Жексенбі, 16 Желтоқсан 2018
46 - сөз 1090 4 пікір 6 Желтоқсан, 2018 сағат 07:34

Жапондардың үйдегі әйеліне дейін үлкен Үйдің қамын ойлайды...

Біздің алашордалықтар Жапонияны үлгі етті дегенде, император Мэйдзидің тұсын үлгі еткен. Осы адам басшы бола салысымен, бір орында қозғалмағаннан борси бастаған жүйенің талқанын шығарып, қаншама реформаны қабылдап тастаған. Жаяу әскерін пруссиялық, теңіз күштерін британдық, мектебін француз үлгісінде құрады.

Халық та мұндай тез өзгерістерге тез бейімделе қоймайды басында. Мысалы, ең алғаш телеграф бағандарын салған кезде, жұрт оның пошташыдан жылдам хабар жеткізетінін біледі. Сөйтіп, телеграфтың бағанына шығып, оның сымына анасына жіберер хатын не баласына жіберер сәлемдемесін іліп қояды екен) Болмаса, пойыз жүре бастаған кезде жапондар үйге кіргендегі әдетімен сыртына аяқкиімдерін шешіп кетеді басында. Пойыз жүріп, ол басқа стансадан тоқтағанда, ешкім аяқ киімін таба алмай қалады) Өстіп жүріп, дамыған ғой бұлар..

Бірақ, ең басты сабақты бұларға табиғат берген секілді. Жер аз. Жер сілкінісі жиі. Теңізден цунами соғып тұрады. Біз секілді көшіп кетейін десе, жер жоқ тағы да. Амалдың жоғынан ойланады. Ойланған соң, бірдеңе ойлап табады ғой. Мысалы, мұнда жер сілкінісінің магнитудасы 9 балға жетсе де, бірде-бір ғимараты құлай қоймайды. Сәулетін шыңдаған. Жер сілкінісі болардан 6-10 секунд бұрын ұялы телефонға, теледидарға сигнал жіберіледі. Сейсмологиясы сұмдық дамыған. 6-10 секунд бұрын су, газ, жарық - барлығы автоматты түрде өшеді. Сол 6-10 секунд ішінде сағатына 300 шақырым жылдамдықпен келе жатқан пойыз да тоқтап үлгереді. Айтпақшы, осы соңғы деректі Жапониядағы Тохоку университетінің профессоры Нұрбосын Жанпейісовтың жеті жыл бұрын берген сұхбатынан алдым.

Табиғаттан қорқу емес, онымен үйлесімде өмір сүру жағынан жапон үлгі екені анық. Мысалы, жаңағы Нұрбосын айтқандай, үйде отырған әйелдеріне дейін ғаламдық жылынуға қарсы қандай үлес қосу мәселесін ойлайды дейді. Мәселен, олар майлы ыдыстың майын шүберекпен сүртіп алып барып қана жуады. Өйткені майлы су, біріншіден, құбырды кірлетеді. Екіншіден, мұхитқа барып қосылса, қоршаған ортаға залалын тигізеді. Үйдегі әйеліне дейін үлкен Үйдің қамын ойлайды... Ал біз не істеп жатырмыз?

Өркен Кенжебектің facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір