киркукқа барып, бірқатар әскери операцияларды жүзеге асыруға атсалысады. Бұлардың ішінде шағын шаһар Тазаны бомбалау да бар еді. Айтылған кей зымырандардың құрамында химиялық элементтер болды. Содан кейін тұтқынға түскен 18 күрд сарбазына қызылсары түсті киім кигізіп, торға қамап, Хауижа қаласымен алып жүрген шеруді ұйымдастыруға қатысады. Бұл «Ислам мемлекеті» қолдаушыларының «рухын көтеру» үшін қажет болыпты. Көп ұзамай, сол 2015 жылы ежелгі Рим империясының қалдықтары қалған, Сирияның Палмира өлкесінде бір жыл бойы террористік ұйымның әскери іс-қимылдарын ұйымдастырады. Содан соң, «Ислам мемлекеті» күрт әлсіреп, иелегіндегі біраз жерден айрылып қалады. Бірақ әл-Машадани әлі де болса, жауапты қызметін атқара береді. 2017 жылы Сириядан және «Ислам мемлекетінен» кетуге шешім қабылдайды. Кету себебін халықаралық коалиция күштерінің өзі секілді командирлерді көздеп бомбалай бастауымен және ұйымның басқару жүйесіндегі алауыздықпен түсіндірді.

Әл-Машадани Бағдаттағы ұлының үйінде ұсталды. Мұны Ирак билігі де растап отыр. Өзінің туған қаласы Тармияға жақын жерде тұтқындалуы тірі қалған өзге содырлар да өз үйіне оралып, халықтың арасына сіңісіп кетуге тырысуы мүмкін екенін көрсетті.

Ағылшыншадан аударған Алпамыс Файзолла

Abai.kz        

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279