Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 7380 33 пікір 12 Желтоқсан, 2018 сағат 14:03

Сириядағы соғыстың жай-жапсары һәм 360 қазақ баласы...

2011 жылдан бері күллі әлем Сириядан көз жазбай, жіті бақылап отыр. Өйткені, бұл елдің аумағында бір-біріне бағынбайтын бірнеше қарулы топ әлі күнге дейін соғысып жатыр. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтейік. Ресей, Иран және Ливан қолдау білдіретін Сирия ресми билігінің екі жауы бар:

1. СДК (Сирия демократиялық күштері). 2015 жылдың 11 қазанында президент Башар Асад пен оның жақтастарын биліктен тайдыруды мақсат еткен қарулы оппозиция және жеке мемлекет құруды көздейтін қарулы күрд жасақтары бірігіп осындай альянс құрды. Айта кетейік, СДК-ға АҚШ қаржылай және әскери көмек көрсетіп отыр.

2. Ирак және Шамдағы Ислам мемлекеті (ИШИМ) террористік ұйымы. 2013 жылы құрылған лаңкестік ұйымға Сауд Арабиясы мен Катар қаржылай және әскери қолдау білдіріп отыр.

Сириядағы азаматтық соғыс ең алдымен қарапайым халықты сорлатып, берекесін кетірді. БҰҰ-ның ресми мәліметі бойынша аталған елден 5 миллондай адам босып, шетелдерге барып пана сұрауға мәжбүр болған. Сондай-ақ, атамекеніндегі 13,5 миллион сириялық гуманитарлық көмекке зәру.

Өкінішке қарай, аталған соғыстың салқыны біздің елге жетті. Санасы уланып, мысықтілеу идеологияға алданған жүздеген қазақ отбасы Алла жолында шайқасамыз деп, ИШИМ содырларына барып қосылды. Онда діни себептерден мүлде жырақ, саяси мақсаттағы майдан жүріп жатқанына көзі жетіп, елге қайтып оралған 125 отандасымыздың 57-сі сотталса, ал өзгелері қатаң бақылауда ұсталып отыр. Жат жерде қаншасының оққа ұшып, ажал құшқаны бір Құдайға ғана аян. Ең сорақысы, ҰҚК-нің 2017 жылғы дерегі бойынша, Сирия-Ирак аумағына 390 қазақ баласы әке-шешесімен еріп барғаны белгілі. Олардың 214-і ұл, 176-сы қыз. 16 жасқа дейінгі сол балалар мен жасөспірімдердің 63-і елге қайтарылған. Психологиясына келген зақымнан айығуы үшін балалармен мамандар жұмыс істеп жатыр.

Енді Сириядағы жағдайға қайтып оралайық.

Қазір Сирия үкімет әскері де, СДК (Сирия демократиялық күштері) да ИШИМ террористік ұйымына қарсы белсенді түрде күрес жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, көптеген мемлекет қосылған халықаралық коалиция да лаңкестік ұйымға дүркін-дүркін әуеден соққы жасайды. ИШИМ содырларының қарамағындағы стратегиялық маңызы бар ең соңғы жер Хажин қаласы алынған соң, олар үшін қашарға жер қалмайды. Бірақ аталған шаһарға бекінген 5 мыңдай террорист әлі де берілер емес.

«The Independent» басылымының жазуынша, «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының басқару тетіктерінде қызмет еткен ресми өкілдер бірінен соң бірі қолға түсіп немесе атыс кезінде оққа ұшып жатыр. Бұрын жер аумағы Британиянікіне жете-қабыл болған «халифаттың» әр түкпірінде бой тасалап жүрген содырлар иелегіндегі жердің көбінен айрылып қалған соң, жасырыну және қаша жүріп ұрыс салу оларға қиынға айналды. Яғни, террористерге жан-жақтан түскен бұғау тарылған үстіне тарылып барады.

Айта кетейік, «Ислам мемлекеті» нағыз күшейген тұсында 10 миллион халық тұратын 110 мың шаршы шақырым ұлан-ғайыр аумаққа билік жүргізсе, ал қазір Сирияның шығысындағы Дейр эз-Зор өлкесінде Эвфрат өзенін жағалай орналасқан қалалар мен ауылдар шоғырына ғана иелік етіп отыр. Соңғы ресми мәліметтерге сүйенсек, 2 желтоқсан күні болған шайқаста «Ислам мемлекетінің» белді мүшесі Әбу әл-Умарайн өлтірілген. Оның Сирия тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге барған соң, тұтқынға түсіп, 2014 жылы айуандықпен өлтірілген АҚШ азаматы Питер Кэссигтің қазасына тікелей қатысы бар көрінеді.

Сонымен қатар, АҚШ қолдайтын СДК (Сирия демократиялық күштері) Дейр эз-Зор аймағындағы ең қауіпті содырлардың бірі Осама Оуейд Салехті қолға түсірсе, ал Ирак билігі «Ислам мемлекетінің» және бір серкесі тұтқында отырған әл-Машаданидің кінәсін мойындаған бейнежазбасын жариялады.

Естеріңізге сала кетейік, мамыр айында Ирак пен АҚШ бірігіп ұйымдастырған әскери операция нәтижесінде террористік ұйымның көсемі әл-Бағдадимен бірге, жоғары лауазымдағы төрт ресми өкіл де қолға түскен болатын.

Бұл деректер «Ислам мемлекетінің» күні батуға таяу екеніне айғақ. Басшылары бірінен соң бірі ұсталып немесе өлтіріліп жатқан содырлар әр жерде шашырап, әлсіз қарсылықтар көрсеткенмен, көп ұзамай аталған террористік ұйымның бұрынғыдай соғысуға қауқары қалмайтыны анық. Содан кейін Сирия жерінде қалатын екі негізгі күш Сирия үкімет әскері мен СДК (Сирия демократиялық күштері) бір мәмілеге келе ме, әлде өзара соғысты жалғастыра бере ме, ол жағын болжау қиын. Дегенмен, саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, бұл елде әзірше бейбіт заман орнауы екіталай.

 Расул Жұмалы, саясаттанушы:

- Бүгінде Башар Асад билігін Ресей, Иран секілді сыртқы күштердің қолдауы арқасында сақтап отыр. Әйтпесе, оның елді басқара беруі неғайбыл. Өздеріңіз білесіздер, діни радикалды топтар Сириядағы азаматтық соғысқа 2011 жылы емес, одан 2-3 жыл кейін қосылды. Демек, бұл жерде діни радикализмнен бұрын жергілікті халықтың билікке деген наразылығы әбден өршіген. Меніңше, сириялықтардың 60-70 пайызы Башар Асад билігіне қарсы. Араб елдерінің көбі Башар Асад пен жақтастарын ресми билік деп танымайды. Оның ел басқаруына АҚШ пен Еуропа елдері де қарсы. Бұлар тек қарсы болып, сырттай бақылап отырған жоқ. Әртүрлі қарулы топтарға қолдау білдіріп жатыр. Жалпы, Сирияда тараптардың бір-бірін мойындамауы, бір-бірінің пікіріне құлақ аспауы байқалады. Сол себепті, бұл елдегі азаматтық соғыс Ауғанстандағы шиеленіс сияқты ұзаққа созылатын түрі бар. Жалпы, Сирия жуық арада біртұтас мемлекет ретінде аяққа тұруы қиын.

Халқын ойлаған билік болса, Башар Асад пен жақтастары елде тыныштық пен тұрақтылық орнатуға тырысуы қажет. Әйтпесе, жергілікті бұқара да, әскер де қантөгіс пен соғыстан әбден титықтап, қалжырады.

Алпамыс Файзолла

Abai.kz

 

 

 

33 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3203
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5194